Accessibility links

Құқық қорғаушылар Жаңаөзен оқиғасы туралы: Халыққа оқ атуға кімнің бұйрық бергені әлі анықталмады


Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасы. Жаңаөзен, 11 желтоқсан 2021 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасы. Жаңаөзен, 11 желтоқсан 2021 жыл.

Қазақстандағы бірнеше адам құқығын қорғау ұйымы Жаңаөзен оқиғасына байланысты халықаралық деңгейде тәуелсіз зерттеу жүргізу туралы бастаманы қолдап, азаптау туралы шағымдарды тексеруді талап етті.

15 желтоқсан күнгі мәлімдемесінде ұйым өкілдері 2011-2012 жылдары Жаңаөзен оқиғасына байланысты тергеу амалдары жүргізіліп, сот өткен кезде айыпталушылардың азаптау туралы шағымдары қараусыз қалғанын еске салған. Олар "қызметтік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін" бес полицей сотталғанмен "полицияға халыққа оқ атуға кімнің бұйрық бергені анықталмады" деп жазды.

"Жаңаөзен және Шетпедегі қайғылы оқиғалар кезінде мемлекет бейбіт халыққа оқ атып, азаматтардың өмір сүру құқығын бұзды, еркінен тыс ұстап, азаптауға ұшырамау және әділ сотталу құқықтарына нұқсан келтірді деп санаймыз" делінген мәлімдемеде.

Мәлімдеме авторлары Қазақстан билігі халықтың сеніміне қайта ие болу үшін "Жаңаөзен оқиғасын тәуелсіз зерттеуі қажет" деп мәлімдеген БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі бас хатшысы Нави Пиллэй мен БҰҰ-ның бейбіт жиналу және бірігу еркіндігі жөніндегі арнайы баяндамашысы Майна Киаидің үндеуін қолдайтынын атап өткен.

Олардың мәлімдемесінде бірнеше талап бар. Атап айтқанда:

  • Азаптау шағымдарын мұқият зерттеу;
  • 2011 жылы 16,17,18 желтоқсанда ұсталған әйелдерге күш қолданылғаны жайлы ақпаратты тексеру;
  • Жаңаөзен мен Шетпеде қаза болған: Жақсылық Тұрбаев, Жансәуле Қарабалаева, Базарбай Кенжебаев, Александр Боженко, Төребек Төлегенов, Ғалымжан Кенжебаев және қаза болғандардың тізімінде жоқ өзге азаматтардың өлімін мұқият тексеру;
  • 2011 жылы мұнайшылар ереуілі жалғасып жатқан тұста мемлекеттік органдар, прокуратура, полиция, ҰҚК және "Қаражанбасмұнай", "Өзенмұнайгаз", "Ерсай каспиан контрактор" мұнай компанияларының әрекетіне құқықтық баға беру.
  • Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғада қаза болған азаматтардың туыстарын материалдық өтемақымен қамтамасыз ету және тағы басқа талаптар бар.

Оған "Либерти" қоры, Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы, Халықаралық құқықтық бастама және Ар.Рух.Хақ ұйымы қол қойған.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған. Бірақ қала тұрғындары мен құқық қорғаушылар, құрбандар саны бұдан көп деп санайды.

Бірнеше жыл бұрын ереуілшілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицері бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасына кесілген. Ал ереуілге қатысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығында сотталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.

Жаңаөзен қырғынына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сотталғандардың барлығы кейін бостандыққа шықты. Кейбір қоғамдық белсенділер мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады деп санайды.

Билік "Жаңаөзен шындығы ашылмады" деген құқық қорғаушылар мен белсенділер тұжырымен келіспейді. Бір күн бұрын вице-премьер Ералы Тоғжанов "Жаңаөзен оқиғасының нүктесі баяғыда қойылған" деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG