Евгений Жовтис: Бетперде тағып алып азаптағанды да жауапқа тартудың амалы бар

Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу акциясында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан Қазақстан түрмелеріндегі азаптауды тоқтату талап еткен жазуы бар плакат ұстап тұрған адам. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

2022 жылдың қаңтары тәуелсіз Қазақстан тарихында ең ауыр әрі аса ауқымды қантөгіспен, қамауға алынғандарды асқан қатыгездікпен азаптау оқиғаларымен есте қалды. Әу баста бейбіт басталған жаппай наразылық кейін дүрбелеңге ұласып, кемі 227 адам қаза болды. Мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару ұрлау" қылмыстарына күдікті ретінде қамауға алынды. Олардың көбі түрмеде азапталғанын мәлімдеп, жақындары заңгер көмегіне зәру екенін айтады.

Қамаудағы адамдардың азапталғанына айғақ көп болғанымен, мұндай қылмысқа қатысы бар адамдарды жауапқа тартуға келгенде билік неге сылбыр? Қаңтардағы қырғын мен жаппай азаптау жайлы деректер жинап, құжатқа түсіріп жүрген құқық қорғаушылар қандай қиындыққа кезігеді? Биліктің елге "20 мың террорист" шабуылдағаны және "ескертусіз атып тастау" туралы мәлімдемесін сарапшылар қалай бағалайды? Азаттық Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтиспен сұхбаттасты.

"АЗАПТАУ ЖАЙЛЫ ЖҮЗДЕГЕН АРЫЗ ТҮСТІ, КҮДІКТІ РЕТІНДЕ 9 ПОЛИЦЕЙ ҰСТАЛҒАН"

Азаттық: Жовтис мырза, Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін қамауға алынғандардың құқығы сақталып отыр ма?

Евгений Жовтис: Біздің ұйым мен әріптестерімізді азаматтар заңгер көмегін, яғни адвокат қызметін пайдалана алды ма деген мәселе мазалады. Өйткені бастапқы кезеңде – қаңтардың төртінен бастап қаңтардың он үшіне дейінгі аралықта қамауға алынғандарға адвокатын мүлде жолатпады. Мыңдаған адам ұсталды, кейбірін босаттып, бірақ адвокатпен жолықтырмады, мүлде түсініксіз жағдай болды. [Ұсталғандардың] білікті заң көмегін алу құқығы өрескел бұзылды. Біздің заң адамнан алғашқы жауап алғанға дейін оны адвокат көмегімен қамтамасыз етуге кепілдік береді. Соған қарамастан алғашқы күндері азаматтарды статусын түсіндірместен сағаттап ұстап, адвокатын кіргізбей қойған, көбіне ұрып-соғып босатқан. Бұл біз тап болған алғашқы проблема болды. Кейін бұл мәселе ақырындап шешіле бастағандай еді. Бірақ Алматының тергеу изоляторында (ЛА155/18) қорғауындағы адамға кіру үшін адвокаттан апта бұрын кезекке тұруды талап ететін мүлде оғаш проблема бар. Қамауда таяқ жеген адамның денесінің көгерген жері бір аптада жазылып, ізі де қалмайды. Қазір осыған қарсылық білдіріп жатырмыз, өйткені бұл мәселе жедел шешуді қажет етеді. Егер тергеу изоляторында "қамауда отырғандар көп болғандықтан адвокатпен кездесетін орын жетпесе", онда бөлме бөлсін. Қамаудағы адамның адвокат көмегін тергеу изоляторының шешімін күтіп отырмай, өзіне қажет кезде алуға хақы бар. Заңда "адвокатпен кездесу өткізетін жер жетіспейтіндіктен" деген ұғым жоқ.

Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу акциясындағы жазу. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Екінші мәселе – ұсталған адамның жақындарына хабарласуына, яғни телефон шалуға құқығы. Олардың осы негізгі құқығы өрескел бұзылып келе жатқанына да көп уақыт болды. Жақындары ұсталған адамнан еш хабар ала алмады, олардың қайда екенін білмеді, қанша жерден іздесе де таба алмай сабылды. Кейін кейбірін босатып қоя берді, кейбірін адвокаттар іздеп тапты.

Үшінші мәселе – ұсталғандарға қатыгездік таныту, азаптау. Жаппай әрі асқан қатыгездікпен азаптаған. Егер бұған дейін жылыту батарейіне кісендеп қою, басына газтұтқыш кигізіп, ауа кіргізбей азаптау, дымқыл орамалмен жанды жерден ұру секілді жайттарды естісек, бұл жолы ыстық үтік басып, тістеуішпен қинағаны белгілі болды. Билік азаптауларға байланысты 146-бап бойынша ондаған іс ашылып, тергеліп жатқанын хабарлады. Бірақ мен қанша іс емес, адамды азаптау оқиғасына байланысты құқық қорғау органдарының қанша қызметкері ұсталғанын білгім келеді.

Азаттық: Бас прокуратура ұсталған азаматтарға тергеу кезінде рұқсат етілмеген тәсіл қолданды деген күдікпен тоғыз қызметкер ұсталғанын мәлімдеді.

Евгений Жовтис: Иә, бірақ бұл өте аз және олар көпе-көрнеу азаптау фактілері бойынша қозғалған істер ғана болса керек. Ал азаптауға денедегі жарақат пен күйік ізі ғана емес, сонымен бірге психологиялық қысым да жатады. Егер психологтың тиісті қорытындысы болса, психологиялық қысым жасаған адамдар да жазалануы тиіс. Қазір көпшілік өздерін алып кеткендер, ұрып-соғып, азаптағандар бетперде тағып алғанын, олардың қай орган қызметкерлері екені белгісіз дегенді айтып жатыр. Бірақ әлемде мұндай мәселені шешетін халықаралық тәжірибе бар. Оның мәнісі мынада, егер жай киімдегі, немесе қай органға қарайтыны белгісіз я бетперде тағып алып азаптаған адамдардың кім екенін анықтау мүмкін болмаса, онда олардың іс-әрекеті үшін командирі, яғни оларды сонда жұмсаған адам жауапты болады. Командирдің жеке өзі азаптамаса да, ұсталған адамды нақты бір жерге жеткізуді бұйырған, ары қарай әлгі адамды әкеткендер соның бұйрығын орындады ма, әлде өздері азаптады ма – оқиғаның барлық жай-жапсарын анықтайды. Ал егер командирін анықтау мүмкін болмаса, онда халықаралық тәжірибе бойынша, азапталған адам отырған мекеменің – тергеу изоляторы я уақытша қамау мекемесінің басшысы жауапқа тартылуы тиіс. Міне бұл қарапайым әрі нәтижеге жетуге болатын амал. Тек сонда ғана азаптауды тыйып, ондай іс-әрекетке барғандар жауаптан құтылмайтын жағдай орнатуға болады. Ал егер азаптау туралы іс қозғап, бірақ азаптаушының өзін анықтай алмасақ, бұл олардың жауаптан сытылуына жағдай жасайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үтік, таяқ, электрошокер. Қамау мекемесіндегі азаптау қайтсе тыйылады?

АЗАПТАЛҒАНДАРДЫ ҚОРҒАУ, ДЕРЕК ЖИНАУ, ҚҰЖАТҚА ТҮСІРУ

Азаттық: Қазір құқық қорғаушылар немен айналысып жатыр? Бірнеше ұйым өлгендер тізімін, қамауға алынғандар мен мұқтаж жандардың тізімін жасап жатқанын көрдік. Өзара байланыс бар ма?

Евгений Жовтис: Әрине. Қазір көптеген ұйым, топтар, қарапайым адамдар да бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Біз іс-әрекетімізді өзара үйлестіру мақсатында құқық қорғаушылар альянсын құрдық. Оған "Азаптауға қарсы коалиция", "Құқық қорғаушылардың жаңа буыны" және "Құқық қорғаушылар мен белсенділердің қауіпсіздігі жөніндегі коалиция" сынды үш коалиция мен "Ар.Рух.Хақ", "Либерти", "Әділ сөз", біздің бюро, "Қадір-қасиет", "Еркіндік қанаты" мен "Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі" (МИСК) секілді тағы 11 ұйым кіреді. Іс-әрекетімізді үйлестіретін төрт бағыт бар. Біріншісі – азаптау. Ол бойынша негізгі жұмысты "Азаптауға қарсы коалиция" атқарып жатыр, бірақ коалицияға кіргендердің барлығы да көмектеседі. Азаптауға байланысты кез-келген ақпаратты дереу адам құқығы жөніндегі уәкілге жолдап, ұлттық превентивті механизм өкілдерін жедел түрде оқиға орнына жіберумен осы коалиция айналысып жатыр. Сонымен бірге, ресурсымыз шағын болса да, азаптау ісімен айналысып жүрген адвокаттарды тартып жатырмыз. Қазір азаптау істері бойынша ондаған адвокатты жұмысқа қостық. Қажет болса тәуелсіз медицина сараптамасын жасатып, психолог көмегімен де қамтамасыз етеміз.

Екінші бағыт – адвокат көмегімен қамтамасыз ету. Нақтылар болсам, азапталғандардан бөлек, азаматтық белсенділер, оппозиция өкілдері, журналистер мен құқық қорғаушылар сынды бейбіт наразылыққа шыққан, заң бұзбаса да қылмыстық жауапқа тартылып жатқандарды адвокатпен қамтуды айтып отырмын. Кей кездері адвокаттарды қаржылай қолдап көрсетіп отырған "Қаңтар" орталығымен бірлесіп жұмыс істейміз. Қазір аймақтарды қосқанда 60-қа жуық адвокатпен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бұған қоса осы оқиғаларға байланысты істер бойынша көмегі қажет болғанда адвокаттарға хабарласу үшін республикалық адвокаттар алқасымен және Алматы қалалық адвокаттар алқасымен тұрақты байланыс орнаттық.

Үшіншісі – колл орталықтар. Бізде қазір әр аймақта өкіліміз бар, осы оқиғаға қатысты кез-келген мәселе бойынша, оның ішінде азаптау мен процессуалдық құқық бұзылғаны жөнінде хабарлап телефон соғып, көмек алуға болады.

Төртіншісі – құжаттандыру. Ерте ме, кеш пе, бұл оқиғаның себебі мен салдарын анықтау керек болады. Ол мейлі халықаралық комиссия болсын, мейлі қазақстандық комиссия болсын, міндетті түрде ондай жұмысты атқару қажет болады. Сондықтан біз қазір бар күшімізді ақпарат жинауға салып жатырмыз. Өйткені ақпарат өте көп – түрлі видеоматериалдар, куәгерлердің айтқаны мен баспасөз бетінде шыққан мәліметтер аз емес. Бұл оқиғаның ауқымы өте кең – елдің түгелге жуық өңірінде болды, кей жерде ушығып, қақтығысқа, адам өліміне әкелді. Әр оқиғаны мұқият тексеріп, мән-жайын анықтау қажет. Өлген адам болса, оның неден, қашан және қалай қаза болғаны анықталуы тиіс. Кімдер ұсталды, неге ұсталды, қандай айып тағылғанын анықтау керек. Себебі бейбіт шеруге шыққандар мен әлдебір қарулы адамдарды, кәнігі қылмыскерлерді бір-бірінен ажыратып қарауымыз қажет. Сондықтан біз осының бәрін қандай да бір жалпы стандарт бойынша құжатқа түсіріп алуға тырысып жатырмыз.

Азаттық: Азаптау фактісі қай аймақтарда көп тіркелді?

Евгений Жовтис: Қазір Алматы қаласы мен Алматы облысында, одан кейін "Динамо" стадионындағы азаптау оқиғасымен атышулы болған Атырау, оған қоса Қызылорда облысында ауыр жағдай қалыптасқан.

Your browser doesn’t support HTML5

"Тоқаевқа импичмент!" Алматыдағы Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу акциясы

Азаттық: Адвокат жеткілікті ме?

Евгений Жовтис: Жалпы жеткілікті. Бірақ бұл істе үш мәселе барын атап өткен жөн. Біріншісі, біз азаптау жайлы істерден тәжірибесі бар, білікті адвокаттармен жұмыс істейміз, біршама адвокат біздегі арнайы тренингтен өткен. Өйткені азаптау ісін жүргізу оңай емес. Ол жерде азаптау болғанын дәлелдеу, дәлел-айғақ жинап үлгеру маңызды. Азаптауға байланысты істерді жүргізу жөніндегі Стамбул хаттамасы бар, оның қыр-сырын білетін білікті маман аз. Адвокаттардың кейбірі мұндай істермен енді ғана айналысып жүр. Екінші мәселе, мемлекет тағайындайтын, мемлекет есебінен жұмыс істейтін адвокаттардың қызметіне қатысты. Әдетте мұндай адвокаттардың кейбірі өз міндетіне атүсті қарайды, қамаудағы адамның туыс-жақыны тіпті күдіктінің адвокатының аты-жөнін де білмейді, соған қарамастан, жағдайды ушықтырып аламын ба деп қорқып шағымданбайды, әлгінің айтқанын істейді. Сол себепті көбіне күдікті ретінде ұсталған азаматтың әлгі адвокатпен тергеу изоляторында кездесіп, әлдебір хаттамаға қол қойғаны ғана белгілі, ал жауап алуға адвокаттың қатысқан я қатыспағанын анықтай алмайсың. Өз ісіне адал емес жандар ғана осылай жасайды. Әдетте ондай адвокаттар арасында тамыр-танысы көп күш құрылымдарының бұрынғы өкілдері жиі кездеседі. Бұл – үлкен проблема. Үшінші мәселе, келісім-шартпен жұмыс істейтін адвокаттар. Мұндағы басты мәселе – олардың қызмет ақысына байланысты. Көп жағдайда, әсіресе аймақтарда адвокат жалдауға жұрттың ақшасы жоқ. Құқық қорғаушылардың да шамасы бәріне бірдей жетпейді.

Азаттық: Бас прокуратура Қаңтар оқиғасына байланысты сотқа дейінгі 3666 іс тіркелгенін хабарлады. Арнайы прокурорлар "жаппай тәртіпсіздік" және "терроризм актісі" бойынша 181 істі тергеп жатыр. Сот 741 күдіктіні қамауға алған. Азаптау фактілері қаншама. Оқиға мен қазіргі оның тергеуіне қатысты биліктің, өзге де органдардың, құқық қорғаушылардың ісін қалай бағалайсыз?

Евгений Жовтис: Біз, құқық қорғаушылар да, мемлекет те бұрын-соңды мұндай ауқымды оқиғамен кездескен емеспіз. Шаңырақ пен Жаңаөзен оқиғалары да, тіпті Ақтөбедегі терроршылар шабуылы мен Алматыдағы Руслан Күлекбаевтың терактісін де айтсақ, олардың барлығы аймақ деңгейіндегі оқиғалар еді. Бірақ соның барлығында күш құрылымдары ондайға дайын емес екені белгілі болды. Мемлекеттік жүйе, құқық қорғау органдары да дайын болмай шықты. 2016 жылы ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитеті терроризм мен экстремизмге қарсы заңға аса маңызды түзетулерді енгізсек, күллі террорлық қауіп-қатерден қорғануға мүкіндік береді, өйтпесек өте жаман болады деп сендіруге тырысты. Енді міне, арада бес жылдан сәл астам уақыт өткенде оның еш пайдасы болмағаны белгілі болып отыр. Құқық қорғаушылар күш құрылымдарының өкілетін үнемі күшейте берудің терроризммен күрес мәселесіне түкке қажеті жоқ деп сол кездің өзінде ескерткенбіз. Бірақ бізді ешкім тыңдамады.

Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу акциясындағы перформанс. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Ал бұл жолы ешкім дайын болмады. Ауқымы аса зор болды, өте көп адамды қамтыды: 10 мың адам ұсталды, қазір мыңға жуық адам қамауда отыр. Біз мұндай құжаттандырумен ешқашан кездесіп көрген емеспіз. Бұған дейін Жаңаөзенге қатысты біздің және ресейлік журналистердің көмегімен құжат жинау жұмыстары қолға алынған. Бірақ біз ойлағандай тәуелсіз комиссия ақыры болмады. Ол оқиғаға талдау жасалған жоқ, тәртіпсіздіктерді бастаған арандатушылардың артында кім тұрғаны сол күйі анықталмады, әйтпегенде ол ең алдымен билікке сабақ болар еді.

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаевтың Ақтөбедегі оқиғалар кезінде құқық қорғау органдарының іс-әрекетіне талдау жасағаны есіме түсіп отыр. Ол мынадай екі жақсы қорытынды жасаған, біріншіден, әлгіндей жағдайда түрлі күш құрылымдарының арасында өз жұмысын үйлестіру деген мүлде болмаған. Қарулы шабуыл бола қалған жайдайда, құқық қорғау органдары, ҰҚК, Ұлттық гвардия мен әскерилердің іс-қимылын үйлестіретін, тыңғылықты әзірленген жоспар қажет екені және оны тез дайындау керектігі, өйткені жағдай үнемі жылдам өзгеретіні айтылған. Екіншісі, қару-жарақ дүкендеріндегі қару қолды болмас үшін оның қауіпсіздігін күшейту керек. Қарап отырсаңыз, арада бірнеше жыл өтсе де баяғы жартас сол жартас екен, Алматыда бұл екі мәселе де әлі күнге дейін шешімін таппағаны осы жолы айқын байқалды.

Your browser doesn’t support HTML5

Азапталған Талдықорған

"20 МЫҢ ТЕРРОРИСТ" ЖӘНЕ "ЕСКЕРТУСІЗ АТУ" ЖАЙЛЫ БҰЙРЫҚ

Азаттық: 7 қаңтардағы үндеуінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға "Орталық Азиядағы елдердің бірінен келген 20 мың террорист шабуылдады" деп мәлімдеді. Бірақ нақты қай елден келіп, қайда кеткенін әлі айтпай отыр. Сіз бұған сенесіз бе?

Евгений Жовтис: Сандырақ, басқаша айта алмаймын. 20 мың террорист болған емес. Алматыда оқиға кезінде шыққан бірнеше мың адам болса, оның басым көпшілігінің террористерге еш қатысы болған жоқ. Ал радикал дегенге қатысты мына бір жайтты айтайын, радикал мен террорист деген бір ұғым емес.

Радикалдың террористке айналуы үшін оның зомбылыққа сүйенген саяси жоспары болуы тиіс. Осы мақсатына қару қолданып жетпек болғанда ғана террорист болып шығады. Ал құр радикал көзқарасы адамды террорист қыла алмайды. Сондықтан ешқандай "ондаған мың террорист" болмағанына сенімдімін, және қазіргі ұсталып жатқандар "террорист" дегенге де күмәнім бар, өйткені әр кезең бойынша дәлел болуы керек. Ал әзірге бізге ол адамды әлдебір радикал исламшыл топты немесе басқадай бір топты жақтайды дегенді ғана айтады, бұл жеткіліксіз [дәлел]. Полиция учаскесіне шабуыл жасағанның бәрі террорист болып кетпейді, ол бандит я қылмыс (криминал) әлемінен болуы да мүмкін. БҰҰ-ның сарапшылар тобы біздің билікке "терроризм" терминін халықаралық құжатта көрсетілгеннен кең ауқымда қолданудан сақ болуды ескерткен. Халықаралық құжаттарға жүгініп, ара-жігін айқын ажырататын болсақ, бандитизм жасағандар мен мародерлерді (олар істегені үшін жауап беруі керек) террориспен, бандитті бұзақымен, ал бұзақыны бейбіт наразы азаматпен шатастырмайтын боламыз.

Азаттық: Тоқаев оқиғаға халықаралық тергеу жүргізудің қажеті жоқ, өзіміз тергей аламыз деп мәлімдеді. Халықаралық комиссия қажет пе, қалай ойлайсыз?

Евгений Жовтис: Меніңше қажет, бірақ аралас комиссия болғаны дұрыс деп санаймын. Осындай жағдайды зерттеуде зор тәжірибесі бар халықаралық мамандар мен тәуелсіз қазақстандық сарапшылар бірлесе жұмыс істегені абзал. Осындай комиссия жүргізген халықаралық тергеу нәтижесінде мұндай оқиғаларды болдырмаудың амалын тауып, құнды кеңес ала аламыз. Өйткені екі нәрсені: оқиғаның әлеуметтік-экономикалық себебін және кей аймақтарды күш құрылымдары неліктен коллапс жағдайына тап болғанын анықтап, тәуелсіз, объективті баға берілуі керек.

Your browser doesn’t support HTML5

6 қаңтарда Республика алаңында бейбіт жұртқа кім оқ атты? Куәгер әңгімесі

Азаттық: 7 қаңтарда президент Тоқаев елде, оның ішінде Алматы қаласы мен Алматы облысында тәртіп қалпына келтірілгенін, бірақ "террористермен күрес әлі де жалғасып жатқанын" айтып, "құқық қорғау органдары мен әскерге ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеген. Сіз бұл бұйрыққа қандай баға бересіз?

Евгений Жовтис: Сұрағыңызды үшке бөліп, жауап берейін. Біріншіден, президент мұндайды айтпауы керек. Эмоцияға берілсе де, мемлекеттік ғимараттарды басып алу мен полицияға шабуылдаған тәртіпсіздікті тоқтату мақсатында жалпы контексте айтылса да, бұл – президент айтатын сөз емес. Екіншіден, бұл сөзді негізгі контекстен жұлып алған. Президент айтқан контексте "көшеге шыққан наразылардың барлығын автоматпен қырып сал" деген жоқ. Ол мәлімдемесінде бейбіт наразылар мен олардың заңды талаптары туралы да айтты. Үшіншіден, президент саяси мәлімдемесінде аңдамай артық сөйлеп қойса да, құқық қорғау органы заңға бағынуы керек. Бізде қаруды қолдану тәртібін реттейтін арнауы заң бар және президенттің сөзі я бұйрығы ол заңды жоққа шығара алмайды. Яғни егер бұйрық заңға қайшы болса – ол орындалмауы керек. Ал полицияның қару қолданғанын көріп отырмыз. Бірақ әлгіндей бұйрықты заңды деу келмейтіндіктен, полиция ол бұйрыққа сілтеме жасай алмайды.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Қырғын салған арандатушылар" және "қандықол" Тоқаев. Алматыда қаңтар құрбандарын еске алу шарасы қалай өтті?"Үстімізге ыстық су құйып, үтік басты". Қаңтар оқиғасынан соң ұсталған азаматтардың көрген азабы"Ескертусіз атуды ақтауға болмайды". Қазақстандағы оқиғаға халықаралық құқық тұрғысынан қарау