Сайлау мен Тәуелсіздіктен соң. Назарбаев ресми басылымнан бұрын шетелдік БАҚ-қа сұхбат берді

Постсоветтік елдер басшылары (сол жақтан): Станислав Шушкевич (Беларусь), Ислам Каримов (Өзбекстан) және Нұрсұлтан Назарбаев (Қазақстан) Швейцария конфедерациясының президенті Рене Фельбермен бірге. Давос, 1 ақпан, 1992 жыл

Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктен кейін Азаттық радиосы және басқа да бірнеше шетелдік баспасөзге, кейіннен ресми басылымға сұхбат берді. Совет одағы ыдыраған соң екі ай өткенде Ресеймен ортақ әскер, ортақ валютадан дәмеленген ол халықтың әл-ауқатын көтеру және демократия жолымен даму жайлы айтқан.

Your browser doesn’t support HTML5

Тәуелсіздіктен кейін Назарбаев Азаттыққа сұхбатында не деді?

Алғаш президент болып сайланғанына екі ай толған Нұрсұлтан Назарбаев Азаттық радиосына, кейін ресми басылымға берген сұхбаттарында не айтты, неден мүдірді? Сол кездегі саяси оқиғалар сипаты мен саяси сарапшының пікірі қандай?

ШВЕЙЦАРИЯДА ДЕМОКРАТИЯ ЖАЙЛЫ АЙТЫЛДЫ

1992 жылғы 31 қаңтар – 4 ақпан аралығында сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Швейцарияға сапарлап, Давос экономикалық форумының 22-отырысына қатысқан еді. Бұл Назарбаевтың балама кандидатсыз өткен алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауынан кейін және Тәуелсіздік жариялағаннан бергі алғашқы ауқымды іс-шараларды қамтыған сапары болатын.

Қазақстан басшысы ел Тәуелсіздік алғанға дейін де Азаттыққа сұхбат беріп жүрген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алғашқы сайлауға дейінгі дәуір. Назарбаевтың Азаттыққа сұхбаты

1992 жылы ақпанда Азаттық радиосының қызметкері Өмірхан Алтын Швейцарияда Қазақстан президентінін алған сұхбат алдын ала жоспарланбаған. Назарбаев Азаттық журналисіне сұхбат берген кезде Қазақстан нарық экономикасына енді қадам басып жатқан еді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Азаттық радиосының қызметкері Өмірхан Алтын. Давос, Швейцария, 2 ақпан, 1992 жыл. Өмірхан Алтынның Facebook-парағындағы фото

Баға ырқына жіберіліп, ел қымбатшылық кернеген алғашқы айларды өткеріп жатқан. Сол кезде президент Назарбаев Азаттыққа берген сұхбатында мынандай жайларға тоқталған.

"Давосқа дүние жүзінің бизнесмендері, көп мемлекеттердің басшылары мен үкімет басшылары келіп жатыр. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін көп елдер бізбен жұмыс істегісі келіп жатыр. Бұл – үлкен жетістік. Бір уақытта бірнеше мемлекет басшыларымен кездесу мүмкін емес. Ал Давоста осы мүмкіндікті пайдаланып, көптеген адамдармен кездестік. Әсіресе, банк басшылары мен бизнесмендермен жүздесіп, олардың болашақта Қазақстанда атқаратын істері жөнінде келістік", – деген Назарбаев 1992 жылғы сұхбатында.

Қазақстан президенті Тәуелсіздікті жариялау мен нағыз тәуелсіздікке жету үшін едәуір уақыт қажет болатынын, көп жұмыс атқарылуға тиіс екенін айтқан.

"Біз көптеген ғасырлардан кейін тарихымызда бірінші рет тәуелсіздігімізді алып отырмыз. Нағыз тәуелсіз болу үшін экономикамызды, оның құрылымын жөндеуіміз керек, Қазақстандағы байлықтың барлығын халықтың қажетіне жарату керек, әл-ауқатын түзеу керек", – деген Назарбаев Қазақстанның бірден дербес әрекет ете алмайтынын айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Большевизм тәрбиелеген мінез-құлықтан арылмаған" Назарбаев және "Желтоқсан алаңы"

"Өйткені Қазақстанның экономикасын Совет үкіметі кезінде, 74 жыл ішінде басқа республикалармен байланыстырып қойған. Осы себептен олардан тез ажырап кетуге болмайды. Қазақстанға шетелдік инвестициялар келсе, жағдай жақсарады", – деген Қазақстан президенті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркістан одағы. "Сенім азайған" ТМД еске түсірген идея

Азаттық тілшісі Өмірхан Алтынның ТМД туралы сұрағына Нұрсұлтан Назарбаев былай деп жауап берген:

"Ол жөнінде әлі нақты ешнәрсе айтуға болмайды. Оның құрылғанына әлі екі ай да болған жоқ. Сондықтан бұрынғы одақтас республикалармен қарым-қатынасымызды түзеп, олармен жаңадан қарым-қатынас құру керек, мемлекетаралық қарым-қатынастарды реттейтін органдар құру керек. Қазақстанның саясаты және менің жүргізетін саясатым осы тәуелсіз мемлекеттердің арасындағы жағдайларды ешқандай жанжалға жол бермей, демократия жолымен, әлемдегі цивилизация жолымен реттеу керек".

"ҚАЗІР ҚАЗАҚСТАНҒА ӨЗ АҚШАСЫН ШЫҒАРУ ТИІМДІ ЕМЕС"

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Швейцарияға барғанда берген осы сұхбатында екі айға жуық уақыттың ішінде Қазақстанның тәуелсіздігін елуден астам мемлекет мойындап отырғанын айтады. Оның сөзінше, Қазақстан сол мемлекеттермен жеке дипломатиялық қарым-қатынас жасауға тырысып жатыр екен.

"Біздің республикамызда көптеген елдердің елшіліктері ашылады. Біз де көптеген мемлекеттерде елшілігімізді ашамыз. Әсіресе, бізбен экономикалық тұрғыдан жақын болып табылатын Түркия, Құрама Штаттар, Германия, Корея республикасы, Қытай сияқты елдермен қарым-қатынас жасаймыз", – деген Назарбаев.

Теңге қалай шықты? 1993 жылы Қазақстан Жоғарғы кеңесінің төрағасы болған Серікболсын Әбділдиннің әңгімесі (16 қараша, 2018 жыл)

Your browser doesn’t support HTML5

"Теңге құпия дайындалды" дегеннің сыры

Назарбаев Азаттық тілшісінің Қазақстанның өз әскері және ұлттық валютасы туралы сұрағына да жауап берген.

"Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін армияның барлығы сол елдің халқына, президентіне бағынышты болу керек. Қазақстан қазір нарықтық экономика құру жолында. Бірақ қазір Қазақстанға өз ақшасын шығару тиімді емес. Сондықтан қазіргі ақша – рубльмен қиын-қыстау тоқырау кезеңінен өтіп алуымыз керек. Бұл мәселе жайында кейінірек ойланамыз", – деген Назарбаев.

Өмірхан Алтын тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің президентіне шетел қазақтарының атамекенге оралуы жайында сұрақ қойған.

"Бұл жөнінде біз Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы заң қабылдаған кезде, миграция туралы заң қабылдаған кезде, азаматтық туралы заң қабылдағанда бір кезде шетке шығуға мәжбүр болған қазақтарға және олардың ұрпақтарына елге оралуға жағдай жасалады деп қарастырған болатынбыз", – деп жауап берген Нұрсұлтан Назарбаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Эмиграциядағы журналистика. Азаттықтың алғашқы қызметкерлері кімдер?

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы айларында президент Назарбаевтан Азаттық тілшісі алған бұл сұхбатта айтылған жайлар туралы саяси сарапшы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев онда айтылған жайлардың көбі жүзеге асқанымен, экономиканың әлі салмақты деңгейге жетпегенін сынады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәуелсіздіктің бір жылы, дағдарыс, Конституция жобасы. Назарбаев пен Әбділдин Азаттыққа сұхбатында не айтты?

Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, Қазақстанға елеулі мөлшерде инвестиция тартылғанымен, әлі күнге ел экономикасы тиісті деңгейде дамымай келеді. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанына 30 жылдан асса да, өз жеріндегі мұнайдың тек 30 пайыздан астамын ғана өзі өндіреді, қалғаны шетелдік компаниялардың қолында қалып отыр.

ДАВОС САПАРЫНЫҢ САРЫНЫ

Швейцариядағы Давос форумына алғаш барған кезде, бұрынғы компартия басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жалпыхалықтық дауыс беру жолымен президент болып сайланғанына енді ғана екі ай болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Президенттің бір жылы. "Советтік сайлау үрдісін еске түсіретін тәсілден" басталған мансап

Қазақстан тәуелсіздігін мойындаған елдер саны да шектеулі болатын. Тіпті бұл аралықта Қазақстан әлі БҰҰ-ға да мүше болып үлгермеген. Дегенмен үйлестіру жұмыстары жүргізіліп жатқан. Қазақстан ол кезде әлі сыртқы саясатын айқындамаған, сыртқы саясат тұжырымдамасы талқыланып жатқан еді. Одан да маңыздысы – елдегі ядролық қарудың болу-болмауы түпкілікті шешілмей тұрған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға сапарлаған алғашқы шетелдік ресми қонақ және Назарбаевтың ядролық қарудан бас тартпаған кезі

Бір қызығы, сол кезде елдегі ресми басылымдар президенттің шетелге сапары басталғанын ғана емес, ел басшысының шетелден қайтып келгенін де жеке дара хабарлаған. Мәселен, 1992 жылғы 5 ақпандағы санында "Егеменді Қазақстан" газеті Назарбаевтың Давостан қайтып оралғанын, оның форумда ТМД мәселелері бойынша арнаулы пленарлық мәжілісте сөйлегенін жазған.

"Егеменді Қазақстан" газетінің осы санында Назарбаевтың Давоста сөйлеген сөзіне сүйеніп, "Тәуелсіз Қазақстан саясатының негізгі бағыты" тақырыбында қысқа мақала жарияланды. Бұдан бөлек "Давостағы түркі кездесуі" деген тақырыппен Швейцарияда Түркия премьер-министрінің Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан басшыларымен кездескені жеке хабар басылды.

АЛЬПІ БӨКТЕРІНДЕГІ ӨЗГЕ ДЕ СҰХБАТТАРЫ

Қазақстан президентінің Давосқа сапары жайында "Жас алаш" газеті Назарбаевтың сол кездегі айтқандарына меңзеп, мынандай хабарлама жариялады:

"Жыл сайын Давоста өткізілетін дүниежүзілік экономикалық форум бірден көптеген мемлекет қайраткерлерімен, дүниежүзілік деңгейдегі экономистермен, беделді ғалымдармен кездесіп, пікір алмасудың сирек кездесетін мүмкіндігіне қол жеткізеді. Міне, сондықтан үйде жұмыс пен шаруа бастан асып жатса да, мен осында келдім. Өйткені мұндай мүмкіндікті жіберіп алуға болмады", – деді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев РАТА - ЕЕТА тілшілеріне берген интервьюінде. "Мен Совет одағы ыдыраған жоқ, қайта ыдыраған империя және мұның өзін құптау керек деп есептеймін", – деді Қазақстан басшысы. "Ал бірнеше ұрпақ қол жеткізген жақсы, пайдалы, адамдарға қажетті атаулының бәрін жоғалтпауға тиіспіз", – деген президент Назарбаев.

Ол 1992 жылғы ақпанның басында Швейцарияға сапары кезінде Венгрияның "Непсабадшаг" газетіне де сұхбат берген. Онда Назарбаев Қазақстанның Ресеймен бірге рубль кеңістігіне адал болып қалатынын айтқан. Сол кезде Совет одағынан қалған Беларусь, Қазақстан, Ресей, Украина арасындағы ядролық қарудың тағдыры түпкілікті шешілмей тұрған. Назарбаев Венгрия басылымына берген сұхбатында ендігіде ядролық күштердің бір қолбасшылыққа бағындырылып, бір орталықтан басқарылатыны жайлы айтқан.

Қазақстанда АҚШ елшілігі ашылғаны туралы ақпарат. "Казахстанская правда" газеті, 4 ақпан, 1992 жыл

Қазақстан президенті Түркияның Türkiye газетіне берген сұхбатында да ТМД жайлы айтқаны назар аудартқан.

Назарбаев Швейцарияға сапармен барған тұста Қазақстанда алғашқы шетелдік елшілік ашылды. 3 ақпанда сол кездегі ел астанасы Алматыда АҚШ елшілігінің ашылу рәсімі өтті. Оған вице-президент Ерік Асанбаев бастаған жоғары лауазымды шенеуніктер қатысқан.

Ресми басылымдар бұл туралы пафоспен хабарлап жатты. Мәселен, "Казахстанская правда" газеті елшілік ашылғаны туралы ақпаратын "Америкалықтар қашан да бірінші!" деген тақырыппен жариялады.

НАЗАРБАЕВ НЕГЕ ӘБІЛҚАЙЫР ЕМЕС?

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Давостан Алматыға оралған соң елде қазақ тілінде шығатын ресми басылым "Егеменді Қазақстан" газетіне де сұхбат берген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сұхбаты. "Егеменді Қазақстан" газеті, 14 ақпан, 1992 жыл

Газеттің 1992 жылғы 14 ақпандағы санында бірінші бетке жарияланған сұхбат "Мен Әбілқайыр емеспін!" деген тақырыппен жарияланды. Газеттің бас редакторы Шерхан Мұртаза алған сұхбатта да алдыңғы сұхбаттарда айтылған жайлар қайталанды.

"Сізді Абылайдың жолын ұстанады деген сөз бар, ел аузында. Ал енді "Известия" сияқтылардың әлгібір әңгімесінен кейін кейбіреулер сізді осы Әбілқайыр емес пе өзі деп жүр. (Ресейдің "Известия" газеті сол тұста Назарбаевты Қазақстандағы орыс тілінде сөйлейтіндердің тұтқыны деп атаған.) Бұған қалай қарайсыз?" деп сұраған Мұртаза.

Президент Назарбаев бұл сұраққа былай жауап береді:

"Абылайдың жолын ұстанып, соның саясатын сара басшылыққа алып отырмын деуге азуым бармайды. Абылайдың тұсында Қазақстан жерінде 10 млн өзге ұлттардың өкілдері отырған жоқ еді. Рас, жан-жағынан қос өкпеден қысып тұрған империялар бар еді. Солармен тіл табысып, қиыннан қиыстырып, қиядан жол табу Абылайдай айбындының ғана қолынан келеді. Біз сияқты отты заманда туған ұрпағын рухы қолдай жүрсін. Ал мен Әбілқайыр емеспін!"

Осы сұхбатын Назарбаев "Қазақстандағы стратегиялық қарулар әзірше тұра тұрғаны жөн. Егер ТМД дегеніміз ғұмырлы болса, ортақ әскер керек шығар. Ал басқалар бас-басына әскер құрып жатса, біз де қарап қалмаспыз" деген пікірмен аяқтайды.

Қазақ ССР президенті сайлауына баламасыз түскен Нұрсұлтан Назарбаев сайлау учаскесінде өзіне дауыс беріп жатыр. Оң жақта тұрған - әйелі Сара Назарбаева. Алматы, 1 желтоқсан, 1991 жыл

Сұхбат арасында ол сұрақ қойып отырған өзінен жасы үлкен Шерхан Мұртазаға "Бүгін – келініңіздің туған күні. Үйге ертерек қайтамын деп қойып едім" дейді. Соған қарағанда сұхбат Нұрсұлтан Назарбаевтың зайыбы Сара Назарбаеваның туған күні – 1992 жылғы 12 ақпанда алынған болса керек.

Мемлекет басшысының Азаттық радиосына, шетелдік басылымдарға, кейін ресми басылымға берген сұхбаттарында тәуелсіздіктен кейінгі қадамдардың қандай болғанын аңғаруға болады. 30 жылдай ел басқарып, жеке дара билігін нығайтып алған кезеңде түрлі қаржылық және саяси дауға ұрынған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақордадан кеткеніне енді бір айдан соң бес жыл толады. Бірақ ол билік құрған тұста оппозициялық саясаткерлерге жасалған қастандық пен бейбіт халыққа оқ атылған оқиғалардың және басқа да көптеген даудың нақты жауабы әлі айтылған жоқ. Бұл үнсіздік қашанға дейін созылмақ?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Гиффеннің ісіне Қазақстан лоббистері емес, АҚШ-тың Барлау басқармасы ықпал етті»

"Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тәуелсіздігінен кейін Азаттық радиосына берген алғашқы сұхбаты өз дауысымен берілген. Онда мақалада айтылған жайлар толығырақ баяндалады.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бостандық радиосынан" – Совет Одағы құлағанға дейін