Accessibility links

"Мұсылман бауырларды" жаншыған соң билік салафилерге шүйлікті


Пандемия қарсаңында Тәжікстан бас прокуроры Юсуф Рахмон (суретте) Душанбеде бір жылда экстремизм мен терроризмге байланысты мыңнан астам қылмыс тіркелді деп мәлімдеген. Билік жүздеген адамның үстінен іс қозғаған. Сыншылар билікті "терроризм қаупін зорайтып айтады" деп айыптайды.
Пандемия қарсаңында Тәжікстан бас прокуроры Юсуф Рахмон (суретте) Душанбеде бір жылда экстремизм мен терроризмге байланысты мыңнан астам қылмыс тіркелді деп мәлімдеген. Билік жүздеген адамның үстінен іс қозғаған. Сыншылар билікті "терроризм қаупін зорайтып айтады" деп айыптайды.

Тәжікстанда тыйым салынған салафи діни ағымының мүшесі деген күдікке ілінген 18 адамның ісі бойынша жабық сот процесі өтіп жатыр. Билік олардың аты-жөнін де, қандай айып тағылғанын да жариялаған жоқ. Сыншылар үкімет әсіре діншілдікпен күрес ұранын бетке ұстап, іс жүзінде өзімен келіспейтіндерді басып-жаншумен айналысып отыр дейді.

ІРКЕС-ТІРКЕС ЕКІ СОТ

"Салафилер ісі" бойынша сот процесі Жоғарғы сот елде тыйым салынған тағы бір ұйым – "Мұсылман бауырлар" деп аталатын топқа қатысы бар деген айыппен жауапқа тартылған 119 адамға түрме жазасын кескеннен кейін екі ай өтер-өтпестен соң басталған.

Тәжікстан билігі діни экстремистік ұйымға жатқызған бұл топтарды Душанбедегі зайырлы үкіметті құлатуға және негізінен мұсылмандар тұратын Орталық Азияның осы еліндегі "тұрақтылыққа іріткі салушылар" деп айыптап, олардың "қатер төндіретіні" жайлы хабарды жиі таратады.

Бірақ сын айтушылар үкіметті "қауіп-қатерді зорайтып көрсетіп, шынтуайтында мұны билікпен келіспейтіндерді әрі қарапайым оппозиция өкілдерін басып-жаншуға қолданады" деп айыптайды.

Тәжікстанда экстремист деп айыпталған кішігірім ұйымдарға қарсы жасалатын қауіпсіздік рейдтері, күдіктілерді тұтқындау және одан кейінгі сот процестері көбіне құпия жүргізіледі.

"Салафилер" деп танылған күдіктілердің соңғы тобы – олардың барлығы Тәжікстанның солтүстігіндегі Бободжон Гафуров ауданының тұрғындары – полицияның биыл ақпанда жасаған рейді барысында тұтқындалған.

Тәжікстанның солтүстігіндегі Бободжон Гафуров аудандық соты.
Тәжікстанның солтүстігіндегі Бободжон Гафуров аудандық соты.

Күдіктілердің өздері салафи ағымымен немесе кез-келген басқа діни экстремистік топпен байланысы бар деген айыпты жоққа шығарып отырғанын 12 маусымда өткен сот отырысына дейін туыстары айтқан. Олар "тағылған айыпты күштеп мойындату үшін тұтқындарды азаптады" деп полицияға кінә артқан.

Танымал құқық қорғаушы Ойнихол Бобоназарова айыпталушылар қамауға алынғаннан кейінгі алғашқы бес күн ішінде билік оларға адвокатты жолықтырмағанын айтады.

– Тәжікстанда күдіктілерді тергеу изоляторына қамаған соң, алғашқы күндері тағылған айыпты күштеп мойындату мақсатымен азаптау жиі болады, содан кейін ғана билік тұтқындарға адвокатпен жүздесуге рұқсат береді, – дейді "Перспектива+" құқық қорғау тобының жетекшісі Бобоназарова.

Оның сөзінше, сот процесі барысында айыпталушылардың бірі тергеу кезінде өзіне күш көрсетіп, қысым жасағаннан кейін тағылған айыпты "мойындауға" мәжбүр болғанын айтқан. Азаттық радиосы елдің солтүстігіндегі Соғды облысында өтіп жатқан сот процесі мен оған айыпталушы ретінде қатысып отырған 18 адамға нақты қандай айыптар тағылғаны жайлы толымды ақпарат ала алмады.

Тәжікстанның солтүстігіндегі Соғды облысында салафи ағымын ұстанады деген күдікпен айып тағылған 18 адамның үстінен қозғалған іс бойынша жабық сот өтіп жатыр.
Тәжікстанның солтүстігіндегі Соғды облысында салафи ағымын ұстанады деген күдікпен айып тағылған 18 адамның үстінен қозғалған іс бойынша жабық сот өтіп жатыр.

"Мұсылман бауырлар" ұйымына мүше деген күдікпен ұсталғандарға "экстремистік топ құру", "лаңкестік әрекеттерді қаржыландыру" және "экстремизмді насихаттау" деген айыптар тағылды.

Олардың ісі бойынша сот биыл 8 сәуірде аяқталған. Бұл сот процесі кейінгі жылдары "экстремистік" баппен істі болып, бір сотта айыптау үкімі шығарылған сотталушының саны жағынан бұған дейінгі барлық соттан асып түсті. Сот айыпты деп таныған 119 адамды үш жылдан 23 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырды.

