"Абақтыға кірген із бар, шыққан із жоқ". Қаңтар оқиғасында Өзбекстанның екі азаматы жоғалды

Райымбек даңғылымен Әшімов көшесіне қарай шеруге шыққан демонстранттар. Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасы кезінде Өзбекстанның екі азаматы хабар-ошарсыз кеткен. Бірі оқиға басталар қарсаңда жоғалып кеткен, екіншісінен полиция ұстап әкеткелі бері хабар жоқ. Полиция "оны босатып қоя бердік" дейді, бірақ туыстары күмән келтіреді.

"ҚАМАУДАН БОСАТҚАНЫНА АЙҒАҚ ЖОҚ"

Өзбекстанның Қарақалпақстан автономиялы республикасынан Қазақстанның Жаңаөзен қаласы мен Атырау қаласына көшіп келген ағайынды Мейіргүл Қанатбаева мен Бөгенбай Қанатбаев қаңтардың басынан бері Алматыға бірнеше рет келіп, апталап жүруге мәжбүр болды. Олар Қаңтар оқиғасы кезінде полиция алып кеткен інілері Мақсет Қанатбаевты іздеп, таба алмай жүр.

Мейіргүл Қанатбаеваның сөзінше, 1990 жылы Қарақалпақстанның Тақияташ қаласында туған Мақсет Қанатбаев 2020 жылы Алматыға келіп, "Алтын орда" базарында арбакеш болып жұмыс істеген.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда жоғалып кеткен Өзбекстан азаматы Мақсет Қанатбаев. Отбасы архивіндегі фото.

– Өзі секілді қара жұмыс істейтін Қарақалпақстан жастарымен бірге базар маңында пәтер жалдап тұрды. Олардың бәрі Қаңтар оқиғасынан кейін бет-бетімен кетіп қапты. Кей жолдастарының айтуынша, 4 қаңтарда ереуіл басталғанда олар қорқып, үйден шықпаған. Өйткені "Алтын орда" маңына полиция жасағы (ОМОН) келген. Полиция үйден әкетіп жүре ме деп сескенген Мақсет танысына хабарласып, өзін басқа жаққа алып кетуін сұраған. Оларды 6 қаңтар кешке жолда кетіп бара жатқан жерінен полиция тоқтатып, екеуін де қолын қайырып алып кеткен, содан бері хабар жоқ, – дейді Мейіргүл Қанатбаева.

Мейіргүл Қанатбаева мен Бөгенбай Қанатбаев інілері Мақсетті іздеп, Алматыдағы құқық қорғау органдарына шағым түсірген, қаладағы мәйітхана мен түрмелерді түгел аралап шыққан, бірақ туысынан әлі күнге дейін еш дерек жоқ.

Полиция оларға "Мақсет Қанатбаев 12 қаңтарда босатылған" деп жауап берген.

Ағайынды Қанатбаевтардың сөзінше, Мақсеттің қолында құжаты мен ұялы телефоны болған. Полиция босатып қоя берсе, туыстарына хабарласпауы мүмкін емес деп күмәнданады жоғалған жігіттің аға-әпкесі.

– Үйдегі жетінші бала еді. Қазақстан азаматтығын алған соң үйленемін деп жүрген. Туыстарымыз әлі Қарақалпақстанда тұрады. Мақсеттің жоғалып кеткенін анамызға айтпай отырмыз, – дейді Мейіргүл.

Алматы көшесіндегі полиция жасағы. 5 қаңтар 2022 жыл.

Бөгенбай Қанатбаев та Алматыны бір жарым ай әбден шарлап, інісін таба алмай Атырауға қайтқан.

– Ініммен бірге қамалған жігітің ағасы екеуміз адвокат жалдадық. Полицияға, прокуратураға бардық. Інімді ұстап әкелгені, тергелгені, қайтадан босатылғаны жазылған видеоны бермеді. Ақыр аяғы інімді кім тергегенін де, кім босатқанын, не үшін босатқанын да айтпай отыр. Бұл – абақтыға кірген із бар да, шыққан із жоқ деген сөз, – дейді ол.

Хабар-ошарсыз кеткен Мақсет Қанатбаевтың ісімен айналысып жүрген адвокат Нұрхан Амангелді Алматы қаласы прокуратурасына шағым түсіргенін, олар шағымды Алмалы аудандық прокуратурасына жібергенін айтады.

