Данияр Молдабеков: Қаңтар – тарихымыздың шекарасы, одан өткен біз енді бұрынғыдай емеспіз

"Қаңтар жылы" кітабының авторы, журналист Данияр Молдабеков. Алматы, 24 қаңтар, 2024 жыл

Журналист Данияр Молдабеков Азаттыққа сұхбатында 2022 жылғы Қанды қаңтар туралы жазған кітабы баспадан неліктен шығарылмағанын айтты. Ол Қаңтар оқиғасы кезінде билік халықты жеңді деп есептейді.

Қазақстандық журналист Данияр Молдабеков 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы туралы "Қаңтар жылы" ("Год – январь") атты кітап жазды. Кітап басылғалы жатқанда арнайы қызметтің назарына ілігіп, бірнеше аптадан кейін баспаханалар кітапты басып шығарудан үзілді-кесілді бас тартқан.

Кітапта 2022 жылы қаңтардың басында Қазақстанда болған оқиғалар суреттелген. Данияр – сол оқиғалардың куәгері. Басқа да қазақстандықтар сияқты ол да сол күндері күтпеген жерден оқиғаның нақ ортасында болған. Журналист екі жыл бойы куәгерлерден ақпарат жинап, сот залындағы материалдарды зерттеп, азапталған жандардың әңгімелерін жазып алумен айналысып жүр.

"ҚАҢТАРДЫҢ САЯСИ МӘНІН ЖОҚҚА ШЫҒАРҒЫСЫ КЕЛЕДІ"

– Білуімше, бұл кітапты Қаңтардың алғашқы күндерінен-ақ жазуды бастап кеттің. Бірақ ол кезде мұндай ауқымды жұмыс жасаймын деген жоспарың болған жоқ, солай ма?

– Иә, Қаңтардың алғашқы күндері нобайын жасадым, онымен қоса бірнеше басылымға репортаждар жазып жүрдім. Сол жазбаларымның кейбірін репортаждарыма қостым, кейбірін өзім үшін жазып алатынмын. Екі ай өткеннен кейін жақын арада тек Қаңтар тақырыбен айналысатынымды түсіндім. Ол кезде "жақын арада" дегенім екі жылдан артық уақытқа созылып кететінін білген жоқпын. Өйткені әлі күнге тек осы тақырып төңірегінде ғана жазып келемін.

Қаңтар – тарихымыздағы шекара, одан аттап өткен біз енді ешқашан бұрынғыдай болмаймыз. Тек осы "бұрынғыдай бола алмау" қай жағынан өзгеру екенін – жақсы жағынан ба, жаман жағынан ба, білмеймін. Сонымен қатар мен, біріншіден, бұл тақырыпта материал өте көп екенін, екіншіден, екі тарап та Қаңтар туралы айтқанда бергі жағын ғана қаузайтынын байқадым.

Сосын биліктің, үгіт-насихаттың арқасында Қаңтар оқиғасы не мемлекеттік төңкеріс, не халық көтерілісі деген түсінік қалыптасқан. Бізді тек осы тұрғыда ғана дауласуға мәжбүр болсын, бинарлы оппозиция ретінде күрессін деген мақсатпен.

– Сонда процесс одан да күрделі дегің келе ме?

– Әлбетте, әлдеқайда күрделі әрі терең. Мұның халық көтерілісі болғанына сенімдімін: сол күндері көзіммен көрдім, кейін осы тақырыпты зерттеп жүріп түсіндім. Бұл факт. Бірақ екеуі бір-бірін толықтырған, себебі көшеде бейбіт митинг басталып, оны басып-жаншып жатқанда, жоғары жақта да белгілі-бір процестер жүрген. Әйтеуір Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік биліктен шеттетілді, ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев билікті толық қолына алды. Мұның қандай жолмен жүргенін білмеймін, гонконгтік басбұзарлар стилінде төбелес болды ма, жоқ па, белгісіз. Алайда билікті бөлісу болғаны анық. Өйткені Назарбаев аздаған билікпен және ақшасымен ғана шектелді де, мемлекеттік биліктен айырылып қалды.

Данияр Молдабековтің "Қаңтар жылы" кітабының мұқабасы

– Кітабыңнан түсінгенім, билік пен ресми БАҚ-тар "тәртіпсіздік" пен "мародерлік" туралы көбірек айтып, наразылыққа шыққандар тек газ бағасын төмендету сияқты әлеуметтік реформа талап еткен деген ойды халықтың санасына сыналап енгізгісі келеді. Ал олар қойған саяси талаптар жайында ештеңе демейді.

– Дұрыс айтасың. Олар Қаңтардың саяси мәнін жоққа шығарғысы келеді. Осы жерде оларға биліктің сонау Назарбаев заманынан бері оппозицияны "тұншықтырып" келгені көп көмектесті. Сол себепті адамдар бір өзгеріс болса деген үмітпен алаңға шыққанда елімізде оларды соңынан ерте алатын күшті, бірлігі мықты оппозиция болған жоқ.

– Қаңтар оқиғасы кезіндегі оппозицияның әрекетіне қандай баға берер едің? Оны сәтсіздік деп атауға келе ме?

– Сәтсіздік деп айта алмас едім, себебі оларды 30 жыл бойы басып-жаншыды, үстінен қылмыстық іс қозғап, әкімшілік жауапкершілікке тартып, қудалады. Ол жүйкеге салмақ түсіреді, потенциалды жақтастарын бездіреді, адамдар билікке қанша жерден қарсы болса да, оппозициямен араласуға қорқады. Бірақ Қаңтар кезінде олардың мүмкіндігі болды. Опппозиция күшті екенін көрсеткенде, халықтың наразылығын басқа арнаға бұруға болар ма? Бірақ меніңше, билік бәрібір оларды басып-жаншу үшін қатаң шара қолданар еді. Алайда оппозицияның халықты тоқтауға шамасы жетер еді. Алматыда харизмасы бар, халықтың сенімінен шығатын, алаңдағы жұртқа тоқтау айтып, талабын жеткізе алатын көшбасы болғанда, шын өзгеріс болар еді. Бірақ ол қолдан келмеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Данияр Молдабеков: Журналистиканың міндеті – биліктің "былығын" ашып, соны жазу

"МЕМЛЕКЕТ ӨЗ АЗАМАТТАРЫНА ӘДІЛДІК ТАНЫТЫП ЖАТҚАН ЖОҚ"

– Кітабың екі жылдан бері қоғамды мазалаған "не болды, кім кінәлі және бұдан әрі не істеу керек" деген сұрақтарға жауап бере ме?

– Өзімше жауап беретін сияқты, қарапайым кітап тура жауап бермейді, жай ғана ой салады. Менің мақсатым – болған жайттың жай-жапсарын бүге-шігесіне дейін көрсету, әйтпегенде оқырманға жасалған қиянат болар еді. Осы сияқты Ресейдің есімі есте жоқ тележүргізушісі Леонид Млечиннің кітабы бар. Неге екенін кім білсін, Қаңтар туралы соған жазғызыпты ғой. Сол нағыз біржақты кітап, пропагандаға толы. Оған қоса, жақында "Хабар" арнасынан көрсеткен "Қаңтар. Мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет. Оқиға қалай өрбіді" деген деректі фильм де байғұс көрерменді аямай, біржақты ақпарат берген: осылай ғана болды дегендей.

Мен ондайды ұнатпаймын, маған картинаны көрсеткен ұнайды. Кітабымдағы картина оқырманның көкейіндегі сұрақтардың бәріне жауап беретін сияқты. Тек сұрақты әр түрлі жолмен қоюға болады, менің ойымша, мемлекеттік үгіт-насихат бұл сұрақтарды қойғанда қулыққа баратын сыңайлы. Мұндай екіжүзділік мүлде жиіркенішті, өйткені бір жағынан мемлекет Қаңтарға қатысты нақты мәлімдемелер жасайды, бірақ сонымен бірге қоғамға өз пікірін айтуға мүмкіндік бермей, сот істерін жасырын жүргізеді. Мәселен, Кәрім Мәсімовтің сотын алайық. Ол жабық болғанымен қоймай, істі құпияда ұстады. Бұрын оның қол астында істеген Руслан Ысқақовтың ісі де сондай. Отырыс кезінде ол Самат Әбіштің бұйрығын орындағанын мәлімдегені сол еді, сотты жабық өткізу туралы бірден шешім шығарды. Айкөркем Мелдеханның сот ісі де өте маңызды болатын, өйткені бала өлімі болды, бірақ оның да сот процесін жабық өткізді. Мемлекет, былайша айтқанда, өз азаматтарына қатысты әділдік танытып жатқан жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Назарбаевпен келісімнің бұзылуы, компромат және билігі күшейген Тоқаев". Самат Әбіштің ісі

– Қаңтар кезінде және одан кейінгі биліктің іс-әрекетіне қатысты пікірің қандай?

– Кітапта 4-5 қаңтарда болған оқиғалар туралы естеліктерім бар, сол кезде түптің-түбінде осылар халыққа оқ атады-ау деп ойлағанмын. Сол сәтте "Жаңаөзен шынымен қайталана ма?" деп мазам қашты. Республика алаңында қан төгіле ме деп қорықтым. Өкінішке қарай, қайталанды. Адамдар алаңға жинала бастаған сәтте алдымен оларға қарай қатты дыбыс шығарып, жарық шашатын гранаталар ұшты. Бір уақытта бір-бірін танымайтын бірнеше адам әкімдік жақта полицейлермен төбелес болғанын айтты. Нақты айта алмаймын, дегенмен мұны билікке адамдарды әлгіндей гранаталар қолданып қууға мүмкіндік беру үшін жасалған арандату әрекеттері деп ойлаймын.

Оған қоса, алаң – кең көлемдегі ұлттық наразылықтың маңызды нүктесі еді. Өйткені осы кездерде Қазақстанның көптеген қаласындағы орталық алаңдарға адамдар жиналды. Алматы – астана емес, дегенмен елдегі маңызды, бай қала. Қаңтардың бесі күні халық Республика алаңына жиналды, егер олар сол жерде тапжылмай тұрса, қандай да бір оң өзгерістерге қол жеткізуі мүмкін еді. Сондықтан Алматыда қатаң шаралар қабылданғанына таңғалмадым, бұл қатаң шаралар наразылық білдірушілерді басып-жаншумен қатар, елде кімнің қожайын екенін көрсету әрекеті.

– Кітапта наразылық білдірушілерді қолдау үшін алаңға жиналған жас белсенділер туралы айтыпсың. Бұл қыз-жігіттер сенімен сөйлескеннен кейін қудалауға ұшыраймыз деп қорқып, пікірін кітапқа қоспауды өтінген екен. Кітапта олардың кім екенін айтпағансың, бірақ "оқырман Қазақстанның үрей патшалығы болып қала беретінін көрсін" деген оймен, олардың өтініші туралы жазыпсың. Бұл қазақстандықтарға үй иесінің кім екенін көрсетудің өте сәтті әдісі деп ойлаймын.

– Дәл осы жағынан алсақ, билік қандай жағдайда болмасын, жеңіске жетіп отыр. Кітабым цензураға ұшырап, басылмауының өзінен соны көреміз.

Журналист Данияр Молдабеков. Алматы, 24 қаңтар, 2024 жыл

"КІТАП ЖАЗЫП ЖАТҚАНЫМДА НЕШЕ ТҮРЛІ ЖАҒДАЙ БОЛДЫ"

– Кітап жазып жатқан уақытта ол билік пен арнайы қызмет өкілдерінің назарына ілігеді деп ойлаған жоқсың ба? Жалпы Қазақстанда Қаңтар туралы кез-келген көзқарас биліктің назарын аударады емес пе? Әсіресе бұл бұғаттап тастайтын әлеуметтік желі емес, қатталып шығатын туынды. Жай ғана назарына ілікпей, тіпті басып шығаруға кедергі болады деп ойладың ба?

– Кітап жазып жатқанда, неше түрлі жағдай болды. Алдымен маған шабуыл жасалды. Шабуылдың Қаңтар оқиғасына қатысы бар дей алмаймын, бірақ кәсіби қызметіммен тікелей байланысты екеніне сенімдімін. Содан кейін Telegram каналыма боттар шабуылдады. Telegram-дағы жеке аккаунтымды бұзуға оқталды. Бірақ шынымды айтсам, кітап басылып жатқан кезде кедергі жасайды деп ойламадым.

Әлеуметтік желілерде кітап алдын-ала тапсырыспен сатылады деп жазған күні оны басып шығаруды қолға алған баспа үйі маған хабарласып, әкімдіктен қоңырау түскенін, ал әкімдікке Ұлттық қауіпсіздік комитетінен хабарласқанын және менің телефон нөмірімді іздеп жатқанын айтты. Баспадағылар телефон нөміріңді бердік деп ескертті.

Содан кейін кітабымның тұсаукесері өтпекші болған жер іс-шараны өткізуден бас тартты, бір апта бойы жаңа орын іздедім. Орынды енді ғана таба бергенде, баспа үйінен тағы хабарласты. Бұл жолы құқық қорғау органы қызметкерлері баспаханаға хабарласып, кітапты оқып шыққысы келетінін айтыпты. Мен кітапты ешкімге бермеңдер деп айттым, бермеген сияқты еді.

Содан кейін маған баспахана кітапты басып шығарудан бас тартқанын айтты. Онымен қоймай, кітапты басу үшін хабарласқан баспаханалардың бәрі кітапты баспай қойыпты. Оның алдында баспагерден баспахананың нөмірін алып, өзім сөйлесейін деп ойлағанмын. Бірақ сол күйі нөмірді ала алмадым. Қысқасы, баспагер кітап басуға келіспейді деп баспаханаларға сілтеп отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ешкім шабуылдаған жоқ, өзара атысты". Шекара қызметі офицерінің Қаңтардағы сарбаздар қазасы туралы әңгімесі

Бұлай болады деп ойладым ба? Шынымды айтсам, олар алдымен кітаптың басылып шыққанын күтеді, содан кейін менің түбіме жету үшін боттарын да, ақшасын төлеген блогерлерін де жібереді деп ойлағанмын. Бірақ кітапты басып шығармасын деп, баспа үйі мен баспаханаға қысым жасайтынын білген жоқпын. Егер сіз бәрін дұрыс істеп жатқаныңызға сенімді болсаңыз, Қаңтарға қатысты көзқарасыңызды елдегі барлық дерлік БАҚ арқылы, жазылушысы көп блогерлер арқылы насихаттасаңыз, бұл кітаптан несіне қорқасыз? Мемлекеттік машинаға қарсы тұратындай мен кіммін? Дәл қазір кекесінмен емес, шынымен сұрап отырмын. Сіз бұған дейін "Хабардан" деректі фильм шығардыңыз, Млечин мен Күлекеев екі кітап жазды, тап менің кітабыма неге шұқшиып қалдыңыз?

Биліктің "Жаңа Қазақстан", демократиялық реформалар туралы, елде цензура мен саяси тұтқындар жоқ деген сыңайлы риторикасы маған әлбетте әсер етпейді. Бірақ олар ақыры бізде демократия бар, цензура жоқ деп айқайға сүрең қосады екен, олай болса, шынымен сондай кейіп танытсын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қаңтарды билік ұмытқанмен халық ешқашан ұмытпайды". Алматыда Қаңтар оқиғасы құрбандарын еске алды
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Кедейлік артқан", "адам хақысы шектелген", "билік сыншылары қамалған" Қазақстан