10 қыркүйек күні 13 белсендінің сотында айыпталушылардың судьяны ауыстыру туралы өтініші тағы қанағаттандырылмады.
"Тыйым салынған ұйымды құрды және оның ісіне араласты" деп айыпталған 13 белсендінің бірі Марат Құрбанов осы апта басында сұрақтарға жауап беруден бас тартып, судья Ернар Қасымбековке қарсылық білдірген. Бұған прокурордың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы" қозғалыстарын "экстремистік ұйым" деп тану туралы Есіл аудандық сотының шешімдерін көрсете алмауы себеп болған. Сот прокурорға шешімді әкелуді тапсырғанмен айыптаушы тарап орындамаған. Процесс кезінде оның себебі де нақты түсіндірілмеді. Белсенді Марат Құрбанов сотта Конституциялық құқығы бұзылғанын, Есіл аудандық сотының шешімін көрмейінше ауыз ашпайтынын жеткізген.
Ол үш күн бұрын "шешім көрсетілмесе, тағылған айыптаулардың бәрі бекер. Сот пен тараптар істі қарамастан бұрын сол үкіммен танысуы маңызды" деген еді.
10 қыркүйекте өтінішті қараған өзге судья Құрбановтың уәжі судьяны істі қараудан шеттетуге негіз бола алмайды деп тапты. Осылайша істі әрі қарай да судья Ернар Қасымбеков жүргізе беретін болды.
Айыптаушы тараптың судьяны ауыстыру туралы өтініші екінші рет кері қайтарылып отыр. Шамамен бір ай бұрын судья Қасымбеков қорғаушының "саяси тұтқын кім?" деген сұрағын алып тастап, айыпталушының оған жауап беруіне тыйым салған еді. Адвокатқа лицензиясынан айырылу қаупі бар екенін ескерткеннен соң қорғаушы судьяға қарсылық білдіріп, артынша өтініш кері қайтарылған.
Жұма күні шешім шыққан соң Құрбанов оған қатысты пікір білдірмеді.
Жергілікті құқық қорғаушылар "саяси іс" деп таныған 13 белсендінің соты 27 шілдеде басталған. Айыпталушылардың тоғызы - "тыйым салынған ұйымның ісін ұйымдастырды және ісіне араласты", төртеуі - "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген күдікке ілінген.
13 белсендінің барлығы қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, акция-митингілерге қатысып жүрген азаматтар.
Қарай отырыңыз: 13-тің соты. "ҚДТ ісіне араласты" деп айыпталған белсенділердің ісі қалай қаралып жатыр? (25 тамыз 2021 жыл).
2020 жылы астананың Есіл аудандық соты “Көше партиясын” “экстремистік” деп танып, оның қызметіне тыйым салған. Екі жыл бұрын ҚДТ жұмысына да осындай себеппен шектеу қойған еді. Еуропарламент бұл екі ұйымды “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атайды. Екі ұйым Қазақстандағы авторитарлық басқаруды тоқтатуды және парламенттік басқару жүйесіне көшуді талап етеді.
"Көше партиясы" мен ҚДТ-ға тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланған жоқ. Қазақстандық құқық қорғаушылар билік осы екі ұйымға қатысқан деген айыппен 300-ге жуық адамды қудалауға салды деп санайды.
Биыл шілде айында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға және саяси оппозициялық қозғалыстарды "экстремизм" үшін айыптамай, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырған еді.
ПІКІРЛЕР