– Мақсет Қанатбаевты сыныптасы Мейіржан Камаевпен бірге көлікпен кетіп бара жатқанда Абай мен Алтынсарин көшелері қиылысында, "Москва" сауда орталығының алдында ұстаған. Мейіржан Камаев сот шешімінсіз Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында 10 күн қамауда отырып, 16 қаңтарда босатылған. Онымен бірге қамалған Мақсет Қанатбаевтың бостандыққа жіберілгеніне ешқандай дәлел жоқ. Бұл жөніндегі сұрақтарымызға жауап бере алмады. Біздің шағымымыз бойынша, Алмалы аудандық полициясы Мақсет Қанатбаевқа іздеу жариялап, 29 қаңтарда іс қозғады, – дейді заңгер.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматыда қаңтар оқиғасына қатысқан 17 жастағы өзбекстандық істі болды

"АЛТЫН ОРДА" МАҢЫНДА ЖОҒАЛҒАН"

Өзбекстанның тағы бір азаматы, 1978 жылы Қарақалпақстанның Шымбай қаласында туған, Алматыда жұмыс істеп жүрген Азат Жұманиязов та 4 қаңтардан бері ұшты-күйлі жоқ. Азатты әйелі Мейіркүл мен Жамбыл облысы Қордай кентінде тұратын туыстары таба алмай отыр.

Бір жасар қызымен үйде отырған әйелі Мейіркүл Азаттыққа Қарақалпақстанның Шымбайынан хабарласты.

– Жұбайым екеуміз Алматыға көктемде барып, күзде қайтатынбыз. Күйеуім дәнекерлеуші, өзім аспаз да болдым, балабақшада да істедім. Қазір кішкентай баламен үйден шыға алмай отырмын. Осы жолы Азат жаңа жылда да үйге қайтпады, жұмыстан босай алмады. 4 қаңтардан бері хабарсызбыз. 7 жасар қызым әкесін сағынып жүр, – дейді ол.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда жоғалып кеткен Өзбекстан азаматы Азат Жұманиязов. Отбасы архивіндегі фото.

Шалғайда отырған Мейіркүл Алматыда жоғалған жұбайын өзі іздей алмайды. Алматының маңында тұратын күйеуінің туыстарына сеніп отыр.

Азат Жұманиязовтың ағасының ұлы Нұрлан Өтениязовтың сөзінше, Азат Алматы қаласының шетіндегі Алатау ауданы "Мәдениет" ықшам ауданында 2-3 жылдан бері дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрген. Жұмыс беруші Азатты жатын орынмен де қамтамасыз еткен.

– 4 қаңтарда сағат 11-лерде Қордайға ағамның үйіне кеттім деп шыққан. Екі-үш күннен кейін іздей бастадық. Тамыр-танысының барлығына хабарластық, көрдім-білдім деген ешкім жоқ, мәйітханаға да барып, таба алмадық, – дейді ол.

Нұрлан Өтениязов туысын таба алмай амалы таусылған соң Азат Жұманиязовтың суретін "Алтын орда" базарының айналасына жапсырып кеткенін айтады. Ал 17 қаңтарда Алатау аудандық полиция бөліміне арыз берген. "Азат Жұманиязовтың телефоны соңғы рет Долан ауылы маңында қосулы болған" деген жауап алған.

Долан – Алматы мен Қаскелеңнің ортасында, "Алтын орда" базарына жақын жердегі ауыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 8 ақпанда үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматыдағы "Алтын орда" базары жөнінде:

– Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналды. Бұған Алматыдағы Қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік, – деген еді.

Бірақ президент те, құқық қорғау органдары да Қаңтар оқиғасына "Алтын орда" базарының нақты қандай қатысы барын айтқан емес. Қаңтар оқиғасы жайлы түрлі болжам айтқандар арасында "Алтын орда" базарында жұмыс істейтін, тұрмысы төмен, табысы аз адамдар қаңтардағы дүрбелеңге көп қосылды" деушілер де бар.

"Алатау" театры алдында басталған дүрбелең. Алматы, 4 қаңтар 2022 жыл

Your browser doesn’t support HTML5

Алатау театры алдындағы дүрбелең

Алматыдағы жаппай наразылық 4 қаңтарда Әуезов ауданы мен Алатау ауданы тоғысар тұста, "Алатау" театры алдында басталған. Түнде полиция күшпен таратып жіберген наразы адамдар ертеңіне қайтадан сол маңға жиналған.

5 қаңтарда Алматыдан Бішкекке қарай шығатын Райымбек даңғылы бойында орналасқан "Алтын орда" базарына таяу жерде арнаулы жасақ наразыларға құлақ тұндыратын граната қолданып, резеңке оқ атты. Таңертеңгі 8-дер шамасында "Алтын орда" базары маңында қоғамдық көліктер тоқтап, жолдар жабылған еді.

Сол күні "Алтын орда" базарының арғы жағындағы Құмарал ауылынан Алматыдағы жұмысына шыққан Өзбекстанның тағы бір азаматы Зиеджон Қошқаров осы маңда оққа ұшқанын туыстары тек 25 күннен кейін ғана естіп-білген.

2 қаңтарда Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған жаппай наразылық елдің барлық өңірін қамтыды. Митингіге шыққан жұрт кедейлік, қымбатшылық пен жұмыссыздықтан қажығанын айтып, елді әбден меңдеп алған жемқорлықты айыптап, билікке саяси талаптар да қойды. Бейбіт басталған халық көтерілісі кейін дүрбелеңге ұласып, тәуелсіз Қазақстан тарихында болмаған үлкен қантөгіспен аяқталды. Дүрбелеңге "сыртқы күштерді" айыптаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға "20 мың террорист шабуыл жасады, олар Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдерінен келген" деп айтқанымен бұған ешқандай дәлел келтірген жоқ. Дүрбелең кезінде Тоқаев күш құрылымдарына "ескертусіз оқ атуды" бұйырғанын мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жазықсыз жандарды атып тастады". 6 қаңтарда Алматыдағы алаңда не болды?

Дүрбелең кезінде полиция ұстап, кейін мемлекеттік телеарналар "террор шабуылына" қатысқандардың бірі ретінде көрсеткен адам Қырғызстандағы танымал джаз музыканты Викрам Рузахунов екені анықталған. Қырғызстанның сыртқы істер минстрлігі Қазақстанға нота жолдаған соң Рузахунов Алматының тергеу изоляторынан босатылып, еліне жіберілген. Кейін музыкант Қазақстан абақтысында өзін азаптағанын мәлімдеген.

Қаңтардың ортасында Қазақстанның құқық қорғау органдары "тәртіпсіздіктерге" қатысқандарды іздестіріп жатқанын, "көші-қон заңын бұзған" 20-ға жуық өзбек азаматы ұсталғанын хабарлаған.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасында 230 адам қаза болған. Билік өлгендердің толық аты-жөні мен тізімін әлі күнге жариялаған жоқ. Қаза тапқандардың 19-ы – полицейлер мен әскери қызметкерлер. Олардың аты-жөні аталып, бірқатары ресми түрде марапатталған.

Қаңтар оқиғасынан кейін полиция тергеуі кезінде азаптау оқиғалары жайлы ақпарат көбейді. Соның бірі, Алматыда 9 қаңтарда үйінен ұсталып, 15 тәулікке қамалған Жасұлан Анафияев абақтыдан тірі қайтпады. Мәйітхана сарапшысы "өлімге панкреатит себеп болды" деп қағаз жазып бергенімен, марқұмның мүрдесін көрген жақындары 48 жастағы азаматтың азаптаудан көз жұмғанын мәлімдеген.

Азаттық Алматы қалалық полиция департаментіне Мақсет Қанатбаев пен Азат Жұманиязов туралы жазбаша сұрау салғанымен, осы мақала жарияланғанға дейін полициядан жауап келмеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қанды қаңтар эпилогы. Бейбіт халыққа оқ ату, азаптау және "дәлелденбейтін қылмыс"Евгений Жовтис: Бетперде тағып алып азаптағанды да жауапқа тартудың амалы бар"Жан азабын тартып жатыр". Алматы полициясында қабырғасы мен қос аяғы сынған қырғыз азаматы еліне жеткізілді"Мүліктен гөрі адам өміріне басымдық берілуі керек". HRW Қаңтар оқиғасын бейтарап тергеуге шақырды"Мемлекет шабуылдарды терроршыл топтар ұйымдастырғанына еш дәлел келтіре алмады". Сарапшы қаңтар оқиғалары туралы