Жайық деңгейі қауіпті межеден асты. Атырау мен облыстағы қазіргі ахуал қандай?

Жайық өзені деңгейі қауіпті межеге жетті. Атырау қаласы, 13 мамыр, 2024 жыл.

14 мамырға қараған түні Атырау облысындағы Жайық өзені деңгейі қауіпті межеден асты. Облыс орталығы мен Махамбет және Индер аудандарын су басу қаупі бар. Өзен сағасындағы елді мекендерге де қатер төніп тұр.

Атырау облыстық төтенше жағдай жөніндегі жедел штаб 14 мамыр күні Жайық өзеніндегі су деңгейі шекті межеден асқанын хабарлады. Штабы мәліметі бойынша су деңгейі:

  • Индербор ауылында – 1041 см (шекті деңгей – 845 см);
  • Махамбет ауылында – 980 см (шекті деңгей – 850 см);
  • Атырау қаласында – 551 см (шекті деңгей – 550 см);
  • Жаңаталап ауылында – 398 см (шекті деңгей – 500 см);
  • Еркінқала ауылында – 356 см-ге (шекті деңгей – 450 см) жеткен.

Бұған дейін сарапшылар Жайық деңгейі шекті межеден асса, тасқын болуы ықтимал деп ескерткен.

Your browser doesn’t support HTML5

Атырауда Жайық көтеріліп келеді. Бірнеше елді мекенге қауіп төнді

Тасқын су облыс халқын наурыздың аяғынан бастап бір айдай үрейде ұстады. Алдымен өңірдің шығысы мен солтүстік-шығысында Ойыл және Жем өзендері тасып, тұтас елді мекендерді су басты. Қызылқоға мен Жылыой аудандарында төтенше жағдай жарияланып, мыңдаған адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болды, 66 мың тұрғыны бар Құлсары қаласы түгел дерлік су астында қалды.

Кейін топан су басқан елді мекендердің тұрғындары үйіне оралып, келген шығынды есептеп, биліктен өтемақы сұрай бастады. Үйсіз қалған адамдар әлі күнге көмек күтіп, өзге босағаны сағалап жүр. Бірақ апат артта қалғандай болған еді. Алайда бір ай өткенде өңірге қайта қауіп төнді. Енді Жайық бойындағы халық үрейде отыр. Өзеннің Каспийге құяр сағасында 350 мыңдай тұрғыны бар мұнайлы өңірдің орталығы – Атырау қаласы орналасқан.

12 мамырда премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырауға келіп, тасқынға дайындық барысын көріп, артық суды бұрып әкететін Сарыөзек және "Соколок" каналдарының жай-күйін тексеріп кеткен.

Билік өкілдері қалаға да, басқа елді мекендерге де қауіп жоқ дегенімен, ел ішінде қобалжу бар. Құлсары кенті су астына кеткен кездегідей дүрбелең байқалмайды. Ол кезде Ресейде бөгет жарылып, алапат су келе жатыр деген суыт хабар тарағанда жұрт дүрлігіп, жапатармағай Ақтау, Алматы, Астанаға билет алып, кете бастаған. Көлік, үйлерін қаптап, тасқын суға қарсы тұруға өзінше дайындағандар да болған. Бұл жолы олай босып кетпегенімен, әлі де қорқып жүргендер аз емес. Өзен жағасынан өткен жұрт оны фотоға түсіріп, чаттарға салып таратып жатыр.

13 мамырда Жайық деңгейі тағы 7 см көтеріліп, 545 сантиметрге жетті. Шекті меже – 550 см. Одан асса, тасқын болуы ықтимал.

Өзен жағасында үйілген топырақ, құм толы қап тізілген. Қауіп әлі сейілмегенінен солар хабар береді.

СУ БЕТІНДЕГІ ОРМАН АҒАШТАРЫ

Қала тұрғындары жағалауға барып, су деңгейін тексеріп жүр. Көпшілігі Жайық суы Индер мен Махамбет аудандарында жайылып, қалада өзен ернеуінен аспайды деп үміттенеді. Дегенмен, ағыстың қатты екенін су бетінде қалқып жүзген ауыр орман ағаштарынан аңғаруға болады. Ағыспен бірге келген ағаштар көпір астында, жағада жиналып қалған. Оны кім тазалап жатқаны белгісіз. Жергілікті әкімдік те, облыстық төтенше жағдайлар департаменті де мұнымен айналысып жатқан жоқ.

Жайықтың әр тұсында су бетіндегі ағаштар жағалауға жиналып қалған. Атырау қаласы, 13 мамыр, 2024 жыл.

Лай сумен тек ағаш қана келіп жатқан жоқ. Бұған дейін төтенше жағдай қызметкерлері ағыспен бірге су бетіне қалқып шыққан, бірнеше жыл бұрын өлген адамның мүрдесі мен сиыр өлексесін судан алып шықты. Су Батыс Қазақстан облысынан келе бастаған кезде қалалық санитарлық қадағалау қызметі мамандары Жайық суының сынамасын алып, тексеруді бастады. Су құрамын әлі де аптасына екі рет тексеріп отыр. Мамандар адам өміріне қауіпті заттар табылған жоқ дейді. Қалалық санитарлық эпидемиялогиялық қадағалау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Қамзин су қатты лайланғанымен, адам өміріне қауіпті ештеңе жоқ деп сендірді.

Қазір қала маңындағы су қаупі төнген елді мекендерге күзет қойылған. Тәулік бойы кезекшілікке шыққандар су бұзып өткен бөгеттерді бірден бекітіп отырады. Бұл жұмыстарға төтенше жағдай қызметкерлерімен қоса жергілікті тұрғындар, мектеп мұғалімдері жұмылдырылған.

Сырым Датов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Рашид Жұмағұлов облыста табиғи ауқымдағы төтенше жағдай басталғалы Атыраудан 12 шақырым жердегі Ақжар ауылында бөгет тұрғызумен айналысып келе жатқанын айтады. Қазір де кезекшілікте жүр.

Мұның алдында Ақжарға жақын жердегі демалыс орнының 15 гектарын су басты. Су бөгетті бұзып кеткен. Жақында отырғызылған сирек кездесетін өсімдіктер, ағаштар, алма бағы және шаруашылық құрылыстары су астында қалған.

13 мамыр күні Жайық өзенінен бастау алатын қаладағы Сарыөзек (Черная речка) каналының арнасынан асып-төгіліп, елді мекендерге қауіп төндіргені жайлы видео тарады. Желіде жарияланған видеоларда су қарқыны қатты екені байқалады. Тұрғындар онда қаладағы "Нұрсая", "Жұмыскер" ықшам аудандары мен Ракуша елді мекеніне қауіп төніп тұр дейді. Ал билік әзірге бәрін бақылап отырмыз деп сендірді, эвакуцаия жөнінде ештеңе айтылмады.

Жайық жағасында су деңгейін смартфонға түсіріп тұрған адамдар. Тасқыннан жүрегі шайлығып қалған жергілікті халық бір-біріне жағдайды күнде хабарлап отырады. Атырау қаласы, 13 мамыр, 2024 жыл.

ИНДЕР МЕН МАХАМБЕТТЕГІ АХУАЛ

Ал қаладан солтүстікке қарай 190 км жерде орналасқан Индерборда жағдай анағұрлым күрделі.

Өңірде Бозымбаев жүрген 12 мамырда Атырау-Орал тас жолының Индерборға кіретін 7 шақырымдық бөлігін су басып, жол жабылды. Онымен көлік жүруіне тыйым салынған. Қазір Индерборға көлік Атырау-Махамбет тас жолымен қатынап жатыр.

Сол күні кешке Индер ауданы орталығы – Индербор ауылында жергілікті жұртты ұйқыдан оянып, көмекке келуге үндеген адамның видеосы тарады. Ол бөгет жарылғанын айтып, дабыл қақты. Ал аудан әкімдігі мұны кейін теріске шығарып, "бөгет жарылған жоқ" деп хабарлады. Су бөгет астымен өтіп жатқан ескі құбырдан шыққан. Әкім Дарын Шамұратов су шығып жатқан жердің айналасында үш деңгейлі бөгет тұрғызылғанын, жағдайды жіті қадағалап отырғанын айтты.

Қазір суды сорып, қосымша бөгет тұрғызылып жатыр. Ауылда электр жарығы жоқ.

Аудан бойынша өзен арнасынан асқан су егістікке жайылып, тоғандарды да толтырған. Ресми ақпарат бойынша, Индерде де елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ.

Индерден оңтүстікке қарай, Атырау қаласымен іргелес жатқан Махамбет ауданында да күрделі жағдай қалыптасқан.

Атырау облысы Құлсары қаласындағы суда алған үйлер. 10 сәуір, 2024 жыл.

13 мамыр күні Бейбарыс ауылдық округіне қарайтын Талдыкөл ауылы су ортасында қалды. Ауылға кіретін тас жолдың екі жағын су алып, ауылды басып қалу қаупі төнді. Осыдан кейін жергілікті мектепте алғашқы эвакуация пункті ашылғаны жөнінде хабар тарады. Кейін тұрғындарды алдын ала эвакуациялау басталды. Бірінші кезекте аяғы ауыр әйелдер, жас балалар мен қарттар көшіріледі деп ескертті. Оларға қаладағы APEC колледжі мен Dana қонақ үйінде эвакуация пункттері дайындалды.

Махамбет ауданы әкімі Қайрат Нұрлыбаев ауылда бөгеттер нығайтылып, су өткізетін құбырлар орнатылып жатыр дейді. Талдыкөл ауылында 1,5 мыңға жуық адам тұрады.

Мұның алдында Махамбет ауданының "Лесхоз" қыстауында жеті үйдің 30 тұрғыны мен 310 бас мал қауіпсіз аймаққа көшірілген.

САРАЙШЫҚҚА ТӨНГЕН ҚАУІП СЕЙІЛГЕН ЖОҚ

11 мамырда өңірдегі тарихи орын – орта ғасырдағы Сарайшық қалашығының орнына су жайылу қаупі төніп тұр деген хабар тарады. Облыстық жедел штаб мұнда қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері мен төтенше жағдай қызметінің адамдары жұмылдырғанын айтты.

Жағаны бекітуге 100-ге тарта адам қатысып жатыр, соның ішінде Қарағанды облысынан келген әскери қызметкерлер де бар. "Құтқарушылар мен әскери қызметшілер қалашықтың айналасындағы қорғаныс қоршауларын нығайтуға тартылады" делінген Атырау облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы таратқан ақпаратта.

Сарайшық қаласының қалдығы. Азаттық архивіндегі фото.

Сарайшық Атыраудан солтүстікке қарай 45 км жерде, Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Орта ғасырларда Алтын орда мемлекетінің астанасы болған бұл қала орнында құнды археологиялық жәдігер бар деп саналады. Биыл наурызда Атырауда өткен ұлттық құрылтайда сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сарайшықты "төл шежіремізде айрықша орны бар киелі орын" деп атаған.

Мұнда да тасқын қаупі сейілген жоқ. "Екі күннен бері су қатты келіп жатыр, бөгеттердің деңгейіне жетпеді, бөгеттерді берік орнаттық" деді 13 мамырда Сарайшықта қожалығы бар фермер Владимир Розметов Азаттыққа.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің сөзінше, кейінгі жылдары Жайықтағы ең жоғары көрсеткіш 1994 жылы тіркелген, сол кезде су деңгейі 6 метрден асқан.

– Ғалымдардың мәліметінше, сол деңгейден кем түспейтін су келе жатыр деп болжанып отыр, – дейді Бисембиев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Бұл жерден кетпеймін". Тасқын жайпаған Екпеталда жалғыз қалған отбасыТасқын зардабы. Үкімет шығынды қалай өтейді?"Отбасымды көрмегелі үш апта болды". Су тасыған өңірге көмектесіп жүрген еріктілердің әңгімесі