Тәжікстан соты үш тәуелсіз журналист пен блогерді бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сарапшылар оларға жалған айып тағылғанын айтады. Тағы төрт журналист сот үкімін күтіп отыр. Олардың кейбірінің қамауда азапталғаны айтылып жүр. Сот процестері жабық өтіп жатқандықтан, оны бақылау мүмкін емес.
Журналистерге айып тағу және соттау – сөз еркіндігіне жол бермейтін Тәжікстанда өзгеше ойлайтындарды басып жаншудың бір бөлігі.
Биыл мамыр мен шілде аралығында жеті журналист пен блогер қамауға алынған. Сарапшылар биліктің бұл амалын Таулы Бадахшан аймағындағы наразылықтарды күштеп басқаннан кейін қоғам пікірін бақылауға ұмтылуы деп бағалады.
Тәуелсіз журналистерді қудалау "тәуелсіз БАҚ пен сөз еркіндігіне төзбейтін репрессияшыл мемлекет" атанған Тәжікстандағы онсыз да нашар жағдайды одан сайын ушықтырып жатыр дейді Еуропада тұратын оппозиция белсендісі Фарход Одинаев.
17 қазанда Душанбе соты блогер Далер Имомалиді он жылға бостандығынан айыруға үкім етті. Оған салық төлеуден жалтарды, жалған ақпарат таратты, тыйым салынған "24 тобы" оппозиция партиясына мүше болды деген айып тағылды. Билік бұл партияны "террор ұйымы" деп таныған.
34 жастағы ер адам салық төлеуден жалтарғанын мойындап, оппозиция тобына мүше емесін айтты. Бұл партия да Далер Имомалидің оларға қатысы жоғын мәлімдеген.
Имомалиге үкім шығардан бірнеше апта бұрын сот 72 жастағы тәуелсіз блогер Мухаммад Султонды жеті жылға, 26 жастағы блогер Абдуллох Гурбатиді жеті жарым жылға түрмеге қамаған.
Султон Тәжікстанның қауіпсіздік және барлау қызметтерін сынайтынымен танылған. Ол биліктің мамырда Таулы Бадахшандағы наразылықтарды басып-жаншығанын да сынға алған.
Бірақ Султоннан басқа журналистер мен блогерлер билікті ашық сынаған емес. Олар жергілікті жердегі әлеуметтік және экономикалық проблемаларды көтерген.
Блогерлердің бірі Завкибек Сайдамини Душанбе тұрғындарынан кейбір мәселелер бойынша хат келгенін, оларды тиісті лауазымды тұлғаларға беретінін айтқан.
Видеоблогер "проблемаларды айту – билікті сынау емес" дейді.
"БИЛІК АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІН ТОЛЫҚ БАҚЫЛАҒЫСЫ КЕЛЕДІ"
Тәжікстандағы билік саясат, қауіпсіздік, медиа мәселелері бойынша сот шешімін қатты бақылайды.
Журналистерге шығарылған сот үкімі өзгеше ойлайтындарды басып-жаншуды көздейді дейді Тәжікстандағы тәуелсіз басылымдар қауымдасты басшысы Нуриддин Қаршибоев.
"Билік ақпарат кеңістігін тұтас бақылағысы келеді және қоғамда ешқандай балама ой-пікір болғанын қаламайды" дейді ол.
Кейбір журналистер кейінгі апталарда шыққан сот үкімдерінің өзі оларға тұсау салғандай әсер еткенін айтады.
"Бұл тілшілер соншалық танымал да емес, – деді елдің солтүстігіндегі Худжанд қаласында тұратын, қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін атамауды өтінген жуналист. – Бұл бізді алаңдатып қойды. Тәжікстанда кішкентай сын айтсам да түрмеге қамалуым мүмкін деген ойға жетелейді".
ТАУЛЫ БАДАХШАНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ
Мамырда билік Таулы Бадахшан өңіріндегі наразылықты күшпен басып-жаншып, 16 адамның қаза тапқанын хабарлаған. Бірақ адам шығыны одан да көп болғанын көрсететін дереккөздер бар. Содан бері билік жеті журналисті қамады.
Қамауға алынғандардың арасында Таулы Бадахшаннан шыққан 65 жастағы Улфатхоним Мамадшоева мен 24 жастағы Хушруз Жумаев та бар.
Журналист әрі белсенді Мамадшоеваға "билікті құлатпақ болды" деген айып тағылды. Кінәсі дәлелденсе, ол 25 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.
Прокуратура Улфатхоним Мамадшоеваны Таулы Бадахшандағы наразылық акцияларын ұйымдастыруға атсалысты деп айыптап отыр. Бірақ ол қамауға алынардан бір күн бұрын Азаттықтың Тәжік қызметіне наразылыққа еш қатысы жоғын айтқан. Оның соты тамызда басталды.
Хушом Гулом лақап атымен танылған Хушруз Жумаевқа билікті күшпен басып алмақ болды деген айып тағылған. Оның соты басталған-басталмағаны белгісіз.
Жумаев YouTube арнасында негізінен мәдениет, тарих және өзі тұратын аудандағы тіл мәселесі секілді саяси емес мәселелерді көтеріп келген.
Бірақ журналистер мен блогерлерге қарсы қозғалған істердің кейбірінің Таулы Бадахшандағы тәртіпсіздіктерге қатысы жоқ.
Душанбе билікке қарсы шығатын журналистер мен блогерлерді бұрыннан қудалап келеді.
Кейінгі жылдары тәуелсіз басылымдардың көбі биліктің саясатын сынағаны үшін жабылып қалды.
Душанбе Тәжікстанда ақпарат тарататын шетелдік баспасөз құралдарын да бұғаттап, жұмысын шектейді. Олардың арасында Азаттықтың Тәжік қызметі, "Бомдод" ақпарат агенттігі мен оппозиция басқаратын интернет басылымдар бар.
Сыртқы істер министрлігі шетелдік баспасөз құралдарында жұмыс істейтін журналистерге аккредитация бермейді.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Тәжікстанның репрессияшыл бағыты күшейіп жатқандықтан, билікті сынайтын тәжік журналистеріне шабуылға ұшырау, қоқан-лоқыға тап болып, қамауға алыну қаупі ұлғайғанын айтады.
"Журналистер билік "шетін" санайтын мәселелерді өзіне, достары мен отбасына қауіп төндірмей көтеру мүмкін емес санайды" деп жазылған 2022 жылғы баспасөз еркіндігі индексінде.
АЗАПТАП, "АЙЫБЫН" МОЙЫНДАТУ
Сотқа тартылған жеті журналист пен блогердің арасында Әбдусаттар Пірмухаммодзода бар. 44 жастағы ер адамға жария түрде "экстремистік іс-әрекетке үндеді" деген айып тағылған.
Тергеуге жақын дереккөз Азаттыққа оның физикалық және психологиялық қысымға ұшырағанын айтты.
Аты-жөнін атамауды өтінген ол адам азаптаулардан кейін Пірмухаммадзода күйзеліске түсіп, аяқ-қолы көгеріп кеткен дейді.
Пірмұхаммадзоданың туыстары полиция оны азаптап, кінәсін "мойындауға" мәжбүрледі деп хабарлады.
Қамауда отырған блогер Абдулло Гурбатидің отбасы да солай дейді. Олар полицияның блогерге "қысым көрсетіп, кінәсін мойындап видео жазуға итермелегенін" айтып отыр.
Ал абақтыда отырған блогер Завкибек Сайдаминидің отбасы осыдан үш ай бұрын қамауға алынғалы оны көрмегенін айтады.
Тәжік полициясы мен сот органдары журналистер мен блогерлер жайлы Азаттықтың сауалына жауап берген жоқ.
Азаттықтың Тәжік қызметі - Озоди радиосы материалынан аударылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Билік пен халықтың қақтығысынан кейін Тәжікстанда не өзгерді?"Трансұлттық қуғын". Ресейден Тәжікстанға депортацияланған белсенді оқиғасы Ресейде жүрген тәжік белсенділері із-түзсіз жоғалып жатырБилік пен оппозиция диалогқа дайын ба?Исламдық партия басшысы Интерпол тізімінен алынды