Accessibility links

Бес үкіметтік емес ұйымға қатысты қозғалған әкімшілік іс пен өндіріс тоқтатылды


Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті. Департаменттің Facebook-тағы аккаунтынан алынған.
Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті. Департаменттің Facebook-тағы аккаунтынан алынған.

4 ақпанда бес үкіметтік емес ұйым - MediaNet халықаралық журналистика орталығы, "Халықаралық құқықтық бастама", "Құқықтық медиа орталық", "Эхо" қоғамдық бірлестігі және Адам құқығы және заңдылықты сақтау халықаралық бюросы үстінен қозғалған іс пен өндірістің тоқтатылғаны белгілі болды.

Адам құқығы және заңдылықты сақтау халықаралық бюросының жетекшісі Евгений Жовтис Алматы қалалық салық департаментінің Әкімшілік кодекстің 64-1 бабына ("Құқық бұзушылықтың маңызы болмашы болған кезде әкімшілік жауаптылықтан босату") сүйене отырып, әкімшілік істі тоқтатқанын хабарлады. Ол қолына қаулы әлі түспегендіктен әлі нақты ештеңе айта алмайтынын жеткізді.

- Біз әрине, шешімнің күшін жойғанына қуаныштымыз. Бірақ егер қаулыда "болмашы нәрсе болғандықтан" істі тоқтаттық деп жазса, онымен келіспейміз. Сотқа арыз түсіреміз, - деді Евгений Жовтис.

MediaNet ұйымына қатысты қозғалған өндіріс те дәл осындай себеппен тоқтаған. Ұйым жобаларының бірі Factcheck.kz сайтының редакторы Думан Смақовтың айтуынша, ұйым салық органы қызметкерлерінің заңсыз әрекетіне байланысты түсірілген шағым бойынша сотқа қатыса бермек.

- Қазір бізде бұған параллель сот жүріп жатыр. Біз бұған дейін салық басқарманың әрекетсіздігіне шағымданғанбыз. Қалалық салық департаменті қанағаттандырған жоқ. Содан кейін біз олардың үстінен қалалық мамандандырылған ауданаралық сотқа шағым түсіргенбіз. Яғни, біз департаменттің шағымды қанағаттандырмағанына риза емеспіз. Бүгін сол бойынша бірінші тыңдау өтті. Сот іспен толық танысу үшін істі кейінге қалдырды. Әзірге уақыты айтылған жоқ, - дейді Думан Смақов.

"Халықаралық құқықтық бастама" жетекшісі Амангелді Шорманбаев та Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің ұйымға айыппұл салу және жұмысын тоқтату туралы шешімге қарсы түсірілген шағымның ішінара қанағаттандырғанын хабарлады.

- Айыппұл мен қызметті тоқтату жазаларын алып тастайтын болды. Ал басқа не қалады, не қалмайды, ол жағын қолымызға қаулы тигеннен кейін ғана айта аламыз. "Ішінара" десе, демек қандай да бір өтініштеріміз орындалмаған болып тұр ғой. Шағымымызды жартылай қанағаттандыруының себебін түсіндірген жоқ, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Бейсенбі күні түстен кейін "Құқықтық медиа орталық" жетекшісі Диана Окремова да Facebook желісінде "жеңіске жеттік" деп жазды.

Елдегі адам құқығын қорғау, сөз бостандығы, әділ сайлау өткізу мәселелерімен айналысатын бірнеше үкіметтік емес ұйым қараша айында салық органдарының "негізсіз тексерулеріне" шағымданған. Желтоқсан-қаңтар айларында олардың бірнешеуіне ірі көлемде айыппұл салынып, жұмысы үш айға тоқтатылды.

Салық органдары олардың "қаржы бойынша есеп беру құжаттарынан қателік кеткенін" айтып, "көрінеу жалған ақпарат таратты" (Әкімшілік кодекстің 460-1 бап 2-бөлігі) деп айыптаған. Мысалы, MediaNet-тің қаржылық есеп құжаттарынан "9 сәйкессіздік" анықталғаны хабарланды, ұйымға 1800 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 5,2 млн теңге) көлемінде айыппұл және 3 айға жұмысын тоқтату қаупі төнген. "Халықаралық құқықтық бастама" ұйымының қызметі үш айға тоқтап, 1,1 миллион теңге айыппұл салынған.

Үкіметтік емес ұйымдар 29 қаңтар күнгі мәлімдемеде "кез келген бұлыңғыр техникалық қателікке бола ірі көлемде айыппұл салып, ұйымның жұмысын тоқтатуға мүмкіндік беретін Әкімшілік кодекстің шикілігін" және ондағы "460-1 бап 2 бөліктің абсурдтығын" сынаған. Олар бұл бапты түбегейлі өзгерту немесе кодекстен тұтас алып тастау қажеттілігін атап өткен.

Олар салық органдарының шешімін апелляцияға беретінін айтқан. Олар тексерісті қысым түрі ретінде бағалаған.

4 ақпанда түске дейін "Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры ұйым үстінен қозғалған әкімшілік істің тоқтатылғаны белгілі болған. Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік кірістер департаменті ұйымның құжаттарынан "ешқандай заңсыздық анықталмағандықтан" іс тоқтатылған.

Адам құқығы және заңдылықты сақтау халықаралық бюросының жетекшісі Евгений Жовтис "[билік] басында бір нәрсені бастап қойды да, ол кейін саяси нұқсан келтіре бастады. Айғай-шу көтерілді. Халықаралық беделге нұқсан келді. Енді қазір қайтадан шегіне бастады" деп мәлімдеді.

MediaNet өкілдері "салық органдары арқылы жасалған қысымды" сайлау және ұйымның қызметімен байланыстырады.

- Бұл қысымды Factcheck.kz сайтына шыққан материалдармен байланыстырамыз. Біз әрі қарай да шенеуніктердің мәлімдемелерін тексере береміз, әрі қарай да жұмысымызды жалғастыра береміз. Бұл қысым керісінше жұмысымызға жаңа серпін берді. Жасап жатқан жұмысымыздың дұрыс екенін көрсетті. Екіншіден, бұл қысымның сайлаумен байланысты екені анық. Сайлау бітті. Соған орай бұлар да әйтіп-бүйтіп істерді тоқтатып жатыр, - дейді ол.

Бұған дейін халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары үкіметтік емес ұйымдарды "қудалау мен оларға қысым көрсету кампаниясын" айыптап, Нұр-Сұлтанды қаржылық есеп беру ережелерін асыра пайдаланбауға және қысымды тоқтатуға шақырған. Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы қазақстандық мемлекеттік органдардың іс-әрекетін "репрессияшыл шаралар" деп бағалап, қатты сынаған.

Халықаралық Transparency International (TI) ұйымы Қазақстан билігін адам құқығы және қоғамдық бақылау мәселерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарды қудалауды тоқтатуға шақырған. Ұйым мәлімдемесінде егер азаматтық қоғам өзінің қоғамдық бақылау функциясын атқару мүмкіндігінен айырылса Қазақстанның "жемқорлықпен күрес саласында кері кетуі оңай" деп мәлімдеген.

3 ақпанда Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап берген қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев "мұндай тексерістер тұрақты түрде жүргізіліп келеді" деп мәлімдеген.

Премьер-министрдің орынбасары, Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді 26 қаңтарда "үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын тоқтату" елдің "халықаралық беделіне нұқсан келтіреді" деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG