Accessibility links

Әзербайжан Армениядан жерін қайтарып алды, бірақ халқы ол жерде тұруға асығар емес. Неге?


Әзербайжанның ішінде жүріп босқынға айналған адамдар. Архив.
Әзербайжанның ішінде жүріп босқынға айналған адамдар. Архив.

1990 жылдары армян-әзербайжан соғысы кезінде босқынға айналған әзербайжандар үшін сол кездегі үйіне оралу арман болатын. Былтыр күзде қақтығыс оты қайта тұтанып, Әзербайжан 20 жыл бұрын айрылған жерлерін қайтарып алды. Бірақ халық туып-өскен мекеніне қоныстауға асығар емес.

Еңіс төбелер арасында ақ-жасыл түсті жаңа үйлер тізіліп тұр. Үйлердің жанында жаңа төселген жол жатыр. Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Ағалы ауылындағы бос тұрған бұл үйлерге 27 жыл бұрын осы жерден кеткен адамдар келеді дейді.

20-21 қазанда Әзербайжан президенті осы Ағалы ауылы қарайтын Зангилан ауданында болды. Таулы Қарабақты жағалай орналасқан бұл аудан 1993 жылдан бері Армения бақылауында болған. Ал 2020 жылы алты аптаға созылған соғыстан соң өзге аудандармен бірге Әзербайжанға қайта өткен. Илхам Әлиев ауданның "жаңа дәуірі" басталғанын айтты. Ал Ағалыға барар жолда тағы да үйлер салынып жатыр.

1990-жылдары Таулы Қарабақ маңындағы армян-әзербайжан соғысы кезінде елден кеткен жүздеген мың әзербайжан осы жерге қайта орала алады. Бірақ көбі құлшыныс танытып отырған жоқ. Кейбірі тұрғын үй, мектеп пен аурухана жетпейді деп қауіптеніп, кейбірі біршама жыл бос қалған жерде жұмыс табу қиынға соғады деп алаңдайды.

Әлиев "қайтарылған жерлердегі ең бірінші ақылды ауыл жобасы Зангилан ауданында жүзеге асқанын" айтты. Бұл ауылды 1993 жылы қазанда армян әскері басып алған. Қазір онда қайта құрылымдау жұмыстары жүріп жатыр.

Ағалыдағы жаңа үйлер.
Ағалыдағы жаңа үйлер.

Әзербайжандағы мемлекеттік баспасөз құралдары "ақылды ауыл" тұжырымдамасын кең насихаттап жатыр. Бұл жоба дәстүрлі ауылдарды цифрлық және экологиялық таза технологиялармен қамтуға бағытталғаны айтылады.

"Кей ғимараттар дайын, – деді Әлиев. – Біз келер жылдың басында немесе осы жылдың аяғында [бұрынғы] тұрғындарды Зангиланға көшіре бастауға тырысамыз".

БҰҰ дерегінше, 1988-1994 жылдары Армения мен армяндар оккупациялаған аудандардан 860 мыңға жуық адам босып кеткен.

Ағалы орналасқан ауданның әкімшілігінде істейтін Гарай Гусейнов Азаттықтың Әзербайжан қызметіне осы аудандарға орала алатын адамдар тізімі жасалғанын айтты. Аудан әкімшілігінің өзі 1990-жылдардан бері сырттай жұмыс істеп келген.

Гусейновтың сөзінше, Ағалыда үш-бес бөлмелі 200 үй салынып жатыр. Оларды отбасыларға қажетіне қарай үлестіреді.

Бұл елдімекеннің толық дайын болып қалғаны 1990-жылдары Ағалыдан қоныс ауыстырғандар үшін күтпеген жаңалық болды.

"ҚАЛАЙ КҮН КӨРЕМІЗ?"

51 жастағы Рахиб Дунямалиев президенттің бұл сөзі жайлы білмейтінін айтады. Ағалыдан шыққан азамат қазір Әзербайжан астанасы Бакуде тұрады. Дунямалиевтің айтуынша, Әлиевтің сөзінен соң оған аудан билігі хабарласып, оның Ағалыға орала алатынын айтқан. Бірақ ол туған жеріне оралуға асығар емес.

"Қаржымыз болмаса, қалай күн көреміз? – дейді Дунямалиев. – Жұмыс жоқ кезде, ол жақта отбасымызбен қалай тұра аламыз?". Ол 0,5-1 гектар жер беретініне де күмәнмен қарап, қосымша қолдаусыз жерді пайдалана алмайтынын айтады. "Адаптация [процесі] баяу жүретін болса, жақсы болушы еді" дейді ол.

