Шымкент қаласы Маятас ауылының бір топ баласы өлімші етіп сабап, кейіннен ауруханада қайтыс болған Тоғыс ауылының тұрғыны 17 жастағы Абзалбек Өткіровтің ісі бойынша тағы төрт күдікті анықталды. Олардың біріне іздеу жарияланған. Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 маусымға қараған түні Абзалбек Өткіров қайтыс болған соң іс Қылмыстық кодекстің "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабының "жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бөлімімен қайта сараланған. Оған қоса Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің "Медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау" бабы бойынша іс тіркелген.
Полиция департаменті балалар арасындағы төбелес 22 мамырда Тоғыс ауылындағы "Мейір" дүкенінің алдында болғанын мәлімдеді. Төбелеске 11 адам қатысқан. Үшеуі – жәбірленуші, сегізі – күдікті. Күдіктілердің біреуі 18 жаста. Қалған күдіктілер мен жәбірленушілер – кәмелет жасқа толмаған балалар.
Полицияның хабарлауынша, 8 күдіктінің бесеуі екі айға қамауға алынған, екеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберілген, біреуіне іздеу жарияланған.
Ал Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы облыстық балалар ауруханасының дәрігерлеріне қатысты іс тіркелгенін хабарланғанымен, ауруханаға полиция келмегенін, тергеп-тексеру жүрмегенін жеткізді.
2 мамырға қараған түні Тоғыс ауылының 17 жастағы тұрғыны Абзалбек Өткіров облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде қайтыс болған. Өткіровтің туыстары, Абзалбек пен оның жанындағы екі баланы Маятас ауылының бір топ баласы "өлімші етіп сабап кеткенін" айтқан. Ауыр жарақаттан миына қан кеткен Өткіров есін жинай алмай, 10 күннен кейін қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР