Медреседе оқитын қыздар саны бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұрған Қырғызстанда діни білімге сұраныс артып келеді. Сыншылар медреселер жұмысы реттелмегенін айтып, елде діннің ықпалы артуы мүмкін деп алаңдайды.
Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош облысында мұнтаздай таза, заманауи медреседе оқитын екі қыз өздері жатқа айтатын сүрелердің мағынасын білмейтінін мойындайды.
"Әр-Рум" сүресінің мағынасын сұрағанда, оқушы қыз «білмеймін» деп жауап берді.
"Мен Ән-Нәбу сүресін оқып қана қоямын. Бірақ әзірге мағынасын түсінбеймін" деп екінші қыз Құранның 78-аятын меңзеп.
Ош облысы Үзген ауданы Мырза-Аке ауылында әйелдерге арналған медреседе мұғалім болып істейтін Ибадат Можуева бұған таңғалмайды.
– Құранды тәпсірлеу үшін медреседегі үш жыл оқу жеткіліксіз. Ол үшін грамматиканы толық меңгеріп, көп оқып, содан кейін ғана Құранды тәпсірлеуге көшу керек, – дейді мұғалім.
Мырза-Аке ауылындағы Әбдірайым қари атындағы медресе сияқты діни білім беру орындары кейінгі кезде қызу талқыға қалды.
Бір жағынан, халық арасында діни білімге сұраныс артып келеді. Көп отбасы қыздарын ислам құндылықтарын бойына сіңірген, тәрбиелі келін етіп тәрбиелеуге тырысады.
Екінші жағынан, көбіне жабық келетін оқу орындарын мемлекет қалай реттеп отырғаны алаңдаушылық тудырады. Сұрақ тудырып отырған мәселелер қатарында қаржы көзі, оқу сапасы және оқушыларды зайырлы қоғамнан ажырату қаупі бар. Кейінгісі экстремистік идеологияны күшейтуі ықтимал дейді алаңдаушылар.
МЕДРЕСЕ МӘСЕЛЕСІ
Қырғызстан мүфтиятының дерегінше, қазір елде ислам дінін оқытатын 130 мекеме тіркелген. Оның 34-і – 9-сыныпты бітірген қыздарға арналған медресе. Жеті млн халқы бар Қырғызстанда барлығы 15 жастан асқан 6000 қыз бала діни білім алып жатыр.
Халқы 3 есе көп көрші Қазақстанда бас-аяғы 12 ғана мемлекеттік медресе бар, оның үшеуі ғана қыздар мен әйелдерді оқытады. 35 миллион адам тұратын Өзбекстанда 15 медресе жұмыс істейді. Оқушылардың көбі университетте білім алатын жаста.
Бұл сандар Қырғызстанның дін еркіндігіне селқостау ұстаныммен қарайтынын көрсетеді. Бірақ дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссияның бұрынғы төрағасы Орозбек Молдалиев Қырғызстанда “медресе тым көп” болуы мүмкін дейді.
– Білім сапасы төмен. Діни білім алып жүргендердің арасында сауатты адамдар да кездеседі, бірақ исламды түсінбейтін, білім деңгейі төмен кісілер де бар, – дейді Молдалиев.
200 қыз тегін оқитын Әбдірайым қари медресесі сабақ кестесін мақтан тұтады.
Мұнда қыздар үш жыл ішінде діни білімнен бөлек, информатика негіздері, графикалық дизайн, тігін, қолөнер және тамақ пісіруді үйреніп шығады.
Жақында медресеге барған Азаттық тілшісі ақ түсті хиджаб пен ұзын қара көйлек киген студент қыздар волейбол ойнап жатқанын көрді. Ойынға діни қызметтегі ер адам қазылық етіп отырды.
Медреседе демалыс күндерінен басқа уақытта телефон ұстауға болмайды. Түнгі 11-де жарық өшеді.
– Ұйықтар алдында сүре оқимыз. Қыздарды қолын кеудесіне қойып, Алланың есімдерін қайталап жатып ұйықтауға үйретеміз, – деді жатақхана жетекшісі Назгүл Рысқұлова.
Мұндай медреселер беретін дипломмен діни мектептен өзге жерде жұмыс істеуге көп мүмкіндік бермейді.
Заманауи университеттер медресе дипломын аттестат ретінде қабылдамайды. Бірақ медресенің негізін қалаушы Әбдірахман Атабаев кей оқушылар зайырлы орта мектепте қатар оқып, университетке түсіп жататынын айтады.
ШЕНЕУНІКТЕР НЕГЕ ҚАМСЫЗ?
Атабаев медресенің қаржы көзі туралы сұраққа тура жауап бермеді. Ол тек “ірі демеушіміз жоқ, жергілікті қаржы көздерінен ақша алып отырмыз” деумен ғана шектелді. Оның сөзінше, жергілікті ақсақалдар мен жігіттер көп көмектескен.
Қырғызстандағы діни нысандардың көбі елге ықпалын жүргізгісі келген Парсы шығанағы елдерінің қолдауымен салынған. Бұл қырғыз қоғамына Қырғызстан мүфтияты қолдайтын ханафи мазхабы емес, исламның жат ағымдары тарайды деген қауіпті күшейтеді.
Қырғызстандағы басқа діни ғимараттарды мұсылман халықтың қолдауына ие болуды көздеген жергілікті саясаткерлер салған.
Қырғызстанның қауіпсіздік қызметі мемлекет рұқсатынсыз жұмыс істейтін медреселерді анықтау мақсатында рейд жүргізіп тұрады. Осындай тексерістерден кейін лицензиясы жоқ кей медреселер жабылып жатады.
Наурызда ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет 6-9 жас аралығындағы 12 баланы мүфтият тексермеген әдебиет бойынша оқытқан медресенің қызметін тоқтатты. Заңсыз дәріс оқыған мұғалімнің діни білімі жоғы анықталды. Балалар мектептегі оқуын медресемен қатар алып жүрмеген. Мұғалім 85 доллар айыппұл төлеп, бас бостандығын сақтап қалды.
2023 жылы Қырғызстан діни басқармасы Ош облысындағы 21 діни мектепті жапқан. Бұған мекемелердің құрылыс, санитарлық, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы, діни білім беру орындарындағы бірыңғай оқыту стандартын бұзуы себеп болған.
Қырғызстанның дін істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде істейтін Замир Кожомбердиев жабылған мекемелер ескертулерді түзетіп, қайта ашылғанын айтады. Шенеуніктің сөзінше, медреселер қызметін реттеу әдісін өзгертудің қажеті жоқ.
– Деструктивті үндеулер немесе идеология болса, міндетті түрде естиміз. Өйткені онда жұмыс істейтін адамдар – Қырғызстан азаматтары, олар – патриоттар, бірнәрсе дұрыс болмаса, бірден айтады. Мұндайға олар да қарсы, – дейді Кожомбердиев.
ТӘРБИЕ САҒАТЫ
Діни оқу орындарының көптігіне алаңдаушылар бұл сөзге иланған жоқ.
Ensan-Diamond үкіметтік емес ұйымының басшысы Жәмила Қапарова медресе қызметін бақылаумен айналысады. Ол кей медреселер шет тілін оқытатын жекеменшік орталықтар ретінде тіркелген, құжатта діни білім беретінін көрсетпеген дейді.
Қапарованың сөзінше, кей медресе оқытушылары діни білім тегін беріледі дегенімен, студенттердің көбі ай сайын оқу ақысын төлейді. Ол – медреседегі оқыту бағдарламасының мазмұнына да алаңдайды.
Қапарова қыздарға арналған медреселердің біріне барып, студенттерге тәрбие сағаты өтетінін көрген.
– Тәрбиешілер қыздарға жақсы әйел, келін болып, күйеуінің отбасына қызмет етуді үйретеді. Олардың бүкіл тәрбиесі осыған негізделген сияқты, – дейді ол.
Қырғызстандағы ұлттық медресе жүйесіне алаңдаушылық 2019 жылы Женевада орналасқан, қырғыз тумасы Чолпон Орозбекова негізін қалаған Булан институтының баяндамасынан басталған.
Баяндама авторлары Қырғызстан үкіметін жүйені реформалауға шақырған. Олар сондай-ақ медреселерге мектеп бағдарламасының пәндерін де енгізу керек деп есептейді. Медресе қызметін бақылауды ислам қауымдастығының өкілдері де қолдап отыр.
«Мутакаллим» үкіметтік емес ұйымының өкілі Жамал Фронтбекқызы медресенің оқу бағдарламасына математика, физика, азаматтық құқық сияқты пәндер қосып, түлектерді үлкен өмірге дайындап, оларды гиперконсервативті, экстремистік идеологиядан қорғау керек дейді.
– Бір жоба аясында 12 медреседе азаматтық құқық сабақтарын өттік, – дейді Фронтбекқызы. «Мутакаллим» ұйымы мемлекетпен жұмыс істейді, бұрын Батыс ұйымдарынан қаржылай гранттар да алған.
– Жоба аяқталған кезде кей медреселер азаматтық құқық сабақтарын жалғастырып, алып кетті. Бірақ бәрі емес, – дейді белсенді.
Қыздарға арналған медреселердің ұжымдық миссияны дұрыс атқармай жатқанын қыздардың оқуын тастап кетуінен байқауға болады. Оштағы тағы бір медресенің директоры оқушы қыздар жұмыс істеу үшін немесе тұрмысқа шығу мақсатында оқуын тастап кетеді дейді. Бұл медресе Ош қаласының өзінде орналасқан.
– Басты мақсатымыз – ата-анасын құрметтейтін қыздар тәрбиелеу. Ары таза қыздар мен жақсы ұрпақ тәрбиелейтін аналарды дайындап шығарғымыз келеді, – дейді Саида Хадиджа мектебінің директоры Жанара Мақсұтова. Бұл мектепте оқу ақысы – жылына 350 долларды құрайды.
Мақсұтованың медресесінде оқитын Махбуба Абазова болашақта араб тілі мұғалімі болғысы келеді.
– Сонда екі жылдан кейін хафиз (Құранның қорғаушысы) боламын, – дейді ол.
ПІКІРЛЕР