Азаптау шағымы "Ерімбетов ісінің" сипатын өзгертті

Ескендір (Искандер) Ерімбетов, қамаудағы іскер

Құқық қорғаушылар жұртты қамаудағы бизнесмен Ескендір Ерімбетов "азаптауға ұшыраған жоқ" деп сендіруге тырысқан тергеу әрекеті бәрі керісінше болғанын дәлелдейді деп санайды. Олардың пікірінше, бұл жағдай "Ерімбетов ісіне" қатысты айыптаулардың мәнін өзгертті.

Өткен апта соттың "БТА банктен заңсыз әкетілген қаржының ізін жасыруға қатысы бар" деген күдікпен тергеуге ілініп, Алматыдағы тергеу абақтысында қамауда отырған 46 жастағы бизнесмен, Қарағандыдағы кондитер фабрикасының тең қожайыны әрі бірнеше коммерциялық компания құрылтайшысы Ескендір (Искандер) Ерімбетовті қамауда қалдыруға рұқсат беруінен басталды. Бұған іле-шала оның әке-шешесі "баламыз ертеректе тергеу абақтысында азаптауға ұшырады" деп мәлімдеп, баспасөз жиынын өткізді.

Бірақ одан кейінгі оқиғалар Ерімбетовтің әке-шешесін "баламыз азаптауға ертеректе емес, қазір ұшырап отыр" деп мәлімдеуге мәжбүрледі. Ал тергеушілердің жұртты "азаптауға қатысты айыптар жалған" дегенге дереу сендіруге тырысқан әрекеттері отқа май құя түсті.

СОТҚА ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ ТЕ БАРҒАН

Былтырғы қарашадан бері Алматының ішкі істер департаменті тергеу абақтысында отырған Ескендір Ерімбетовке қатысты бұлтартпау шарасын созу мәселесін қарайды деп жоспарланған сот отырысы кенеттен (қорғаушы тарап үшін) қаңтардың 8-інен 9-ына ауыстырылғандықтан, әлеумет назарын бірден аударды. Тергеудегі бизнесменнің анасы Ғайни Ерімбетова Facebook парақшасында сотқа бүкіл тарап барғанына қарамастан, отырыс өтетін күнді ауыстырып тастады деп жазды.

Бұған қоса, Ғайни Ерімбетова "тергеудегі бизнесменге оның туыс ағасы Олжас Сүлейменов, музыкант Еркеш Шәкеев және Ерімбетовтің достары кепілгер болуға әзір" деп хабарлап, Ескендір Ерімбетовтің қорғаушылары (адвокат Жанар Балғабаева және оның әке-шешесі, 69 жастағы Ғайни мен Мырзахан Ерімбетовтер) "соттан қамауда ұстау шарасын өзгертіп, оны кепіл ақшаға босатуды талап етпекпіз" деп жазған.

Бизнесменнің анасы жазған пост пен жариялаған фотосуреттерге қарағанда, Ескендір Ерімбетовтің туыс ағасы, белгілі ақын Олжас Сүлейменов кепілгер ретінде қатысу үшін 8 қаңтар күні Медеу аудандық сотына барған, бірақ ол күні Ерімбетовке бұлтартпау шарасын өзгерту мәселесін қарауы тиіс болған сот отырысы өтпеген әрі себебін де түсіндірмеген.

Сот отырысы ертеңінде өткен, бірақ сотқа Сүлейменов барған жоқ. Адвокат Жанар Балғабаева сотта Сүлейменовтің кепілгер болуды сұрап өз қолымен жазған әрі Ескендір Ерімбетовті өте жақсы жағынан сипаттаған мінездемесі бар өтінішін оқып берді. Бірақ бұған да, адвокат Жанар Балғабаеваның "Алматы тергеу абақтысы Ескендір Ерімбетовтің қауіпсіздігін дұрыс қамтамасыз етпей отыр" деген уәжіне қарамастан, судья Анина Байдәулетова қамау мерзімін тағы екі айға – 13 наурызға дейін созу туралы қаулы шығарды.

