Accessibility links

Желтоқсан құрбандарын еске алу күні Жармахан Тұяқбай халықтан кешірім сұрады


Оппозиция басшылары (солдан оңға қарай): Асылбек Қожахметов, Жармахан Тұяқбай, Маржан Аспандиярова және Болат Әбілов Тәуелсіздік ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Алматы, 17 желтоқсан 2008 ж.
Оппозиция басшылары (солдан оңға қарай): Асылбек Қожахметов, Жармахан Тұяқбай, Маржан Аспандиярова және Болат Әбілов Тәуелсіздік ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Алматы, 17 желтоқсан 2008 ж.

Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан құрбандарын еске алу митингісі өтті. Мұнда оппозиция басшысы Жармахан Тұяқбай 1986-1987 жылдары Қазақстан прокурорының орынбасары ретінде репрессияларға атсалысқанына өкініш айтып, көпшіліктен кешірім сұрады.

Желтоқсанның 17-күні, сәрсенбі күні, сағат 10 кезінде Желтоқсан құрбандарын еске алуға жиналған жүздеген адамның арасында бұдан тура 22 жыл бұрын осы алаңда Мәскеудің саясатына қарсы шыққан қазақ жастарының көтерілісіне қатысқандар мен оппозициялық ұйымдардың өкілдері болды. Олар әуелі «Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл шоқтарын қойып, одан соң Қазақстан әнұранын шырқап, Республика алаңының қақ төріндегі Тәуелсіздік ескерткішіне қарай бет алды.

Осы жерде оларға бірқатар оппозициялық партиялардың жетекшілері қосылды.

Тәуелсіздік ескерткішіне де гүл шоқтарын қойған соң оның алдында өткен митингте Желтоқсан

Оппозиция белсенділері Желтоқсан көтерілісін еске алу митингісіне келе жатыр. Алматы, 17 желтоқсан 2008 жыл.

көтерілісіне бүгінгі күн тұрғысынан баға берілді. Жиында сөйлеген қоғам қайраткерлері кезінде Желтоқсан көтерілісін күшпен басуға бұйрық бергендердің әлі күнге билік басында отырғандығын айтты.

Оппозициялық саясаткерлер Жасарал Қуанышәлин, Болат Әбілов және Жармахан Тұяқбай 1986 жылы осы алаңға бейбіт талаппен шыққан жастардың қанын төгуге себепкер көптеген адамдардың осы уақытқа дейін тиісті жазасын алмағандығын тілге тиек етті.

- Желтоқсан көтерілісі - бұл қазақ халқының орталықтан жүргізілген саясатына қарсы ереуілі. Сол жылғы құжаттардың барлығы Мәскеудің мұрағатында жатыр, оны алдырып, халыққа бар шындықты жеткізу керек, - деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай.

Жармахан Тұяқбай 1986 жылы Қазақстан прокурорының орынбасары ретінде жазалаушылардың қатарында өзі де болғандығын, сөйтіп Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жас жігіттің сотталуына үлес қосқанын мойындады. Сондай-ақ, ол өзінің ықпал етуімен сотталған адамнан арада біраз жыл өткен соң кешірім сұрағандығын айтты. Жармахан Тұяқбай, сонымен қатар, билік басында қазір отырғандарды да қателерін мойындауға шақырды.

Тұяқбайдың бұл сөзіне алаңда жиналған Желтоқсан көтерілісінің қатысушылары да пікірлерін білдірді. Қара құрым халықтың арасында тұрғандардың кейбірі оны «нағыз азамат» десе, екіншілері «биліктегілер де өз қателіктерін осылайша мойындаса дұрыс болар еді» деп жатты.

Митинг Желтоқсан құрбандарын еске алумен ғана шектелген жоқ. Тәуелсіздік ескерткіші алдына Алматыдағы «Шаңырақ» пен «Бақай» шағын аудандарының тұрғындары келіп, биліктен осыдан екі жарым жыл бұрынғы «Шаңырақ» оқиғасына қатысқандығы үшін сотталып кеткен төрт азаматтың бостандыққа шығарылуын талап етті. Сөйтіп президент Назарбаевтың атына арналып жазылған ашық хатқа қол жинады. Аталған хатқа оппозиция басшыларының барлығы да қол қойды.

Желтоқсан көтерілісін еске алу митингісіне жүздеген адам жиналды. Алматы, 17 желтоқсан 2008 жыл.

Бұдан басқа, Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы қаласының басшылығынан Республика алаңындағы құрылысты тоқтатып, оны бұрынғы қалпына келтіруді талап етті. Бұл талапты қолдаған «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов өз сөзінде: «алаңның келбетін Алматының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен «Базис А» құрылыс компаниясының басшысы Александр Белович құртты, олар бұл істі 1986 жылғы оқиғаны халықтың жадынан өшіру үшін әдейі істеді» деп айтты.

Желтоқсан құрбандарын еске алуға арналған митинг айқай-шусыз бітті. Бұл күні полиция көліктері Республика алаңына тиіп тұрған Фурманов, Желтоқсан, Байсейітова көшелерінің бойында және қалалық әкімшіліктің алдында самсап тұрды. Ескерткіш маңындағы полицейлердің саны митингке қатысушылардан көп болса да олар осыдан бір күн бұрынғыдай әрекетке бармады – ешкімді автобусқа күштеп мінгізген жоқ, жиынды тек сырттай ғана бақылап тұрды.

Сондай-ақ, желтоқсанның 17-сі күні таңертеңгілік «Тәуелсіздік таңы» монументіне Алматы қалалық әкімдігі мен қалалық маслихаттың атынан да Желтоқсан қаһармандарын еске алуға арналған гүл шоқтары қойылды. Алматы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов бастаған топ қатысқан шара көп уақыт алмай, жылдам бітті.


XS
SM
MD
LG