Тәжікстан үкіметі тағы да әйел киіміне араласып отыр. Билік пен дінбасылар әйелдер жұмыста және басқа уақытта қандай киім киюі керегі жөнінде ереже дайындап жатыр.
Кейінгі алты жылда екінші рет ауысып отырған жаңа дресс-код туралы ереже жақын күндері жарияланады. Тамызда Душанбеде жаңа киім үлгісін көрсететін арнайы шара өтеді.
Дін істері және дәстүрді реттеу комитетінің басшысы Сүлеймен Дәулетзода осы аптада ел астанасында өткен баспасөз конференциясында мәдениет министрлігі, әйелдер комитеті мен дін істері жөніндегі комитет бірлесіп, ұлттық құндылықтарға сай келетін киім үлгісін дайындап жатқанын хабарлады.
Маусымда Тәжікстан “ұлттық мәдениетке сәйкес келмейтін” киімдерге тыйым салған. Шенеуніктер ислам үлгісіндегі киімді “ықтимал экстремизм белгісі” көріп, құптамайды.
Өткен аптада мемлекет қолдайтын Ислам кеңесі діни жарлық — пәтуа шығарды. Онда әйелдерге қара түсті немесе денеге жабысып тұратын, адамның денесі көрініп тұратын ашық киімдер киюге тыйым салынған. Тәжікстан билігі “қара киім” деп, ислам үлісіндегі хиджабты меңзеп отыр.
26 шілдеде шыққан пәтуада “қара түс ұлттық және географиялық ерекшелігімізге сай келмейді” делінген. Онда тәжік әйелдеріне көйлек, шалбар мен орамалдан тұратын ұлттық киім киюге кеңес берілген.
Діни пәтуада тәжіктердің ұлттық киімі ислам талабына сай келеді, әйелдің әурет жерлерін толық жабады деп түсіндіріледі.
«БИЛІКТІҢ ТАЛАБЫН ӘЛДЕҚАШАН ТҮСІНГЕНБІЗ»
Құқық қорғау ұйымдары елді 30 жылдан бері басқарып келе жатқан президент Эмомали Рахмонды тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым көрсетіп, саяси плюрализм мен дін еркіндігін жойды деп айыптайды. Билік мемлекет белгілеген нормадан тыс діни көзқарас пен іс-әрекетті Тәжікстанның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қатер деп қабылдайды.
Тәжіктер, әсіресе, діни үлгіде киінетін қауым өкілдері маусымда хиджабқа тыйым салу, соңғы шыққан пәтуа мен әйелдерге арналған киім үлгісі жайлы ережені “пайдасы жоқ, шектен тыс қадам” деп бағалайды.
«Қара түске әлдеқашан тыйым салған», — дейді мемлекеттік ауруханада істейтін Муниса. Ол толық аты-жөнін айтудан бас тартты. Медбике өз сөзінде мемлекеттік дін комитетінің 2017 жылы жаназаға қара түсті киім киюге тыйым салғанын меңзеп отыр.
Комитет әйелдерді аза тұтуға арналған қара киімнің орнына дәстүр бойынша көк түсті киім киюге шақырған.
«Хиджабқа тыйым салуы да — жаңалық емес. Бұл тыйым кемі 10 жыл бұрын пайда болған», — дейді Муниса.
«Бәрін әлдеқашан түсінгенбіз. Жаңа заң қабылдап, бір айтқанды қайталай берудің қажеті жоқ», — деді 40 жастағы медбике.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Хиджап, сақал, "Талибан" ықпалы. Ислам үрдісі кімдерді алаңдатып отыр?Тәжікстандағы көп азамат сияқты Муниса да бұл заң ислам үлгісіндегі киімдерге қарсы бағытталған, ал денеге жабысып тұратын, жұқа маталардан тігілген көйлектер туралы бөлім жай халық назарын басқа арнаға бұру үшін қосылған дейді. Тәжікстан үкіметі хиджабты өркениетті елге жат әрі қауіпті элемент көреді. Елде қысқа белдемше мен омырауы ашық жейделерге де тыйым салынған. Бірақ мемлекет бұл шектеудің іс жүзінде орындалуын мүлде қадағаламайды.
Тәжікстанда тұратын 10 миллион халықтың басым бөлігі — мұсылмандар. Үкімет орамалға қарсы науқанды 2007 жылы бастаған. Сол жылы білім министрлігі мектептер мен университеттерде қысқа белдемше мен хиджаб киюге тыйым салды.
Кейіннен бұл тыйым жұмыс орындарына да тарады. Өкілетті тұлғалар мен полиция жиі рейд жүргізіп, тыйымды бұзған азаматтарды ұстайтын. Хиджаб киетін әйелдердің көбі діни көзқарасы мен кәсіби карьерасы арасында қиын таңдауда қалды. Кей азаматтар оқуын тастап, жұмыстан шығып кетті. Қалғандары Муниса сияқты хиджабын дәстүрлі орамалға ауыстырды.
Билік ұзын әрі қалың сақал өсірген ерлерге де қысым көрсетті. 2015 жылы Хатлон облысындағы өңірлік полиция басшысы бір жылда қоғамдық орындар мен базарларда ұзын сақалы бар 13000 кісі ұсталғанын айтқан. Полиция оларды қалың сақалын қысқартып, ретке келтіруге мәжбүрлеген. Үкіметтегі шенеуніктердің бірі 2023 жылы тәжік блогерлеріне сақал өсіруді насихаттау “террористік топтарды қолдау белгісі” саналатынын және ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін ескерткен.
2018 жылы мәдениет министрлігі “Тәжікстанда мақұлданатын киім үлгілері бойынша нұсқаулық” жариялады. Онда билік құптайтын киім түсі, түрі мен матасына дейін көрсетілген.
Бұл нұсқаулықта әйелдерге жұмысқа батыс стиліндегі, бірақ жабық әрі ұзын киімдер, ал қалған уақытта тәжіктердің ұлттық киімін кию ұсынылады.
Жаңа дресс-кодтың осыған дейін жарияланған нұсқаулықтан қандай айырмашылығы болатыны белгісіз.
ЖАҢА ҚУҒЫН-СҮРГІН
Душанбенің кей тұрғындары ұлттық дәстүрге жат киім киюге енгізілген шектеулерден кейін қатаң шаралар қолданылғанын айтады.
22 мамырда Душанбеде хиджаб киген бір топ әйелді құқық қорғау органдары мен әйелдер ісі жөніндегі басқарма өкілдері ұстап, полиция бөлімшесіне апарған.
Ұсталған әйелдердің бірі Азаттықтың Тәжік қызметіне офицерлер саусақ іздерін алып, суретке түсіргенін, оларға ешқашан "жат мәдениеттің" киімін кимеуге уәде беріп, әзер құтылғанын айтқан.
23 мамырда полиция Душанбенің Шохмансур ауданында ұзын сақалды 13 азаматты ұстап, сақалын алғызып тастаған. Полиция оларға “тағы да сақалмен ұсталсаңдар, түрмеге жабамыз” деп ескерткен.