Жәмила Маричеваға қай "жалған ақпарат" үшін айыппұл салынды?

Жәмила Маричева – ProTenge жобасының негізін қалаушы әрі бас редакторы.

13 мамырда Алматы соты журналист Жәмила Маричеваның ProTenge Telegram арнасында Азаттық радиосын қолдап жазған жазбасын "жалған ақпарат" деп тауып, авторға 74 мың теңге айыппұл салды. Арыз берген полицей жазбаның қай тұсы "жалған" екенін білмей шатасты. Ал заңгер мен журналист мұны "сөз еркіндігіне қысым" деп біледі.

2024 жылғы 3 қаңтарда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа/Азаттық радиосының Алматыдағы өкілдігіне "36 қызметкерін аккредиттеуден немесе аккредитация мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылданғаны жөнінде" хат жолдады. Азаттық бұл шешімге қарсылық білдіріп, қаңтардың аяғында сотқа шағым түсірді.

Елдегі жемқорлықты әшкерелейтін материалдар жазатын ProTenge жобасы 30 қаңтарда аккредитация алмаған Азаттық тілшілерін қолдап, Telegram-арнасында шағын пост жариялады. Мәдениет және ақпарат министрлігі интернеттегі ақпарат кеңістігіне мониторинг жасап, "сол жазбада көрнеу жалған ақпарат бар" деген тұжырымға келіп, ішкі істер министрлігіне хат жолдаған.

Ақпарат министрлігі "жалған" деп санайтын тұсы мынау: "Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының 36 журналисіне аккредитация берген жоқ, кейбірінікін ұзартқан жоқ. Мұның себебі депутаттар ұсынған бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заңға енгізілген түзетуде жатыр. Оған сәйкес, "Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда" сыртқы істер министрлігі шетелдік БАҚ пен олардың журналистерін аккредиттеуден бас тартуы мүмкін".

Министрлік "бұл ақпарат қоғамдық тәртіпті бұзу, қоғамның не мемлекеттің құқықтары мен заңды мүддесіне елеулі зиян келтіру қаупін туғызады" деп санайды. Хатқа қол қойған ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Ілияс Есмағұл ішкі істер министрлігінен жазба иесіне осы үшін шара қолдануды сұраған.

Хатты алған Алматының Бостандық ауданының полиция басқармасы ProTenge жобасының негізін қалаушы әрі бас редакторы Жәмила Маричеваның үстінен "Жалған ақпарат орналастырды, таратты" деп әкімшілік іс қозғап, сотқа берді.

Your browser doesn’t support HTML5

Азаттықты қолдаған тағы бір журналиске әкімшілік іс қозғалды

"ЖАЛҒАН АҚПАРАТ" ҚАЙСЫ?

Сотта негізгі әрі жалғыз айыптаушы тарап өкілі, учаскелік полиция қызметкері Мейіржан Ембергенов министрліктің хатын оқымағанын, хаттаманы бастығының нұсқауымен толтырғанын мойындады.

Сотты сырттан бақылаған адамға ProTenge жазбасындағы нақты қай ақпарат жалған екені түсініксіз болды. Соттағы диалог:

Полиция қызметкері Мейіржан Ембергенов: Мен хаттаманы 456-2 баптың үшінші бөлігі бойынша (Жалған ақпаратты орналастыру, тарату – ред.) толтырдым. Маричева әлеуметтік желіде 36 журналистің аккредитация алмағаны туралы жалған ақпарат жариялады. Оны жазбадан көруге болады.

Адвокат Әсел Тоқаева: 36 журналистің аккредитация алмағаны рас қой?

Мейіржан Ембергенов: Жоқ, бұл ақпарат расталмады. Мәулен Әшімбаев мұның жалған екенін айтты.

1 ақпанда Азаттық тілшісінің сауалына жауап берген сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Азаттық журналистеріне аккредитация бермеу жөнінде СІМ шешімі "редакцияның Қазақстан заңнамасы мен тиісті ережені бұзуына байланысты қабылданды" деген. Яғни, аккредитация беруден бас тарту шешімі туралы Әшімбаевтың өзі айтқан. Бұған қоса, сотта Маричева ісі қаралғанға дейін СІМ мен Азаттық радиосы аккредитация мәселесі бойынша медиациялық келісімге де келген.

Ал ProTenge посты жарияланған тұста парламент мәжілісінің депутаттары Никита Шаталов пен Анас Баққожаев "Масс-медиа туралы" заңға өзгеріс ұсынып, ол Азаттық журналистерінің аккредитациясы мәселесімен қатар талқыланып жатқан. Ол ұсыныс бойынша сыртқы істер министрлігі "ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді" деп тапса, журналиске аккредитация беруден өз бетінше бас тарта алады. Заңның соңғы жобасында "ұлттық қауіпсіздік" туралы тұсы түсіп қалғанымен, "Қазақстанның заңнамасына сәйкес" шетелдік БАҚ-қа аккредитация беру СІМ-нің құзырында қалды.

Ақпарат "жалған" деп танылуы үшін қоғамдық тәртіп бұзылып, жазбадан адам зиян шегуі керек дейді медиазаңгерлер. Ембергенов сотта "Қоғамдық тәртіпке қалай қауіп төнді, жазбадан кім зиян шекті?" деген сұраққа жауабы жоқ екенін айтты. WhatsApp желісінде өткен онлайн сотта оның қасында әлдекім "былай айт" деп нұсқау беріп отырғаны естіліп қалды. Кейін ол "қасымда ешкім жоқ" деп, камерасын жан-жағына бұрып, жиі көрсетуге мәжбүр болды.

Маричеваның ісі бойынша сот процесі барысында журналистің адвокаты жазбаға психологиялық-филологиялық сараптама жүргізу жөнінде өтініш берді. Бірақ судья Мұрат Әлімбек "сараптаманың қажеті жоқ" деп, өтінішті қанағаттандырмады.

Адвокат Әсел Тоқаева судьяға сенбей, оны ауыстыруды сұрап өтініш жазды, ол да кері қайтарылды.

Судья шешімін "әйелін қатыгездікпен өлтірді" деген айыппен жауапқа тартылған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа үкім оқылып жатқан кезде айтты. Сондықтан бұл отырыс атышулы істің тасасында қалып қойғандай көрінді.

"Жалған ақпарат" жазбаның қай жерде екені сот шешімі оқылған соң белгілі болды. Полиция қызметкерінің аузынан шықпаған түсіндірмені судья өзі айтып берді.

"Сыртқы істер министрлігінің Азаттық радиосының журналистеріне аккредитация бермеу себебі "Масс-медиа туралы" жаңа заңға байланысты емес. Өкілдіктің және журналистерінің БАҚ туралы және аккредитация беру туралы Қазақстан заңдары мен нормаларын бұзғаны үшін бермеген. Сол үшін жазбадағы себеп айтылған жер жалған", – деді судья Мұрат Әлімбек түсіндіргенде.

Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Жәмила Маричева бәрібір "жалған ақпарат таратты" деп тауып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш (74 мың теңге немесе шамамен 165 доллар) айыппұл салды. Ол полиция толтырған хаттамаға ұқсайтын мәтінді бәсең дауыспен оқып, "кінәсі іс материалдарымен дәлелденді" деді. Алайда сенімді түсініктеме келтірмеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Эфиопия мен Ливияның арасы. Баспасөз бостандығы рейтингінде Қазақстан

"ЖАЛҒАН АҚПАРАТТАН ЗАРДАП ШЕККЕН БІРЕУ БОЛУЫ КЕРЕК"

MediaQoldau құқықтық қызмет ұйымының жетекшісі, заңгер Гүлмира Біржанованың айтуынша, біреуді "жалған ақпарат таратты" деп жауапқа тарту үшін ол ақпараттан зардап шеккен адам болуы керек.

– Иә, жазбадағы сол сөйлемдер түсініксіз, анық емес жазылған. Рас, өйткені ол кезде БАҚ туралы заң әлі күшіне енген жоқ. Бірақ ол ақпараттан біреу зиян көрдім деп арызданған жоқ қой. Әйтпесе, полицияның "бұл қоғамдық тәртіпті бұзды, қоғамға қауіп төндірді" деуіне негіз жоқ. Мұны тек анық емес, қате ақпарат деп есептеуге болады, – деді заңгер Азаттыққа.

Бұған дейін ProTenge-нің дәл осы жазбасын бөліскен журналист, "Обожаю" жобасының авторы Асхат Ниязовтың да басы дауға қалған. Ақпарат министрлігінен Астана полициясына да осы хат барған. Алайда полиция Ниязов бөліскен ProTenge-нің жазбасынан "жалған ақпарат" таппай, "жала жабу" бабы бойынша іс қозғады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандық журналист Telegram'да Азаттықты қолдаған посты бөліскені үшін сотқа тартылды

Астананың әкімшілік соты істі қарап, құқық бұзушылық болған жоқ деп шешті.

– Өйткені бұл істе "маған жала жапты" деп арызданған ешкім болмады, сол үшін іс қысқартылды, – деді заңгер Біржанова Азаттыққа.

Бұл сотта Маричева анық жеңеді деп сенген журналист Халима Тәжіқұл сот шешімінен кейін қатты таңқалғанын айтты.

– Бұл жақсы үрдіс емес. Оның жазбасынан кейін қоғам дүрлігіп кеткен жоқ, журналистер алаңға шығып, заңсыз жиын өткізген жоқ, мемлекетке экономикалық, моральдық шығын келген жоқ. Желідегі әр блогердің, инфлюенсердің, журналистің пікірі үшін осылай жазалай берсек, онда Конституциядағы сөз еркіндігіне кепілдік туралы норманы өзгертуге тура келеді. Өйткені онда цензураға тыйым салынатыны анық жазылған. Ал бұл әрекет – цензураның бір көрінісі, – дейді Тәжіқұл.

Маричева да, Ниязов та ақпарат министрлігінің хатынан кейін сотқа тартылған. Халима Тәжіқұл осыдан кейін министрлік "біз бақылаушы орган емеспіз" деген сөзінде тұрмады деп санайды.

– Бұл жаңалықты естігенде менде министрлікке деген негатив пайда болды. Өйткені біз жаңа заңды талқылау кезінде "журналистерді бақылау, қадағалау көбейіп кетті, мұны азайту керек" деп ескерттік. Олар "жоқ, біз ондай емеспіз" деді. Бірақ дәл мына Маричеваның ісінен осы әрекетті көріп отырмыз, – деді Тәжіқұл Азаттыққа.

Әуелде журналистер Маричева мен Ниязовқа әкімшілік іс қозғалуын ақпарат министрлігінен көрген. 26 сәуірде министр Аида Балаева бұл екі журналистің жазбасына мониторинг жүргізілгенін растады. Бірақ "іс қозғау ішкі істер органының құзырында" деп жазды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Журналист Жәмила Маричева Жемқорлықпен күрес сыйлығына ие болды

АҢДУ ҮШІН "ТЕХНИКАЛЫҚ МҮМКІНДІКТІ" ПАЙДАЛАНҒАН БА?

Бұған қоса Жәмила Маричеваның өзі де, құқық қорғаушылар да 24 сәуірде әкімшілік хаттама әкелген полиция қызметкерлері тілшіні көшеде жүгіріп бара жатқанда артынан ілесе барып ұстағанына назар аударды және секем алды. Полицейлер журналистің "ертең полиция бөліміне өзім барамын" деген уәжіне де құлақ аспай алып кеткен. Маричева желідегі посттарында полицияның өзін 3 км жерден қуып жетіп, көлікке отырғызып, учаскеге әкеткенін жазған. Ол полиция өзінің тұрған жерін білу үшін "техникалық мүмкіндіктерді" пайдаланған болуы мүмкін деп санайды.

– Бұл күні жүгіретінімді ешкім білген жоқ. Мен бір күні күндіз, бір күні кешке жүгіремін. Тұрақты графигім жоқ. Демек олар қандай да бір техникалық мүмкіндіктерді пайдаланған. Олар [полиция басқармасына апару үшін] іс жүзінде аңдып, ізімнен қуып жеткен, – деген еді Маричева мұның алдында 2 мамырда болған сот отырысында.

ProTenge – тендерлер мен мемлекеттік сатып алулар барысында жасалған күмәнді іс-әрекеттерді әшкерелейтін зерттеу материалдарымен танылған жоба. Жәмила Маричева – осы жобаның негізін қалаушы әрі бас редакторы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жәмила Маричева: Әлеуметтік желіде "Рухани жаңғыруды" ешкім оқымайды