2020 жылдың басында бүкіл ел аумағы бойынша өткен бірнеше іс-шара барысында қамауға алынған күдіктілердің арасында университет оқытушылары, мектеп мұғалімдері, дәрігерлер, заңгерлер, студенттер мен дін өкілдері болды. Барлығы өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

"ТЕРРОРИЗМ ЖӘНЕ ЭКСТРЕМИЗММЕН КҮРЕСТІ ЖЕЛЕУ ЕТІП, ОППОЗИЦИЯНЫ ҚУДАЛАЙДЫ"

Тәжікстанда террористік және экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған 18 ұйымның арасында "Ислам мемлекеті", "Өзбекстан ислам қозғалысы", "Талибан", "Әл-Қаида", "Мұсылман бауырлар" ұйымдарымен бірге "Тәжікстан ислам жаңғыру партиясы" (ТИЖП) да бар.

Тәжікстанда ұзақ уақыт ықпалды саяси ұйымдардың бірі саналып келген ТИЖП дәуірлеп тұрған шағында мүшелерінің саны 40 мыңға дейін жеткен ірі оппозициялық партия болатын. Бұрын коалициялық үкімет құрамына енген, кейіннен ықпалы күннен күнге күшейіп келе жатқан оппозициялық партияны 2015 жылы билік "террористік ұйым" деп танып, тыйым салды.

ТИЖП "террористік" я "экстремистік" байланысы немесе пиғылы жоғын мәлімдеуден танбай келеді.

2015 жылы ресми Душанбе "Тәжікстан ислам жаңғыру партиясына" тыйым салғаннан кейін партия жетекшісі Мұхиддин Кабири шетелге кетіп қалды.
2015 жылы ресми Душанбе "Тәжікстан ислам жаңғыру партиясына" тыйым салғаннан кейін партия жетекшісі Мұхиддин Кабири шетелге кетіп қалды.

Зайырлы оппозициялық қозғалыс ретінде танымал "24 тобы" бірлестігін де 2014 жылы билік "экстремистік" ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған. Бұл топ елді үкіметке қарсы наразылыққа үндегенінен кейін билік осындай шешім шығарған. Осы ұйымның негізін қалған Умарали Куватовты 2015 жылғы наурызда Түркияның Стамбул қаласында белгісіз біреулер атып өлтіріп кеткен.

ТИЖП мен "24 тобы" бірлестігі Тәжікстанның авторитар президенті Эмомали Рахмонның үкіметін "экстремизм мен терроризмге қарсы күрес деген желеумен саяси қарсыластарын, журналистер мен белсенділерді қудалайды" деп айыптайды.

Сыншылар, сонымен қатар, көптеген бейбіт ислам дінін ұстанушылар да үкіметтің "терроризмге қарсы" науқанынан зардап шеккенін айтады.

Бірақ үкімет "діни экстремизм қаупі шынымен бар және кейінгі жылдары Тәжікстанда ол тез тарап бара жатыр" деп мәлімдеп отыр.

Пандемия басталар алдында елдің бас прокуроры Юсуф Рахмон "Тәжікстанда 2019 жылы экстремизм мен терроризмге қатысты 1029 қылмыс тіркелді, яғни соның алдындағы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп" деп мәлімдеген. Бұған қоса шенеунік шетелдік террористік ұйымдармен байланысы бар немесе шетелдегі террористік топтардың жағында соғысқан деген күдікке іліккен 395 тәжік азаматының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Президент Рахмон "салафилерді қолдайды" деген күдікпен тағы 214 тергеу ісі басталғанын мәлімдеген. Сонымен қатар ол Тәжікстан түрмелеріндегі терроризм мен экстремистік әрекеттер туралы да айтқан. Істің егжей-тегжейіне тоқталмаған Рахмон түрмелердегі экстремистік топтардың 29 жетекшісі "жауапқа тартылды" деді.

Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода 2020 жылдың басындағы мәлімдемесінде 2019 жылы экстремистік және террористік топтарға қатысы бар деген күдікпен 161 адамның ұсталғанын жария еткен еді.

Министрдің сөзінше, олардың 81-і "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобына мүше, ал 54-і салафи ағымымен байланысты болған.

Үкімет екі мыңға жуық тәжікстандық ИМ тобына Сирия мен Иракқа барғанда қосылған, басқа ондаған адам Ауғанстандағы ИМ бөлімшесімен және басқа да қарулы топтармен тізе қоса соғысып жүр деген мәлімдеме таратты.

ИМ тобы 2018 жылғы қарашада және 2019 жылғы мамырда Тәжікстандағы Ходжент пен Вахдат түрмелерінде болған – олардың барысында адам өлген және соңы көтеріліске ұласып кеткен – екі бірдей бүлікке жауапкершілікті мойнына алған. Билік бүліктер кезінде 50-ден астам тұтқын мен бес түрме күзетшісінің қаза тапқанын айтады.

Бұған қоса экстремистік топ 2018 жылғы шілдеде Тәжікстанның оңтүстігінде велосипедпен саяхаттап шыққан Батыс елдерінен келген төрт туристің өмірін қиған терактінің артында өзі тұрғанын мәлімдеген.

Бірақ тәжік билігі бұл мәлімдемені жоққа шығарып, аталған оқиғаға ТИЖП жақтастарын айыптайды. "Тәжікстан ислам жаңғыру партиясы" болса ондай айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарып, "билік арсыз әрі қисынсыз жала жауып отыр" деп мәлімдеп келеді.

Азаттық Тәжік қызметі (Озоди радиосы) материалдары бойынша жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG