"БҰЛ ЖЕРДЕ ҚАНША ТҰРАМЫЗ, ШЫҚҚАН СОҢ ҚАЙДА БАРАМЫЗ?"
Арай Айтқалиева, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қоржын ауылының тұрғыны, 36 жаста
– Қоржын ауылы аудан орталығы Қаратөбеден 25 шақырым жерде орналасқан. 27 наурыз күні түскі уақытта іргеміздегі Жақсыбай өзені тасып, ауылды түгелдей су басты. Мұндай қауіп болатынын бір жұма бұрын естігенбіз. Бірақ былтырғыдай су ауыл көшелеріне кіріп, қайтып кететін шығар деп ойлағанбыз. Дәл бұлай болады деп ешкім күткен жоқ.
27 наурыз таңертең сағат 10-нан бастап ауылдағы үшқабатты мектепке көшіңдер деген хабар келді. Айналдырған 2-3 сағаттың ішінде ауылды топан су алып, бой бермей кетті.
Мектепке көшіп үлгермегендерді ауыл адамдары трактор арбасынса салып тасыды. Олардың ішінде біз де бармыз, өйткені қызым мүгедек арбасында отырады. Төсек тартып жатқан аурушаң адамдар, бесіктегі нәрестелер де болды арамызда.
Мектепке жете алмай қалғандарды кейін төтенше жағдай қызметі қайықпен, тікұшақпен алып шықты.
Ауылға су кірген күні мектепте отырған бәрімізді аудан орталығы Қаратөбеге көшірді. Су мектептің жертөлесіне кіре бастағандықтан онда қалу қауіпті болды.
Содан бері екі баламмен мектеп-интернат жатақханасындамыз. Мұнда жағдайымыз жақсы, аппақ төсекте жатырмыз, төрт мезгіл тамақ береді. Киім де, тамақ та – бәрі бар. Жер-жерден еріктілер келіп, көмегін аяп жатқан жоқ. Адамдар Түркістаннан, Оралдан келіп ас беріп, жылы сөз айтып, қолдау білдіріп, көңілімізді аулап жатыр. Осындай қиын-қыстау кезеңде алыстағы, сені мүлде танымайтын адамдардың қолдауы көңілге үлкен демеу екен.
Біздің жағдайымызды көруге президент Қасым-Жомарт Тоқаев та келді. Оны бетпе-бет алғаш рет көрдім, құрқол келмепті, үй басына 50 мың теңгеден (шамамен 110 доллар – ред.) берді, балаларға оқу құралы толған сөмке, спорт киімі мен ойыншық таратты. Алдын ала тізім алған болуы керек, ешкім таласып-тармасқан жоқ, бәрімізге жетті.
Президент бізге 15-20 минуттай уақыт бөлді. Ауыл атынан үлкен ақсақал, депутат ағамыз, сосын тағы бір кісі сөйлейтін болып келістік. Біз айтпасақ та, президентіміз жағдайды біліп келе жатқан шығар деп, алдында сөйлеуге аса құлшына қоймадым.
Қасым-Жомарт Кемелұлы "еш уайым болмасын, шығынның бәрі өтеледі, бізге сеніңіздер, туып-өскен жеріңізге баспана салып береміз" деді. Міне, сол айтқаны қашан орындалады екен деп тағатсыздана күтіп жүрміз. Күткеннен басқа шара жоқ.
Мұнда жағдайым жақсы болғанымен, бар көңілім ауылда. Жұбайым үйге, малға қарап қалды. Ауылда 105 шақты үйге су кірген деп естідім. Сонда қалғандар бүлінбеген отыздай үйде тамақ ішіп, сонда қонып жүр. Үйіміздің қабырғалары құлады, тұруға жарамайды дейді. Тоңазытқыш, жиһаз, кілемдер бүлінген. 7-8 бас уақ малымыз өліпті. Қорамыздағы барымыз сол еді.
Үйсіз-күйсіз, ертеңгі күнің не боларын білмей өмір сүрген қиын екен. Бұл жерде қанша тұрамыз, шыққан соң қайда барамыз? Қашанға дейін осылай жүреміз? Балалардың да берекесі кетті. Ағайын-туысты паналап барармыз-ау, бірақ ол да уақытша ғой.
Жұбайым жұмыс істемейді, үйдегі азын-аулақ уақ малды қарайтын. Алты жастағы қызым церебрал сал ауруына шалдыққан, мен соны бағамын. Ұлым он жаста. Қызыма айына 150 мың теңге жәрдемақы аламыз. Ай сайын 102 мың теңге несие төлеймін, әзірше үш айға шегертіп қойдым. Бір жәрдемақы барлық шығынымызды өтемейді ғой, арасында мал сатамыз. Газ, су, жарыққа төлейміз, әйтеуір үйіміз тегін еді. Солай әупірімдеп күн көріп жүрген едік. Білмеймін, енді не боларын. Болашағымызды ойлауға қорқамын, тіпті.
Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше, 29 наурызда Қоржын ауылынан 350 адам эвакуацияланған.
"ТУҒАН ЖЕРІМІЗДЕ БОСҚЫНҒА АЙНАЛДЫҚ"
Болат Сағатов, Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Шығанақ Берсиев ауылының тұрғыны, 65 жаста
– 29 наурыз күні Ойыл өзені тасып, ауылымызды су алды. Ауыл азаматтары күн-түн демей жасаған бөгетті бұзып кетті. Қазір судың беті қайтты, бірақ көшеде жүріп-тұру мүмкін емес, айнала түгел батпақ, жеңіл көлік жүре алмайды.
Саман кірпіштен салынған барлық үй су тиген соң езіліп, ортасына түсті, бәрі дерлік тұруға жарамай қалды. Тек былтырғы тасқыннан кейін тастан салынған үйлер құламай тұр, бірақ олардың да ішіне су кірген.
Үйде ірі қара, ұсағын қосқанда жиынтығы 83 бас мал бар еді. Су келіп қалды дегенде апыл-ғұпыл далаға шығарып жіберген 37 бас ірі қара тірі ме, өлі ме, хабарын біле алмай отырмын. Іздей де алмайсың, айналаның бәрі батпақ.
Біреулер сыртқа айдалған малдың бәрі суға ағып кетті дейді. 15 бас қой-ешкім болған еді, қазір ешбірі жоқ. Аулада қалғандар да түгел қырылып қалды. Айдағанда жүргенін шығарып жіберіп, жүрмей қойғанын қорада қалдырып кеткен едім. 14 бас бұзаулы сиыр көз алдымызда өлді. Өлексесі аулада жатыр, шығынды есептейтін комиссияны күтіп отырмыз.
Ауылға су келіп қалды деген хабар шыққан күннен бері түнгі сағат 3:30-ға дейін аудан орталығы Ойыл ауылына адам тасыдым. Сәл мызғып алайын, сосын жолға қайта шығамын деп жатып қалдым. Таңғы 6-да оянсам, Ойыл мен ауылды жалғайтын жалғыз көпірді су алып кетіпті, шыға алмай қалдым.
Оған дейін күндіз аудан орталығындағы су тасқынына байланысты ашылған штабқа "біздің ауылдың адамдарын қашан, қай жерге көшіресіңдер, су келіп қалды ғой" деп бардым. Олар "Берсиев ешқайда көшірілмейді, ауылдағы мектепке жиналсын. Біз ешкімді қабылдамаймыз, келгендердің тұратын жері жоқ болса, кері қайтсын. Бұйрық сондай" деді. Дәл солай болды, ауыл халқы жанұшырып Берсиев ауылындағы екі қабатты жалғыз ғимаратқа – мектепке жиналды. Онда төсек-орын, ас-су болған жоқ, су ауылды түгел басқан кезде жарық өшті, су да, газ да тоқтады. Жүздеген адам күні бойы қонақтаған тауық құсап парталардың үстінде, қараңғы, суық жерде ас-сусыз отырды.
Мектептің жертөлесіне су кіріп, бірінші қабаттағы қабырғалары жарылып кеткен, қазір құлауға шақ тұр. Одан қашып бәрі екінші қабатқа көшкен. Оларды құтқаруға келген төтенше жағдай қызметкерлерінің тікұшағы қонатын құрғақ жер таппай, кері ұшып кетті. Сөйтіп ертеңіне таңертең Алматыдан келген құтқарушылар тікұшағымен мектепте қалған 300-ден астам адамды Ойылдағы эвакуация орталығына жеткізді. Тасқыннан көрген азабымыз мұнымен біткен жоқ.
Бір сөзбен айтқанда, басшылар "айтып келген" апатқа дайын болмады. Су келгенше қол қусырып отырды. Су алып кеткеннен кейін де билік өкілдерінен ешкім қозғалмады. Ойылдың азаматтарына риза болдым, бәрі жан-жақтан көмек жіберіп, жағдайымызды жасап жатыр. Басқа өңірдегілер де аянбай, жиған-тергенін, азық-түлік, киім-кешек жіберіп жатыр. Қайық аудай қажет болды. Өйткені басында жан-жақтан келіп жатқан тамаққа, киімге толы жүк көліктері қаладан бері қарай өте алмай тұрып қалды, су тас жолды бұзып кетті, көпіріміз қирады.
Су басқан соң 3-4 күннен кейін түн ішінде мәдениет үйінде отырған штабқа бардық.
"Енді не істейміз, біз шаршадық, көмек керек, жиналған азық-түлікті сақтайтын қойма керек" деп жанайқайымызды жеткізейік десек, төтенше жағдай бойынша құрылған штабта ешкім жоқ, есігі құлыптаулы, сыртында күзетші жүр. Біреу телефон соғып сөйлескен екен, ондағылар "біз бара алмаймыз, қол тимей жатыр" депті. Эвакуацияланған халыққа көмектесіп жүрген жігіттерді ашу-ыза кернеп, түн ішінде бәріміз жиналып, шу көтердік. Әкімді, орынбасарын, төтенше жағдайлар бөлімі адамын – бәрін шақырттық. "Бұл не сұмдық?! Ел босып жүргенде деген бейқамдық! Халыққа неге көмектеспейсіңдер?" деп талабымызды айттық. Содан кейін ғана қозғала бастады.
Сол басшылар ауылға су келмей тұрып, "біз тасқынға тас-түйін дайынбыз" деген есеп берді ғой!
Саян Сүлейменов, Ойыл ауданы әкімінің орынбасары:
"Елді мекенді су тасқынынан қорғау мақсатында құрамында 145 адам бар Азаматтық қорғау қызметі құрылды. Сондай-ақ аудандық бюджет есебінен 2 моторлы қайық, 5 мотопомпа сатып алдық. 11 тонна дизель отыны, 4 тонна бензин қоры жасақталды. 10 мың қапшық, 100 тонна инертті материалдар дайын тұр. Су тасқыны бола қалған жағдайда тұрғындарды орналастыру үшін сыйымдылығы 2000 адамдық 12 орналастыру орны белгіленді".
"Ақтөбе" газеті, 8 наурыз, 2024 жыл.
Сізге өтірік, маған шын, ол айтқанның ешқайсысын көрмедік. Халыққа көмектесіп жүрген еріктілерге не бір қайық, не бір литр бензин, тіпті бөрене ағаш та берген жоқ. Қайдан шыққанын білмеймін, бір қайықпен тасыды заттарды [ол қайықты Ойыл ауылы су ортасында қалғанын естіген Атырау тұрғындары салып жіберген]. Үкімет үнімізді бес күн дегенде естіп, Қапшағай (Қонаев қаласындағы) гарнизонынан паром жіберді. Қазір сонымен екі ортада жүрміз. Көпірді қалпына келтіру қиын сияқты, мамандар келіп қарап жатқан. Туған жерімізде босқынға айналып кеттік.
Енді бәрімізді болашағымыз не болады деген ой күні-түні мазалайды, жанымызды жегідей жейді. Құлауға шақ тұрған үйім банкте кепілдікте еді, несиені үш айға шегертіп қойдық. Үш айдан соң не өзгереді? Шығынды есептейтін комиссияны күтіп күніміз өтіп жатыр. Олардың шаруасы біткенше күз келеді. Бұрын әйтеуір малға сенетінбіз, мал бар ғой, сатып, төлерміз деп. Қазір малымыз қырылып қалды. Енді кімге сенеміз, білмеймін. Үкіметтен сұрайтынымыз: бізге баспана керек, сосын мүмкін болса, үш айлық несиемізді кешірсе деген өтінішіміз бар. Кейін жағдайымызды түзеп, ес жиып, бала-шағамызды түгендеп алып кірісерміз. Ертең үкімет үй салып беріп, "бюджет ақшасына салынды, ай сайын 15-20 мыңнан төлеп, қайтарасыңдар" деп мойнымызға іліп жүрмей ме деп қорқамын. Өз үйімізде өмірбақи "квартирант" болып қалмайық, баспана берсе, бірден құжатын қолымызға берсін.
Ойыл ауданындағы тасқын зардабы
"Ақтөбе" облыстық басылымының дерегінше, су тасқыны кезінде Ойыл ауданында 1452 адам эвакуцияланған. Тасқын салдарынан 11 елді мекенде жарық сөнген. 9 ауылда ауызсу болмады. Кейбір елді мекендерде ұялы байланыс істемей қалды. Кейін 9 елді мекенге генератор арқылы жарық қосылып, 9 ауылға ауызсу берілді.
11 сәуірде Ойыл ауданы әкімі Асқар Қазыбаев Шығанақ Берсиев ауылындағы су басқан 236 үйдің 92 пайызы тұруға жарамсыз екенін айтты. Ауылдағы 218 үй қирап қалған.
Аудан орталығынан 16 шақырым жердегі ауылда 1850 адам тұрған. Тасқын кезінде ауылдан эвакуацияланған 80 адам Ойылдағы спорт мектебі, колледж бен жергілікті лицей ғимаратын паналаған. Туыстарының үйінде тұрып жатқандар да бар. Кейбіреулер аудан орталығынан үй жалға алған.
Ауылымызды былтыр да су басып, оннан астам үй-жайды су алған. Онда да апатпен жалғыз күрестік. Облыс әкімі тікұшақпен келіп-кеткен, көмек кеш жетті. Басшылар соның бәрін, Ойыл өзенінің де жағдайын біліп отыр. Жарайды, жойқын суды ешкім тоқтата алмайтынын, оған қауқары жоғын көзімізбен көрдік. Ойыл мен Берсиевтің арасындағы былтыр ғана салынған бәленбай тонна асфальтты тасқын көтеріп тастапты: жолдың арғы бетінде кілем сияқты жайылып жатыр. Қазір екі ортаның қатынасы қиын болып тұр. Табиғатқа ешкім қарсы келе алмайды. Бірақ халықты осынша сандалтпай, бәрінің алдын алып, ойластыруға болар еді ғой. Су бірінші рет келіп тұрған жоқ қой!
"ІШІМ УДАЙ АШИДЫ, ЖҮРЕГІМ АУЫРАДЫ"
Нұрмұхан Байжанов, Атырау облысы Құлсары қаласындағы 4-ауылдың тұрғыны, 54 жаста
– 5 сәуір күні таңертең үйді су басты. Көз алдымда үйім суға кетті. Затымызды жинап үлгермедік. Топан су бес минутқа жетпей 2 метрге дейін көтерілді. Балам екеуіміздің үйлеріміз бір-біріне жақын еді.
Екі үйге де су кіріп, бүкіл дүние-мүлкіміз тастай сала, бала-шағамызбен бірге жапа-тармағай қаштық. Қолымызға тіпті дым да алмаппыз. Жаман бәтіңкемен, үстіміздегі жыртық-жыртық трикомен қашып жүре беріппіз.
Бірақ, елмен, халықпен бірдейміз ғой. Тек бүкіл дүние-мүлкің, қастерлі шаңырағың бір сәтте көз алдыңда жойылып кеткеніне ішің удай ашиды, жүрегің ауырады, жылағың келеді. Бұл жердегі көрші үйлердің бәрін иелері артынып-тартынып кредитке салған. Жылай-жылай кеттік қимай. Содан бері осы жерге күнде келеміз.
Қазақта бір сөз бар ғой, "тамағын жейін десең үй иесінен ұяласың, жемейін десең астан ұяласың" деген. Қысылып-қымтырылып жүрміз әр жерде, әркімнің босағасын сағалап, кім не беріп жүр екен деп. Туыс-жақынның үйін паналап. Әрі үйде үлкен кісіміз бар, өзі мүгедек арбасымен жүреді. Оны да ары-бері тасып, арқалаймыз. Қазіргі жағдайымыз осы.
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Боранқұл (Опорный) ауылындағы эвакуация орталығына бардық. Алайда ел арасында "Құлсарыдағы иесіз үйлерді тонап кетіп жатыр екен" деген сыбыс тараған соң қайтып келдік. Үйімізді алыстан қадағалап, күнде қас қарайғанша жүрміз осылай.
Қазір көршілерім де осында келеді. Әйелдер жағы жылап-сықтап алады. Бір метр тереңдікте суға кетіп, ылғал тұрған бір баспанам меншігімдегі ГАЗЕЛЬ мен өзім мініп жүрген жеңіл көлігімді сатып, құрылысын аяқтауға ақша жетпегесін, ұлым несие алып салған үй еді. Несиеден енді құтыламыз ба деп жүргенде мынадай жағдайға тап болдық, оның шығынын үкімет өтей ме, жоқ па, белгісіз.
Құлсары суға кетеді деген үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Тасқынның алдын алу жұмыстары әкімдердің мойнындағы жауапкершілік деп ойлаймын өз басым. Жергілікті тұрғындар да солай деп айтып жатыр.
Халық билікті су тасиды деп бір ай бұрын ескертті ғой, үлкен кісілер бөгетті алдын ала жарайық деп ұсыныс айтты. Басында жан-жақтан солярка іздеп сабылып, таба алмай қиналдық. Халық өзі күшімен, өз қалтасынан ақша шығарып жинап, бензин сатып алдық. Бастапқыда өкіметтен тіпті ондай көмек те бермеді. Жанар-жағармайға ақшаны өзіміз жинадық, техника әкелдік, сау болғыр мына жекеменшік КАМАЗ көлігі мен тракторы барлар, әйтеуір, бұзылып тұрса да салдырлатып техникаларын алып келді. Осы жерде топырақ үйдік. Бірақ, одан не пайда, су келмей тұрып істемегесін. Күнібұрын ескертілсе әңгіме басқа болар еді. Аудан әкімдігі кейінгі күндері техника әкеліп жатырмыз дейді, бірақ келіп жатқан ештеңе көрмедік, сөздің шыны осы.
Қайта Маңғыстау халқы гуманитарлық көмек жіберіп, қол ұшын созып жатыр. Біздің әкімдік істемегенді Жаңаөзен халқы жасап, бүкіл техника жіберді. Жаңаөзеннің, Бейнеудің, Боранқұл ауылының халқына ризашылығымызды білдіреміз. Ауылдарына барғанда астымызға көрпе жайып, алдымызға ас қойып, жылы шыраймен қарсы алды. Соған ризамыз.
Су тасымай тұрғанда елдің жағдайын көріп жүргенде мұнай мен газдың отанында тұрамын деп айтуға арланатын едім. Енді жағдай мынадай болды, Құлсары мен Атырау жолы жарамсыз болып қалды. Ер азаматпын ғой, басқа түскенді көтеремін деп ойлайсың, бірақ бала-шағаң жылап-еңіреп, суда қалған құтты орыннан артына жалтақтап қарап қашып бара жатқанын көргенде шыдай алмай кетеді екенсің, жүрегің ауырады.
ПІКІРЛЕР