Парламент сайлауына жұрттың аз келуі билікке соққы болды

Ирандағы сайлау кезінде елдің бұрынғы және қазіргі жоғарғы рухани басшылары аятолла Рухолла Хомейни мен аятолла Әли Хаменейдің суреттерін ұстап тұрған адам. Тегеран, 21 ақпан 2020 жыл.

Иранда биліктің халықты парламент сайлауына жаппай дауыс беруге шақырған үндеуіне қарамастан, 1979 жылғы Ислам революциясынан бері ең аз көрсеткіш тіркелді.

Иран ішкі істер министрлігінің дерегінше, ақпанның 21-і күні өткен парламент сайлауына тіркелген дауыс берушілердің 42,57 пайызы қатысқан. Бұл 2016 жылғы сайлау көрсеткішінен 20 пайызға аз. Сарапшылар сайлауға халықтың аз қатысуы рухани басшының билігіне үлкен соққы болды деп есептейді. Ресми деректер мен бейресми есептерге сәйкес, ел астанасы Тегеранды қосқанда, ірі қалаларда сайлаушылардың шамамен 20-30 пайызы ғана дауыс берген.

Бұған дейін Иран басшылары мен мемлекеттік ақпарат құралдары халықты жаппай дауыс беруге шақырып, Иранның рухани басшысы аятолла Әли Хаменеи сайлауға қатысуды "діни парыз" деп атаған.

Парламент сайлауына дауыс беруге келген адам құжаттарын көрсетіп тұр. Тегеран, 21 ақпан 2020 жыл.

Дауыс берушілердің үкіметтің үгіттеуіне қарамастан, сайлауға қатысудан бас тартуына елді басқаратын дінбасылардың АҚШ-тың "барынша қысым көрсету" саясаты, халық наразылығы мен мемлекеттік шенеуніктерге сенімсіздік сияқты соңғы онжылдықтағы ең қиын мәселелерге кезігуі себеп болып отыр.

"Дауыс берушілердің аз болуы халықтың заңсыз, біліксіз, жемқор билікке қоғамдық көңіл-күйін көрсетіп отыр" дейді Иран бойынша сарапшы Әли Фетхолла Нежад.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ақымақ шалдар билігіне қарсылық". Наразылар нені талап етеді?

ДАУЫС БЕРУ ЖӘНЕ САЙЛАУ ЗАҢДЫЛЫҒЫ

Иран билігі кандидаттар Хаменеиге адал бақылау органдарының алдын-ала мақұлдауынан өтетін сайлауда азаматтардың дауыс берудегі белсенділігін халық қолдауы мен заңдылық нышаны ретінде пайдалануға тырысады.

"Билікке [халықтың сайлауға қатысу көрсеткіші] өзін қолдайтындар барын көрсету үшін керек" дейді Вашингтондағы саясаттанушы Әли Афшари.

"Олар сайлаудың еркін емес жағдайда және әділетсіз өтетінін мойындамайды. Біраз кандидаттың сайлаудан шеттетілгеніне қарамастан, сайлау бәсекемен өтті деп есептейді. Бұл оларға бәрі заң аясында өтті деп көрсету үшін ғана керек" дейді Афшари.

Тегерандағы сайлау учаскелерінің бірінің қызметкерлері. Иран, 21 ақпан 2020 жыл.

Сайлау алдында кандидаттарды тексеретін сақшылар кеңесі реформатор мен радикалды көзқарастарға қарсы жүздеген адамды сайлаудан шеттетті. Фетхолла Нежад қатаң режим өкілдері сайлау алдында кандидаттар қатарын тазарту арқылы қателік жіберді деп санайды.

- [Дауыс бергендердің аз болуы] әсіре консерваторлар мен олардың менмендігінің ірі қателікке ұрынғанын көрсетеді, кей жағдайда ұстанымды көзқарастағылардың әлсіздігі мен сәтсіздігінің де әсері болды, бұл халық наразылығына төтеп беріп жұмыс істеп келген қауіпсіздік жүйесі мен режимнің тұрақтылық механизмінің түбіне жетуі мүмкін. [Осылайша], ирандықтардың көпшілігі айтқандай, екеуінің (яғни ұстанымдылар мен реформаторшылар және оларға қарсы әсіре консерваторлардың) бірін таңдауды ұсыну арқылы олар бұл сайлауды бәсекеден ада қылды, - дейді сарапшы.

2016 жылғы парламент сайлауына сайлаушылардың 61 пайызы қатысқан. Одан бұрын халық ең аз қатысқан сайлау 2004 жылы тіркелген, ол кезде азаматтардың 51 пайызы дауыс беріп, консерваторлар жеңіске жеткен.

