"Айнала – тозақ, тегіс өрт". Абай облысындағы ахуал туралы репортаж

Ормандағы өртті өшіріп жүрген адам. Абай облысы, 9 маусым, 2023 жыл. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратқан сурет.

Абай облысындағы өрттен 14 адам қаза тапты. Анасынан, әкесі мен баласынан айырылып, қара жамылып отырған адам көп. Біреулер тағдырға салып, табиғи апатқа налыса, басқалары қайғылы жағдайға сапасыз жолдар мен биліктің немқұрайды әрекетін кінәлады. Азаттық тілшісі оқиға орнына барып, жағдайды біліп қайтты.

ЖОЛ

11 маусым. Абай облысында өрт басталғанына төртінші күн. Семей қаласынан шығып барамыз. Көкжиектен сұр қабырға көрінді. Бұл – түтін. Алыстан тау сияқты елестейді.

Көлікпен жүріп келеміз. Баратын жеріміз – төтенше жағдайға байланысты құрылған жедел штаб. Бағдарымызды мессенджерге келген хабарлама бойынша шамалап отырмыз: Бородулиха ауылынан өтіп, оңға бұрылып, кейін түзу жүреміз. Іздеген жеріміз Успенка және Барышовка ауылдарының ортасында орналасқан. Google Maps картасын ашсақ, бет алған жеріміздің жанына қызыл әріптермен "Семей: орман өрті" деп жазып қойыпты.

Жаңа төселген асфальт жолдан бұрылдық. Ойық тұстарына құм толтырылған жолсыз жер басталды. Бұл жақтың халқы көз ашқалы сапалы жол көрмеген.

Төтенше қызмет тікұшағы су алып жатыр. Абай обылы, 11 маусым, 2023 жыл.

АСҮЙ

Алдымыздан көп көлік, шатыр мен түтін көрінді. Бұл – орман өртінің емес, тамақ асуға жаққан ошақтың түтіні.

Үсті жабылған азық-түлік пен бірнеше үстел тұр. Әйелдер көкөніс пен ет турап, оны бір кісі үлкен қазанға қуырып жатыр. Желмен арпалысқан әйелдер ет салынған пакетке дәмдеуіш қосты. Тағы бір кісі отын жарып жүр. Шағын палаткада бірнеше адам демалып жатыр.

– Жергілікті тұрғындар осында көмектесіп жүрміз. Адамдарға ыстық тамақ беріп, ыдыс-аяғын жинап аламыз. Кезекпен істейміз. Наташа үш тәуліктен бері демалған жоқ. Түнде Дамир кезекші болған. Қазан түні бойы оттан түспейді. Азық-түлікті Бородулиха, Шемонаиха, Семей, Өскемен, Шымкент тұрғындары мен әкімдік өкілдері жіберіп жатыр, – деді ерікті Шолпан Қайырбекова. Ол темекі, шұлық, сабын, кәмпит сияқты заттар керегін айтты.

Өрт сөндірушілерге тамақ істеп жүрген адамдар. Абай облысы, 11 маусым, 2023 жыл.

– Бәрі жас қой. Бүгін 18-20 жастағы жігіттер келді. Шайға тәтті қосып ішкісі келеді. "Кола", шоколад қалдырып қоямыз. Суды көрдіңіз бе? Өрт сөнсе болды.

Даладағы асүй штаб пен өрт ошағынан алыс орналасқан. Әйелдер тамақ дайындап, өртсөндірушілерге жібереді.

Штаб жақын болса да, жол жеткізбей қойды: ойдым-ойдым жерлердің көптігі соншалық, жүру мүмкін емес. Жолаушылар "Президент бұл жаққа келді ме екен?" деп таңырқады. Соңында оны басқа жолмен апарған шығар деп қойды.

"Семей орманы" резерватындағы өртті өшіріп жүрген адамдар. Абай облысы, 11 маусым, 2023 жыл.

ШТАБ

Штабқа өрт сөндіру көлігінің ізімен бардық. Өртсөндірушілердің демалуға келген шағы екен. Олар кезекшілікпен емес, үзіліссіз жұмыс істейді.

Қақпаның жанында жедел штаб басшысы, Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков журналистерге сұхбат беріп тұр. Бұл кезде өрт Таврия елді мекеніндегі Қаштақ орман шаруашылығына қарай тарап жатқаны белгілі болған еді. Бір тәулік бұрын штаб халықты сабырға шақырып, "елді мекендерге қауіп жоқ" деп таратқан. Өрт бақылауда сияқты көрінген...

– Батпаев орман шаруашылығы қатты зардап шекті. Орманнан 7-8 шақырым жердегі Успенка ауданына залал келді, – деді штаб басшысы.

Гариков журналистердің сұрағына жауап беріп, тобына қандай қауіп төнгенін айтты. Шенеуніктердің міндетін дұрыс атқармауы туралы сөз болғанда, баспасөз хатшысы штаб басшысының сөзін бөліп, "Бұл туралы айта алмайсыз" деп ескертті.

– Қазір бізде төтенше жағдай жарияланды. Апаттың аты – апат. Желмен бірге сағатына 300 шақырым жылдамдықпен тарап жатқан өртті кім тоқтата алады? Бірде-бір өрт сөндіру көлігі оған қарсы тұра алмайды, – деді Димитрий Гариков.

Штаб басшысы одан артық ақпарат берген жоқ. Өрт сөндіру көлігіне еріп, жақын маңдағы түтін шығып жатқан жерге қарай беттедік.

Медициналық көмек көрсетуге арналған лагерь. Абай облысы, 11 маусым, 2023 жыл.

ОЗАҚ"

Өрт сөндіру көлігі орманға қарай бет алды. Бірден су шашты: ашық өрт жоқ, жер мен бұтақтардан түтін шығып жатыр.

– Мініңдер! – деді көлікте отырған өртсөндіруші. Көлікке жайғастық. Астанадан көмекке келген топ екен.

– Күндіз ғана жұмыс істейміз. Түнде ештеңе көрінбейді, – деді ол.

Біздің бригада басқа топқа барып қосылды. Өрт сөндірілген жерге жақын маңда қызметкерлер ұйықтап, тамақ ішетін орын бар екен. Бізді 17 жылдық еңбек өтілі бар, зейнетке шығуына аз қалған тәжірибелі өртсөндіруші бастап келе жатыр.

Біз барған жерде ашық өрт жоқ: жолда жанып жатқан бір бұтақ қана кездесті. Жерден түтіп шығып жатыр. Күйенің иісі қолқаны қабады.

– Жоғарыдағы өртті өшірдік. Бұл учаскеде жердегі өрт қана қалды, – деді өрт сөндірушілер.

"Семей орманы" резерватындағы өрт салдарынан 14 адам қаза тауып, кемінде бір адам хабар-ошарсыз кетті. Абай облысы, 11 маусым, 2023 жыл.

"Жерден неге түтін шығып жатыр?" деген сұраққа ардагерлердің бірі былай жауап берді:

– Көрдіңіз бе, жер емес, бұтақтар, қарағай бүршігі. 7 сантиметр. Бір нәрсе көзден таса қалса, бір аптадан кейін тұтанып, өрт шығып кетеді, – деді ол жерді шұқып.

– Бәріміз, тіпті, сіздер де басымызды қатерге тігіп отырмыз. Жел тұрып, өрт қайтадан ағашқа шығып кетсе, бітті, – деді тағы бір ардагер.

Өртсөндірушілер орман ішінде ұйықтауға арналған қапшықта жатады. Суық емес дейді. Қызметкерлер тамақ жіберіп жатқан еріктілерге алғыс білдірді.

– Шұлыққа дейін әкеліп берді, – дейді олар.

"Техника жете ме?" деген сұраққа "Бізге айтады дейсіз бе? Сөндіріп жатырмыз" деген жауап қайырды.

– Ана жақ – тозақ, айнала – тегіс өрт. Бәрі сол жақта жүр, – деді өртсөндірушілер қарсы бетті нұсқап.

Көрсетілген жақтан түтін шығып жатыр. Бірақ ол жер алыс, көп ұзамай қас қараяды. Бізге эвакуация пунктіне жетіп үлгеру керек. Көп адам үйіне орала алмай отыр. Орман шаруашылығында жұмыс істейтін 14 азаматтың қазасы халықтың қабырғасын қайыстырды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Абай облысындағы орман өрті: қаза болғандар 14 адамға жетті12 маусым Абай облысында өрт кезінде қаза болған орманшыларды жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды

"ЖОЛ ЖАҚСЫ БОЛСА, ҮЛГЕРЕР ЕДІ"

Жолдағы ең жақын эвакуациялық пункт Бородулихадағы жергілікті колледж жатақханасында орналасқан. Қазір бұл жерді Успенка ауылының 10 тұрғыны паналап отыр.

Бізді жатақхана кезекшісі Марина Трясунова күтіп алды. Ол асүй, ұйықтайтын жер мен демалыс бөлмесін көрсетті.

Демалыс бөлмесінен Қасым-Жомарт Тоқаевтың дауысы шығып жатыр. Эвакуацияланған тұрғындар теледидар көріп отыр екен. Көгілдір экранда президент облыс басшысына "Жаңа облыс, жаңа әкім… екенін түсінемін" деп ұрысып жатыр.

Бөлмеде диван, орындық, қолтықша бар. Жеті адам отыр. 9 маусымда халық көп болған, бірақ биліктің "елді мекендерге, оның ішінде Успенкаға қауіп жоқ" деген сөзінен кейін жұрт бір күн осында түнеп, үйлеріне қайтқан.

– Кеше бәрі жақсы, түтін де, ештеңе де жоқ деді. Түнеп шықтық, түске дейін ештеңе болмады, ал бүгін көрдіңіз бе? Бұл жолы әйтеуір хабарлады, басында түнде өзіміз қашып шыққанбыз. Айнала – өрт, біз зират жанында отырдық, – деді тұрғындар.

"Семей орманы" резерватындағы өрттің алыстан биіктен қарағандағы көрінісі. Абай облысы, 11 маусым, 2023 жыл.

Қаза тапқандардың кейбірі – тұрғындардың жерлестері. Бұл қаза бәрінің жанына батып отыр.

– Көршілерім. Жақсы адамдар еді. Жасы да, кәрісі де, жақсы болатын. Бәрі танитын. Қазір орман шаруашылығында ешкім қалмады. 14 адам қайтыс болды. Тоқаев дұрыс айтты: бәрін орнынан алып тастау керек. Кеш келді.

Халық жақында төселген жол туралы да айтты.

– Қайда қараған? Кеш келді. Естісе, бірінші болып жетуі керек еді. Жол сапасы нашар. Содан жете алмады, көліктер легі ақырын жүріп отырды. Кемі 10 көлік болған шығар. Көлік жүре алмай қиналды. Тоқаев келе жатыр деп еді, асфальт төсей бастады. Бұл не өзі? Жол жақсы болса, көліктер бар жылдамдығымен ұшар еді. Үлгеріп, қанша адамды құтқарар еді. Қанша бала жетім қалды?! Біреу күйеуінен, біреу анасынан айырылды.

Жиналғандар марқұмдарды еске алды: Максим Фомин – 24 жастағы жігіт. Ол орман шаруашылығында екі жыл ғана істеген. Әкелі-балалы Александр мен Виктор Сидориндер. Успенка орман шаруашылығының 34 жастағы басшысы Мейрамгүл Жиенбаева.

– [Мейрамгүлдің] кенжесі – төрт жасар қыз бала. Балаларды туыстары алып кетті. Биыл ұлы тоғызыншы сыныпты бітіріп, соны тойлаймыз деп отырған. Ұлы соңына дейін күдерін үзбей, анасын күтіпті. Тірі қалды деп ойлапты, – дейді көршілер.

Ормандағы өрттің алыстан қарағандағы көрінісі. Абай облысы, 11 маусым, 2023 жыл.

Азаттық тілшісі марқұмдардың туыстарына хабарласа алмады. Олар мұның алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сұрақтар қойып, шағым айтып еді.

– Күйеуім орманға неге өз көлігімен барды? Орман шаруашылығында неге үнемі көлік бұзылып, бөлшек жетпейді? Қызметкерлердің қолында ештеңе жоқ, – деді орман өртінен қаза тапқан Алексей Губаевтың жесірі Татьяна Будюк.

Марқұмдардың туыстары орман шаруашылығы қызметкерлеріне желдің бағыты мен орманға бару қауіпті екені неге ескертілмегенін сұрады.

Дәлізде Марина Трясунова күтіп отыр. Ол эвакуациялық пункт туралы айтып жатыр. Дауысынан марқұмдардың біразымен таныс болғаны сезіледі. Пётр Гражданкин мен Даниил Ганьшин Бородулихада тұрған. Екеуінің де балалары жетім қалды.

– Екеуін де танимын. Облыс бойынша ортақ чатымыз бар, бір-бірімізге қолдау көрсетіп отырамыз. Наташаның ұлы Максим қайтыс болды. Ол да осы топта отырады. Успенкадан. Кенже ұлы еді. Қызы "анамның жағдайы нашарлап жатыр" деп жазды. Бұл – бәрімізге ортақ қайғы. Теледидардан ғана ақпарат алып отырмыз. Бір-бірімізге видео жібереміз. Сұмдық видеолар. Жануарларды айтсаңызшы, – деді кезекші.

Өрт әлі толық өшкен жоқ. 60 мың гектар – өте үлкен аумақ. Ал тікұшақтар көп көлемде су шаша алмайды.

"Семей орманы" аумағының ауданы – 654 мың гектар. Бұрын бұл жерді жекелеген 10 мемлекеттік мекеме басқаратын. 2003 жылы "шоққарағай тоғайын қалпына келтіру үшін" деген ресми себеппен бәрі біріктіріліп, "Семей орманы" болып құрылды.

P.S. Абай облысындағы сұрапыл өрт кезінде кемінде бір адам хабар-ошарсыз кеткен деген ақпарат дүйсенбі, 12 маусымда тарады. Туыстары Дөлен тоғай шаруашылығында тракторист болып жұмыс істейтін, 1987 жылы туған Сергей Архиповті таба алмай жатыр. Ормандағы өртті өшіруге көмектесуге кеткен одан 9 маусымнан бері хабар жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Абай облысындағы өрт түтіні Жетісу облысының төрт ауданы мен Талдықорған қаласына жеткен