The New York Times басылымның жазуынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік бойынша бұрынғы кеңесшісі Джон Болтон өткен жылы Украинаға берілуі тиіс жәрдемнің тежелуі Трамптың өз саяси бәсекелесі Джо Байденге қатысты тексеру жүргізуді Киевтен талап етуімен байланысты екенін әзірге жарияланбаған кітабының қолжазбасында келтірген. Болтонның сөзінше, Трамп оған Украина билігі Джо Байден мен оның ұлының іс-әрекетін тексеруге көмектеспейінше, ол елге жәрдем беруді тоқтатып қойғанын айтқан деп жазады басылым.
АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Джо Байден 2020 жылы АҚШ-та өтетін кезекті президент сайлауына демократтар кандидаты болып қатысуға негізгі үміткерлердің бірі.
Украинаға жәрдемді Байдендерге қарсы тексерумен байланыстыру – импичмент туралы даулы істегі негізгі мәселелердің бірі. Трамптың қорғаушылары мен президенттің өзі Украинаға жәрдем мен тексеру арасында байланыс барын жоққа шығарады. Мұндай байланыс бары жайлы түрлі болжамдар айтылып келгенімен, осы уақытқа дейін куәгерлердің ешқайсысы оны растайтын куәлік берген жоқ.
Ақ үйде қалыптасқан тәртіп бойынша, президент әкімшілігінде бұрын жұмыс істеген не қазір қызметте жүрген, кітап жазуды қолға алған ресми тұлғалардың қолжазбасы, қызмет бабындағы құпия деректер жария болып кетпес үшін, алдын-ала тексеруден өтуі тиіс. Сол себепті Болтонның әлі жарияланбаған кітабының қолжазбасымен Ақ үй танысып жатыр деп жазады басылым.
New York Times газетінің жазуынша, ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесші қызметінде болған кезде Болтон Трамптан Украинаға бөлінген жәрдемді беруді бірнеше мәрте сұраған, бірақ президент көнбеген. Ақыр соңында өткен жылы қыркүйектің 10-ы күні Трамп Болтонды қызметінен босатқан.
Болтонның адвокаты Чарльз Купердің әлі Ақ үйдің тексеруінен өтпеген кітап қолжазбасының баспасөз өкілдерінің қолына тигенін сынауы басылым жариялаған ақпаратты растағандай болды. Қаңтардың 26-сы күні Купер АҚШ ақпарат құралдарына қолжазбаны 2019 жылы желтоқсанның 30-ы күні қауіпсіздік комитетінің қарауына жібергенін айтты.
"Өкінішке қарай, бүгін The New York Times басылымында жарық көрген мақаладан әлі жарияланбаған кітапты тексеру процесінде қателіктерге жол берілгенін, қолжазбаны қарауға жауапты адамдардың бұл ақпаратты сыртқа шығарғанын көріп отырмыз" деді Купер.
Ал президент Трамп болса Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына "Болтонға Украинаға жәрдем демократтардың, соның ішінде Байденнің ісін тексерумен байланысты деп ешқашан айтқан жоқ" деп жазды.
Бұған дейін Өкілдер палатасындағы демократтар президент Трампты "қызмет құзыретін асыра пайдаланды, Конгрестің жұмысына кедергі келтірді" деп айыптаған. Қазір Сенатта президентке тағылған айыптың рас-өтірігін анықтап, оған импичмент жариялау не қызметінде қалдыру туралы соңғы шешім қабылдау үшін тыңдау өтіп жатыр.
Болтон атқарушы биліктің ішкі коммуникациясының құпиялығын алға тартып, Трампқа импичмент мәселесіне байланысты Өкілдер палатасына куәлік беруден бас тартқан еді. Бірақ бұл мәселе Сенатқа жеткен кезде ол егер өзіне шақыру келетін болса, куәлік беруге дайын екенін мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Конгрестің төменгі палатасы Трампқа сенімсіздік білдірдіБолтонның қолжазбасына байланысты жаңа ақпараттың тарауы демократтарға Сенаттағы тыңдауға қосымша куәгерлерді, соның арасында Болтонды шақыру туралы мәселе көтеруіне ілік болуы мүмкін. Ол үшін сенаторлар көпшілік дауыспен тиісті шешім қабылдаса жеткілікті. Алайда Сенатта Трампты қолдайтын республикашылдар үлесі басым болғандықтан, олар жаңа куәгерлерді шақыруды қажет деп таппауы да мүмкін.
Сенатта импичмент мәселесі бойынша өткен тыңдауда АҚШ президентін қорғаған топ қаңтардың 25-і күні Трамптың Украинаға көмек пен тексерулерді өзара байланыстырғанын растайтын дәйектер жоғын мәлімдеген.
2019 жылғы федералды бюджетте жүздеген миллион доллар мақұлданған. Трамп әкімшілігі бюджетті бекітетін Конгреске Украинаға ақпанның 28-і және мамырдың 23-і күні көмек беретінін екі рет айтқан. Бірақ Ақ үй аталған екі мерзімде де Украинаға берілетін қаржының уақытынан неге кешіктірілгенін түсіндірмеген.
Болтон Трамп Киевке 391 миллион доллар көлемінде әскери көмек берген қыркүйектің 11-інен бір күн бұрын Ақ үйден кетіп, президенттің көмекшілеріне импичментке байланысты тыңдауға қатысуға тыйым салғанына қарамастан, Сенатқа түсініктеме беруге дайын екенін білдірді.
Сенат тыңдауына Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің арасында шілденің 25-і күні болған телефон әңгімесі негіз болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп пен Зеленский не туралы сөйлесті?Телефон әңгімесінің стенограммасына сәйкес, АҚШ президенті украиналық әріптесін 2020 жылы қарашада өтетін президент сайлауында саяси бәсекелесі болуы мүмкін бұрынғы вице-президент Джо Байденнің ісі бойынша зерттеу жүргізуді сұраған. Байден вице-президент қызметінде болған кезде оның ұлы Хантер Байден украиналық энергетикалық компанияның директорлар кеңесінің ақылы мүшесі қызметін атқарған.
Трампты сынаушылар Киевке уәде етілген әскери көмек Украина билігіне ықпал ету үшін кешіктірілген деп есептейді.
Сенаттағы азшылықтың басшысы демократ Чак Шумер Twitter парақшасына "Джон Болтонның дәлелі бар. Джон Болтон, [Ақ үйдегі штаб бастығының қызметін атқарушы] Мик Малвани және президент Трамптың әр қадамын жақсы білетін басқа тұлғалар Сенат тыңдауында жауап беруі үшін кемінде төрт республикалық өкіл қолдау көрсетуі керек" деп жазды.
Сенат тыңдауында куәгерлерден түсініктеме алу үшін демократтармен бірге республикалық партияның кемінде төрт өкілі дауыс беруі керек. Бірақ СенаттаТрамптың жақтастары – республикалықтар басым дауысқа ие.
Азаттық Болтон қолжазбасының мазмұнын растай алмады. Болтон президент Трамппен келіспеушіліктен кейін қызметінен кеткен. Трамп оны жұмыстан шығарғанын, ал Болтон отставкаға кеткенін мәлімдеген.
Трамп заңбұзушылық болғанын жоққа шығарып, импичмент процесін "мыстан аулауға" балаған.
Импичмент бойынша тыңдаудың жалғасы қаңтардың 27-сіне жергілікті уақыт бойынша сағат 13-де басталады. Трамптың қорғаушылары дәйек келтіруді жалғастырады. Тыңдау басқа тәртіпте өтуі де мүмкін.