АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлау штабын басқарған Пол Манафорт соңғы 12 күн бойы федералдық сот ғимаратының алтыншы қабатындағы бөлмеде 12 мүшеден тұратын сот алқасының алдында, адвокаттарының ортасында прокурорлардың өзіне таққан қаржылық айыптарын тыңдауға мәжбүр болды. Екі аптадан соң Манафорт тағы да дәл осындай талқыға түседі.
Тамыздың 21-інде Виргиния штатындағы Алегзандрия (Александрия деп те жазылады - ред.) қаласының федералдық соты Манафортты қаржылық алаяқтық пен салықтан жалтару сияқты ұзын саны сегіз айып бойынша кінәлі деп таныды. Прокурорлардың бұл айыптарды тағуына арнайы уәкіл Роберт Мюллер басқаратын тексеру комиссиясының қорытындысы түрткі болған. Бұл комиссия 2016 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауына Ресей араласты және Трамптың сайлау штабы дауыс беру нәтижесіне әсер ететіндей түрде ресейліктермен ымыраласты деген арыздарды қарап жатыр.
Манафортты соттау кезінде Ресей тіке қарауылға ілініп тұрған жоқ. Бірақ 2010 мен 2014 жылдар арасында Манафорт Украинадағы ресейшіл депутаттарға консультант болып жүріп тапқан миллиондаған доллар табысының салығын төлемеді деген айып алға шығып тұр.
Келесі айда Манафорт комиссия таққан жаңа айыптаулар бойынша Вашингтон қаласында өтетін және бір сот процесіне қатысады. Сарапшылар ол процестің мәні Виргиниядағыдан да маңызды екенін, Манафортты қамау мерзімі ғана анықталмайтынын айтады. Жаңа сот отырысында АҚШ-тың абыройына нұқсан келтіру, куәгерлерді қорқыту және шетелдік агент ретінде тіркелмеу сияқты жаңа айыптаулар қаралады. Мұның бәрі Манафорт АҚШ Конгресінің мүшелері мен саясаткерлерге қалай ықпал етпек болғанын, бұған Ресейдің қандай қатысы барлығын айқындауы мүмкін.
Нью-Йорк, Бостон мен Вашингтонда федералдық прокурор болған, қазір Дьюк университетінде заң бойынша дәріс оқитын Сэмюэль Буэлл:
- Сот процестерінің бұлайша іркес-тіркес өтуі қызық жағдай. Көпшілік Вашингтондағы сот процесінде Манафорттың іс-әрекеті туралы көбірек ақпарат шығады деп ойлайды. Оның Еуропадағы бизнесі туралы қаншалықты біле алатынымыз сол кезде байқалмақ. Бәрібір Виргиниямен салыстырғанда көбірек мәлімет айтылады, - деді.
Трамптың Ресеймен байланысына қатысты тексеруге қатысы бар мәлімет көбірек шығады деп ойлаймын.
2010-2017 жылдары шығыс Мичиганда адвокат болып қызмет істеген Барбара МакКуейд:
- Вашингтондағы сот процестерінде айыптаулардың салдары әлдеқайда қатты сезілмек, әрі Трамптың Ресеймен байланысына қатысты тексеруге қатысы бар мәлімет көбірек шығады деп ойлаймын, - деді.
Виргиниядағы сияқты келесі айыптаулар Манафорттың 2016 жылғы наурызда Трамптың сайлау штабына қосылғанына дейінгі қызмет кезеңін қамтиды. Ол кейінірек штабтың төрағасы болып сайланып, тамыз айында Украинадағы жұмысына қатысты шу шыққанда орнынан кеткен. Манафорт 2010 жылы сайланып, 2014 жылғы Майдан толқуы кезінде биліктен тайған Украинаның бұрынғы ресейшіл президенті Виктор Януковичтің саяси серіктеріне қызмет қылған.
Оқи отырыңыз: Порошенко әкімшілігі 2014 жылы Манафортпен кездескенін растады
ҚҰЖАТТЫҢ ІЗІ
МакКуейдтің сөзінше, Виргиниядағы сияқты Вашингтондағы сот процесінде де айыптаушы тарап Манафорттың үстінен іс қозғауға себеп болған құжаттар, электрондық хаттар, банк пен салық жазбаларына сүйенбек. Виргинияда қаралған мұндай айғақ құжаттар саны 400-ге жеткен, 27 куәгерден жауап алынған. Келесі айдағы сот процесінде қаралатын құжаттар саны бұдан да көп болуы ықтимал.
Манафорттың адвокаты Кевин Доунинг тамыздың 16-сында қорғаушылар тобының прокурорлардан мыңнан астам заттай айғақ алғанын мәлімдеген. Бұл айғақтар Манафорттың Украинадағы сенімді адамы болған, Ресей мен Украинаның қос азаматтығы бар Константин Климникпен қарым-қатынасын ашып көрсетуі керек. Климник Ресейдің арнайы қызметіне қатысы бар, Кремльге жақын олигарх Олег Дерипасканың жақын адамы деп суреттеледі.
Оқи отырыңыз: Гейт Манафорттың Украинадан түскен қаржыны жасыруы туралы не айтты?
Ресейде жасырынып жүр деп саналатын Климниктің өзі Мюллердің тергеуіне ілінген. Ол да Манафорт сияқты куәгерлерге қысым жасамақ болды деп айыпталған. Содан кейін АҚШ аймақтық сотының судьясы Эми Джексон Манафортты қамау туралы бұйрық берген.
Манафорттың қорғаушылары Виргиниядағы сотта позицияларын қорғайтын куәгерлер шақырмады. Барлық күш-жігерін айыптаушы тараптың бас куәгері, Манафорттың орынбасары болған Рик Гейтстің айтқандарын терістеуге жұмсады. Манафорттыкіне ұқсас айыптар тағылған Гейтс биыл жыл басында айыбын мойындап, прокурорларға көмектесуге келіскен.
Прокурорлар басында Манафортты тек Вашингтонда сотқа тартамыз деп ойлаған. Бірақ оның адвокаттары Манафорт тұратын және қаржы есептерін ашқан Виргиния штатындағы сот процесі мен Вашингтондағы сот процесін біріктіріп өткізуге қарсы шыққан.
Буэллдің сөзінше, прокурорлар үшін Виргинияға қарағанда Вашингтондағы процесте айғақ келтіріп, куәгерлерді жауаптау тиімдірек. Өйткені Виргиниядағы судья Т.С.Эллис пен Вашингтондағы судья Джексонның сот жүргізу мәнерлері әртүрлі.
- Вашингтондағы сот процесінде Виргиниядағымен салыстырғанда әлдеқайда аз шектеу қойылатынына бәс тігуге болады, - деді ол.
Буэлл бұл істің ақпарат құралдары үшін бас тақырыпқа айналып тұрғанына байланысты сотқа қысым жасалмауы керек деген себеппен сот процесі өтетін уақыт пен орынның өзгеруі де мүмкін екенін ескертеді.
Демократтар мен Трамптың сыншылары Мюллер комиссиясының Трамп пен оның көмекшілері 2016 жылғы сайлау кезінде Ресей агенттерімен ымыраласты деп дәлелдеп шыққанын қалайды. Калифорнияда 1995-2001 жылдар арасында адвокат болған, лос-анджелестік қылмыстық істер заңгері Кен Уайттың болжауынша, Виргиниядағы сияқты келесі сот процесінде де Манафорт Ресейге қатысты айыптаудан аман қалуы мүмкін.
- Бәрі сүреңсіз дүниелер. Ішіндегі ең бастысы заңның орындалуына кедергі жасады деген айыптау болуы мүмкін, - деді ол.
(Майк Эккельдің мақаласы ағылшын тілінен ықшамдалып аударылды)