Accessibility links

Ақтөбеде митинг өтуі тиіс жерде әкімдік жөндеу жүргізді. Полиция ондаған адамды ұстады


Полицияның митингіге келген адамдарды ұстаған сәті. Ақтөбе, 6 маусым 2020 жыл
Полицияның митингіге келген адамдарды ұстаған сәті. Ақтөбе, 6 маусым 2020 жыл

6 маусым күні Ақтөбе қаласында полиция Өнер орталығы маңындағы алаңға митингіге келген ондаған адамды ұстады және адамдардың жиналуына кедергі жасады. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Қазақстанның екі оппозициялық тобы жариялаған митингіге Ақтөбеде ондаған адам келді. Олардың арасында ерлі-зайыптылар Нұржамал мен Нағашыбай Байлиевтер бар. Нағашыбай Байлиев “Наразылығын айтқысы келетіндер көп. Бірақ жұрт үйінен шыға алмай отыр. Қазір бізді де аңдып тұрғаны анық. Ұстап әкетпесіне ешкім де кепіл бола алмайды” деді.

Аялдаманы ықтап тұрған әйел “Митингіге келдім. Жер сатылмасын! Адамдарға мәжбүрлі түрде вакцина салынбасын!” деп айта бастаған бойда полиция келіп, оны арнайы автобусқа мәжбүрлеп кіргізді.

6 маусым күні полиция Өнер орталығына барар жолдардың бәрін жіті бақылап тұрды. Жаяу жүргіншілерге сұрақ қойып, аялдамаларға қарай өткізбей жатты. Полиция ұстап әкеткендер талабын айтып үлгермеді.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті Азаттыққа қанша адамның ұсталғаны туралы ақпарат бермеді.

“Митингі өтеді” деген алаңда “Aqtobe su-energy group” компаниясына тиесілі бірнеше көлік тұрды. Компанияның баспасөз хатшысы Динара Жаналинаның айтуынша, 6 маусымға қараған түні Өнер орталығына жақын маңдағы құдықтағы су құбырлары жарылған.

- Құбырдың қашан қалпына келетінін нақты айта алмаймыз. Бір анығы – құбырдың жарылуынан қала тұрғындары зардап шеккен жоқ. Қалада ауыз су бар. Тек жақын маңдағы мекемелер ғана ауыз сусыз отыр, - деді Динара Жаналина.

Ел бойынша жарияланған митингіге әлі тіркеуден өтпеген “Демократия партиясы” және “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысы (Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, тыйым салған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) шақырған болатын. Митинг “Бейбіт жиындар туралы" заңның күшіне енуімен тұспа-тұс келді. Бұл наразылық - коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі аяқталған соң өткен алғашқы акция.

Митингіге Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары да шықты. Полиция ол қалаларда да митинг белгіленген орындарды алдын ала қоршап, белсенді азаматтарды ұстап әкетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG