Accessibility links

Мәскеудің "ақпараттық соғысы", Нұр-Сұлтанның "болбырлығы" және "рубльге байланған теңге"


Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді (оң жақта) Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа жол нұсқап тұр. Нұр-Сұлтан, Қазақстан. 8 сәуір, 2021 жыл.
Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді (оң жақта) Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа жол нұсқап тұр. Нұр-Сұлтан, Қазақстан. 8 сәуір, 2021 жыл.

Кремль маңайындағы саясаткерлер Қазақстан туралы арандаушы пікірді неге жиі айта бастады? Мәскеу мен Батыс арасындағы текетірес Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Ресей сыртқы істер министрінің Нұр-Сұлтанда жасаған Америкаға қарсы мәлімделерінен нені байқаймыз? Азаттық қазақстандық саясаттанушы, "Тәуекелді бағалау тобының" директоры Досым Сәтпаевпен осы жөнінде сұхбаттасты.

8 сәуірде қазақстандық әріптесі Мұхтар Тілеубердімен кездесуден кейін өткен брифингте Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ-қа қайта шүйлігіп, Вашингтонды "сенімсіз серіктес" деп атады және оны "Мәскеуге қарсы "тығырыққа тірейтін, тіпті ақымақ саясат" жүргізіп отыр деп айыптады.

"Өз күшімізге сүйенуіміз керек, себебі АҚШ та, оның одақтастары да сенімді серіктес емес. Мемлекеттің тіршілігі үшін маңызды салаларда біз олардың көңіл-күйіне, таңертең қай аяғынан тұрғанына қарап отыра алмаймыз" деді Лавров.

Ресей Украинамен шекараға және өзі аннексиялаған Қырымға әскер жұмылдырып, оның соңы Батыс пен Мәскеу арасындағы текетіреске ұласқан тұста Лавров Қазақстанға келді. Киев, Брюссель мен Вашингтон Донбаста жағдай ушығып кетуі мүмкін деп алаңдайды.

Қазақстанның мемлекеттік органдары Лавров сапары туралы қасаң ақпарат берді, Ресей шенеунігінің Батысқа қарсы мәлімдемелері жайлы тіс жармады. Қазақстан сыртқы істер министрі Ресейді маңызды геосаяси басымдық деп санайтынын және екі ел арасында "шешілмеген мәселе жоқ екенін" мәлімдеді.

Азаттыққа сұхбатында саясаттанушы Досым Сәтпаев Мәскеу мен Батыс арасындағы текетіреске Қазақстанның қалай жауап беретінін және бұл дипломатиялық кикілжің Орталық Азияға қалай әсер етуі мүмкін екенін айтты.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев. Алматы, 5 маусым, 2019 жыл.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев. Алматы, 5 маусым, 2019 жыл.

Азаттық: Сергей Лавровтың Нұр-Сұлтандағы мәлімдемелерін қалай бағалауға болады? Бұл оның Батысқа айбат шегіп, "сателлиттерін" қорқытуы ма?

Досым Сәтпаев: Лавровтың мәлімдемесі Вячеслав Сурковтың 2018 жылы (бұл кезде ол Ресей президентінің кеңесшісі қызметін атқарған – Ред.) айтқан "Эпоха 14+" идеологиялық тұжырымдамасына сай келеді. Сурковтың айтуынша, 2014 жылғы Қырымды аннексиялау төңірегіндегі оқиғалардан кейін Ресей геосаяси жалғыздыққа ұшырады, осы жағдайда ол екі одақтасы – армия мен флотқа сүйенуге мәжбүр. Бұған қоса, қазір Путиннің рейтингі түсіп жатыр, Ресейдің әлеуметтік-экономикалық даму бойынша қиын жағдайда тұрғанын ескерсек, бұл Ресейдің билігін шошытады. Содан соң "Біз тағы жаулардың құрсауында қалдық, лидердің төңірегіне топтасуымыз керек" деген мобилизациялауға шақыратын ұрандар айтыла бастады. Меніңше, бұл ой Лавровтың аузымен де айтылып жатыр, әрі бұл месседж ең алдымен ішкі саясатқа, Ресейдің өз ішіндегі аудиторияға бағытталған.

Ресей Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО, мүшелері: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей — Ред.) және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ, мүшелері: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан — Ред.) кіретін елдерді тең дәрежелі одақтас емес, өз сателлиттері ретінде қабылдайтынын ескерген жөн. Сондықтан Ресей осы аймақтық ұйымдардағы әріптесі саналатын елдердің Батыспен ынтымақтасу әрекетін екіжүзді ойын деп қабылдап, бұған қатты наразы болары анық.

Бұған қоса, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатты жақтайтынын әрі Еуропа одағы елдері көп жылдан бері оның басты сауда серіктерінің бірі және Қазақстан мұнайының негізгі сатып алушысы болып келгенін де ұмытпаған жөн. Сондықтан Қазақстан үшін Еуроодақпен қарым-қатынас – басымдықтардың бірі. Экономикалық ынтымақтастық тұрғысынан қарағанда, Еуроодақ – Қазақстан үшін Қытай мен Ресей сияқты маңызды серіктес.

АҚОРДАНЫҢ "САҚТЫҒЫ" ЖӘНЕ СЫРТҚЫ ОЙЫНШЫЛАР

Азаттық: Ақорда мен СІМ жариялаған Лавров пен Тілеубердінің кездесуі туралы ақпаратты қарасақ, онда екіжақты мәселелер, интеграцияны арттыру жайы талқыланды делінеді. Ол мәтіндерге қарасақ, ешқандай текетірес жоқ. Шынымен солай ма? Бұл риторика нені білдіреді?

Досым Сәтпаев: Мұнда "кітапхана" (президенттіктен кетсе де көп өкілетін сақтап отырған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі — Ред.) мен Ақорда көріп отырған сыртқы саяси модельдердің арасындағы айырманы анық байқаймын. Назарбаев туралы айтар болсақ, ресми түрде көпвекторлы саясат ұстанып, өзге елдермен байланысты күшейтуге тырысқанымен ол ЕАЭО аясында да, түрлі сыртқы саяси мәселелер бойынша да Ресеймен тым жақындасуға ұмтылды. Бұған Назарбаевтың Батысты сынауын қосыңыз, бұл да соңғы жылдары үдеп кетті.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Нұр-Сұлтан, Қазақстан. 8 сәуір, 2021 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Нұр-Сұлтан, Қазақстан. 8 сәуір, 2021 жыл.

Енді Ақордаға қарайық. Дипломат болғандықтан, Тоқаев пікір айтқанда қатты кетпей, ірі геосаяси ойыншыларға келгенде икемділік танытуға тырысады. Дегенмен Тоқаев сыни пікірімен де көзге түсіп жүр. Мәселен, ЕАЭО-ның алдағы жылдарға стратегиялық даму жоспарына қатысты сөзінде ол онда Қазақстанның мүдделері ескерілмегенін айтты. Және биыл ақпанда ЕАЭО елдері премьер-министрлерінің Алматыда өткен кездесуінде Қазақстан жағы "Еуразиялық одақ Қазақстанның мүдделерін шектей бастады" деп мәлімдеді. Мұның барлығы Ресейдің конфронтациялық сыртқы саясаты Қазақстанға проблема тудырып жатқанын Ақорда түсіне бастады дегенді білдіреді.

"Біз тағы жаулардың құрсауында қалдық, лидердің төңірегіне топтасуымыз керек" деген мобилизациялауға шақыратын ұрандар айтыла бастады.

Тіпті Еуропа одағының соңғы қарары да Қазақстанның Тоқаев тұсындағы ішкі саясатта жіберген қателіктерімен ғана байланысты емес. Оның саяси реформа жүргізу уәдесінен көп жұрттың көңілі қалды. Еуропарламенттің қатаң қарары Батыстың Ресеймен және Беларусьпен текетіресінің аясында да қабылданып отыр. Демек біз де сол лекке іліктік, себебі бұл тұрғыдан Еуропа үшін Қазақстанның Ресей мен Беларусьтен көп айырмасы жоқ.

Азаттық: Лавров Қазақстанға келерден бір апта бұрын Орталық Азияның төрт мемлекетінің, Түркия мен Әзербайжанның президенттері қатысқан түркітілдес елдер басшыларының онлайн-саммиті өткен. Кейбіреулер былтыр күзде Таулы Қарабақта болған соғыстан соң Кавказда ықпалын күшейткен Түркия енді Орталық Азияға құрық салмақ деп ойлайды. Оның үстіне бұл аймақтағы басты ойыншылар – Қытай мен Ресейге ұнамайды деген де тұжырым бар. Лавров Нұр-Сұлтанға "сіздерге адалмыз" деген сөзді естуге келді ме?

Досым Сәтпаев: Мұнда дипломатиялық реверанс пен шынайы саясатты бөліп қарау керек. Түркітілдес елдер басшыларының кездесуінде Тоқаевтың өзі бұл елдер түрлі бағытта экономикалық ынтымақтастық орнатып, ықпалдастыққа ұмтылуы керек деген сыңайда бірнеше қызық мәлімдеме жасады. Қазақстан ол жерде жай қатысушы болған жоқ, кей жобаларды, соның ішінде Түркістанды түркітілдес әлемнің астанасы деп тану туралы идеяны өзі ұсынды.

Ресей ЕАЭО-ға және ҰҚШҰ-ға кіретін елдерді тең дәрежелі одақтас емес, өз сателлиттері ретінде қабылдайтынын ескерген жөн.

Қазіргі уақытта Түркия экономикалық ынтымақтастық тұрғысынан, Түркияның және әлемнің нарығына шығу тұрғысынан тиімді, әсіресе Таулы Қарабақтағы көлік маршрутын Әзербайжан бақылауға алғанын ескерсек, бұл іс жүзінде Түркияға шығар жолды қысқартты. Оның үстіне Қазақстан [Қытайдың] "Бір белдеу, бір жол" жобасы арқылы Каспий мен Әзербайжан арқылы Түркияға апарар жолды пайдалануға барынша тырысып жатыр.

Саяси әріптестік тұрғысынан Түркия Ресей мен Қытайға қарсы саяси күш ретінде тиімді. Түркияның Еуропаға жолы жабық, Ресеймен қарым-қатынасы да тұрақты емес, мұсылман әлемінде Иранмен және Сауд Арабиясымен арада үлкен бәсеке бар. Сондықтан Түркия қазір өзіне біршама жақын аймақтарға, соның ішінде Орталық Азияға, табан тіреуге бар күшін салады.

"ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ҚАУІПТІ НЫШАН"

Азаттық: Мәскеу мен Батыс арасының нашарлауы Ресейдің Қазақстанға қысымын күшейте түсуі мүмкін бе? Мүмкін десек, онда бұл қандай формада жүзеге асуы мүмкін?

Ақорда Ресейдің конфронтациялық сыртқы саясаты Қазақстанға проблема тудырып жатқанын түсіне бастады

Досым Сәтпапев: Мәскеудің Батыспен арасы ушыққан сайын Ресей саясаткерлерінің арандатушы мәлімдемелері де жиілей түсті. Мәселен, бұрынғы мәдениет министрі Мединскийдің сөзін алайық, оның ойынша, Ресей жері түсініксіз бір себептермен Украина, Беларусь және Қазақстанға өтіп кетіпті. Бейресми түрде айтылып жатқан бұл арандатушы мәлімдемелер де Кремльдің ойын білдірсе керек.

Әзірге Ресей өзінің саясатын жаушыл деп қабылдағандарды жазалайтын құралы бар екенін Қазақстанға және постсоветтік кеңістіктегі елдерге тұспалдап жеткізіп отырса керек. Іс жүзінде қазірдің өзінде Ресей Қазақстанға қарсы жарым-жартылай ақпараттық соғыс жүргізіп жатыр. Ресейдің кей ақпарат құралдары қазақ жазуын латынға өзгерту, қазақтарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру мәселелерінде қандай шабуыл жасап жатқанын, "Ресеймен жақын болмаса, Қытайдың вассалына айналуы мүмкін екенін" ескертіп отырғанын білеміз.

Қазірдің өзінде Ресей Қазақстанға қарсы жарым-жартылай ақпараттық соғыс жүргізіп жатыр.

Қайталап айтамын, мұның бәрі аяқ астынан жасалып отырған жоқ, бұл —ақпараттық науқанның басы. Мен мұны өте қауіпті нышан деп қарастырамын, себебі ақпараттық, экономикалық, саяси, әскери салалардың қай-қайсысын алып қарасақ та, бұл сегменттердің ешқайсында Қазақстан Ресей жақтан аяқ астынан басталуы мүмкін ауқымды гибрид соғысқа төтеп бере алмайды.

Дипломатиялық икемділікті дипломатиялық болбырлықпен шатастыруға болмайды. Сыртқы саясатта мұндай болбырлық үнемі көрініс таба беретін болса, біздің тарап Ресей саясаткерлерінің арандатушы мәлімдемелерін үнемі естімегендей сыңай таныта берсе, Мәскеу "Қазақстан өз егемендігін қорғауға дайын емес" деген ой түюі ықтимал, ал бұл қазақстандықтардың көбінің көңілін құлазытады, себебі әңгіме елдің аумақтық тұтастығы туралы болып отыр.

Азаттық: Әсіресе теңге мен рубльдің кешегі құнсыздануы тұрғысынан қарасақ, Ресейдің экономикалық одақтастары, соның ішінде Қазақстан, Мәскеудің геосаяси амибициясының батпан жүгін көтеріп келеді деп айтуға бола ма?

Ресей саясаткерлерінің арандатушы мәлімдемелерін үнемі естімегендей сыңай таныта берсек, Мәскеу «Қазақстан өз егемендігін қорғауға дайын емес» деген ой түюі ықтимал

Досым Сәтпаев: Мұнай бағасы соншалық арзан болмаса да, Қазақстан ұлттық валютасының едәуір құнсызданғанын байқадық (ал шикізат ресурстарының құны ұлттық валютаның бағамын ұстап тұратыны белгілі). Бірақ біздің Ресей рубліне байланып тұрғанымыз сондай, ондағы ұлттық валютаның басында болған кез келген жағдай бізде автоматты түрде қайталанады. Қаржылық тәуекел тұрғысынан қарағанда, Қазақстан Ресей рублінің тұтқынына айналды. Тіпті осы тұрғыдан алсақ та, Батыс санкциясын күшейткелі жатқан тұста, Ресейдің жаушыл саясатының белгілі бір зардабын тартып отырмыз.

Бұған қоса, Қазақстан мұнайының негізгі бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы өтеді. Ал елдің мұнайын әлем нарығына шығару тұрғысынан мұнда Ресей басты рөл ойнайды. Басқа бағыттар да бар, әрине, бірақ олар Қазақстан шикізатын мұндай көлемде тасымалдай алмайды. Сондықтан, проблема жағдайында Ресей Қазақстанға дәл осы тұстан қысым жасауы ықтимал. Бұлай бола қалған жағдайда Қазақстан мен Ресей арасындағы ашық текетірес туралы айтуға болады, себебі Қазақстан үшін энергоресурстар экспорты белгілі бір экономикалық тұрақтылықтың басты факторы саналады. Мұнда Ресей Қазақстанға тосқауыл қояр болса, онда бұл экономикалық соғыстың басы ретінде қарастырылуы ықтимал.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG