"Бір белдеу – бір жол". Батыс елдері Қытай жобасына балама жасай ала ма?

"Үлкен жетілік" елдері сыртқы істер министрлері кездесу алдында суретке түсіп тұр. Лондон, 4 мамыр 2021 жыл.

"Үлкен жетілік" (G7) елдерінің биыл маусымда өтетін саммиті қарсаңында батыстағы демократиялы мемлекеттер Пекиннің ірі инфрақұрылым жобасына тойтарыс берудің амалын іздеп жатыр.

"ҒАСЫР ЖОБАСЫ"

2013 жылы Қытай президенті Си Цзиньпин "Бір белдеу – бір жол" жобасын жариялады. Содан бері Пекин сыртқы инфрақұрылымға миллиардтаған доллар жұмсады. Бұл Қытайдың әлем елдерімен сауда жасауына жағдай жасап, саяси және экономикалық байланысын нығайтты.

Си Цзиньпин "ғасыр жобасы" деп атаған бастама Қытайдың сыртқы саясатының өзегіне және статегиялық құралына айналды. Пекиннің серіктестермен байланысын нығайтып, ықпалын күшейтті.

"Бір белдеу – бір жол" жобасын халықаралық ұйымдар мен 150-ден астам ел, соның ішіндей кейбір батыс елі де қолдайды, себебі жоба порт, құбыр, жол салумен шектелмей, цифрлық технология, денсаулық сақтау және жасыл энергетика салаларын да қамтитын болған.

Бірақ серіктес елдердің жүзеге асырылған жобалардан, қосымша инвестициядан көңілі қалуы және оның стратегиялық салдарынан қауіптенуі "Бір белдеу – бір жолдың" орнын басатын балама іздеуге итермеледі.

АҚШ президенті Джо Байден Қытайдың АҚШ-тан асып кетуіне жол бермейтінін мәлімдеген. 25 наурыз 2021 жыл.

G7 елдерінің саммиті қарсаңында АҚШ президенті Джо Байден Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонға Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасымен бәсекелесетін және батыс елдері жетекшілік ететін инфрақұрылымды дамыту жоспарын жасауды ұсынды.

"Қазір жақсы мүмкіндік бар. Кез келден елдің инфрақұрылымына инвестиция қажет және бұл оны өтеу мүмкіндігінен де асып түседі. Тіпті, жоғары баға берілген "Бір белдеу – бір жол" жобасы да әлем қажеттілігін өтей алмайды", дейді Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығындағы Reconnecting Asia жобасының директоры Джонатан Хиллман Азаттыққа.

G7 ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ЖОБАСЫНЫҢ БАЛАМАСЫ

11-13 маусымда Ұлыбританияда өтетін саммиттің күн тәртібінде Қытайға басымдық берілмек. Оған Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ қатысып, Австралия, Үндістан және Оңтүстік Корея өкілдері қонақ болады.

Джо Байден Қытайдың күшейіп жатқан ықпалын бәсеңдету үшін демократиялы елдердің одағын құру жоспарын алға тартып жүргендіктен, саммитте "Бір белдеу - бір жол" жобасының баламасын жасауға да көп назар аударылады.

Наурызда Байден Қытайға АҚШ-ты "әлемдегі ең қуатты ел" статусынан ығыстыруға жол бермейтінін айтты және оның әкімшілігі одақтас елдермен серіктестікті жандандыру жоспарын ұсынды.

8 мамырда Еуроодақ пен Үндістан жаңа технологиялардағы нормативті стандарттарды нығайтуға бағытталған цифрлық және материалдық инфрақұрылым саласындағы серіктестік туралы келісімге қол қойды.

Хиллманның сөзінше, дамыған елдер "Бір белдеу – бір жолдың" баламасын ұсынатын уақыт келді және олар дамушы елдердегі жоғары сапалы жобалардың ашықтығына басымдық беруі керек.

Батыс елдерінің ресурсы және одақтастардың, әсіресе, Брюссель мен Вашингтонның даму туралы ұстанымдарының ұқсастығы олар ұсынатын инфрақұрылымды дамыту жоспарына қолдауды арттыруы мүмкін.

"АҚШ экологиялық мәселелерге келгенде Еуропадағы серіктестерімен тығыз байланыста және бұл олардың әріптестігіне көп мүмкіндік береді. Бұл келіссөздер артында үлкен кедергі мен бұрын болмаған сенімділік тұр", дейді Хиллман.

БАЛАМАҒА ҚАЖЕТТІЛІК НЕДЕН ТУДЫ?

Дамушы елдердің пандемия салдарынан пайда болған экономикалық қиындықтармен күресуі және "Бір белдеу – бір жол" жобасының дау туғызуы жобаның баламасын іздеуге түрткі болды.

Дүниежүзілік банк Covid-19 әлем экономикасынн екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бері болмаған құлдырауға әкеп соғатынын, инфрақұрылымдағы әлем қажеттілігі әлі де өтелмегенін айтты. Алдағы жиырма жылда әлем инфрақұрылымына 94 трлн доллар қажет деп бағаланған.

Кейінгі жылдары "Бір белдеу – бір жол" бастамасы жобалардың коммерциялық құндылығына, күмәнді несие саясаты мен Қытай ықпалының күшеюіне алаңдаудан туған проблемаларға тап болды.

Қытай Балқан елдерін “Бір белдеу – бір жол” жобасына тартып отыр (11 сәуір 2019 ж.)

Your browser doesn’t support HTML5

Қытай Балқан елдерін халықаралық жобасына тартқысы келеді

Сәуірде Черногория үкіметі автожол салу жобасына Қытайдан қарызға алған 1 млрд долларды төлеу үшін Еуроодақтан көмек сұрады.

Мамырда Венгрия Қытай университеті филиалының құрылысына Пекиннен 1,5 млрд доллар қарыз алатынын жариялағанда да қарыз бен ашықтық проблемасы айтылды. 2020 жылы сәуірде Венгрия Будапешт пен Белградты байланыстыратын темір жол құрылысына Пекиннен 1,9 млрд доллар қарыз алып, жоба ашықтықтың болмауынан дауға ұласқан еді.

"Бір белдеу – бір жол" жобасының шарттары да көп күмән туғызды. "Жаһандық даму орталығы" жақында Қытай мен одан қарыз алған елдер арасында жасалған 100 келісімшартты зерттеп, әлемдегі ең ірі несие беруші мемлекеттің құпия баптары бар шартпен берілетін кредитті өз саяси және экономикалық мақсатына қалай пайдаланатынын анықтады.

– ["Бір белдеу – бір жолдың"] жарқын күндері аяқталды. Қытайға деген көзқарас өзгерді. Бұл Еуропаның өз аймағындағы және одан тыс жердегі стартегия туралы ойлануына мүмкіндік береді, – дейді Брюссельдегі Ресей Еуропа-Азия зерттеулері орталығының директоры Тереза Фаллон Азаттыққа.

Батыс ұсынатын балама жобаның қандай болатыны әлі талқыланып жатыр. Бірақ батыс елдері бұрынғы келісімдерді дамытуға тырысып, мемлекеттің және жеке сектордың қаржысына сүйенуі ықтимал.

2018 жылы Еуроодақ байланыс жоспарын бастап, 2019 жылы Жапониямен келісім жасады. Бұл келісімді Жапония премьер-министрі "Үнді-тынық мұхиты елдері мен Батыс Балқан және Африка елдері арасындағы тұрақты және талапқа сай қатынас" деп атады.

2018 жылы АҚШ билігі жеке сектордың дамушы елдерге инвестиция салуын ынталандыратын құрылыс туралы заңды қабылдады. Сонымен қатар 2019 жылы Жапониямен және Австралиямен инфрақұрылым жобалары стандарттарын қолдау амалы ретінде қарастырылған Blue Dot Network жобасын іске қосты.

