Ташкенттегі Өзбекстанның Жоғарғы сотында былтыр жаздағы Нөкіс қантөгісіне қатысқан қарақалпақ белсенділерінің апелляциялық шағымы қаралып жатыр. Көбіне "конституциялық құрылысты күштеп өзгертпек болды", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "билікті басып алуға сөз байласты" деп айыпталып, түрме жазасы кесілген 16 адамның арасында журналист, заңгер Дәулетмұрат Тәжімұратов бар. Белсендінің өзі де, адвокаты да ол абақтыда азапталып жатқанын айтқан.
Сотқа бармақ болған қазақстандық құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовке 24 мамырда Өзбекстан аумағына кіруге рұқсат берілмеді. Отырысқа Еуропа одағының Өзбекстандағы делегациясының өкілі Миндаугас Качераускис қатысып жатыр. Ол әзірге сот процесіне қатысты еш пікір білдірмеді. Өзбекстанда тіркелген Gazeta.uz басылымының журналисі YouTube-те тікелей эфир жүргізіп, сотталушылардың сөзін көрсетті.
Азаттық адвокат Сергей Майоровтан Дәулетмұрат Тәжімұратовтың қазіргі жағдайы және сот барысы жайлы сұрады.
Дәулетмұрат Тәжімұратов кім?
Дәулетмұрат Тәжімұратов – Өзбекстанның құрамына кіретін Қарақалпақстан астанасы Нөкіс қаласында қарақалпақ тілінде шығатын "Ел қызметінде" газетінің заңгері әрі бас редакторы. Ол қарақалпақ халқына журналист, блогер және заңгер ретінде танылған.
Былтыр билік ұсынған Конституцияны өзгерту жобасында Қарақалпақстанның автономия мәртебесі түсіп қалған еді. Бұған наразы болған халық 2022 жылғы маусымның аяғында жаппай көтеріліске шықты. Сол көтеріліс кезінде митингіге үндегендердің бірі Тәжімұратов болған.
Бейбіт митинг қантөгіске ұласып, ресми есеп бойынша, кемі 21 адам қаза тапқан, оның төртеуі – құқық қорғау органдары қызметкерлері. 270-тен аса адам жараланған. Кейін Өзбекстан билігі жобадағы Қарақалпақстанға қатысты өзгерістерді қайтарып алды.
Елдің құқық қорғау органдары Тәжімұратовты 2022 жылғы 1 шілдеде ұстады. Ол сол жылғы 6 сәуірге дейін алдымен Нөкісте, сосын Бұхара қаласындағы тергеу абақтысында қамауда болды. Сотқа қатыстыру үшін жақында оны Ташкент облысының Зәңгіата ауданындағы изоляторға алып барған.
15 мамырда Ташкенттегі сот процесі кезінде Тәжімұратов Қарақалпақстандағы және Бұхарадағы тергеу бөлімшелерінде азапталғанын айтып шағымданған. Судья осыған байланысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды. Адвокаты қызметтік тексеру нәтижесінде "қорлау не қысым жасау әрекеттері болғанын айғақтайтын еш дәлел анықталмағанын" айтты.
"БИЛІККЕ ЫҢҒАЙСЫЗ АДАМ БОЛҒАНЫНА КҮМӘН ЖОҚ"
– Апелляциялық сот қалай жүріп жатыр? Жоғарғы сотта Тәжімұратовтың және басқа қарақалпақ белсенділерінің құқығын қорғауға мүмкіндік беріліп жатыр ма?
– Ешқандай оптимизм жоқ. Кеше, бүгін Еуропа одағы елшісінің орынбасары қатысты. Тележурналистер, блогерлер де бар. Қазір жарыссөз басталды. Бүгін бәрі сөйлеп бітетін болар.
– Сіз изоляторда көргенде Дәулетмұрат Тәжімұратовтың жағдайы қалай болды?
– Алғаш кездесуімізде ол мен алып келген суды ішуден бас тартты. Себебі ораза ұстап, ауыз бекітіпті. Сырт келбетіне қарап, қатты алаңдай қоймадым. Бірақ бүйрегі ауырып жүр екен, денсаулығын айтып шағынды. Сөзінше, 6 сәуірде оны Ташкенттің Зәңгіата ауданындағы тергеу изоляторына апарған соң душқа түсуге жіберген. Басында су тым ыстық болған. Кейін тым суық болған. Ол суық суға шомылуға тура келгенін айтты. Соның кесірінен суық тиіп, бүйрегі ауыра бастаған. Айтуынша, оны әдейі осындай душқа түсірген.
– Қорғауыңыздағы азаматпен кездесуге кедергі келтірген қандай да бір бюрократиялық мәселелер болды ма?
– Зәңгіатадағы тергеу изоляторында онымен кездесуге кедергі болмады. Онымен екі рет кездестім. Алғашқы кездесу алдында менімен жедел қызметкер (есімін, құжатын көрсетпеді) сыпайы сөйлесті. Дәулетмұратты алып келгенде қызметкер іште қалғысы келді. Бірақ біз талап еткен соң, шығып кетті. Олар әңгімемізді тыңдағанына менің де, Дәулетмұраттың да күмәні болған жоқ. Екінші кездесуде оның інісі Ренат та болды. Одан кейін Ренат ағасын көруге жиі барып тұрды.
– Сот Дәулетмұрат Тәжімұратовты "Өзбекстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгерту" немесе "билікті басып алу мақсатында сөз байласу" және "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптарымен айыпты деп таныды. Сондай-ақ сот оны "ақша жымқыру" және "мемлекет қаржысын талан-таражға салу" баптары бойынша да айыпты деп тапты. Сот үкіміне нақтырақ тоқталсаңыз және бұл Өзбекстандағы саяси белсенділер үшін нені білдіреді?
– Тіл айырмашылығы (қарақалпақ тілінен мәтіндерді маған аудармашылар мен Ренат аударып береді) мен іске қатысты деректердің көптігінен (300 томнан артық) толық зерттеу жағынан қиындық бар.
Сұрағыңызда Дәулетмұраттың "қылмысын" дұрыс айтып шықтыңыз. Бірақ ол айыпты деп танылған қылмыс осы ғана емес. Мұнда тағы Қылмыстық кодекстің 244-бабы ("қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін материалдарды сақтау, тарату және көрсету") және бар.
Дәулетмұрат билікке ыңғайсыз адам болғанына күмән жоқ. Ол бар мәселені ашық айтып, республикадағы кемшіліктерді ашып, шенеуніктерді сынаған. Интернетте блогын жүргізіп отырды. Қазір екі жыл бұрынғы эпизодтарды айғақ етіп алдынан шығарып отыр. Бұған оның өзі басқарған газетте шыққан мақалалары да кіреді. Бірақ мақала жарияланғанда ол газет жетекшісі емес еді. Қалған өзге айыптар көбіне 2022 жылғы 26 маусым мен 1 шілде аралығындағы оқиғаларға байланысты.
Сот үкіміне сәйкес, ол "Өзбекстанның конституциялық құрылысын күшпен өзгерту немесе билікті басып алу мақсатында сөз байласу" бойынша айыпты деп танылды. Билікті басып алу мен конституциялық құрылысты бұзу – екі түрлі қылмыс. Бірақ Дәулетмұратқа екеуі бойынша да айып таққан. Менің ойымша, бұл негізсіз әрі дәлелсіз.
Дәулетмұрат біріншісін де, екіншісін де жасамады. Сот оны сараптама негізінде осы қылмысқа кінәлі деп тапты. Бастапқыда сараптама жасау Сүлейменов атындағы республикалық сот сараптамасы орталығына жүктелді. Бірақ кейін ол кері қайтарылып, сараптама жүргізу мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне табысталды. Әрине, сараптамалардың объективтігіне күмән зор. Сараптама жүргізгенде Қылмыстық іс жүргізу кодексі мен "Сот сараптамасы туралы" заң талаптары бұзылған. Бізге сотта сарапшылардан жауап алу мүмкіндігі беріледі деп сенемін.
Астыртын сөз байласуға оралсақ. Сот үкімінде сөз байласқандар деп тек екі фамилия көрсетілген. Бірі – Дәулетмұрат Тәжімұратов, екіншісі – Лолагүл Қаллыханова. Өзге сотталғандар үкімде "анықталмаған адамдар" деп көрсетілген. Лолагүл Қаллыхановаға бостандығынан айырмайтын жаза тағайындалды.
Қылмыс құрамының егжей-тегжейіне тоқталмай-ақ қояйық, бірақ мұндай қастандық орасан зор материалдық ұйымдастыру мен адам еңбегін талап ететіні анық. Дәулетмұраттың ісінде мұндай әрекеттерге дәлел таппадым. Керісінше, ол халық арасындағы танымалдығын пайдалана отырып, 1 шілдеде жиналған халықты сабыр сақтауға шақырып, үйлеріне бейбіт тарауды ұсынды. Бірақ шілденің аптап ыстығында адамдарға бөтелкедегі суды таратуды да тергеушілер қастандықты жүзеге асыру деп таныды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Дәулетмұрат өзіне тағылған айыптардың ешбірін мойындамады.
Билік 2022 жылғы 1 шілдеде Қарақалпақстанда жіберген қателері үшін жауапкершілікті Дәулетмұрат Тәжімұратовқа артып отыр. Сондықтан оны саяси тұтқын деп нақты айта аламын.
"ЖЕРГЕ ЖАТҚЫЗЫП, ҮСТІНЕ СЕКІРГЕН"
– Бұдан біраз бұрын Дәулетмұрат Тәжімұратовтың құқығы бұзылғанын айтып, билікке арнап видеоүндеу жарияладыңыз. Қорғауыңыздағы азаматтың құқығы бұзылғаны, азапталғаны жайлы нақты мысалдар келтіре аласыз ба?
– Дәулетмұраттың түрмедегі жағдайы жайлы тек өз сөзінен білемін. Оған ішінде мақтасы жоқ, лас матрас пен сасық жастық берген, ішінде ештеңе жоқ камераны тазалауға міндеттеген және шашын күштеп тақырлап алып тастаған. Одан бөлек, айдауыл офицерлері "заңды талаптарына бағынбағаны үшін" оны қорлап, балағаттаған, күш көрсеткен. Дәулетмұрат офицерлердің бірінің есімі Жасур деп айтты.
– Тәжімұратов отырған камералардың жағдайы қалай?
– Ол маған белгісіз.
– Қорғауыңыздағы азаматты жұқпалы немесе онкологиялық ауруға шалдыққан науқастармен бір камераға қосқаны рас па? Түрмеде оған қажет ем жасала ма?
– Дәулетмұраттың айтуынша, изолятордағы дәрігер емдеумен емес, қамалғанның соты біткенше өліп қалмауын қамтамасыз етумен айналысады. Ол жерде ешқандай емдеу жоқ. Сөзінше, оны С гепатитімен ауыратын азаматтармен бір камерада ұстаған.
– Дәулетмұрат Бұхарадағы сот барысында өзінен камерасы жоқ (видео жазбайтын) бөлмеде жауап алғанын, азапталғанын айтқан. Мұндай әрекеттер әлі де жалғасып жатыр ма?
– Иә, ол Бұхарадағы азаптау жайлы айтты. Қазір ол отырған Зәңгіатадағы тергеу изоляторында Бұхарадағыдай азаптау болып жатқан жоқ. Нөкісте оны және өзге де ұсталғандарды жерге жатқызып, үстіне секірген. Саусақ арасына кілт салып бұраған. Азаптау кезінде бастарына қап кигізген. Хорезмге тікұшақпен бара жатқанда Калашников автоматымен қорқытқан. Қамалғандар тікұшақ еденінде жатқан.
– Оның қазіргі бет-бейнесін сипаттап бере аласыз ба?
– Қазір бет-әлпеті жақсы. Жағдайы дұрыс. Оны інісі Ренат та растай алады.
"БИЛІКТІҢ САУАТСЫЗ ӘРЕКЕТІНЕН АДАМДАР ЖАПА ШЕГІП ЖАТЫР"
– Тәжімұратов биліктің түрлі тармақтарына және туыстарына хат жазатынын, бірақ жауап алмайтынын айтыпты. Тіпті хаттарының межелі жеріне жеткізілгені туралы да ақпарат алмайды екен. Бұл рас па?
– Иә, ол түрлі құзырлы органдарға шағымданған. Бірақ өтініштеріне әлі жауап алған жоқ. Ал туыстарына келсек, ол інісі Ренатпен жиі кездеседі. Менімен де кездеседі. Сондықтан ол толық оқшауланбаған деп айта аламын.
– Сот барысында Дәулетмұрат Тәжімұратов Өзбекстанның арнайы қызметі оған түрлі әдістермен қысым көрсетіп, кінәсін мойындатуға тырысқаны жайлы бірнеше рет айтқан. Туыстарын да қудалаған екен. Бұл әлі жалғасып жатыр ма?
– Ол ұстанымын өзгерткен жоқ. Шын мәнінде, биліктің сауатсыз әрекеті кесірінен адамдар жапа шегіп жатыр. Оның туыстарына ойдан шығарылған негіздермен қылмыстық жауапқа тартылу қаупі төніп тұр.
– Тәжімұратов сіз арқылы қарақалпақ халқына немесе халықаралық ұйымдарға үндеу жасады ма?
– Жоқ, жасамады. Егер жасар болса, мен оны тиісті адамдарға жеткіземін.
– Тәжімұратовтың жағдайына және Өзбекстандағы адам құқықтары мәселесіне қатысты халықаралық қауымдастыққа не айтасыз?
– 2022 жылғы 1 шілдедегі оқиғаға тек билік, нақтырақ айтсақ, мемлекеттік қызметкерлер мен қауіпсіздік күштерінің сауатсыз іс-әрекеті кінәлі. Билік өз қателері үшін жауапкершілікті Дәулетмұрат Тәжімұратов пен басқа да сотталғандардың мойнына артты. Халықаралық қауымдастық сотқа қатысып, пікір білдіру арқылы жұрттың назарын аударса дейміз.
Азаттық Дәулетмұрат Тәжімұратовтың тергеу абақтысындағы жағдайына қатысты адвокатының айтқанын ескере отырып, Өзбекстан Жоғарғы соты мен Ішкі істер министрлігіне ресми хат жолдады. Бірақ өзбек билігінен әзірге жауап келмеді. Сергей Майоров Тәжімұратов ісіне қатысы бар қосымша куәгерлер мен сарапшыларды сот процесіне қатыстыруға судья келісім бергенін мәлімдеді. Прокурорлар оның бұл әрекетіне кедергі келтіріп, "сот процесін әдейі созуға тырысып келеді" деп айыптағанын да айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Тәуелсіздікті армандау – қылмыс емес". Қарақалпақстандағы қантөгістен кейінгі сот қалай өтті?"Қарумен жаншуға негіз болмады". Халықаралық ұйым Қарақалпақстан наразылығы жайлы зерттеуін шығардыОрталық Азияда қан көп төгілген жыл. Династиялық билік, баламасыз сайлау, өзгермейтін риторикаҚарақалпақстанда не болып жатыр? Аймақ белсендісімен сұхбатҚарақалпақстан жұрты республиканы "егемен" статусынан айыруға қарсы шықты