«Әлеуметтік араздықты қоздырушыларды» табайық!

Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев (мәдениет және ақпарат министрі кезіндегі суреті). Вена, 26 шілде 2007 жыл. (Көрнекі сурет)

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш оқиғаны ғана айтайын.

І. ЕРМҰХАМЕТ ЕРТІСБАЕВ

Құдайға шүкір, Қазақстанда бұл аптада қылмыстық кодекстің 164-бабы 3-бөлімімен - «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген баппен жаңадан ешкім айыптала қойған жоқ.

Оның есесіне Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев бірнеше ақпарат құралын осы жаңа да әмбебап бапқа тобымен әкеліп «мінгізіп» қойды.

«Республика» порталы мен газетін, «Взгляд» газетін, «К+» және Stаn.TV телеарналарын Әблязовтың көптен бері қаржыландарып отырғанын», «Әблязов медиахолдингінің мақсаты – Қазақстандағы мемлекеттік-саяси құрылымды түрлі-түсті революциялар, жаппай тәртіпсіздіктер, хаос пен зорлық-зомбылық арқылы құлату» екенін айтқан Ермұхамет Ертісбаев:

- «К+» интернет-телеарнасына қарасаңыз, онда үнемі «сән-салтанатқа бөленіп жатқан бай Астана» мен «ақшасының қызығын шенеуніктер мен олигархтар көріп жатқан кедей мұнайшылар» тақырыбы сөз болады. Яғни ылғи билікке, астанаға, мемлекеттік-саяси элитаға деген жеккөрінішті қоздырып, сепаратизмге, әуелі

Саяси эмигранттар Әкежан Қажыгелдин мен Мұхтар Әблязов «К-плюс» телеарнасына сұқбат беріп отыр. Лондон, 13 наурыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет).

аймақтық, содан кейін бүкілхалықтық бүлікке ашық шақыру тіке және жанама түрде мақұлданып отырады. Әлеуметтік жек көру мен дұшпандықты насихаттау анық көрініп тұр. Оны бұқаралық ақпарат құралы арқылы іске асырып отырғандықтан әлеуметтік араздықты қоздыратын сөздерді ауқымды аудитория естуі әбден ықтимал, - деді.

Ұмытпасам, Жаңаөзен оқиғасы болған күннің ертеңінде сол қаладағы Қазақстан азаматтарын әлеуметтік тұрғыда жіктеп, «толық» (тұрғылықты) және «басқа жақтан келгендер» (оралмандар) деп бөлген адамның аты-жөні де Ермұхамет Ертісбаев емес пе еді?

– Жаңаөзендегі оқиғаның шектеулі ғана сипаты бар. Халықтың көбі біздің президентті қолдайды. Оған қоса Маңғыстау облысындағы тәртіпсіздікке қатысты адамдарды Қазақстанның толық азаматтары деуге болмайды. Тәртіпсіздікті ұйымдастырған – Жаңаөзенге Түркіменстаннан мен Өзбекстаннан келген адамдар, – деген еді ол кісі.

Енді бір Ермұхамет Ертісбаев деген азамат қаңтардың 12-сі күні Лондондағы Корольдік халықаралық қатынастар институтында сөз сөйлеп, «Қазақстан Ұлттық қорда жиналған 70 миллиард АҚШ долларының енді өнеркәсіпті диверсификациялау мен әлеуметтік бағдарламаларды дамытуға жұмсай бастайтынын» айтып:

- 20 жыл бойы жасалған реформалардан кейін айығатын кез келді, олигархтар қоғаммен бөлісу керек екенін түсінулері тиіс, - деп мәлімдеген.

Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев қалай ойлайды екен: «әлеуметтік араздықты қоздырған» айыпкерлердің тізіміне оралмандарды кемсітетін, олигархтарды көре алмайтын осы «Ертісбаевтар» да қосылмай ма?

ІІ. АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ

Ақпанның 25-і күні тағы да Алматыдағы Абай ескерткіші маңында «Қарсылық жиыны» өтіп, бірнеше жүздеген адам жиналып, президент Назарбаевтың атына сын айтып, мұң-зарларын қара өлеңге қосты.

Байқап отырсам, соңғы кездері біреу-міреу «Абайдың ескерткішіне барасың ба?»

Оппозиция наразылық митингісін өткізбек болған Абай ескерткішін қоршауға алған полиция. Алматы, 28 қаңтар 2012 жыл.

деп сұраса, сол адам маған «Қазақстандағы мемлекеттік-саяси құрылымды түрлі-түсті революция, жаппай тәртіпсіздік, хаос пен зорлық-зомбылық арқылы құлатпақ болып жүрген» жан болып елестейді.

Негізі, Абай атамызды Ертісбаев мырзаның есіне түсірмей-ақ қояйын деп едім – ол жарықтықтың өзінде де кінә бар.

Өйткені сөзі «әлеуметтік араздықты қоздыру» жайлы бапқа сай келе кететін адамның бірі - Абай. Басқасын айтпағанда, «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» деген өлең жазып, бай мен кедейді бір-біріне шағыстырмақ болғанының өзі неге тұрады:

«Қар жауса да, тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы».

Немесе:

Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай,
Артық қайыр артықша қызметке орай.
Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін құдайым-ай!

Мінеки, бұл шумақтарда «сән-салтанатқа бөленіп жатқан бай Аст...»... бай да бар, «ақшасының қызығын шенеу...»... бай көріп жатқан кедей де бар.

Абай марқұм ылғи билікке, астанаға (яғни бай үйіне), мемлекеттік-саяси элитаға (яғни байдың отбасына) деген «жеккөрінішті қоздырып, сепаратизмге, әуелі аймақтық, содан кейін бүкілхалықтық бүлікке ашық шақыруды тіке және жанама түрде мақұлдап отыр».

Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев қалай ойлайды екен: егер азамат Абай Құнанбайұлы қылмыстық кодекстің 164-бабы 3-бөлімімен - «әлеуметтік араздықты қоздырды» деп айыпталса, ол марқұмның Алматыдағы наразы жұртты магниттей тартатын ескерткіші тұра бере ме?

ІІІ. «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН»

Еуропада дағдарыстың сыбысы шыққалы бері «Егемен Қазақстан» газеті де әлеуметтік айырмашылық мәселесіне көп көңіл аударатын болып кетті. Тек осы аптаның өзінде «экономикасы тұралап, ереуілден көз ашпай жатқан» Еуропаға үш мақала («Испания иірімі», «Әлем экономикасы тығырықта тұр», «Португалия: Тұйықтағы елдің тақсіреті») арнады.

Бірінші мақала «Испанияның дағдарысқа қалай ұрынғанын» айтумен басталып, одан соң:

Испания қалаларындағы наразылық шеруіне қатысқандар «Жетер енді!» деген ұран ұстап шықты. (Көрнекі сурет)

«Міне, осындай жағдайда өз еліміз Қазақстандағы қалыпты тұрмысымызға қарап, тәубе дейміз. Қазақстан Елбасымыздың көреген саясатының арқасында қалыптасқан Ұлттық қор қаржысы арқылы 2008-2009 жылдарғы қиын кезеңнен қысылмай шығып, қайтадан дамуға бет алған болатын» дей келе:

- Сонымен Қазақстанның дәл қазіргі қаржы-экономикалық жағдайы ойдағыдай. Біз үшін ең маңызды мәселе береке-бірліктің, сүттей ұйыған тыныштықтың болуы. Бұрын да осындай жағымды фактордың ықпалында дамып келген болатынбыз. Алдағы уақытта да осылай болады деген сенімдеміз, - деп аяқталады.

«Әлем экономикасы тығырықта тұр» деген мақала авторы: «Жаһандық экономикалық дағдарыстың беті қайтар емес. Дүние жүзінің білгір де білікті экономистері онымен күрестің тиімді жолын іздеп, титықтап бітті. Алайда, тығырықтан шығар соқпақтың сүрлеуі табылар емес» дей келе, Қазақстанның бұл дағдарысқа қарсы тұрар (әзірше жоқ) қаруын айтады:

– Елбасының биылғы жылғы Жолдауында атап көрсетілгеніндей, ел экономикасын алға бастыратын 11 ірі индустриялық жоба үстіміздегі жылы іске қосылмақ. Бұл жобаларға тартылған инвестиция көлемінің өзі 4,5 триллион теңгені құрап отыр. Ел экономикасының дамуына жаңа қарқын әкелетін осы ірі индустриялық-инновациялық жобалар қамтылады. Міне, әлемдік экономикалық дағдарысқа Қазақстан тарапынан берілетін жауап осындай.

Ал «Португалия: Тұйықтағы елдің тақсіреті» деген мақала дағдарыстан тентіреп кеткен Португалияны суреттей келіп, «шикізат ресурстарына бай, бір өзіне Батыстың бірнеше мемлекеттерін еркін сыйдыратындай алып даласы бар»

Қазақстан президенті Назарбаев Астанадағы облыс күндері көрмеге келгені туралы "Егемен Қазақстанның" мақаласы. Қазан, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның күні туғанын, «осы екі фактордың өзі Елбасының көреген саясатының арқасында экономикалық дүмпудің оянуына жол ашқанын», «енді Қазақстанның батыс пен шығысты жалғайтын алтын көпір елге айнала бастауының стратегиялық болашағы бұдан да зор» екенін айтады.

- Міне, осындай жағдайларды атап көрсете отырып, XV ғасырдан бастап дамыған Португалия мен енді ғана даму жолына түскен Қазақстанның жағдайын салыстыра келгенде атам қазақтың «дүние – кезек» деген сөзі еріксіз еске түседі. Қазіргі заман кезегі – бұл Қазақстанның кезегі. Біздің алдымызда жарқын болашақ ашылып тұр. Тек осыған тәубе деп береке-бірлігімізді арттырып, жұмыс істей берейік, - деп аяқталады мақала.

Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев қалай ойлайды екен: бұл мақалаларда «бай да берекелі» Қазақстан мен «кедей де берекесіз» Еуропаны салыстыру - аймақтық, бүкілхалықтық қана емес, халықаралық дәрежеде «әлеуметтік араздықты қоздыру» емес пе?