5 қаңтарда Қазақстандағы басқа қалалармен қатар Семейде де үкіметке наразылық акциясы өтіп, автократиялық режим мен жемқорлықты айыптаған мыңдаған адам қала әкімдігі алдына жиналған. Алаңдағы халықтың арасында Райгүл Садырбаева да болды. Ол наразылық шарасын бақылауға барған. Бірақ митингінің аяғы наразылар мен полиция арасындағы қақтығысқа ұласқан.
Бір аптадан кейін "Елім-ай" құқық қорғау бірлестігінің өкілі, 50 жастағы белсенді Райгүл Садырбаеваны полиция ұстап, уақытша ұстау изоляторына жеткізген.
"ШАРУАҢ БІТТІ, КЕМПІР!"
Қазақстан бас прокуратурасына жазған арызында Райгүл Садырбаева Семейде қамауда болған кезде қорлық көргенін хабарлаған.
"Семей қаласындағы уақытша ұстау изоляторы қызметкерлері қоқан-лоқы көрсетіп, бопсалап, азаптап, мені өзіме қарсы куәлік беруге мәжбүрледі: Айтқұрман Қадылбекұлы Адықпаев күләпарамды басыма кигізіп, бірнеше рет есімнен танғанша тұншықтырды, Ж. Оқапов таяқпен зорламақ болды, азаптауға қатысқан үшінші қызметкер "Шаруаң бітті, кемпір!" деп, басыма тапанша тақады. Азаптаудан бөлек, моральдық қорлық көрсетіп, балағаттап, "ұлыңның сазайын береміз" деп қорқытты" деп жазған белсенді.
Садырбаеваның сөзінше, полиция айтқанына көндіру үшін оны изоляторда адам төзгісіз жағдайда ұстаған.
"Полиция майоры Ажхановтың бұйрығымен мені тастай суық, жарығы мен суы, матрасы не жұмыс істейтін әжетханасы жоқ карцерге қамады. Таза ауаға шығарған жоқ. Суық темірдің үстінде ұйықтадым. Жаман иіске тұншығып, өліп қала жаздадым. Тамақтан бас тартуыма тура келді. Уақытша ұстау изоляторы қызметкерлері мені қорлап, адвокатпен байланысуға мүмкіндік бермей, "жоғарыдан түскен бұйрық бойынша" ештеңеге рұқсат жоғын айтты. Ажханов "жақсы камераға ауысқың келсе, процессуалды келісімге қол қойып, полицияға көмектес" деп қысым көрсетті" деп жазады Садырбаева.
Жақындары Райгүлдің изоляторда азапталғанын өткен аптада бір-ақ білген. Олар бір ай бойы Райгүлмен жолығуға рұқсат ала алмаған. 9 ақпанда Садырбаеваның ұлы Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына барып (белсендіні сол мекемеге ауыстырған), анасымен жүздескен.
– Әбден азаптапты, оны білген де жоқпыз. Бізді изоляторға жолатпады. 12 қаңтарда үйімізге тінту жүргізген ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Мұрат Ажханов Райгүлді "екі сағатқа ғана алып кетеміз" деген еді. [Қаңтардың] он үші мен он төртінде уақытша ұстау изоляторына бардық, олар "Садырбаева мұнда жоқ" деп кері қайтарды, – дейді Райгүл Садырбаеваның анасы Гүлжанат Садырбаева.
14 қаңтарда сот Райгүл Садырбаеваны тұтқында қалдыру туралы шешім шығарып, Өскемендегі тергеу абақтысына ауыстырған.
– Ол 14 қаңтарда өткен сот отырысында полициядан қорлық көргенін айтты. Сот прокурорға істің ақ-қарасын ажыратуды тапсырды. Бірақ прокурор сол күйі жауап бермеді, еш шара қолданған жоқ. Райгүл Өскемендегі тергеу изоляторында отырып, Шығыс Қазақстан облысы прокурорына хат жазды. Олар Садырбаеваның арызын қабылдады, бірақ әзірге ешқандай жауап жоқ, – дейді Садырбаеваның адвокаты Мейіржан Досқараев.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаптау туралы арыздар тексерілсін. HRW ұйымының Қазақстанға қатысты мәлімдемесі"САЯСИ АСТАРЫ БАР ІС"
Қазір Райгүл Садырбаева қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлімі ("Жаппай тәртіпсіздікке қатысу") және 269-бабының 3-бөлімі ("Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алуды қылмыстық топ жасаса немесе қылмыстың соңы абайсызда адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеліп соқса") бойынша күдікті деп танылған. Бұл баптар бойынша 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Адвокаттың сөзінше, ұсталған белсенділердің көбін "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" бабы бойынша жауапқа тартады.
– Әдетте бәріне жаппай тәртіпсіздікке қатысты, ғимаратты басып алды деген айыптар тағылады, – дейді Досқараев.
Райгүл Садырбаеваның қамауда отырып жазған арызын жариялаған құқық қорғаушылар биліктің белсендіні қудалауының саяси астары бар деп санайды.
Qaharman құқық қорғау қоры "Райгүл жаппай тәртіпсіздік пен ғимаратты басып алуға қатыспаған. Ол – үшінші топ мүгедегі, науқас адам. Билік Садырбаеваны саяси себеппен қудалап, азаптап, оны өзіне қарсы жалған куәлік беруге мәжбүрлеп жатыр. Райгүл Садырбаеваны дереу босатуды және оны азаптауға қатысқандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етеміз!" деп мәлімдеді.
Садырбаева тергеу изоляторында азаматтық құқығы бұзылғанын жазған. 12 қаңтардан бастап полиция оны қорғану құқығынан айырған: оған жақындарының бірін қорғаушы етіп алуға, адамдармен кездесуге және хабарласуға тыйым салынған.
"ОВ 156/1 мекемесі әкімшілігі заңсыз тыйымдарды былай түсіндірді: 2022 жылғы қаңтардың он жетісінен бастап бірнеше рет шағым жазғаныма қарамастан, "[жедел тергеу тобының] басшысы Мұстафиннен жазбаша бұйрық түспеген. Соңғы өтінішімді 2022 жылғы қаңтардың жиырма алтысында тергеу изоляторының арнайы бөлімі арқылы жібердім. Заң бойынша жақындарымды қорғаушы етіп алып, олармен кездесуге құқығым бар" дейді Садырбаева.
Анасы Гүлжанат Садырбаева ұзақ уақыт бойы Райгүлмен кездесуге сенімхат ала алмаған.
– Қызымды 12 қаңтардан бері көрген жоқпын. Сенімхат бермей қойды, 1 ақпанда дайын болған қағаз қолымызға 10 ақпанда бір-ақ тиді. Өткен датамен толтырыпты. Ештеңе деген жоқпын: сөйлеуге шамам келмеді. Көз алдымда қол қоюға апарды, тек күнін "1 ақпан" деп көрсеткен, сенесіз бе? – дейді Райгүлдің анасы.
Ол қызының денсаулығына алаңдап отырғанын айтады.
– Үшінші топ мүгедегі. Емін тоқтатуға болмайды. Дәріні алды ма, алмады ма, білмеймін. Олар [сәлемдемені алғаннан кейін] қандай заттарды қабылдап, қайсын кері қайтарғанын айтпайды. Дәрінің артынан сүт ішуі керек, бірақ сүт өнімдерін өткізбейді. Бұл – гормонды, қауіпті препараттар. Қазір Өскемендегі бірінші емханаға тіркеліпті. Дәрі-дәрмегін құжат бойынша сатып алуы керек еді, енді қалай алады? – дейді анасы шырылдап.
ЕУРОПАРЛАМЕНТ ҚАРАРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ
20 қаңтарда Еуропа парламенті Райгүл Садырбаеваның аты-жөнін Қазақстандағы қаңтар оқиғалары туралы қарарына қосқан. Қарарда бейбіт наразылықтан кейін болған зорлық-зомбылықты сынаған. Еуропарламент депутаттары Орталық Азия елдері басшыларын "терроризм" айыбын қолдану аясын шектеуге, саяси астары бар айыптарды алып тастап, құқық қорғаушылар мен басқа да азаматтарды жазықсыз ұстауды және қудалауды тоқтатуға; жазықсыз ұсталған демонстранттар мен белсенділерді босатып, саяси тұтқындарды ақтауға үндеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жауапты шенділерге санкция". Еуропарламент Қазақстандағы жағдайды талқылап, қарар қабылдадыҚарарда "Құқық қорғаушы Райгүл Садырбаева денсаулық жағдайына қарамастан, саяси астары бар қылмыстық іс бойынша тергеу изоляторына қамалған. Ол ұзақ мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін" деп жазылған.
Еуропа депутаттары Қазақстан билігін Садырбаева мен басқа да саяси тұтқындарды дереу босатып, оларға тағылған айыптарды алып тастауға шақырған.
Үндеу жарияланған күннің ертеңіне Қазақстан сыртқы істер министрлігі Еуропарламент қарары "объективті деректер мен тұжырымдарға негізделмеген, атүсті жасалған" деп мәлімдеп, мұндай құжат қабылдауға болмайтынын айтқан.
Райгүл Садырбаева мен ондаған белсенді әлі қамауда отыр.
Азаттық Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы мен жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне хат жолдап, Райгүл Садырбаеваның қудалануы және белсендінің азаптау туралы шағымы қалай қаралып жатқаны жөнінде ақпарат беруді сұрады. Бірақ мақала жарияланғанға дейін олардан жауап келмеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Үстімізге ыстық су құйып, үтік басты". Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған азаматтардың көрген азабыҚаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін ұсталған азаматтардан азаптау туралы көп шағым түскен. Құқық қорғаушылар полицияның тұтқындарды таяқпен ұрып, ыстық үтікпен күйдіріп, электрошокер қолданғанын айтады.
ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов қамауда отырған азаматтардың азапталғанын жоққа шығарды.
– Қазір ақпараттық кеңістікте тергеу изоляторларындағы азаптау туралы жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл шындыққа жанаспайды, мұндай ақпарат қоғамды адастырып, оқиғаның шынайы картинасын бұрмалайды, – деп мәлімдеді Ешмағамбетов 16 ақпанда арнайы брифингте.
ІІМ көрінеу жалған ақпарат таратқан азаматтар жауапқа тартылатынын ескертті. Қазақстанда қылмыстық кодекстегі көрінеу жалған ақпарат тарату бабы (274-бап) көбіне билікті сынаған белсенділерге қарсы қолданылады. Іс сотқа жетіп, онда үнемі мемлекет жеңіп шығады. Азаптауға қатысты істер басқаша қаралады: шағым түседі, арыз тіркеледі, бірақ олардың көбі тергеу кезінде жабылып, кінәлілер жазаланбайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Үстіне қайнаған су құйған". Жаралы жігіттің абақтыда көрген азабы"Айуандықпен өлтірген". Семейде қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған екі азамат полициядан тірі шықпады"Асқан қатыгездікпен азаптау", "қазақ билігін сынауға құлықсыз" Батыс және "жоғалған миллиардтарды" іздеген Тоқаев"Жылап-жылап біттік." Полицияда азапталған 15 жасар бала ұзақ жылға сотталудан қорқадыАзапталған Талдықорған. Арнайы репортаж