Іле-шала Ғайни Ерімбетованың "баламды СИЗО-да өлтіретін болды" деген қорқынышты хабарламалары тарап, тергеушілердің кейбір билікшіл БАҚ-тардың көмегімен жұртты иландыруға тырысқан әрекеттері басталды. Бірқатар БАҚ-та "Ерімбетов денесіндегі "соққы" іздерін журналистерге көрсетуден бас тартты" деген ақпарат тарап, бет-жүзін алақанымен жауып, көрсетпей әрі қойылған сұрақтарға жауап бермей үнсіз отырған ер адам бейнеленген видео пайда болды. Бірақ белгілі құқық қорғаушылар мен әлеуметтік желі пайдаланушыларының көпшілігі тергеушілердің соңғы әрекеттерін керісінше, яғни Ескендір Ерімбетовті азаптауға ұшырағанының дәлелі ретінде қабылдады.

"ЕРІМБЕТОВ ІСІ" МЕН ОНЫ ТЕРГЕУДЕГІ САЯСАТ ТУРАЛЫ

Қазақстандағы өзге де көптеген бизнесмендер сияқты Ескендір Ерімбетов те саясаттан аулақ адам болатын. Ерімбетовтің бірнеше компанияның, оның ішінде тікұшақпен жүк тасымалдаумен айналысатын фирманың құрылтайшысы екені жария дереккөздерден мәлім. Анасының хабарлауынша, 2013 жылы бизнесмен Қарағандыдағы кондитер фабрикасын сатып алып, кейін "Қарағанды кәмпиттері" акционерлік компаниясы директорлар кеңесін басқарған. Интернетте Ерімбетовтің түрлі кештерде, қазақстандық Forbes Club мүшелерінің отырысында түскен фотосуреттері, сипаттамасында Tesla автомобилі иелері клубына мүше бизнесмен автономды тұрақ функцияларын сынақтан өткізді" деп жазылған видео бар. Қысқасы, Ерімбетовтің жария дерек көздерінен оқуға болатын өмірбаяны оның саясаттан аулақ адам болғанын көрсетеді.

11 қаңтар күні Ерімбетовтің досы, ақын әрі композитор Еркеш Шәкеев Facebook парақшасында Нұрсұлтан Назарбаевтан "біреулер "сандыраққа" және жүгенсіздікке жеткізген мына жағдайды шындық пен әділеттілік үшін реттеуге көмектесуін" сұрап, президентке "ашық үндеу" жариялады.

Әлгі жазбасында Шәкеев: "Үндеуімнің мәнісі – бюджет ақшасын жымқырды әрі осында және Ұлыбританияда заңға қайшы әрекеттері үшін сотталған қуғындағы банкир М.Әблязовтің ақшасының ізін жасырды деген күдікпен 2017 жылғы қарашаның 13-і күні досым әрі бизнесмен Ескендір Ерімбетов қамалды" деп жазған. Еркеш Шәкеев "Ерімбетовтің ісі" ойдан құрастырылғанына сенімді екенін, досының жалғыз айыбы – "Әблязовтің адвокаты Бота Жәрдемәлімен" жақын туыстығы деп білетінін мәлімдейді.

"Ерімбетов ісі" мен биліктің Бота Жәрдемәліні БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовке (2009 жылдан бері шетелде тұратын) қарсы куәлік етуге мәжбүрлеуге тырысу әрекетінің байланысы бар деген болжамды Қазақстанда танымал бизнесмен Марғұлан Сейсембаев та айтқан. Өткен аптада Сейсембаев Facebook парақшасында 2000 жылдардың ортасында Ерімбетовпен бекіткен мәмілелер жайлы сұрақтар қойып, тергеуге шақыра берген соң өз қауіпсіздігіне алаңдап, шетелде қалуды ұйғарғанын әрі Қазақстанға әзірше оралу ойы жоғын мәлімдеген.

Ескендір Ерімбетов қамауда отырып өз қолымен жазған арыздың көшірмесі.

Негізі, "Ерімбетов ісіндегі" саяси астар жайлы болжамдар желтоқсанның 7-сі күні, яғни оның ұсталғаны туралы ресми ақпарат жарияланған соң бірден айтыла бастаған (оны бұдан бір айдай бұрын – 13 қарашада ұстаған). Әлгі болжам президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыласы әрі Қазақстан билігі арнайы қызмет арқылы да, ресми заңды жолдармен де әзірше қолға түсіре алмай отырған қазір Францияда тұратын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовті қудалау механизмі үшін Ескендір Ерімбетовтің қарындасы, БТА банкін басқарған кезде Мұхтар Әблязовтің заңгері болып жұмыс істеген Бота Жәрдемәлі жетпей тұр дегенге саяды.

Ертеректе Интерпол желісі арқылы іздеу жариялағанына қарамастан, Қазақстан билігі мен оның тергеу органдары Бота Жәрдемәліге де қол жеткізе алмай отыр. Польшада орналасқан "Ашық диалог" құқық қорғау ұйымының хабарлауынша, Жәрдемәлі 2013 жылы Бельгиядан саяси баспана алған.

10 қаңтарда Алматыда өткен баспасөз жиынында Ғайни Ерімбетова ұлының сөздеріне сілтеп, бұл болжамдарды факті ретінде жариялады.

— ҰҚК қызметкерлері Ескендірден "Әблязов үшін жымқырылған ақшаны заңдастырды" деген ойдан құрастырылған айыпты мойындауды және өз-өзін қаралауды талап еткен... Бұған қоса, ҰҚК тергеушілері Ескендірден қарындасы - Бота Жәрдемәліні Қазақстанға оралып, Мұхтар Әблязовке қарсы куәлік етуге үгіттеуді де талап еткен. ҰҚК қызметкерлерінің бірі Ескендірге "маған Астанадан телефон соғып, егер оның қарындасы осылай істесе, ақшаны заңдастыру айыбына қатысты қылмыстық істі жабамыз» деп айтты деп хабарлаған, - деп мәлімдеді Ғайни Ерімбетова 10 қаңтарда өткен баспасөз жиынында.

Ғайни Ерімбетова, Ескендір Ерімбетовтің анасы

Ертеректе коррупцияға қарсы ұлттық іс-қимыл бюросы Ескендір Ерімбетов және оның қамаудағы үш әріптесі білікті адвокатпен қамтамасыз етілген әрі қамаудағы құқықтары "толықтай орындалып жатыр" деп мәлімдеген. Былтырғы желтоқсанда таратқан мәлімдемесінде коррупцияға қарсы қызмет "қысым жайлы" сөздерді істі "саясиландыру" әрекеті және тергеу амалдарына бөгет жасау амалы деп атаған.

Азаттық "билік Ерімбетовті оның қарындасын Қазақстанға оралуға мәжбүрлеу үшін қудалап отыр" деген болжамға қатысты комментарий беруді сұрап, бас прокуратура, ҰҚК және коррупцияға қарсы қызметке (ведомствоаралық тергеу тобына осы үш құрылым өкілдері кіреді) сауалдар жолдаған болатын. Сауалдарға әзірше жауап келген жоқ.

Азаттық тілшісіне Бота Жәрдемәлімен хабарласудың сәті түспеді.

"ЗАҢДЫ МЕНСІНБЕУ" КӨРІНІСІ МЕ?

Әблязовтың ісі

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.

Билікшіл БАҚ-тар Ескендір Ерімбетовтің әке-шешесі "баласының Алматы ІІД тергеу абақтысында азаптауға ұшырап жатыр" деп мәлімдеген баспасөз жиынынан хабар таратқан жоқ, бірақ 12 қаңтарда олар "тиісті уақытта және тиісті орыннан" табылды. Журналистер "тергеу амалдарын жүргізу үшін" адвокаты мен өзге қорғаушыларына хабарламастан тергеуші Ерік Уәлиевке әкелінген Ескендір Ерімбетовті фотоға және видеоға түсіріп алған. Осы туралы интернетте бірқатар фотосуреттер мен видеокадрлар тіркелген бірнеше жазба пайда болды. Әлгі әрекеттердің бәрі Ескендір Ерімбетовтің қарсылығына қарамастан жасалғаны көрініп тұр.

​Билікшіл БАҚ-тардағы Ескендір Ерімбетовтың денесінде азаптау белгілері жоқ деп мәлімделген әлгі жазбалар оның анасы 11 қаңтарда әлеуметтік желілерде әке-шешесі 10 қаңтар күні түске дейін өткізген баспасөз жиынынан кейін, яғни сол күні кешкісін оны аяусыз соққыға жыққан деп жазғаннан кейін пайда болды.

12 қаңтар күні Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйымдар – ред.) коалициясы өз сайтында "Ескендір Ерімбетовке қатысты қатігез және заңға қайшы әрекеттер туралы бас прокуратураға шұғыл өтініш" жариялап, онда "бұлтартпау шарасы ретінде Алматы қаласындағы ЛА-155/1 тергеу абақтысына қамалған Ескендір Ерімбетовтің әке-шешесінің баласына қатысты заңға қайшы қатігез әрекеттер мен ықтимал азаптау туралы жария хабарламаларына ресми реакцияның жоқтығына" наразылық білдірген.

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы бас прокурордан "тәуелсіз әрі тұшымды тергеу жүргізуді" және "азаптаумен күресетін құқық қорғау ұйымы өкілдерін абақтыға кіргізіп, Ерімбетовпен құпия жолықтыру мүмкіндігін қамтамасыз етуін" талап еткен.

Ал әзірше Ескендір Ерімбетовпен құқық қорғаушылар жолыға алмай жүр. Бірақ сенбі, яғни 13 қаңтар күні оған күтпеген жерден қонақтар – болжам бойынша, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша азаптаудың алдын алу жөніндегі ұлттық превентивті механизм төрағасы Игорь Мирошниченконы ертіп, қазақстандық омбудсмен өкілі барған. Сол күні кешкісін Ескендір Ерімбетовке оның адвокаты Жанар Балғабаева да барған болатын, сондықтан әлгі екеуінің Ерімбетовке барғаны жайлы Азаттық тілшісі кездейсоқ білді. Жанар Балғабаеваға "екеуі келді әрі өздерін толық таныстырған жоқ" деп Ерімбетовтің өзі айтып берген. Ерімбетов "екеуіне сенбегендіктен, оларға ештеңе айтпаған". Бұған қоса, ол адвокатқа егер аяқ асты тергеуге "қажет" түсініктер беріп жатса, бұл "қысымға шыдамағанының белгісі" деп ескерткен.

Бір қызығы, сенбі күні, яғни 13 қаңтар күні кешкісін тергеуші Ерік Уәлиев тергеуге қатысу үшін Ескендір Ерімбетовтің қорғаушыларын шақырған. Бірақ Ерімбетов басы қатты ауырып, сол жақ қабырғасы батып тұрғанына шағымданған соң, тергеу жүргізілмеген, бірақ Ерімбетовке медициналық көмек көрсету кезінде тергеуші оның қорғаушыларын кабинеттен шығарып жіберген әрі Ерімбетовтің қарсылығына қарамастан, тергеуші Уәлиев оны смартфонның видеокамерасына түсіріп алған. Бұл жайлы Ерімбетов қорғаушыларына жедел жәрдем дәрігері кеткен соң, бірақ тергеушінің көзінше айтып берген. Бұған қоса, Ерімбетов оның алдындағы, яғни оны тергеу амалдарын жүргізу үшін тергеуші Уәлиевке апарған кездегі фотосессия мен видео да "оның ықтиярынсыз түсірілді" деп хабарлаған. Ерімбетовтің қорғаушылары Азаттық тілшісіне бұл фактілерді оның құқығын бұзу ретінде қабылдағанын айтты.

Қазақстандағы адам құқығы бюросы директоры Евгений Жовтис биліктің Ескендір Ерімбетов "азапталған жоқ" деп көрсетуге тырысқан әрекетін "биліктің заңды да, азаматтардың заңды құқығын да менсінбеуінің шектен шыққан көрінісі" ретінде бағалап, бұл жағдай саясаткерлерді, құқық қорғаушыларды, азаматтық белсенділерді және бүкіл қоғамды ерекше алаңдатуы тиіс деп санайды.