Жанболат Мамайдың бостандығын төрт жылға шектеуді сұрады

Сотта отырған журналист Жанболат Мамай. Алматы, 4 қыркүйек 2017 жыл.

Алматы қаласының Медеу аудандық №2 сотында журналист Жанболат Мамайдың үстіне қозғалған қылмыстық істің жарыссөзі өтті. Прокурор оның бостандығын төрт жылға шектеуді сұраса, адвокаттар қылмыс дәлелденбегенін айтады. Сот үкімі шығатын сәт таяп келеді.

Судья Дәурен Мәукеев сот отырысын айыптаушы прокурорды жарыссөзге шақырудан бастады. Жарыссөзге шыққан ол Жанболат Мамайға тағылған айыптың толық «дәлелденді» деп санайтынын мәлімдеді.

ЖАНБОЛАТ МАМАЙ КІМ?

Жанболат Мамайға қуғындағы оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов "жымқырған" қаражаттың бір бөлігінің "ізін жасырды" деген айып тағылған.

ПРОКУРОР УӘЖІ

Прокурордың айтуынша «Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамаған, Жарымбетовтен ақша алғанын растаған, бірақ ол ақшаның қылмыстық жолмен табылғанынан хабарсыз болғандығын айтқан және Жарымбетовке жазылған хат авторлығын мойындаған».

ВИДЕО: Соттан жүргізілген тікелей трансляция

- Бірақ ол кәсіби журналист ретінде Мұхтар Әблязов пен Жақсылық Жарымбетовтің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын білді. Соған қарамастан, Жарымбетовтің шақыртуымен Жанболат Мамай Төлеген Жүкеевпен бірге Австрия астанасы Венаға барып, кездескен. Оны Жанболат Мамайдың өзі де мойындады, - деді прокурор.

Әблязовтың ісі

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.

Прокурор жарыссөз кезінде осыған дейін сот процесінде айтылған жайттарды қайталап шықты.

- 2011 жылы көктемде Мұхтар Әблязов Жақсылық Жарымбетовке Жанболат Мамайдың оппозициялық әрекетін қаржыландыруды тапсырған. Жарымбетовтің айтуынша 2011 жылы Әблязовтің бұйрығымен 70-80 мың доллар берген. 2012 жылдан бастап Жанболат Мамай Әблязовпен байланысын үзгеніне қарамастан Жарымбетов оған 2012-2015 жылдары ақша берген. Жанболат Мамай ол ақша үшін есеп берген, - деген ол Жанболат Мамайға жаза тағайындағанда жеңілдетуші жайттарды ескеруді сұрады.

Оқи отырыңыз: Мамай Жарымбетовтің «бір жыл демеушілік еткенін» айтты

Прокурор «Жас баласы, кәрі әке-шешесі бар екенін, отбасының жалғыз асыраушысы екенін, бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағанын ескере отырып қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-тармағына сәйкес 4 жылға бас бостандығын шектеуді және мүлкін тәркілеп, үш жылға дейін журналистік қызметпен шұғылдануға тыйым салуды сұраймын» деді ол.

2014 жылы қабылданған қылмыстық кодекстің 55-бабы «Белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау» деп аталады.

АДВОКАТТАР ҚАРСЫЛЫҒЫ

Айыптаушы прокурордан кейін жарыссөзге шыққан адвокаттар Жанар Балғабаева мен Мәдина Бакиева болса Жанболат Мамайға тағылған айыптың дәлелденбегенін айтты.

Адвокат Мадина Бакиеваның айтуынша, Жанболат Мамайға ақша берді деген тарапқа қатысты сот үкімі таяуда ғана шыққан. Ал «ақшаны апарып бердім» деген куәгер Аханов ақшаның бір бөлігін ғана растай алған.

Бакиеваның айтуынша «Жанболат Мамайға қатысты қылмыстық істе «Трибуна. Саяси қалам» газетін шығарушы заңды тұлғаның есебі толық берілген. Ол есепте ешқандай артық ақша байқалмаған»

Жанболат Мамай жарыссөзде қысқа сөйлеп, Жақсылық Жарымбетовтің таяуда ғана сотталғанын, ал бірнеше жыл бұрын оны қылмыскер деуге заңды негіз болмағанын баса айтты.

Осыған дейінгі сот отырысында Жанболат Мамай Мұхтар Әблязовпен кездеспегінін, оны танымайтынын айтқан еді. Оған дейін сотта куәгерлік еткен Жақсылық Жарымбетов «өзін Жанболат Мамаймен Мұхтар Әблязов таныстырғанын» айтқан болатын.

Шамамен бір сағаттан өте аяқталған жарыссөзден соң судья Дәукеев соңғы сөзді қыркүйектің 6-сына белгіледі.

Айыптаушы прокурор жариялаған айыптау актісіне қарағанда, Мұхтар Әблязов жымқырған қаржысының ізін жасыру мақсатында «2011-2014 жылдары БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары, сол кезде шетелде болған Жақсылық Жарымбетов арқылы Жанболат Мамаймен байланысқан. Жарымбетов Мамаймен Scype арқылы байланысқан және үшінші адам арқылы 110 мың доллар көлемінде қаржы берген. Мамай қаржыны газет шығаруға жұмсаған».

Жанболат Мамай: «Мұны ақшаның ізін жасыру деп санамаймын»

Жақсылық Жарымбетов БТА Банктің бұрынғы басшысы, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің ісі бойынша биыл шартты мерзімге сотталған. Бірнеше жыл шетелде жүрген ол биыл қаңтар айында Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланған.

Жанболат Мамай өзінің Мұхтар Әблязовпен қандай да бір байланысы барын жоққа шығарады және айыптың саяси астары бар дейді.

ВИДЕО: Мамайдың "Әблязовты танымайтыны" туралы мәлімдемесі:

Your browser doesn’t support HTML5

Жарымбетов «Мамаймен таныстырған – Әблязов» екенін айтты

Өзін «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыласы» деп санайтын Мұхтар Әблязов та істің саяси астары бар деп есептейді.

Жанболат Мамайдың соты биыл тамыздың 14-і күні басталған.

«Трибуна. Саяси қалам» газеті бас редакторының міндетін атқарушы, 28 жастағы Жанболат Мамай 2017 жылы ақпанның 10-ы күні сот шешімімен қамалған.