"Үйімізге – Еуропаға оралайық!" Грузия оппозициясы үкіметтің отставкаға кетуін талап етті

Полиция үкімет ғимараты алдына келген наразылардың жолын бөгеп тұр. Тбилиси, Грузия, 4 шілде 2022 жыл.

Грузия оппозициясы қазіргі кабинетті таратуды, елдің Еуроодақ мүшелігіне кандидат статусын алуына қажет реформаларды іске асыратын "ұлттық келісім" үкіметін құруды талап етті. Премьер-министр қызметтен кетпейтінін айтты. Жексенбіде Тбилисиде наразылық митингісіне ондаған мың адам шықты.

4 шілде таңертең Тбилисидегі үкімет әкімшілігі алдына билікке талаптарын айтып жиналған наразыларды полиция ол жерден ығыстыруға кірісті деп хабарлайды "Эхо Кавказа" сайты.

Осының қарсаңында демонстранттар түске қарай Грузия үкіметі отырысын өткізуге келетін премьер-министр Ираклий Гарибашвилиді талаптарын айтып қарсы алатынын мәлімдеген.

Билік өкілдері үкімет ғимараты бас есігінің алдынан демонстранттарды әрірек ығыстырып, кейбірін сыртқа шығарып жіберген. Наразылық акциясын ұйымдастырушылардың бірі Шота Дигмелашвили жиналған адамдарды полицияға қарсылық танытпай, олардың айтқан талабына мойынсұнуға шақырған.

Премьер Гарибашвилидің отставкаға кетуін және елдің Еуроодақ мүшелігіне кандидат статусын алуына қажет реформалардың барлығын іске асыратын "ұлттық келісім" техникалық үкіметін құруды талап еткен "Үйімізге – Еуропаға" қозғалысы өкілдері түні бойы тұрған орнынан тапжылған жоқ деп хабарлайды "Эхо Кавказа" сайты.

Таңертең кеңсенің қасында бірнеше ондаған адам ғана қалды, полиция күші олардан бірнеше есе көп деп хабарлады "Новости-Грузия" агенттігі.

Бұған дейін "Сирцхвилиа" ("Масқара") қозғалысы белсенділері грузин арнаулы қызметі арандату жасағысы келеді деп мәлімдеген. Олардың сөзінше, қауіпсіздік өкілі "бес минуттан кейін" тарамасаңдар "барлығыңды ұстап әкетеміз" деген. Қауіпсіздік қызметі бұл жайлы ешқандай комментарий бермеді.

Билікке талап қойып, үкімет үйі алдына келген жастар мен олардың жолын жауып тұрған полиция. Тбилиси, Грузия. 4 шілде 2022 жыл.

Қазір Тбилисидегі наразылық акциясы жалғасып жатыр. Демонстранттар ысқырып, дауылпаз соғып тұр. Митинг бейбіт жағдайда өтіп жатыр деп хабарлайды "Эхо Кавказа" сайты.

ЖЕКСЕНБІДЕГІ НАРАЗЫЛЫҚҚА ОНДАҒАН МЫҢ АДАМ ШЫҚТЫ

3 шілдеде Тбилисидегі Грузия парламенті алдына ондаған мың адам жиналған. Олар "Сирцхвилиа" ("Масқара") қоғамдық бірлестігі жетекшілері бұған дейін ел билігіне қойған ультиматумда көрсетілген жеті күн мерзім аяқталғаннан кейін орталық алаңға қайта шыққан. Содан бір апта бұрын оппозицияның бастамасымен "Үйімізге – Еуропаға" атты жаппай қоғамдық бірлестік пайда болған еді.

Тбилисидегі оппозиция митингісі (3 шілде 2022 жыл)

Қозғалыс өкілдері билікке премьер-министр Ираклий Гарибашвили басқаратын үкімет жексенбіден (3 шілде) қалмай отставкаға кетсін, ал биліктегі "Грузин арманы" партиясы халық сеніміне ие "техникалық үкімет" жасақтауға келісім беретінін жарияласын деген талап қойған. Ол үкімет Грузияны Еуроодақ мүшелігіне кандидат етіп қабылдау үшін Еурокомиссияның осы елге қойған 12 шартын орындау мақсатымен құрылуы тиіс дейді ультиматум авторлары.

Жексенбі күні Шота Руставели даңғылына қайта жиналған қозғалыс белсенділері наразылық акциясы Гарибашвили үкіметі отставкаға кеткенше тарқамайды деп мәлімдеді. Бейбіт түрде митингіге жиналғандар грузин және украин әндерін шырқап тұрды деп хабарлады Азаттықтың Грузин қызметі.

Грузияның Еуропа одағы құрамында болғанын қалайтын азаматтар үкімет ғимараты алдына талаптарын айтып келіп тұр. Тбилиси, Грузия, 3 шілде 2022 жыл.

ЕУРООДАҚ МҮШЕЛІГІНЕ КАНДИДАТҚА ҚОЙЫЛАТЫН ШАРТ

17 маусымда Еуропа комиссиясы басшысы Урсула фон дер Ляйен комиссия Украина мен Молдоваға Еуропа одағы мүшелігіне кандидат статусын беруді ұсынатынын мәлімдеген. Ол Грузияға әлгіндей статус беру жайын қозғаған жоқ. Урсула фон дер Ляйен егер Грузия бірқатар шартты орындаса, содан кейін бұл мәселеге оралуға болады деді.

Атап айтқанда Грузия бірқатар жүйелі реформа жүргізуі керек. Мысалы, саяси және экономикалық өмірді олигархтар ықпалынан арылту, сот тәуелсіздігін қамтамасыз ету, журналистер мен әртүрлі азшылық топтардың құқығын қорғау, т.с.с. талаптар бар.

Оппозиция өкілдері талаптарын айтып жиналған үкімет ғимараты алдында Грузия туын көтеріп келе жатқан адам. Тбилиси, 4 шілде 2022 жыл.

23 маусымда Брюссельде өткен Еуропа одағы саммиті Украина мен Молдоваға одақ мүшелігіне кандидат статусын беру туралы шешім қабылдады. Еуропа кеңесі басшысы Шарль Мишель Еуроодақ саммиті Грузияның "еуропалық болашағы" барын мойындап, Грузия бірқатар шартты орындағаннан кейін Еуропа одағы бұл елге де кандидат статусын беруге әзір екенін хабарлады.

Грузия оппозициясы отставкаға кетуін талап етіп отырған премьер-министр Ираклий Гарибашвили қызметтен кетпейтінін айтты. Ал биліктегі "Грузин арманы" партиясының төрағасы Ираклий Кобахидзе оппозицияға Еуропа одағының Грузияға қойған шарттарын кезең-кезеңімен орындау үшін бірнеше парламенттік комиссия құруды ұсынды.

Бірақ Грузия оппозициялық партиялары (арасындағы ең ірісі – елдің бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің "Біріккен ұлттық қозғалыс" партиясы) билік партиясымен ешбір келіссөздің "мәні жоқ" деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Украина мен Молдоваға Еуроодақ мүшелігіне кандидат статусы берілдіЕурокомиссия Украинаға Еуроодақ мүшелігіне кандидат статусын беруді ұсындыУкраинадан кейін Грузия да Еуроодаққа қосылуға ниет білдіріп отырЕО Грузия, Молдова және Украинаға қорғаныс саласын нығайтуға көмектеседі Грузия оппозициясы "Раушан революциясының" 18 жылдығын атап өтті