Сайлау алдында бақылаушылардың көбі реформаторлар мен радикалды көзқарастарға қарсы азаматтарды сайлауға қатыстырмау, экономикалық жағдайдың нашарлауы, өткен жылғы қарашадағы үкіметке қарсы наразылықты басып-жаншу, қаңтарда украиналық жолаушылар ұшағының құлауы қоғамдық көңіл-күйге әсер етіп, дауыс берушілер санын азайтуы мүмкін деп болжаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Иранның ұшақ апатын мойнына алуы халықты шеруге шығарды

Одан бөлек, дауыс берушілердің үйде қалуына әсер еткен себептердің бірі ел аумағында коронавирустың таралуы болса керек. Осыған дейін Иранда коронавирустан сегіз адам көз жұмған. Жүздеген адамға вирус жұққан болуы мүмкін.

Сайлау күні азаматтық журналистер Азаттықтың Иран қызметіне бірнеше қалада бос тұрған сайлау учаскелерінің видеосын жіберді.

Үкіметті сынағаны үшін бірнеше жылға түрмеге жабылған, халық арасында қолдауға ие саяси белсенді Абдолла Момени дауыс беруге аз адамның қатысуы "азаматтардың билік сырт көз үшін ұйымдастыратын сайлауға қатысудан бас тартқанын көрсетті" деген пікір айтты.

Момени мен тағы бірнеше адам ақпанның 21-і күнгі сайлауда дауыс бермейтінін ашық мәлімдеген.

КОРОНАВИРУС ҚАУПІ

Күнделікті шығатын, Ислам революциясының сақшылар корпусымен байланысы бар "Жаван" газетінің бас редакторы Абдолла Ганжи Twitter парақшасында оқырмандарынан парламент сайлауына дауыс беруге аз адам келуінің себептерін сұрап, сауалнама жариялаған.

Ақпанның 23-і күнгі ақпарат бойынша, респонденттердің 43,7 пайызы сайлауға дауыс бергендердің аз болуын Ирандағы өмір сүру жағдайының төмендігі және экономикалық ахуалдың қиындығымен байланыстырған. Сауалнамаға қатысқандардың 40,3 пайызы мәселенің себебін "өткен жылдары болған [негативті] жағдайлармен" байланыстырған. Тек 5,5 пайызы ғана халықтың сайлаудағы белсенділігіне коронавирус, ал 10,5 пайызы сайлау алдында кандидаттарды саяси бәсекеден шеттету әсер еткен деп санайды.

Коронавирустан сақтанып, бетіне маска тағып алған адамдар. Тегеран, Иран, 23 ақпан 2020 жыл.

Ақпанның 23-і күні осы мәселе туралы пікір білдірген аятолла Хаменеи Иранның жаулары халықты сайлауға қатыстырмау үшін коронавирус қаупін арттырғанын, осының кесірінен көрші мемлекеттер Тегеранмен шекарасын жауып, әуе байланысын тоқтатқанын хабарлады.

Ақпанның 23-і күнгі дерекке сәйкес, Иран әлемде коронавирустан көз жұмған адам саны бойынша вирус алғаш тіркелген Қытайдан кейін екінші орында тұр.

Хаменеи өз веб-сайтында "вирус туралы негативті пропаганда бірнеше ай бұрын басталып, сайлау уақыты таяған сайын күшейе түсті" деп жазды. Ол халықтың сайлауға "жақсы атсалысқанын" атап өтті.

Иранның рухани басшысы аятолла Әли Хаменеи парламент сайлауына дауыс беріп тұр. Тегеран, 21 ақпан 2020 жыл.

"Адамдар дауыс беруге барды. Сіздер мұны теледидардан немесе сайлау учаскесіне барған кезде көрдіңіздер. Соңғы 41 жылда елімізде 37 я 38 сайлау өтті. Әлемнің басқа қай елінен демократияға осындай талпыныс байқадыңыздар?" деді Хаменеи.

Сақшылар кеңесі сайлауға қатыстырмай қойған, кандидаттыққа үміткер 9000 адамның басым бөлігі реформаторлар мен радикалды көзқарастарға қарсы азаматтар болған соң, жаңа парламентке өткендердің көбі қазіргі қатаң режимнің өкілдері болады деп болжанған.

Сарапшылар келесі парламентте консерваторлардың басымдыққа ие болуы 2021 жылғы президент сайлауында билік ұсынған кандидаттың жеңіске жетіп, рухани көсем билігінің күшейетінін білдіреді деп есептейді.