Батыс басылымдары бұл аптада Украинадағы соғыста Ресей күші басым түскен сайын Орталық Азияның Мәскеу алдындағы үрейі күшейіп жатқанын жазды. Сондай-ақ Қазақстан Қашаған жобасын игеруші шетел компанияларынан не себепті 150 миллиард доллар өндіргісі келетінін талдады. Одан бөлек Чехияның қауіпсіздік қызметі «Еуропарламент сайлауына әсер етпек болды» деп әшкерелеген кремльшіл басылым енді Қазақстандағы хостингтен жұмыс істей бастағанына тоқталды.
"РЕСЕЙДЕН ҮРЕЙЛЕНУ" ЖӘНЕ "АЙМАҚТА ҮСТЕМДІГІН КҮШЕЙТКІСІ КЕЛЕТІН" ПУТИН
Украинадағы соғыста Ресей басымдыққа ие бола бастағандықтан, Орталық Азия мен Кавказ елдерінің «Мәскеу елге қол сұғуы мүмкін» деген үрейі күшейе түсті, деп жазады Жапонияда шығатын Nikkei Asia басылымы.
Наурыз айында посткеңестік елдер мен Батыс мемлекеттерінің шенеуніктері және сарапшылар Тбилисиде жыл сайын өтетін Рондели қауіпсіздік конференциясында бас қосты. Мақала авторы, басылымның комментаторы Хироюки Акитаның жазуынша, конференция басында және үзіліс кезінде қатысушылар Украинадағы соғыста Ресей басымдыққа ие бола бастағанын айтып, қаһарға мінген Мәскеу қарымта қайтаруға көшуі мүмкін дескен. Көптеген қатысушы Ресей олардың ішкі ісіне араласуы ықтимал деген алаңдаушылықты жеткізді. «Кейбіреулердің ойынша, Ресей президенті Владимир Путиннің ашуына ілікпес үшін сақ қимылдаған жөн».
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дипломатиялық кездесулерді көбейткен Орталық Азия Мәскеуді ығыстыра ала ма?Автор 2023 жылдың жазына дейін Орталық Азия соғысқа басқаша көзбен қарайтын дейді. Ресей әскері қиын жағдайда болғандықтан олардың посткеңестік елдердің ішкі ісіне араласуға шамасы жоқ еді. Орталық Азияның бес елі Ресей ықпалынан шығуға тырысып, Нью-Йоркте алғаш рет АҚШ президенті мен аймақ басшыларының саммиті, кейінірек Берлинде Германия мен Орталық Азия жетекшілерінің саммиті өтті.
Алайда Украинаның қарымта шабуылы тоқтап қалып, АҚШ-тың Украинаға әскери көмегі қысқарған соң, ахуал өзгерді. Басылымның комментаторы АҚШ-тағы президент сайлауында Украинаны қолдау керек дегенге күмән келтіретін Дональд Трамп жеңсе, Ресей әскері алға басуы мүмкін дейді.
Акитаның пайымдауынша, Ресей бұрынғы совет республикаларына бақылауды күшейтіп жатқанын әйгілейтін белгілер байқалады. Совет Одағы кезінде жоғары лауазымды қызмет атқарған адам басылымға «Орталық Азия мен өзге елдер Мәскеумен қарым-қатынасқа басымдық беруі үшін Путин оларға қысым көрсетіп жатқанын» мәлімдеді. Автор бұл әсіресе Ресеймен 7600 шақырым шекарасы бар Қазақстанға қатысты дейді. Былтыр қарашада елге келіп кеткен Путин Қазақстан мен Ресейді «ең жақын одақтастар» деп атаған.
«Ресей Украинадағы соғысқа көп әскери ресурс жұмсады, бұрынғы сателлиттерге басып кіруге күші аз. Дегенмен Совет Одағы кезінде қызмет атқарған шенеунік Путин режимі саяси және ақпараттық амал арқылы “бұл елдердің ішкі және әлеуметтік мәселелеріне араласып, ахуалды тұрақсыздандыруы мүмкін” екенін айтты».
«Ресей Украинада жеңсе, ол саяси және әскери әдістер арқылы бұрынғы совет блоктарына үстемдігін жүргізуге тырысатыны сөзсіз, − деді Грузияның Еуропа және еуроатлантикалық интеграция мәселесі жөніндегі бұрынғы министрі Алекс Петриашвили. – Алдымен Молдова мен Грузия нысанаға алынуы мүмкін. Путин сондай-ақ Орталық Азия мен бүкіл Оңтүстік Кавказға бақылау орнатқысы келеді».
«Совет Одағын қалпына келтірген күннің өзінде Путин мұнымен тоқтап қалмай, ары қарай Балтық елдеріне барады. Сондықтан әлем Украинаға қолдау көрсетіп, оның жеңілуіне жол бермеуі керек», деді Петриашвили.
ҚАШАҒАННАН "ЖОҒАЛҒАН КІРІСТІ" ТАЛАП ЕТКЕН АСТАНА
Мұнай-газ саласы жайлы жазатын Upstream Online басылымы Қазақстан үкіметі Қашағанды игеруші консорциумнан өндіріп алғысы келетін өтемақы сомасын 150 миллиард долларға жеткізгеніне назар аударды. Үкімет жобаның үстінен халықаралық арбитражға жаңа шағым түсірді, мұнай өндіру қарқынына көңілі толмайтын билік жобаға қысым көрсетуді жалғастырып жатыр, дейді басылым,
Bloomberg ақпарат агенттігі осы аптада құпия дереккөздерге сілтеме жасап, үкімет 138 миллиард доллар көлемінде жоғалған кірісті талап етіп отырғанын хабарлады. Бұл − үкіметке уәде етілген, бірақ кенішті игерушілер қол жеткізе алмаған табыс.
Консорциумға кіретін итальяндық Eni компаниясының өкілі Қазақстан билігі арбитраж процедурасын бастағанын, бірақ оның шарты құпия екенін айтты. Ол шағым және сұралған өтемақы сомасын негізді және қисынды деп есептемейтінін жеткізді.
Қашағанды игеруші North Caspian Operating Company консорциумы өз мәлімдемесінде «Қазақстан мен North Caspian-ның өнім бөлінісі келісімі жөніндегі мердігер компаниялары арасында («ҚазМұнайГаз» мұнай компаниясының еншілес ұйымы – «ҚМГ Қашағаннан» өзге) өнім бөлінісі шарттарына қатысты бірқатар дау бар. Бұл дау өнім бөлінісі келісіміне сәйкес арбитраж және сараптама арқылы шешілуі керек».
Қашағанды игеруші NorthCaspian Operating консорциумына Eni мен «ҚазМұнайГаздан» бөлек Shell, TotalEnergies, ExxonMobil, China National Petroleum Corporation мен Inpex кіреді.
Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, Қазақстан билігі Қашағанда мұнай мен конденсат өндіру көлемі бастапқы кестеде көрсетілген деңгейге көп жыл бойы жеткізілмей, қайта-қайта кейінге шегеріле бергеніне наразы. «Жоғалған кіріс» − іс жүзінде өндіріліп жатқан мұнай көлемі мен бастапқы жоспар арасындағы айырма.
Қазақстан Қашаған кен орнынан 2005 жылдан бастап мұнай өндіруді жоспарлады. Бірақ әртүрлі себептерге байланысты бұл мерзім шегеріліп, кен орны тек 2016 жылы іске қосылды. Жұмыс істей бастаған бетте түрлі техникалық қиындыққа тап болды.
Былтыр сәуірде энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев билік Қашаған мен шетел акционерлерінің үстінен халықаралық арбитражға 13 миллиард доллар сомаға шағым түсіргенін хабарлады.
Атыраудағы Petrocouncil энергетика ұйымының төрағасы Асылбек Жәкиев басылымға берген сұхбатында билік шетел акционерлерінің арасында жобаның болашағы жайлы келісімнің жоқтығын және мақұлдау процесі тым ұзаққа созылатынын көріп, әрекет ете бастады деп есептейді.
«Қашаған жобасына өз өкілдерін әр 3-4 жыл сайын ауыстыратын және пікірі бір-біріне қайшы акционерлер тобы емес, жалғыз ірі акционер керек», дейді ол.
Жәкиевтің ойынша, Қашағанның мажоритар акционері атануға Eni-дің мүмкіндігі бар, себебі «үкімет экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында қол қойған өнім бөлінісі жайлы келісімшарттан көбірек кіріс көріп, тиімді шартқа қол жеткізу үшін оны қайта қарастыруға мүдделі».
ЕУРОПАДАН ҚУЫЛҒАН КРЕМЛЬШІЛ МЕДИА ПЛАТФОРМА ЖҰМЫСЫН ҚАЗАҚСТАННАН ЖАЛҒАСТЫРЫП ЖАТЫР МА?
Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы жақында Чехиядан қуылған кремльшіл Voice of Europe медиа платформасы Қазақстанда тіркелген серверден жұмысын жалғастырғанына назар аударды.
Жақында Еуропадағы ақпарат құралдары Еуропарламент сайлауының алдында Еуроодаққа мүше елдердің әсіреоңшыл саясаткерлерін Voice of Europe медиа платформасы ілгерілете бастағанын жазды. Чехияның және Польшаның қауіпсіздік қызметі бұл медиа платформаның мақсаты Еуропарламент сайлауына әсер ету болғанын, ал оның артында Ресей президенті Владимир Путиннің досы, олигарх Виктор Медведчук пен оның серігі Артем Марчевский тұрғанын анықтады. Наурыз айының аяғында Чехия билігі Прагада орналасқан Voice of Europe медиа платформасына қатысы болғаны үшін оларды санкция салынған тұлғалардың тізіміне қосты.
Чехия мен Польша билігі медиа платформаны әшкере еткен соң сайт жұмыс істемей қалған. Алайда Euroactiv басылымы сайттың IP-адресі 10 сәуір күні жаңартылып, енді ол Қазақстандағы ghost.kz сайты мен бұлт сервисінде орналасқанын жазды. Сайт 11 сәуірден бастап қайта жұмыс істей бастады.
BNE Intellinews-тің жазуынша, Қазақстан санкцияны айналып өткісі келетін көптеген Ресей компаниясы үшін қолайлы орын. «Бұған дейін ел Ресейге салынған санкцияларды айналып өтуде маңызды рөл ойнағаны үшін сынға қалды».