Рахиб Дунямалиев.
Рахиб Дунямалиев.

2020 жылғы қарашада 44 күнге созылған соғыстан соң Әзербайжан мен Армения атысты тоқтату жайлы келісім жасады. Содан соң Таулы Қарабақ маңындағы Зангилан секілді басқа да аудандар Бакудің бақылауына өтті.

Оған дейін бұл аудандар армян бақылауында болды. Олар бұл жерді негізінен Таулы Қарабақ ауданындағы "қауіпсіз аймақ" ретінде қарастырды. Зангиланның көп бөлігінде адам тұрмайды. Бұрын сол жерде тұрған әзербайжандардың үйі бос қалып, тоналған. 1993 жылдан кейін Зангиланның Армениямен шекарасына жақын жердегі аудандарына біраз армян қоныстанған. Бірақ былтырғы соғыстан соң олардың көбі көшіп кеткен.

Әзербайжаннан жікшіл аумағанын босып кеткен адамдар ішкі мигрант саналады. Олардың мәртебесі Арменияның өзінен көшіп келген әзербайжандардан ерекшеленеді. Соңғысын Әзербайжанда жылы қабылдап, олар негізінен армяндар тастап кеткен үйлерге қоныстанған. Бірақ одан кейін келген әзербайжандар ішкі мигрант атанып, екіұдай күй кешкен. Үкімет оларды түбі үйіне қайтатын адам ретінде қарады. Сөйтіп мұнай мен газы көп ел бұл босқындардың үй мәселесін шешіп бермеді. Көбі пәтерде тұрады. Контейнер мен темір жол вагондарында тұратындар да бар.

Туын ұстап бара жатқан салт атты әзербайжан сарбазы Армения шекарасының жанында. 10 қараша 2020 жыл.
Туын ұстап бара жатқан салт атты әзербайжан сарбазы Армения шекарасының жанында. 10 қараша 2020 жыл.

Былтыр қарашада соғыс аяқталған соң, ел ішінде қоныс аударғандар бос қалған аудандарға оралуға тырысып көрді. Олардың көбі ескі үйлерінен не қалғанын білуге құмартты. Белгіленбеген жолдар арқылы рұқсатсыз жүрген соң кейбірі армян әскерінен қалған минадан қаза тапты. Сарапшылар ондай жерлерді минадан арылтуға ондаған жыл кетуі мүмкін дейді.

Ағалы әкімшілігінің өкілі Гусейнов Азаттықтың Әзербайжан қызметіне ауылға адам көшірудің мән-жайын білмейтінін айтты. Ол репатрианттардың тізімін толық бекітіп, көшіру жоспарын жасау керек деді. Оның сөзінше, ауылға ең алдымен қарттар оралады. Кейін мектеп салынған соң кішкентай баласы бар отбасылар келеді.

Ағалыда жұртты не күтетініне, қандай қауіп барына қарамастан, билік Әзербайжанға қайтарылған жерлерде инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруда біршама алға жылжыған. Олар сол жерлерде өндіріс орындары, электр станциясы, темір жол салатынын айтады.

26 қазанда Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Түркия басшысы Режеп Ердоған Таулы Қарабақ аймағына жақын Физули қаласындағы халықаралық әуежайдың ашылу рәсіміне қатысты. Бұл – 2020 жылғы қақтығыста Әзербайжан Армениядан қайтарған бірінші қала. Әзербайжан ресми өкілдерінің сөзінше, инфрақұрылым жобаларын Әзербайжанның одақтасы Түркияның құрылыс компаниялары жүзеге асырады.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев (сол жақта) пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Физули әуежайының ашылу рәсімінде. 26 қазан 2021 жыл.
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев (сол жақта) пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Физули әуежайының ашылу рәсімінде. 26 қазан 2021 жыл.

Ердоған мен Әлиев Зангиланда "ақылды ауыл шаруашылығы паркі" мен жаңа автомагистраль құрылысын да бастаған.

Биліктің алдында тұрған тағы бір мәселе – жаңа үйлерді әділ үйлестіру.

Зангиланнан көшіп кеткен, қазір Бакуде тұратын Нурисан Гасанов үйлерді үлестіргенде отбасы мүшелерінің саны ескерілетін болар деп үміттенеді.

"Ол кезде балалар кішкентай болды, ата-анасымен тұрды. Бірақ қазір олардың кейбірі отбасын құрып, көшіп кеткен. Қазір олардың да баласы бар. Құрылыс кезінде бұл ескеріле ме?" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG