Таулы Қарабақ аймағының тағдырына қатысты бірнеше ай бойы жүрген келіссөздер жеңіс Әзербайжан жағында екенін аңғартқандай болған. Армения үкіметі екі елдің көп жыл бойғы дауына себеп болған оқшау аймақ Әзербайжанға тиесілі екенін әлем алдында ашық мойындады. Ары қарай тек егжей-тегжейін келісу қалған. Олай болса, неліктен соғыс оты қайта тұтанды?
БІР КҮНДІК СОҒЫС
Бұл жолғы әңгіме армяндардың да, әзербайжандардың да тарихи мекеніне айналған Әзербайжанның анклавы – Таулы Қарабақ хақында болмақ. Совет Одағы ыдыраған тұста сол кездегі Таулы Қарабақ автономды облысындағы тұрғын халықтың шамамен 75 пайызы армян ұлтының өкілдері еді. 1980-жылдарда жаңадан пайда болған ұлттық қозғалыстар аймақты Әзербайжаннан бөліп алып, Арменияға қосуды мақсат тұтты. Мұның аяғы 1990-жылдардың басында жанжалға ұласып, қарулы қақтығыстардан шамамен 30 000 адам мерт болды.
Осы жанжалдың нәтижесінде армян сепаратистері Әзербайжан жерін басып алды. Баку мен Ереван араздасып, Таулы Қарабақ мәселесінде екі жақ мәмілеге келе алмады. Содан бері өткен уақытта қақтығысты дипломатиялық жолмен шешу әрекеттері айтарлықтай нәтиже берген жоқ. 2020 жылы Әзербайжан әскері мен Арменияға арқа сүйеген Таулы Қарабақтағы қарулы жікшілдер арасында алты аптаға жалғасқан соғыс болды. Ақыр соңында Армения аймақтың бірнеше бөлігін және оның іргесіндегі жеті ауданды Әзербайжандыкі деп мойындап, Ресейдің арағайындығымен соғыс тоқтады.
2022 жылы Баку мен Ереван қақтығысты түпкілікті шешу мақсатында келіссөзге кіріскен болатын. Әзербайжан Қарабақтың қалған бөлігін толық бақылауға аламыз деген талап қойды. Армения премьер-министрі Никол Пашинян оған да көнуге дайын екенін білдірді. Бірақ Таулы Қарабақты бақылауда ұстап отырған жікшілдер Әзербайжанның аймақтағы армяндарды бейбіт жолмен "интеграция жасаймыз" деген жоспарының астарында оларды Қарабақтан біржола ығыстыру пиғылы жатыр деген күдігін алға тартып, бұған көнбеді. Халықаралық медиаторлар оларды ымыраға келтіруге тырысқан, бірақ ол әрекеттен түк шықпады.
Сонымен, Әзербайжан неліктен қайтадан шабуылға барды?
19 қыркүйекте Әзербайжан Таулы Қарабақ пен оның қарулы күштеріне қарсы кең көлемде шабуыл ұйымдастырды. Аймақтың орталығы Степанакерт (әзербайжанша атауы – Ханкенді) қаласының халқы бомбадан жасырынатын жерлерді паналауға мәжбүр болса, шалғай ауылдардағы тұрғындар орталыққа эвакуацияланды. Атыс күні бойы тоқтаған жоқ, аяғында Баку діттеген мақсатына жетті: армян ұлтының өкілдерінен тұратын Таулы Қарабақтағы жікшілдер билігі қарулы күштерін таратуға және қаруын тапсыруға келісті.
Қазір соғыс қаупі сейілді деуге болады, өйткені әзербайжандар мен армяндар соғысты дереу тоқтату туралы өзара келісімге келді. Дегенмен осы жолғы шабуыл қақтығыста басымдық Әзербайжан жағында екенін көрсетіп бергеніне қарағанда, Баку бұл процессті күшпен ғана жеделдетуге болады деп ұйғарған тәрізді. Ол тіпті халықаралық айыптауға ұшырауым мүмкін деп қымсынбады, Таулы Қарабақтағы өз халқым деп есептейтін адамдардың қаны төгіледі деп те қорыққан жоқ.
Әзербайжан бұған дейін Қарабақтағы жікшілдер билігі ашкөзденіп, ымыраға келгісі келмей жатыр деп шағымданып, келіссөздердің баяу жүріп жатқанына наразылық танытқан. Сонымен қатар бұған дейін Арменияның қауіпсіздігіне кепіл болып келген Ресейдің Армения үкіметі мен премьер-министрі Николь Пашинянға қарсы шыға бастағанын көрген кезде Баку оңтайлы сәтті пайдаланып қалғысы келгенге ұқсайды. Сөйтіп, шабуыл салдарынан қандай да бір халықаралық қысымға тап болуы мүмкін екенін білсе де, ол айтарлықтай ауыр болмайтынын алдын ала есептесе керек.
ӘЗЕРБАЙЖАН ТОСЫННАН ШАБУЫЛДАДЫ МА?
Операцияға 19 қыркүйекте таңертең Ходжавенд қаласында мина жарылып, алты адамның өмірін жалмағаны сылтау болған. Қала ресейлік бітімгерлердің бақылауында еді, әрі 2020 жылғы соғыс барысында Әзербайжан әскері қайтарып алған үлкен аумақтың бір бөлігі болатын. Әзербайжан жағы мина жарылысын Қарабақтағы армяндардың қаскөйлігі деп атады.
Алайда шабуылға дайындық бірнеше апта бұрын басталып кеткен. Әзербайжан әскері Бакудың бақылауындағы аймақты 2020 жылғы соғыстан кейін пайда болған Таулы Қарабақ шекарасынан бөліп тұрған жерге жиналды. Сонымен бірге Әзербайжан мен Израиль арасында әскери жүк тасымалы жүріп жатқаны туралы хабар тарады. Мұның бәрі Әзербайжанның жаңа әскери іс-қимылға дайындалып, бес қаруын сайлап жатқанының белгісіне ұқсады.
Кейінгі уақытта Бакудың әңгімесі де күрт өзгерген. Әзербайжан "өз аумағында өзгелердің бөлшегі болғанын қаламайды", – деді Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің аға кеңесшісі Хикмет Гаджиев тамыздың аяғында. Ол Әзербайжан билігіне бағынбайтын жікшілдер қолындағы Таулы Қарабақ территориясын меңзеді.
Біраз уақыт бұрын сарапшылар Әзербайжан дипломатиялық процессті жеделдету үшін әскери күш қолдануы мүмкін деген еді. Бакудегі орталық үкімет пен Таулы Қарабақ армяндары арасындағы келіссөз тығырыққа тіреліп,әзербайжандар қарсыласымыз ымыраға келгісі келмейді деген шағым айта бастады. "Қарабақ армяндары тәуелсіздіктен басқа ештеңе айтқысы келмейді", – деді Әзербайжан үкіметінің "Халықаралық қатынастарды талдау орталығының" басшысы Фарид Шафиев. Оның сөзінше, жікшілдер үкіметі 2022 жылы қыркүйектің басында де-факто жаңа президенттік сайлау ұйымдастырған. Баку бұл әрекетті татуласудан бас тарту деп ұқты.
"Бірақ Қарабақтағы армян билігінің ұстанымы "жұмсарып" келеді, олар Әзербайжанның талаптарын қабылдауға дайын екенін білдіре бастады, – дейді Crisis Group-тің Оңтүстік Кавказ бойынша аға сарапшысы Олеся Вартанян. – Олар Әзербайжанда кездесіп, Бакудің интеграция процесі туралы талабын талқылауға дайын еді".
Алайда қарсылық ұзай берген сайын Әзербайжан жағынан тағы бір шабуыл болу қаупі де артты. "Саяси процесстің болмауы немесе, дәлірек айтқанда тұралауы бұл қауіпті күшейте түседі, – деді Crisis Group-тың Баку бойынша сарапшысы Заур Шириев 15 қыркүйекте, шабуылдан бірнеше күн бұрын өткен онлайн талқыда. – Егер алдағы күндері Қарабақтағы армяндар мекендейтін аудандарға әскер күш қолданса, тосын оқиға болмайды".
РЕСЕЙ ФАКТОРЫ
Процесстің жеделдеуіне Армения мен оның ежелден бергі ең күшті қолдаушысы Ресей арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі себеп болды. 2020 жылы соғысты тоқтату туралы келісім аясында Ресей Таулы Қарабақтың армяндар бақылайтын аумағына 2000 ресейлік бітімгер сарбаз жіберген. Алайда олар Әзербайжанның осы аймаққа көрсететін үздіксіз қысымына қарсы тұруға ниет таныта қоймады. Ал Ресейдің өзі – Арменияны сыртқы шабуылдан қорғау туралы шартты міндеттемесі бола тұра, яғни екі ел де ортақ қорғаныс пакті – Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше болғанына қарамастан – Әзербайжан Армения шекарасына бірнеше рет өтсе де, бұл іске араласпады.
Осыдан кейін Ереван мен Мәскеудің қарым-қатынасы суи бастады да, Армения үкіметі Ресейге деген ренішін көрсету үшін бір қарағанда алдын ала ойластырылғандай көрінетін қадамдарға барып, жағдайды одан бетер ушықтырды. Мәселен, Пашинян әйелі Анна Акопянды Киевке көмек жеткізуге жіберді; Халықаралық қылмыстық сотқа қосылу туралы келісім шартқа қол қоюға ниет білдірді. Бұл келісім Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындауға міндеттейді; сондай-ақ ҰҚШҰ-дағы өкілін шақырып алды. "Олар бір уақытта Ресейдің үш қызыл сызығын кесіп өтті", – деді Carnegie Europe сараптама орталығының маманы.
Ресей мен Армения қарым-қатынасы бұзылып, Баку батыл қадамдар жасай бастады деп есептейді халықаралық қатынастар мен қауіпсіздікті бақылайтын Топчибашев атындағы Баку орталығының штаттан тыс ғылыми қызметкері Шуджаат Ахмадзаде. "Бұл жерде шешуші фактор – Ресей, – дейді ол. – Әзербайжанға қиындық туғызатын бірден-бір ел Ресей болатын, енді Армения мен Ресейдің қарым-қатынасы бұзылғанын көрген олар уақыты жетті деп есептеген сияқты".
ӘЛЕМ ҚАЛАЙ ЖАУАП ҚАТТЫ?
Әзербайжанға қатысты ұстанымы әлсіреп, Ресеймен достығы шатқаяқтай бастағанын түсінген Армения мүмкіндігінше шет елдерден қолдау іздеуге көшті. Еуропа одағының шекара бақылаушыларын өз елінде қабылдап, Үндістаннан қару сатып алып, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде үнемі қақтығыс туралы мәселе көтеруге тырысып бақты.
Дегенмен әлі бірде-бір халықаралық субъектіні Әзербайжанды тоқтататындай нақты қадамдар жасауға көндіре алмай келеді. Бұл да Бакуге әсер еткенге ұқсайды деді Ахмадзаде. "Олардың [армяндардың] орнында болсам, Батыстан Әзербайжанға қарсы әрекет жасайды деп күтпес едім", – деді ол.
Әзербайжанның 19 қыркүйектегі шабуылына шетелдіктер жылдам жауап беріп, сынап-мінегенімен, онысы жай ғана алаңдаушылықтан аспады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен президент Әлиевті "Әзербайжанның Таулы Қарабақтағы әскери іс-қимылдарын дереу тоқтатуға" шақырды. Еуропа одағы "әскери күш қолдану" қате екенін, "соғысты тоқтату керегін" ғана айтты.
"Халықаралық ұйымдар жай ғана мәлімдеме жасайды. Одан арыға бармайды, – деді Арменияның ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Эдмон Марукян. – Біреу сіздерге шабуыл жасап, өлтірейін деп жатқанда ешқандай мәлімдеме көмектеспейді".
ЕНДІ НЕ БОЛМАҚ?
Бұған дейін Қарабақ билігі бірнеше ай бойы қарсыласып келсе де, шабуылдан соң Әзербайжан талаптарын орындайтын болды. Яғни, Таулы Қарабақтағы сепаратистер күштері қаруын тастайды және таратылады. Қарабақ армяндары мен Баку орталық үкіметінің кездесуі 21 қыркүйекте Әзербайжанның Евлах қаласында өтеді деген хабар тарады.
Қарабақтың де-факто президенті осы кездесудің алдында жасаған мәлімдемесінде келіссөз барысында аймақтың Әзербайжан құрамына "интеграциялану" мүмкіндігі мен "Әзербайжан Конституциясы" негізіндегі Қарабақ армяндарының құқығы мен қауіпсіздігі мәселесі талқыланады деген. Бұл талаптарға Қарабақ армяндары келіспей келген, бірақ Әзербайжан тағы бір мәрте жеңіске жеткеннен кейін жетекшілерінің оны қабылдаудан басқа лажы қалмады.
Шабуылдан бір апта бұрын тарихшы әрі дипломат Джерард Либаридян АҚШ-та A Precarious Armenia ("Тұрақсыз Армения") атты кітабына арнап дәріс өткізген. Созылып кеткен келіссөздер туралы айта келіп, тарихшы уақыт өткен сайын армяндардың келіссөздегі рөлі әлсірей беретінін тілге тиек етті.
"Неғұрлым көп күтсек, соғұрлым ықпал ету тетігіміз азаяды... Бүгін былтыр алғымыз келгенді ала алмадық. Былтыр осыдан төрт-бес жыл бұрын алғымыз келгенді ала алмағанбыз, – деді ол. – Біз күткен сайын, Әлиев қатая түсті".