Accessibility links

Атырау облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды


Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. ТЖ жариялау туралы шешімге облыс әкімі Серік Шәпкенов қол қойды.

7 сәуірде аймаққа премьер-министр Олжас Бектенов барды. Ол жартылай су басқан Құлсары қаласын аралап көрді.

Әкімдіктің хабарлауынша, Бектенов аймақты әуеден бақылап, Жем мен Жайық өзендерінің жағдайын көрген. Соңғы ресми мәлімет бойынша, өзен маңындағы аудандардан 28,5 мыңнан астам адам эвакуацияланған.

Жексенбі күні ТЖ бригадасы Жем өзені маңындағы жасанды бөгеттерді жарды. Ол бөгеттерді бұрын шаруа қожалықтары су жинау үшін салған.

Ақпаратқа қарағанда, су бөгетін жару өзен арнасын Каспий жаққа бұруға мүмкіндік береді.

Қазір облыстың үш ауданында жағдай күрделі деп айтылады, екі елді мекенге қатынау мүмкін емес.

5 сәуірден бері Құлсары қаласынан 15 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Қалада жалпы 66 мың адам тұрады. 2600 жеке үй мен әкімшілік ғимарат су астында қалған.

Билік бес елді мекен: Миялы, Аккөре, Жангелдин, Жасқайрат және Көздіқараны су басу қаупі сейілгенін айтты.

7 сәуірде күндіз төтенше жағдай министрлігі Құлсары қаласында екі ер адамның денесін тапқанын хабарлаған. Олар су басқан үйлерін трактормен барып көрмек болып, жолшыбай аударылған.

XS
SM
MD
LG