Дегенмен, ешбір бастама нәтиже бермей, Си Цзиньпиннің экономикалық шешіміне батыс елдері балама ұсына алмай ма деген күмән туды.

Фаллонның пікірінше, батыс елдері Пекиннің қанша қаржы салғанына назар аудармай, оның орнына жобаларды жүзеге асырудың жоғары стандарттары мен келіссөздер кезіндегі ашыққа басымдық беруі керек.

– (Батыс елдерінің) сол жерлерде болудың өзі Қытайға әсер етеді, өздерінің ұсынғанын жақсартуға, бәсекенің ашықтығына мәжбүрледі, – дейді Фаллон.

БАЛАМА ЖАСАУ ЖОЛЫНДАҒЫ КЕДЕРГІЛЕР

Батыс елдері "Бір белдеу – бір жол" жобасының баламасын жасауға тырысып жатқанымен, кедергілер де үдей түсті.

Батыс елдерінде инфрақұрылым саласындағы әріптестікті үйлестіруге арналған орталықтың болмауы "Бір белдеу – бір жол" бастамасымен бәсекелесетін жобаның жасалуына күмән туғызады. Сарапшылардың сөзінше, батыстың ендігі кез келген бастамасы АҚШ, Еуроодақ, Жапония мен Қытай секілді елдер арасында үйлестірілген жеке жобалардың жиынтығы болып қала береді.

Қытай президенті Си Цзиньпин "Бір белдеу – бір жол" форумына жиналған жетекшілерге арналған банкетте сөйлеп тұр. Пекин, 26 сәуір 2019 жыл.

– Бұл жағдайда саяси мүдде қозғалысы бар, бірақ, баламалар біріктірілмеген және оның қандай болатыны әлі белгісіз. Олардың бәрін әріптестікке мәжбүрлеп, әрекетін үйлестіруді айтпағанда, әр елдің жүйесіне мұны жеке-дара дайындау қиын болды, – дейді Берлиндегі Маршалл қорының қызметкері Эндрю Смолл Азаттыққа.

Тағы бір кедергі – қаржыландыру. G7 елдерінің мемлекеттік мекемелері қаржы бөлсе де, әдетте, ірі инфрақұрылым жобаларына ақша сала бермейтін жеке сектордан да ақша түсуі керек.

Сонымен қатар көп ел "Бір белдеу – бір жол" жобасының тікелей бәсекелесі немесе Қытайға қарсы альянс ретінде қарастырылатын бастамаларды ұсынуда сақтық танытады.

Джонс Хопкинс университетінің профессоры, мемлекеттік департменттің бұрынғы қызметкері Даниель Маркейдің сөзінше, болашақта ұсынылатын кез келген балама ортақ стандарт пен нормаларға негізделген серіктестік құруға бағытталуы керек.

Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында технология компанияларының көптеп ашылуы оларға бүкіл әлемде басымдыққа ие болып, Пекинге технологияның жаңа толқынына стандарттарды бекітуге жол ашты. Маркейдің сөзінше, кез келген балама жоба инфрақұрылымға көп инвестиция салуға емес, маңызды секторға бағытталуы керек.

– "Бір белдеу – бір жолға" бағытталған жоба жасаудың орнына, Вашингтон Қытайды өз алаңында немесе территориясында жеңуге тырыспай, АҚШ пен одақтастарының мықты жақтарына басымдық беруі керек, – дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қарыз кіріптарлығы. Қытайдың несие беру шартының құпиясыБұл "саяси сигнал" ма? Қытай Қазақстанның жүк вагондарын өткізбей, кәсіпкерлер шығынға батып жатыр"Автократтарды қолдайтын" Ресей мен Қытайға қарсы "жеті стратегия" АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекеде Орталық Азия текетірес аренасына айнала ма?