Accessibility links

NHC: Қазақстан билігі "Бейбіт жиын" туралы заңды өткізу үшін пандемияны пайдаланды


Алматыда полиция қызметкерлері митинг орнында наразы тұрғынды ұстап бара жатыр. 1 наурыз 2020 жыл.
Алматыда полиция қызметкерлері митинг орнында наразы тұрғынды ұстап бара жатыр. 1 наурыз 2020 жыл.

Норвегиялық Хельсинки комитеті (Norwegian Helsinki Committee) және ЕҚЫҰ аймағындағы 24 құқық қорғау ұйымы жақында Қазақстан парламентінің төменгі палатасы мақұлдаған "Бейбіт жиын" туралы заң жобасының қабылдануына қарсылық білдіріп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Хельсинки комитетінің сайтында хабарлама шығып, хаттың мазмұны да жарияланды.

"Біз наразылық кезіндегі адам құқығын бұзу мәселесін бірнеше рет көтердік, белсенділермен елде қалай қарым-қатынас жасайтынына куә болдық. Қазақстанның демократияға қарай қадам жасайтын уақыты баяғыда келген. Бейбіт жиналу және бірігу құқығы бұл демократияның ажырамас бөлігі" деді ұйымның кеңесшісі Ивар Дейл. Оның пікірінше, "жиналу еркіндігі" Қазақстанда көптен бері жалғасып келе жатқан мәселе.

20-дан астам ұйым қол қойған хатта құқық қорғаушылар Қазақстан билігін заң жобасын қайтарып, азаматтық қоғам өкілдері берген ұсыныстарды ескеруге шақырады. Заң жобасын халықаралық сарапшылармен талқылауға кеңес береді.

"Ғаламдық індет өрістеген шақта [Қазақстан] билігі заңды өткізуге қатты күш салғандай болды, біз осыған алаңдаймыз. Пандемия дәл осы заңға қатысы бар жиналу еркіндігі құқығын қатты шектейді" делінген хатта.

Хат авторларының айтуынша, билік қабылдаған "Бейбіт жиын" туралы заң халықаралық адам құқықтары стандартына сәйкес келмейді және онда қажетсіз қатал шарттар бар. Олардың айтуынша, құжатта бейбіт жиын, шеру өткізу үшін биліктен рұқсат сұрау талабы қалған, есесіне өтінішті жазу мен рұқсат алу талаптары көбейген.

Бұған қоса, құқық қорғаушылар митингіні билік арнайы бекіткен орындарда ғана өткізу, ұйымдастырушыларға жауапкершілікті күшейту сияқты заң нормаларын сынайды.

Құқық қорғаушылар президент Тоқаевқа бағытталатын хаттың көшірмесі БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары, БҰҰ-ның бейбіт жиналу бойынша арнайы өкілі және ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросына (БДИПЧ/ЕҚЫҰ) жіберілетінін де ескертеді.

Бұған дейін билік өкілдері құжатты әзірлеген кезде халықаралық тәжірибе мен халықаралық мамандар, жергілікті сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің пікірі ескерілгенін айтқан болатын.

Қарай отырыңыз: Митинг туралы жаңа заңды мәжіліс мақұлдап, сарапшылар сынады (8 сәуір 2020 жыл).

Митинг туралы жаңа заңды мәжіліс мақұлдап, сарапшылар сынады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:26 0:00

Наурыз айының соңында бірқатар белсенділер жиналып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинге үндеу хат жазып, заң жобасын асығыс қабылдамауды сұраған еді. Танымал құқық қорғаушы Евгений Жовтис «демократия қағидаларына түпкі мәні сай келмейтін жобамен шұғылданудан» бас тартып, жұмыс тобынан шыққан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы маусым айындағы сайлаудан кейін бейбіт жиын туралы заң қабылдауға уәде беріп, митинг өткізу үшін ескертуді ғана талап ететін құжат қабылдауға уәде берген. Биыл ақпан айында ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиын туралы заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжатпен танысып шыққан құқық қорғаушылар мен белсенділер қазіргі заң сияқты ондағы ережелердің халықаралық стандартқа сәйкес келмейтінін айтқан.

Құжатқа сәйкес, Тоқаев уәде еткен “ескерту сипатындағы” митингілер қатысушылар саны 250-ден аспайтын кішігірім жиындарға ғана қатысты. Ал ірі митингілер үшін биліктен рұқсат алу керек. Құжатта сонымен бірге митингіні арнайы белгіленген орындарда ғана өткізу керек деген талап бар және бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғандар бұрынғыдан қатаңырақ жазаланады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG