3 тамызда Алматы сотында прокурор "тыйым салынған ұйымды құрды және оның ісіне араласты" деп айыпталған 13 белсендінің ісі бойынша айыптау актісін оқыды. Айыпталушылар прокурордың айыбымен келіспеді. Судья қорғаушының "саяси тұтқын" кім?" деген сұрағын алып тастап, айыпталушының оған жауап беруіне тыйым салды. Адвокатқа лицензиясынан айырылу қаупі бар екенін ескерткеннен соң қорғаушы судьяға қарсылық білдірді.
ТӨРТ САҒАТ ОҚЫЛҒАН АЙЫПТАУ АКТІСІ
Таңғы сағат 09:30-да Алматының Алмалы аудандық сотында басталған іске судья Ернар Қасымбеков төрағалық етті. Сот онлайн өтті. Сот процесіне 5 айыпталушы Zoom қосымшасы арқылы ЛА-155/18 түзету мекемесінен қатысты.
Адвокат Жанар Балғабаеваның талап-тілегінен соң судья журналистер мен бақылаушыларды процеске қатыстыруға рұқсат берілгенін мәлімдеді. Видео түсіруге рұқсат жоқ екенін, журналистерге аудио жазуға, фото түсіруге ғана мүмкіндік берілетінін хабарлады.
Адвокаттар Жанар Балғабаева, Ғалым Нұрпейісов, Шынқуат Байжанов қамауда жатқан айыпталушылар Диана Баймағамбетова, Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов пен Ноян Рахымжановты денсаулығына байланысты үйқамаққа шығару туралы талап-тілек түсіргенімен, сот олардың бұл өтінішін қанағаттандырмады. Судья айыпталушылардың денсаулығы нашарлаған жағдайда өздері қамауда жатқан түзеу мекемесіндегі медициналық көмекке жүгінуге құқығы бар екенін ескертті. Бірақ айыпталушылар онда медициналық көмек алуға жағдай жасалмағанына шағынды.
Прокурор айыптау актісін шамамен төрт сағат оқыды. Айыптау актісінде 13 белсендінің Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1-тармағы ("экстремистік ұйымның ісін ұйымдастыру") және сол баптың 2-тармағы бойынша ("экстремистік ұйымның ісіне араласу") айып тағылғаны айтылды. Олар Нұр-Сұлтан соты экстремистік ұйым деп таныған шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы және "Көше партиясына" қатысы бар, олар ұйымдастырған заңсыз митингілер мен акцияларға, пикеттерге қатысты деп айыпталатынын айтты. Белсенділердің әлеуметтік желілерде таратқан видеоүндеулері мен филиологиялық-психологиялық сараптама қорытындысы сияқты деректер дәлел ретінде ұсынылды. Прокурор айыпталушылар мемлекетке, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіргенін, "Көше партиясына" бірігіп, "мемлекеттік билікті құлатуға әрекет жасағанын" айтты.
Айыпталушылар конституция кепілдік берген пікір білдіру, ұйымға бірігу бостандығына сүйенгенін, ешқандай заңды бұзбағанын, билікті күшпен құлату туралы ештеңе демегенін айтты.
"САЯСИ ТҰТҚЫН КІМ?" ДЕГЕН СҰРАҚ ҮШІН МИКРОФОН ӨШІРУ
Судья Ернар Қасымбеков сот тергеуін айыпталушылардан жауап алудан бастады. Әуелі "экстремистік ұйымның ісін ұйымдастырды" және "экстремистік ұйымның ісіне араласты" деген айыппен қамауда жатқан Асхат Жексебаевтан жауап алынды.
Қорғаушы Ғалым Нұрпейісов Жексебаевтан "ҚДТ" қозғалысы мен "Көше партиясының" байланысы туралы түсіндіріп беруді сұрады. Жексебаев "ҚТД" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылған соң бастамашыл топ "Көше партиясын" халық қозғалысы ретінде құрғанын айтты.
– "ҚДТ" мен "Көше партиясы" бір қозғалыс па? Әлде мүлде бөлек ұйымдар ма? – деп сұрады адвокат Нұрпейісов.
– Бізді құқық қорғау органдары сырттай "ҚДТ"-ның мүшесі етіп қойды. Еш себепсіз. Мысалы, конституциялық құқығымды талап етіп митиніге, не жеке пикетке шықсам, мені бірден "экстремистік ұйымның мүшесі" деді. Біз сол үшін де жеке, тәуелсіз қозғалыс құрғымыз келді. "ҚДТ" мен "Көше партиясы" бөлек ұйымдар, – деп жауап берді айыпталушы Жексебаев.
– Бұрын-соңды "ҚДТ"-ның мүшесі болдыңыз ба?
– Жоқ, болмадым...
– Прокурор сізді экстремистік әрекетке барды деді. Қандай экстремистік әрекетке бардыңыз?
– Ешқандай. Біз неге жалғыз адамдық пикеттерге шықтық? Саяси тұтқындарға бостандық талап еттік, биліктің өз халқына геноцид жасамауын талап еттік. Қандай әрекетке барсақ та, адам құқығын сақтау керек дедік.
– Қанша рет пикетке шықтыңыз?
– Шамамен 60 рет.
– Пикетке шыққаныңыз үшін әкімшілік жауапқа тартты ма?
– Жоқ.
– Мемлекет Қазақстанда "саяси тұтқындар" жоқ дейді. Сіз "саяси тұтқындарға" бостандық талап еттіңіз. Сіздің пайымдауыңызша, "саяси тұтқын" дегенміз кімдер?
Осы кезде қорғаушы мен айыпталушының сөзін бөлген судья "сұрақты алып тастағанын" хабарлады. Судьяның бұл әрекетіне қорғаушы Нұрпейісов қарсы шықты. Айыпталушының "саяси тұтқын" сөзін судьяға түсіндіріп беруге мүмкіндік беруін сұрады. Судья: "Біз саяси сұрақты қарамаймыз" деді. Ал айыпталушы Жексебаев "Саяси сұрақ болмаса, саяси қозғалысты қалай қараймыз?" деп қайыра сұрады. Судья жауап берудің керегі жоқ екенін айтып, келесі сұрақты қоюды өтінді. Қорғаушы айыпталушының жауабын алып тастауға судьяның құқығы жоқ екенін айтты. Осы кезде судья қорғаушыға алғашқы ескерту жазатынын, адвокаттық лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін айтты. Нұрпейісов мұны қорғаушыға жасалған қысым деп бағалады.
– Жұмыс уақытында адвокатқа лицензиядан айыру туралы сөз айту – өрескел заң бұзу, – деді Нұрпейісов.
Нұрпейісов айыптау актісіне Жексебаевқа байланысты тағы екі сұрақ қойды. Айыпталушы жауап беру кезінде наразылыққа шыққанда "саяси тұтқындарға" бостандық талап еткенін тағы айтты. Осы кезде Нұрпейісов Жексебаевтан "саяси тұтқындардың" атын атауды сұрады. Судья екінші рет адвокаттың сұрағын алып тастады. Айыпталушы өз пікірін айта бастағанда судья хатшыға оның микрофонын өшіріп тастауды бұйырды. Адвокат бұған пікір білдіріп жатқанда судья хатшыға оның да микрофонын өшіріп тастауды тапсырды. Адвокат Нұрпейісов микрофон өшпей тұрғанда судьяға қарсылық білдіретінін айтып үлгерді. Судья қарсылықты жазбаша түрде беруді сұрағанда екінші қорғаушы судьяның бұл әрекетіне байланысты қарсылық танытатынын ескертті. Судья істі қарауды тоқтатып, қорғаушылардың қарсылығы 5 тамызда қаралатынын мәлімдеді.
Нұрпейісовтің пікірінше, белсенді Асхат Жексебаевқа "саяси экстремизммен айналысты" деп айып тағылып жатқандықтан, әрекетіне заңды баға беру үшін оның саяси экстремизм туралы ойын білу маңызды.
– Заң бойынша айыпталушы қамауда болса, іске оның қорғаушысы қатысуы міндетті. Сот залынан қорғаушының микрофонын өшіріп, айыпталушының қорғану құқығынан шектеу – судьяның адам құқығын өрескел бұзуы, – дейді Азаттыққа Нұрпейісов.
"ӘБЛЯЗОВ ЖАҚТАСТАРЫ" ЖӘНЕ ШЫҢЖАҢ
Алматының Алмалы аудандық соты 13 белсендінің ісін 27 шілдеде қарай бастаған. 28 шілде күні сот отырысына бақылаушылар мен журналистер қатыстырылмады. Сот мұны Zoom қосымшасының мүмкіндігі шектеулі екендігімен түсіндірген.
Белсенділерге Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1-тармағы ("экстремистік ұйымның ісін ұйымдастыру") және 405-бабының 2-тармағы бойынша ("экстремистік ұйымның ісіне араласу") айып тағылып отыр.
Айыпталушылар:
- Дархан Уәлиев (405-бап, 1, 2 бөлім)
- Бақдәулет Әлібеков (405-бап, 2-бөлім)
- Ноян Рахымжанов (405-бап, 1, 2 бөлім)
- Марат Курбанов (405-бап, 2-бөлім)
- Ермек Козиев (405-бап, 1-2 бөлім)
- Диана Баймағамбетова (405-бап, 2-бөлім)
- Қайрат Қылышев (405-бап, 1, 2 бөлім)
- Асхат Жексебаев (405-бап, 1, 2 бөлім)
- Нинагүл Жұманиязова (405-бап, 1, 2 бөлім)
- Гүлзипа Жәукерова (405-бап, 1, 2 бөлім)
- Абай Бегімбетов (405-бап, 1, 2 бөлім)
- Дәметкан Аспандиярова (405-бап, 1, 2 бөлім)
- Болат Смағұлов (405-бап, 2-бөлім).
13 белсендінің барлығы дерлік – қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, акция-митингілерге қатысып жүрген адамдар.
Бұған дейін құқық қорғаушылар Диана Баймағамбетова, Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов, және Қайрат Қылышевті "саяси тұтқындар" қатарына қосқан. Сотқа тартылып жатқан белсенділер арасында Шыңжаңдағы туыстарын іздеп, Алматыда бірнеше рет пикет өткізген және өзге де наразылықтарға қатысқан Марат Құрбанов та бар.
Qaharman құқық қорғау қорының мәліметінше, белсенділер "бейбіт наразылыққа қатысқаны, оған шақырғаны, былтыр астанадағы тергеу абақтысында көз жұмған марқұм белсенді Дулат Ағаділдің асына қатысып, оның отбасына қолдау көрсеткені, Қазақстан билігін сынағаны, саяси тұтқындар мен олардың отбасына қолдау көрсетіп, адам құқығы мәселесін қозғап, саяси тұтқындарды босатуды талап еткені үшін" қуғындалып отыр.
Шілде айының басында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды Қылмыстық кодекстегі "Экстремизм" бабын билік сыншылары мен белсенділерді қудалауға қолданады деп айыптаған.
Қазақстанда жоғарыда аталған екі ұйымға қатысты қанша адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар кейінгі бірнеше жылда 300-ге тарта адамның жазаланғанын айтады.
ПІКІРЛЕР