Назарбаев жалғыз түскен сайлау туралы заң ел тәуелсіздігін жариялардан екі ай бұрын қабылданды

Алматыдағы тұңғыш президент саябағындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші. Азаттық архивіндегі фото.

1991 жылы күзде "Қазақ ССР президентін сайлау туралы" заң қабылданды. Вице-президент қызметі бекітілді. Президент Назарбаев сайлауға жалғыз кандидат болып тіркелді және парламенттің дауыс беруімен биліктің кей тармағының басшысын ауыстырды. Ол ұсынған кандидаттың біреуі билікке өте алмады.

Бұл – мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданғанына бір жыл толар қарсаңда болған оқиға.

1991 жылғы 16 қазанда қабылданған "Қазақ ССР президентін сайлау туралы" заң негізінде сол жылы 1 желтоқсанда жалпыхалықтық сайлау өтіп, сайлауға баламасыз, жалғыз өзі түскен кандидат Нұрсұлтан Назарбаев президент болып сайланды. 16 желтоқсанда Қазақстан да өз тәуелсіздігін жариялады.

Азаттық радиосының әр жылдарғы хабарына арналған шолу – "Азаттық толқыны" подкасында осы заңды қабылдау кезіндегі дау-дамай және Назарбаев ұстанымының қайшылығы жайлы айтамыз.

Your browser doesn’t support HTML5

Назарбаевқа керек заң тәуелсіздік жариялардан екі ай бұрын қабылданды

САЯСИ АТМОСФЕРА

1991 жылы Мәскеуде Тамыз оқиғасы – ГКЧП бүлігі, қыркүйекте – Қазақстанда Жайық бойында Орал оқиғасы болды.

2 қазанда қазақтан шыққан алғашқы ғарышкер Тоқтар Әубәкіров СССР-дің соңғы ғарыш кемесімен көкке самғады. Ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сол жылы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы жиынында мұны ерекше атап, қазақ ғарышкерімен қазақ тілінде сөйлескенін айтқан. Сонда Азаттыққа сұхбат берген белгілі тілші-ғалым Әбдуәли Қайдардың сөзімен сипаттағанда, "қазақ тілі ғарыштан естілді". Алайда ғалым Байқоңыр айлағынан 30 жылдан соң ғана қазақ ғарышкерін ұшыру мүмкін болғанын айтты.

Бұл – Қазақстан басшыларының егемендікті, дұрысы егемендік декларациясын малданған кезі. Декларация Совет одағы аясындағы әрекетке негізделген егемендікті көздеді. Дегенмен кейінгі саясат тәуелсіздіктің бастауын осы қадаммен байланыстыруға тырысады.

Тағы бір оқиға, Қазақстан компартиясы 1991 жылы күзде тарап кетті. Лениндік коммунистік жастар одағы, яғни комсомол да соның кебін құшып, Қазақстанда жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитет деген атқарушы билік органы жаңадан пайда болды.

Бұл – қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар құрылып, құрылтай, іс-шараларын өткізіп, билікке талап қоя бастаған кез.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қоғамдық қозғалыстарды құптаған Жәнібековтің идеясы өзгерді ме?

1991 жылғы 16 қазанда Қазақстан парламенті – сол кездегі он екінші шақырылымдағы Жоғары кеңес сессиясында жалпыхалықтық дауыс беруге негізделген "Қазақ ССР президентін сайлау туралы" заң жобасы ұзақ талқыланып, айтыс-тартыспен қабылданды.

Содан бір жарым жылдай бұрын, 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ ССР-і президенті лауазымы жаңадан енгізіліп, Жоғарғы кеңес депутаттары бұл қызметке Қазақстан компартиясын 1989 жылғы маусымнан басқарып келген Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаған еді.

НАЗАРБАЕВ ҚЫСЫМ КӨРГЕН САЯСАТКЕР МЕ?

Парламенттің 1991 жылғы 16 қазандағы сессиясынан Азаттық радиосының Алматыдағы тілшілері Қиял Сабдалин мен Батырхан Дәрімбет (эфирдегі есімі – Батырхан Бозғұрт) репортаж әзірлеген.

Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі егемендік туралы декларация қабылдаған Алматыдағы бұрынғы парламент ғимараты. Азаттық архивіндегі фото.

Президент болатын адамға қойылатын шарттар осы заңның ең даулы тұсы болған. Ол кім, бұл не деген сұрақтарға заң жүзінде жауап беріп, бір ауыздан шешім қабылдау оңайға соқпаған. Саяси бағыт-бағдарына қарамастан, сол кездегі депутаттардың белсенділігі жоғары болған. Президент болуға кім лайық деген мәселе талқыға түскенде ол адамның ұлты, тілі, Қазақстанда қанша жыл тұрғаны қызу пікірталас тудырған.

Президентті айтқан соң, оның қай елдің басшысы екені аталуы заңды. Сонда оған дейін қолданылып келген Қазақ ССР атауы да айтыс-тартыс тақырыбына айналды. Ескі атаудан "советтік социалистік" дегенді алып тастап, "Қазақ республикасы" деп атауды ұсынған депутаттар да болды.

Парламент отырысына қатысқан сол кездегі президент Назарбаевтың өз пайымы қандай болған? Ол туралы саяси ортадағы көзқарас қандай еді? Оның ішкі, сыртқы саясаты қалай бағаланатын? Сайып келгенде бұл Назарбаевтың өзі туралы, оның билігіне халық тарапынан легитимдік беретін алғашқы заң болатын.

"Мәжілісте республика президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Ол кеудемсоқтық танытқан депутаттарға тойтарыс берді. Ол екі жақтан қысымға түсіп отырғандығын айтты. Бір жағынан қазақтың ұлттық байлығын сатып отыр, бұл – Мәскеудің адамы деген сияқты айыптаулар тағылатынын, екінші жағынан бұл – пантюркист, түрікшіл, Ұлы Түркістан мемлекетін құруды жоспарлап отыр деп тағы да айыпталып отырғанын білдірді. Кейінгі кезде АҚШ, Түркия басшыларымен, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур және Ұлыбритания басшыларымен жүргізіп жатқан келіссөздері туралы мәлімдеген Назарбаев әлгінде айтылған тараптардың ешқайсысын қолдамайтын тәптіштеп, нақтылап, нығыздап айтты", – деп хабарлаған Азаттық радиосы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сайлау мен Тәуелсіздіктен соң. Назарбаев ресми басылымнан бұрын шетелдік БАҚ-қа сұхбат берді

Бұл кезде Қазақстан әлі советтің жойқын қаруына ие ел болатын. Және 1991 жылдың күзінде Қазақстан парламентінде әлі тәуелсіздік туралы айтылмаған, президент сайлау туралы заң дау тудырып жатқанда Ресейдің өзі Совет одағынан тәуелсіздігін жариялап қойған еді. Қазақстан басшысы біртіндеп шет елдерге сапарға шыға бастаған кез. Сол сапарлардың бірінде оны кейбір ел басшылары қабылдап, кейбіреулері қабылдамағанын бұрын да айқанбыз.

"АЛДЫМЕН КОНСТИТУЦИЯНЫ ӨЗГЕРТУ КЕРЕК ЕДІ"

Азаттық тілшісі Қиял Сабдалин 1991 жылғы 16 қазанда парламент сессиясы арасындағы үзілісте депутаттарды да сөйлеткен. Солардың ішінде түйінді пікірдің бірі мынандай болып шыққан.

"Біз Конституцияға келмейтін нәрселерді талқылап, уақытты босқа өткізіп алдық. Алдымен Конституцияны өзгерту керек еді. Ал біз Конституцияны өзгертпей тұрып, мәселенің алдына шығып кеттік. Түсінбестіктіктің әсерінен шатасып, босқа отырып қалған жайымыз бар", – деген халық депутаты, жазушы Балғабек Қыдырбекұлы. Оның айтуынша, республиканың атын өзгерту оңай емес. Бұл – бір күнде талқылана салмайтын, керек болса, халық талқысына ұсынылуға тиіс мәселе.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақ ССР президентінен - Қазақстан президентіне

"Беларуссия ел атауын Беларусь республикасы деп өзгертті. Біздің де "Қазақ республикасы", "Қазақелі республикасы" деп атауымызға болады. Ал "Қазақстан республикасы" дегеніміз дұрыс болмас еді", – деген Балғабек Қыдырбекұлы.

Оның пікірінше, өзгерту керек болса, рәміздердің де бәрін өзгерту керек болатын.

"Мемлекеттің бірінші адамы "президент" сөзін "ордабасы" деп өзгертуге болар еді. "Министрлер кабинеті" деген сөзі "уәзірлер қаршысы" сөзімен алмастыруға болады", – деген Балғабек Қыдырбекұлы парламентте бұл мәселелердің көпшілік дауысқа ие болуы күмәнді екенін айтқан. Оның себебін парламентте қазақша сөйлейтін депутаттар үлесі 52 пайыздан аспайтындығымен түсіндірген.

"Мұндай парламентті таратып жіберсе де болар еді", – деп жеке ойын да айтқан Балғабек Қыдырбекұлы.

"БАСҚА АДАМНЫҢ ПРЕЗИДЕНТ БОЛУЫ МҮМКІН ЕМЕС"

Азаттық тілшісі сөйлеткен халық депутаттары арасында "президент" дегенде Назарбаев туралы сөйлегендер болған.

"Құқықтық мемлекет құрамын деген, конституциялық демократиялық мемлекет құрамын деген ел президентін жалпыхалықтық сайлаумен таңдағаны дұрыс. Халық елдің әлеуметтік, экономикалық мүддесін ойлайтын болса, Назарбаевтан басқа адамның президент болуы мүмкін емес. Илайым, әлі де талай ұл-қыздар туатын шығар, келешекте президенттікке таласатындар аз болмайтын шығар", – деген халық депутаты, мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев президент лауазымына сол кезде Назарбаевтан басқа адамның таласатын жөні жоқ деген ойын айтқан.

Халық депутаттарының кейбірі президент болатын адамға қойылатын талаптарды жіктеп түсіндірген. Азаттық тілшісі сондайда халық депутаты, тарихшы ғалым Манаш Қозыбаевтың пікірін сұраған.

"Бұл – Манаш Қозыбаевтың Азаттық радиосына тұңғыш рет сұхбат беруі", – деп атап өткен радио тілшісі Қиял Сабдалин.

"Президент сайлау туралы заң жобасының бірінші бабы әлі шикі. Өйткені қазақ мемлекетінің президенті қазақ даласының перзенті болуы керек. Ол өзінің ана тілін, қазақ мәдениетін, оның ой-сана, психологиясын ана сүтімен сіңірген перзент болуы керек", – деген Манаш Қозыбаев заң жобасының бірінші бабында Қазақстанда 10 жыл тұрған, қазақ тілін білетін кез-келген адам президент бола алады деп жазуға келіспейтінін айтқан.

Депутаттардың бірі, "Қазақстан әйелдері" журналының бас редакторы Алтыншаш Жағанова сайланбалы органға талаптанған адамдардың әйел мен баланы қорғау мәселесін ескермейтінін сынға алған.

Халық депутаттары арасында жастар ұйымының басшысы да болған. Ол президент сайлауын өткізу туралы қаулыға назар аударған.

"Кейбір депутаттар өзге егемен елдер өз президентін сайлап алды, біз қалып қойдық деп жатыр. Менің ойымша, бұл мәселеде социалистік жарысқа түскендей жарысудың қажеті жоқ сияқты. Бүгін президент сайлауы туралы да қаулы қабылдануы керек", – деген халық депутаты, Қазақ ССР жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Иманғали Тасмағамбетов. Ол да заң жобасының Манаш Қозыбаев айтқан тұстағы талаптарына келіспейтінін білдірген.

АЛТЫ ҰСЫНЫС – БІР НАЗАРБАЕВ

Азаттық тілшісі Қиял Сабдалин парламенттегі репортажын аяқтаған соң, бұл жұмысты одан ары қарай Батырхан Дәрімбет жалғастырған. Сессияда шешім қалай қабылданғанын көрген журналист Батырхан Дәрімбет депутаттардың қандай ұсыныс енгізгенін, оған қанша дауыс берілгенін де тізбелеп айтқан.

"Қазақстан президенті кім болуы керек деген мәселеге қатысты заңның бірінші бабына алты ұсыныс берілген, бірақ алтауы да өтпей қалды", – деп хабарлады Батырхан Дәрімбет. Айтуынша, бірінші ұсыныс – заңға президенттің ұлты қазақ болуы шарт деп жазу. Одан кейін президент қазақ болмаса да, қазақ тілін еркін меңгерген адам болуы керек деген ұсыныс та өтпей қалған.

Президент мемлекеттік тіл мен ұлтаралық тілді (орыс тілін) білетін адам болуы керек деген ұсыныс та қолдау таппаған. Бұдан басқа президент тек мемлекеттік тілді білсін деген ұсыныс та мақұлданбады. Қазақстан президенті Қазақстанда 20 жыл тұрсын деген талап та соның кебін құшты. Болашақ президент Қазақстанда туған адам болуы керек деген ұсыныс та өтпей қалған.

"Сонымен, Қазақстан жерінде 10 жыл тұрған, осы елдің кез-келген азаматы Қазақстан президенті болып сайлана алатын болды. Сөйтіп ұлтына қарамай, тіл білетін-білмейтініне қарамай Қазақстан азаматы болса, болды, кез-келген адам президенттікке түсе алады", – деп хабарлаған Азаттық радиосы.

Назарбаевтың биліктегі 30 жылы

Заң қабылданысымен іле-шала президенттікке кандидат та тіркеліп үлгерген. Ол адам – сол кезде осы лауазымды бір жарым жылдан бері атқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаев еді. Назарбаевтың кандидат болуына екі депутат қарсы дауыс беріп, төрт адам қалыс қалған. Депутаттардың бірі ақын Олжас Сүлейменовті де кандидат ретінде ұсынғанымен, ол саяси бәсекеге түсуден өзі бас тартқан.

Кейін сол жылы 1 желтоқсанға белгіленген тұңғыш жалпыхалықтық президент сайлауына жалғыз кандидат – 51 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев түскені белгілі. Кандидат болуға ынта білдірген адамдар тіркелуге шектеулі уақыт берілгені себепті, халықтан қажет 100 мың қол жинап үлгермеген.

ӘБДІЛДИН НАЗАРБАЕВ "ҚАТЕЛІГІНІҢ ҚАТЕСІ" МЕ?

1991 жылғы 16 қазанда Қазақстан Жоғарғы кеңесі сессиясында президент Назарбаевтың ұсынысымен жаңадан вице-президент қызметі енгізілді. Билік тармақтарының басшылары, премьер-министр мен Жоғарғы кеңес төрағасы ауысты. Жоғарғы кеңес төрағасы болған Ерік Асанбаев вице-президент лауазымына жылжыды.

Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы кеңесте сөйлеп тұр. Президиумда Ерік Асанбаев (сол жақта) пен Серікболсын Әбділдин отыр. 1990 жылдардың басында түсірілген фото.

Бір қызығы, парламент төрағалығына Назарбаев ұсынған Жоғарғы кеңес депутаты, Торғай облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкиннің кандидатурасы өтпей қалған.

Жоғарғы кеңес депутаттары заң шығарушы орган төрағасы лауазымына Серікболсын Әбділдин мен Сұлтан Сартаевты ұсынған. Сартаевтың кандидатурасы жеткілікті дауыс жинай алмай, Әбділдин сол сессияда парламенттің уақытша төрағасы болып бекітілді. Тұрақты төраға мәселесін қарастыру кейінге қалды.

"Нұрсұлтан Назарбаев сессияда вице-президент болуы керек деп есептейтінін айтып, ұсыныс жасап, вице-президент туралы қаулы қабылданды. Президенттің айтуы бойынша, президент басқа жаққа сапар шексе, демалысқа шықса немесе ауырып қалса, орнында вице-президент қалуы керек. Бұл ұсынысты депутаттар қолдады", – деп хабарлаған сол кезде Азаттық радиосы.

Назарбаев 2023 жылы жарық көрген "Менің өмірім" атты естелік кітабында Ерік Асанбаевты вице-президент қылғанын өзінің бірінші қателігі ретінде атады. Ал Асанбаевтың орнына Әбілдиннің бекігенін қателіктен туған қателік деді.

Осы кітабында Назарбаев вице-президент қызметі туралы былай жазған:

"...Біздің жағдайымызда бұл лауазымдағы адам негізінен хаттамалық сипаттағы шаруалармен шектелуге мәжбүр етілетініне тез арада өзімнің де көзім жетті... Вице-президент біздің президент пен премьердің арасындағы басы артық буын болып шықты. Кейінгі Конституцияда бұл қызметті билік құрылымнан алып тастауға шешім қабылданды".

Назарбаев алғашқы да соңғы вице-президент болған Ерік Асанбаевтың Германияда елші қызметінен келген соң өзіне деген көзқарасы өзгергенін жасырмайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алғашқы вице-президенттің соңғы жылдары

Назарбаев осы естелігінде Совет одағының соңғы басшысы Михаил Горбачевтың тұсында өзінің кандидатурасы СССР вице-президенттігіне ұсынылғанын да айтады. Бұл, әрине, Тамыз оқиғасына дейінгі гәп.

"Егер мен дауысқа салу тізімінен өз фамилиямды өз еркіммен алмасам, өтіп те кетер едім", – деп жазды Назарбаев. Мәселені ол сол қызметтің керексіздігімен түсіндірген. Ал бірақ Қазақстандағы жағдайда Назарбаевқа вице-президент лауазымын өзі парламентке қолқа салып бекітіп алып, кейін одан бас тартты.

Бұған қоса Назарбаев кітабында Әбділдинмен арамызда келісім болды, ол парламент төрағасы орынбасарлығын уақытша атқарып, президент сайланғаннан кейін басқа қызметке ауысуы керек болған деп жазды. Ол кейін Әбділдиннің депутаттарды "өз жағына тарта бастағанын" айтқан. "Біреуінің баласын жұмысқа орналастырып, біреуге кредит алып беріп дегендей көңілдерін таба берді", – деген Назарбаев Әбілдинді Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілі қызметінен өзі шақырғанын және депутаттыққа түсуге сеп болғанын жазған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың Әбділдин туралы, Әбділдиннің Назарбаев жайлы айтқаны

Қазақстан Жоғарғы кеңесі ел президентін жалпыхалықтық төте дауыс беру жолымен сайлау туралы заң қабылдаған сессияда президент Назарбаев 54 жастағы Ұзақбай Қарамановтың орнына премьер-министр қызметіне Сергей Терещенконың кандидатурасын ұсынды.

40 жастағы Терещенко керекті дауыс жинағанымен, қоғамдық ұйымдар оған қарсы болып, парламент алдында пикет ұйымдастырған. Азаттықтың хабарлауынша, олар пикетке "Нұрсұлтан, Желтоқсан қайталанбасын десең, райыңнан қайт! Терещенконы Шымкентке қайтар!" "ГКЧП-ны қолдаған Терещенконы үкімет басына қою – демократияға қастандық", "Жалған интернационализмнің күні өтті" деген талаптар айтып шыққан.

1991 жылғы қазанда "Қазақ ССР президентін сайлау туралы" заң қалай қабылданғаны жайлы Азаттық радиосы эфирінен берілген хабар жөнінде "Азаттық толқынында" подкасында толығырақ баяндалды.

Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәуелсіздіктің бір жылы, дағдарыс, Конституция жобасы. Назарбаев пен Әбділдин Азаттыққа сұхбатында не айтты?