Диссидент ақын Арон Атабек ауруханада жатыр. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында хабарлады.
Құқық қорғаушы Елена Семенованың Азаттық тілшісіне айтуынша, Арон Атабектің ауруханаға түскеніне бір апта болған. Ол емделіп жатыр.
– Ол бұған дейін емделуге үзілді-кесілді қарсы болып келген. Оған "ауруханаға жатпасаңыз, сал боласыз, өмір бойы арбаға таңыласыз" деп қатаңырақ ескерткенмін. "Тым болмағанда, аяқ-қолға қарапайым массаж жасату үшін барыңыз" дегенмін. Қазір сәл кішкене қозғалыс бар сияқты. Толық тексеруден өтіп жатыр. Негізінен витаминдер қабылдайды. Тексеруден өтіп, анализдерін тапсырғаннан кейін қандай да бір ем көрсететін шығар, - дейді Елена Семенова.
Оның айтуынша, Арон Атабек ауруханада тексеруден кейін мекемеге қайтадан оралады.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті әзірге түсініктеме бермеді. Арон Атабек отырған Павлодар облысындағы АП-162/1 түзету мекемесінің басшысы Азаттық тілшісіне телефон арқылы жауап бере алмайтынын, "ресми сауал жіберу қажеттігін" айтты.
2006 жылғы "Шаңырақ" оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, 15 жылын түрмеде өткізген, құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған диссиденттің кейінгі кезде денсаулығының нашарлап кеткеніне азаматтық қоғам өкілдері алаңдаушылық білдірген. Жазда Қазақстанда Ұлттық алдын алу тетігі (ҰААТ) қатысушылары түрмеде Арон Атабекпен жолығып, халінің нашар екенін айтқан.
Жуырда диссидент ақынды рақымшылықпен босату жөнінде 2,5 мыңнан астам адамның қолы бар хат президент Тоқаевқа жолданған. Билік хатқа әзірге реакция білдірмеген.
Қарай отырыңыз: Арон Атабек рақымшылыққа іліге ме? (6 қыркүйек 2021 жыл).
ПІКІРЛЕР