Ауыл тұрғыны «күш қолданған» полицейді жазалауды талап етеді

Нұра ауданы учаскелік полицейіне қарсы арыз түсірген Заречное ауылы тұрғыны Айнагүл Кенжетаева. Қарағанды, 18 қазан 2016 жыл.

Қарағанды облысындағы ауылда тұратын әйел сотқа мәжбүрлеп әкеле жатқан кезде дөрекілік танытып, өзіне зақым келтірген учаскелік полицейді жазалауды талап етеді. Алғашқы сот әйелдің жарақатын «жеңіл» деп бағалап, полицейді ақтаған.

«АБАЙСЫЗДА» ЖАРАҚАТТАУ

Қарағанды облыстық сотында осы өңірдің Заречное ауылы тұрғыны Айнагүл Кенжетаеваның Нұра ауданының учаскелік полицейі Сергей К.-нің үстінен түсірген талап-арызын тыңдау басталды.

Сотқа ұласқан жанжал биыл жазда болған. Ауылда кезекте тұрған кезде біреулермен сөзге келіп қалған Айнагүл Кенжетаеваның үстінен полицияға арыз түскен. Екі баланың анасының айтуынша, ол кезекте тұрған әлдебір әйелге араша түскен, бірақ «дауыс көтермеген» және ешкімді кемсітіп, қорламаған. Алайда енді араша түскенінің зардабы өзіне тиіп жатыр.

Маусымның 21-і күні Айнагүл Кенжетаеваға қатысты оның әкімшілік заң бұзғаны туралы хаттама толтырылған. Ал бірнеше күннен кейін Айнагүл Кенжетаева полицей Сергей К.-нің әрекетін заңсыз деп жариялайды.

- Заң бұзушы ретінде мені сотқа жеткізу үшін әлгі учаскелік полицей жұмысыма келіп, мені көлігіне дөрекілікпен күштеп отырғызды. Қатты психологиялық және эмоциялық күйзеліске ұшырадым, қорландым, полицей қолымды қатты қысқаннан қолым ауырып, бірден көгеріп, қанталап кетті. Сотқа шақыру қағазы келген жоқ, сондықтан оның көлігімен барудан бас тарттым. Сотқа өз адвокатыммен барамын деп едім, ол «онда қолыңа кісен салып, көлікке күштеп отырғызамын» деді. Оның суық жүзін көріп көлігіне отырудан қорықтым. Сосын ол мені шап беріп ұстады да, қолымды күшпен қысып, көлігіне сүйрей жөнелді. Жалынғанымды да, жылағанымды да елемеді, - дейді Айнагүл Кенжетаева.

Кенжетаеваның ісін қараған әкімшілік сот әйелдің әрекетінде «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік заң бұзушылық жоқ деп тауып, іс өндірісін тоқтату туралы қаулы қабылдаған. Бірақ өзін зардап шегуші санаған әйел полицейдің үстінен шағымданған. «Қасақана жеңіл дене жарақатын салу» бабы бойынша қозғалған істі тыңдаған Нұра аудандық соты учаскелік полицей Сергей К.-ны кінәсіз деп танып, қыркүйекте қылмыс құрамы жоқ деген уәжбен оны ақтайтын үкім шығарған.

Айнагүл Кенжетаеваның апелляциялық арызы қаралып жатқан Қарағанды облыстық сотының ғимараты. Қарағанды, 19 қазан 2016 жыл.

Сот жәбірленуші Айнагүл Кенжетаеваның оң бұғанасы тұсындағы қанталау түріндегі болмашы дене жарақатын «полицей сотқа әкелу үшін қызметтік міндетін атқару кезінде жәбірленушінің қолын ұстау арқылы абайсызда салған» деп санайды. Бұған қоса, сот ақталған полицейге «қылмыстық жауапқа заңсыз тартуды талап етуден келген зиянды өндіріп алуға құқығыңыз бар» деп түсіндірген әрі сот-медициналық сараптама шығынын Айнагүл Кенжетаевадан өндіру туралы қаулы шығарған.

