Қазақстан Әзербайжанның аумақтық тұтастығына тағы да толық қолдау білдіреді. Бұл жөнінде Қазақстанның осы елдегі елшісі Әлім Байелдің мәлімдемесінде айтылған.
"Әзербайжан тарапының Қарабақтағы армян халқының өкілдерімен кездесу өткізуге бағытталған бастамасын құптаймыз. Қалыптасқан жағдай Әзербайжан Республикасының халықаралық деңгейде мойындалған шекаралары шеңберінде бейбіт диалог арқылы жуық арада реттеледі деп үміт білдіреміз" делінген мәлімдемеде.
Қазақстан елшісі Әзербайжанды "бауырлас" ел деп атады және Оңтүстік Кавказда "бейбітшілік пен өзара тиімді ынтымақтастық атмосферасының орнауы, барлық коммуникациялардың ашылуы" аймақтағы барлық елдің мүддесіне сай екенін айтқан.
Өзін тәуелсіз деп жариялаған, мойындалмаған Таулы Қарабақ аймағының басшылығы сәрсенбіде атысты тоқтататынын хабарлады. Әзербайжаннан де-факто дербес болып келген аймақ Бакудің барлық шарттарына көнетінін айтты.
Әзербайжан қарулы күштері елдің "конституциялық құрылысын қалпына келтіру үшін" 19 қыркүйекте аймақта "террормен күрес" шарасын бастап, қарулы топтардан қаруын тастауды талап еткен. Арменияның және Таулы Қарабақтың әскери нысандарына шабуыл жасалғаны хабарланған.
Әзербайжан басшылығының шарты бойынша, Таулы Қарабақтағы әскери құрылымдар таратылып, 21 қыркүйекте Евлахта Қарабақтағы армян қауымын интеграциялау бойынша келіссөз басталуы керек. Сарапшылардың айтуынша, жақын уақытта Таулы Қарабақтың бүкіл жері Әзербайжанның бақылауына өтуі мүмкін.
Операцияны бастар алдында Баку Ереван мен Қарабақты теракт ұйымдастырды деп айыптаған. Әзербайжан жағының мәліметі бойынша, 19 қыркүйекте екі автокөлік минаға түсіп, алты адам қаза тапқан. Олардың төртеуі Әзербайжан ішкі істер министрлігі қызметкері болған.
Әзербайжан қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, 19 қыркүйектегі операция кезінде ел әскері Қарабақта армяндарға тиесілі 90-ға жуық нысанды бақылауына алған. Сәрсенбі таңертең Әзербайжан қорғаныс министрлігі "жергілікті антитеррор шарасы жалғасып жатқанын" хабарлады.
Мойындалмаған Таулы Қарабақтың адам құқықтары жөніндегі өкілі Гегам Степанян әскери операция кезінде 32 адам қаза тауып, 200-ден астам адам жаралағанғанын айтты.
Бүгін Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында Еуроодақтың сыртқы саясат қызметінің өкілі Питер Стано Еуроодақ Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы мәлімдемені қаперге алатынын және жағдайды жіті бақылайтынын айтты. 21 қыркүйекте Нью-Йоркте Таулы Қарабақтағы жағдай бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің арнайы отырысы өтетіні хабарланды.
ПІКІРЛЕР