ҚАЙТА ОРАЛҒАН ЧИНШАНЛО ЖӘНЕ РЕСЕЙЛІК ЛЕГИОНЕР
Түркіменстанға аттанған 20 қазақстандық атлеттің жетеуі ғана А тобында (мықтылар тобы) жарысады. Қалған 13 спортшы В және С тобында (нәтижесі төмен спортшылар тобы) сынға түседі. Ауыр атлетика тарихында "әлсіздер тобында" жарысқа қатысып, чемпион болып, я жүлде алған спортшылар өте сирек.
А тобында жарысқа түсетіндер арасында Рио олимпиадасының чемпионы, Әзербайжаннан келген легионер Нижат Рахимов (73 кг), Қытайдан келген легионер Арли Чонтей (55 кг), допинг дауына ілінген Илья Ильин мен Рио олимпиадасының қола жүлдегері Александр Зайчиков (екеуі де – 102 кг) және Азия чемпионы Рүстем Сыбай (96 кг) бар.
Әйелдер арасында Зүлфия Чиншанло (55 кг) мен Ресейден келген легионер Надежда Лихачева (71 кг) ғана А тобында жарысқа қатысады. Чиншанло – Қытайда туған, 2010 жылы Қазақстан азаматтығын алған. "Допинг қолданғаны үшін" Лондон олимпиадасының алтынын қайтарған. Чиншанло 2016 жылдан бері алғаш рет әлемдік жарысқа қатыспақ.
Рио олимпиадасында қола алған Карина Горичеева мен Фархад Харки В тобында сынға түседі.
Илья Ильин Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) жариялаған тізімге енгенімен, спортшы "әлем чемпионатына қатыспайтынын, командаластарына бапкер ретінде көмектесетінін" айтқан. Ильиннің "ескі жарақаты сыр берген". Атлеттің сөзін Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Юрий Мельников те растады.
Илья Ильин үш жылдан кейін әлемдік жарысқа қайта орала ма, әлде әлем чемпионатына қатысатын басқа атлеттерге кеңесші бола ма, ол жағы қарашаның 8-інде белгілі болады. Дәл осы күні ерлер арасында 102 келіде медальдер сарапқа салынады.
ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮМКІНДІГІ ҚАНДАЙ?
Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Юрий Мельников Ашхабадта қанша медаль алуды жоспарлайтынын ашып айтпайды. Бапкердің сөзінше, негізгі мақсат – олимпиада жолдамасына қажетті ұпай жинау.
Қазақстандық спорт журналисі Тимур Байкетаевтың пайымдауынша, бір жылдық жаза Қазақстан ауыр атлетика құрамасының нәтижесіне кері әсерін тигізеді.
- Жаттығуда 500 келі көтеруге болады. Ал жарыста, жанкүйер толған залда, қарсыластарының алдында споршылардың жүйкесі сыр береді. Сондықтан бір жылын жаттығу залында өткізген Қазақстан спортшыларынан жақсы нәтиже күту қиын. Қазақстан бір алтын алуы мүмкін. Қазір Ресейден келген легионер Надежда Лихачеваның бабы жақсы, чемпион болуға мүмкіндігі мол. Рио олимпиадасының чемпионы Нижат Рахимовтың қазіргі бабы төмендеу. Қазақстан чемпионатында 335 келі көтерді. Бұл салмақпен чемпион болу қиын. Денис Улановта иық жарақаты бар. Чиншанлоның Қазақстан чемпионатындағы нәтижесі төмен болды. Чиншанлоға биылғы чемпионат қиын болады. Сондықтан бапкерлер "осынша медаль аламыз" деп нақты айта алмайды. Ал қалған спортшылары тәжірибе жинауға барады, - дейді ол.
Британдық Inside the Games сайтының ауыр атлетика бойынша шолушысы Брайан Оливердің пайымдауынша, Ашхабадта Қытай құрамасы фаворит.
- Қытай жалпы есепте алда болады. Солтүстік Корея мен Колумбия құрамасы да мықты. Армения құрамасы таңғалдыруы мүмкін. Қазақстан құрамасы да жақсы. Бірақ дәл қазір Қытай, Солтүстік Корея, Колумбия, Армениядан озу қиын, - дейді сарапшы Азаттыққа.
Оливердің ойынша, Чиншанлоның негізгі қарсыласы – Ли Яцзюнь, Джанг Ванцюн (екеуі де – Қытайдан) және Джакартадағы Азия ойындарында алтын алған түркіменстандық Кристина Шерметова болмақ.
Ашхабадтағы әлем чемпионаты қарашаның бірі мен оны арасында Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) жаңадан бекіткен 16 салмақ дәрежесінде өтеді.
АУЫР АТЛЕТИКАДАҒЫ ДОПИНГ ДАУЫ
2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті 2008 жылы Пекинде және 2012 жылы Лондонда өткен олимпиаданың допинг сынамаларын қайта тексерген. Тексеріс кезінде 49 ауыр атлеттің анализінен допинг табылған. Олардың басым бөлігі постсоветтік елдердің және Қытай, Болгария, Түркияның атлеттері.
Қайта тексеру кезінде Пекин және Лондонда чемпион атанған қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің екі олимпиададағы сынамасынан допинг табылғаны хабарланып, ол екі алтынын қайтарып берген. Пекинде қола медаль алған қазақстандық ауыр атлет Мария Грабовецкая, Лондонда чемпион болған Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедованың да анализдерінен допинг табылып, олар да жүлделерін қайтарған.
IWF шешімімен Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза екі жылға, Светлана Подобедова сегіз жылға (допинг ережесін екі рет бұзған) спорттан шеттетілді. Ильин, Чиншанло, Манезаның жаза мерзімі биыл жазда аяқталған. Ильин мен Чиншанло спортқа қайта оралса, Манеза спорт карьерасын аяқтаған.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы 2017 жылы күзде допинг ережесін көп бұзған Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Беларусь, Украина, Түркия сынды елдерді бір жылға жарыстардан шеттеткен. Аталған елдер 2017 жылы Анахаймдағы (АҚШ) әлем чемпионатына, биыл өткен құрлық чемпионаттарына, Буэнос-Айресте (Аргентина) өткен жасөспірімдер олимпиадасына қатысқан жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Допинг дауы Қазақстан спортына қалай әсер етеді?Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) ауыр атлетикадағы допинг мәселесі шешілмесе, бұл спорт түрін олимпиада бағдарламасынан алып тастайтындарын ескерткен.
ХОК шешімімен Пекин және Лондон олимпиадасында допинг ережесін ең көп бұзған Қазақстан, Ресей, Армения, Әзербайжан, Беларусь Токио ойындарына тек екі спортшы апара алады. Қазақстан бұл шешімге қарсы Спорт арбитраж сотына (CAS) шағым түсірген. Қазақстанның арызы қараша соңында қаралады.