Accessibility links

Журналист Жәмила Маричева Жемқорлықпен күрес сыйлығына ие болды


Жәмила Маричева.
Жәмила Маричева.

Қазақстандық журналист, Инстаграмдағы Protenge паблигінің редакторы Жәмила Маричева АҚШ мемлекеттік департаментінің жемқорлықпен күрес саласы бойынша тағайындаған сыйлығына ие болды. Бұл сыйлық Маричевадан бөлек әлемнің түрлі елдерінде тұратын тағы 11 белсендіге берілген.

АҚШ мемлекеттік департаменті 7 желтоқсан күнгі мәлімдемесінде Жемқорлықпен күрес сыйлығына ие болған азаматтардың "көшбасшылығы мен батылдығын" атап өтіп, жемқорлықты әшкерелеп, күрескенін айтып өткен.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Твиттерде сыйлық иегерлерін құттықтады.

Бұл сыйлық жемқорлықпен тынбай күресіп, күрделі қиындықтарға жиі тап болатын және өз елінде жемқорлық қылмысын жасағандардың жазаға тартылуына күш салатын тұлғаларға беріледі.

Жәмила Маричева әлеуметтік желідегі парақшасында "күрделі шешімдер қабылдауға тура келетін уақыт, бірақ жақсы нәрселер де болып жатыр. Мен негізін қалаған жоба 2021 Anticorruption Champions сыйлығына ие болды. Бұл халықаралық сыйлық және оны Қазақстаннан алғаш рет біз алып отырмыз" деп жазды.

Мамыр айында Азаттыққа берген сұхбатында журналист Жәмила Маричева өзі және командасы жүргізетін Protenge жобасы мемлекеттік сатып алуға жауапты шенеуніктердің мазасын қашыратынын айтқан. Мемлекеттік сатып алу – Қазақстанда жемқорлық жиі кездесетін сала болып саналады. Аталған жобада тендер және мемлекеттік сатып алу туралы зерттеулер жарияланады. Парақшаның ұраны – "Өз ақшаңыздың қайда жұмсалып жатқанын бізбен бірге бақылаңыз".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG