Жанболат Мамайдың сотында Жақсылық Жарымбетов қайта куәлік етті

Журналист Жанболат Мамай (оң жақта) сотта отыр. Алматы, 14 тамыз 2017 жыл.

Алматы қаласының Медеу аудандық №2 сотында оппозициялық журналист Жанболат Мамайдың қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасты.

Сотқа келушілердің бір бөлігі сот залына жайғасты, бір бөлігі сот процесін арнайы бөлмедегі монитор арқылы бақылады. Сағат 11-гебелгіленген сот отырысына судья 25 минут кешігіп келіп, бір сағаттан аса уақытта сот отырысын аяқтады.

ВИДЕО: Мамайдың сотынан трансляция (29 тамыз 2017 жыл)

Судья Дәурен Мәукеев сот отырысын бірден БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетовті тыңдаудан бастады. Жақсылық Жарымбетов бұған дейін де куәлік еткен. Бірақ Жанболат Мамай сотта сөйлегеннен кейін Жақсылық Жарымбетовті сотқа қайта шақырып, жауап алу керек деген Жанболат Мамайдың адвокаттарының ұсынысын судья Дәурен Мәукеев те қолдаған.

Әблязовтың ісі

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.

Жанболат Мамай сотта сөйлеген сөзінде бұрын-соңды Мұхтар Әблязовпен кездеспегенін, оны танымайтынын айтқан еді. Ал оған дейін сотта кугерлік еткен Жақсылық Жарымбетов «өзін Жанболат Мамаймен Мұхтар Әблязов таныстырғанын» айтқан болатын.

Бүгінгі сот отырысында адвокаттар мен прокурор Жарымбетовті жауапқа алып, Мұхтар Әблязовты қалай таныстырғанын нақтылауға тырысты.

Алайда Жақсылық Жарымбетов Жанболат Мамайды Мұхтар Әблязов сырттай таныстырғанын айтты.

- 2011 жылы Мұхтар Әблязов Жанболат Мамайды маған сыртынан, скайп арқылы таныстырды. Оған берілетін соманы бастапқыда Әблязовтың өзі айтты. Бірақ кейінгілерін өзім бердім. Өйткені Жанболат Мамай ол кезде қазіргі «Трибуна. Саяси қалам» газетін шығармаса да журналистік қызметпен белсенді шұғылданатынын білетінмін. Оның үстіне Жаңаөзен оқиғасы байланысты 2012 жылы өткен соттан кейін Жанболат Мамай қиналып жүрді. Сондықтан мен ол ақшаны өзіне көмек үшін бердім,-деді ол.

Жақсылық Жарымбетовтің сөзінен кейін айыптаушы прокурор «Жанболат Мамайға берілетін бастапқы соманы Мұхтар Әблязов белгіледі ме?» деген сұраққа ол «иә, бірақ қалғанын өзім бердім» деп жауап берді.

Осы кезде сөз алған Жанболат Мамай өзінің «Әблязовпен ешқашан кездеспегенін, оны танымайтынын» тағы қайталады.

Осыған дейінгі сот отырыстарында куәлік еткендердің бірі, Жақсылық Жарымбетовтың бұрынғы күйеу баласы Ғалымжан Аханов «Жақсылық Жарымбетов Жанболат Мамайға арналған ақшаны бірнеше бөлікке бөліп бірнеше жыл ішінде берді» деген мағынадағы пікірін айтқан еді.

Оқи отырыңыз: Сотта «Мамайға ақша апарған» куәгер сөйледі

Жақсылық Жарымбетовтің куәгерлігінен кейін судья Дәурен Мәукеев қылмыстық іс бойынша тіркелген барлық материалдарды тізіп шықты да жарыссөз басталатынын жариялады.

Жанболат Мамай және оның адвокаттары Жанар Балғабаева мен Мәдина Бакиева жарыссөзге дайындалуға мұрсат беруді сұрады. Судья Дәурен Мәукеев сотқа қатысушылармен кеңесіп, келесі сот отырысын қыркүйектің 4-іне белгіледі.

Айыптаушы прокурор жариялаған айыптау актісіне қарағанда, Мұхтар Әблязов жымқырған қаржысының ізін жасыру мақсатында "2011-2014 жылдары БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары, сол кезде шетелде болған Жақсылық Жарымбетов арқылы Жанболат Мамаймен байланысқан. Жарымбетов Мамаймен Scype арқылы байланысқан және үшінші адам арқылы 110 мың доллар көлемінде қаржы берген. Мамай қаржыны газет шығаруға жұмсаған".

Жақсылық Жарымбетов БТА Банктің бұрынғы басшысы, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің ісі бойынша биыл шартты мерзімге сотталған. Бірнеше жыл шетелде жүрген ол биыл қаңтар айында Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланған.

Жанболат Мамай өзінің Мұхтар Әблязовпен қандай да бір байланысы барын жоққа шығарады және айыптың саяси астары бар дейді. Өзін "Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басты саяси қарсыласы" деп санайтын Мұхтар Әблязов та істің саяси астары бар деп есептейді.

Жанболат Мамайдың соты биыл тамыздың 14-іне басталған.

«Трибуна. Саяси қалам» газеті бас редакторының міндетін атқарушы, 28 жастағы Жанболат Мамай 2017 жылы 10 ақпанда сот шешімімен қамалған.