Полицей «қызметтік міндетімді орындау мақсатында Нұра аудандық сотына әкелу үшін маусымның 24-і күні Кенжетаеваның жұмысына бардым» деп мәлімдеп, тағылған айыпты мойындамаған. Оның айтуынша, Кенжетаева сотқа барудан бас тартқан, бірақ «бірнеше мәрте түсіндіргеннен кейін ойланып, біреуге телефон соғып, айғайласа бастаған, сотқа барудан бас тартқан, кіреберіс есіктің тұтқасына жармасқан». Сол кезде ол әйелдің есікке жармасқан қолынан тартып, «жедел әрекет ету жасағын шақыруға мәжбүр болған». Біраздан кейін Кенжетаева оның көлігіне отырып, екеуі аудандық сотқа барған. Полицей бұл түсініктерінде әйелге ешқандай қысым жасамағанын айтады.

Азаттық тілшісі Сергей К.-ден болған жайтқа қатысты позициясын айтып беруді сұраған еді. Бірақ ол оны айтып беруден бас тартты.

МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ НОРМАЛАРЫ

Айнагүл Кенжетаеваның адвокаты алғашқы сот инстанциясы учаскелік инспектордың әрекетіндегі көптеген заң бұзушылықты елемеген деп санайды. Кеше іс бойынша апелляциялық сот басталған кезде Кенжетаеваның адвокаты:

- Мысалы, хаттама маусымның 21-і күні толтырылған, ал оны учаскелік полицей үш күннен кейін ғана сотқа жолдаған. Ал бұл заңға қайшы саналады. Әрі ол күш көрсете бастаған. Кенжетаева ешқандай шақырту қағазын алмаған. Олай болса, полицей оны қандай негізде күш қолданып, көлігіне отыруға мәжбүрлеген? Учаскелік полицей қызметтік өкілеттігін асыра қолданған, сондықтан жазаға тартылуы тиіс, - деді.

Учаскелік полицейдің адвокаты оның клиентін жазықсыз деп таныған алғашқы сот шешімін әділ үкім санайды. Полицейдің адвокаты «жауапкер өзі туралы баспасөзде жазылғанын қаламайды» деген уәжбен ақпарат құралы өкілдерін сот залынан шығарып жіберу туралы өтініш берді. Сот процесті жабық түрде өткізуге негіз жоқ деп түсіндіріп, өтінішті орындаудан бас тартты.

Клиентім – жұмысын жақсы білетін, дауыс көтермейтін, күш қолданбайтын интеллигент әрі сауатты адам. Мына істе жеке айыптаушы тарапынан бағынбаушылық болған, ол жөнсіз қылық көрсеткен. Сондықтан ол күш қолдануға мәжбүр болған.

- Клиентім – жұмысын жақсы білетін, дауыс көтермейтін, күш қолданбайтын интеллигент әрі сауатты адам. Мына істе жеке айыптаушы тарапынан бағынбаушылық болған, ол жөнсіз қылық көрсеткен. Сондықтан ол күш қолдануға мәжбүр болған. Менің қорғауымдағы адам әлгі күшті әдейі, қасақана қолданды деп айта алмаймыз. Өкінішке орай, Кенжетаева өзін дұрыс ұстамаған, - дейді сотта учаскелік полицейдің адвокаты.

Оның сөзінше, Айнагүл Кенжетаеваның ісінде сотқа шақырту қағазы қажет болмаған.

Судья тараптардың уәж-дәйектерін тыңдап болған соң «қосымша материалдар сұрату керек» деп, үзіліс жариялады. Апелляциялық шағымды қарау қазанның 26-сы күні жалғасады.

Айнагүл Кенжетаева көмек сұрап Қазақстандағы адам құқығы бюросына жүгінген. Сотқа осы бюроның өкілі қатысып жатыр. Бірақ бұл іс әлі бітпейтін сияқты. Қарағанды облысы Нұра аудандық ішкі істер бөлімінде «Билік өкілінің заңды талабына немесе бұйрығына бағынбау» бабы бойынша Айнагүл Кенжетаеваға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.