Ақтөбеде облыс әкімдігінің маңында полиция мен наразылар "текетіресі" жалғасып жатыр. Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Рүстем Исаев 7 адамды жедел жәрдем көлігі алып кеткенін хабарлады.
"Екеуінің жағдайы ауыр. Қалғандары жеңіл жарақаттанған" деді ол сәрсенбі күні түстен кейін.
5 қаңтарда күндіз мұнда әкімдікті басып алмақ болған наразыларға полиция көзден жас ағызатын газ шашқан еді. Полиция адамдарға резеңке оқ та атқан. Азаттық тілшісі аяғы жараланған бірнеше адамды көрген.
Қазір полиция мен наразылар "текетіресі" тоқтаған жоқ. Жас ағызатын газ ауаға сіңіп жоқ болған кезде наразылар әкімдік жаққа қарай ұмтылып, "күрес" қайта қызады, полиция оларды қайта тықсыра бастайды. Осылайша екі жақ беріспей тұр.
Сәрсенбі күні таңертең наразылар Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалиннің шығуын талап еткен. Алайда әкім келмеді. Қала әкімі Асхат Шахаров наразыларды сабырға шақырған.
Қалада қоғамдық көлік тоқтаған, интернет баяу, облыс әкімдігіне жақын дүкендер мен супермаркеттер жабық. Тек дәріханалар ашық.
- 2 қаңтарда Жаңаөзенде газ бағасына байланысты басталған наразылық бірнеше күн ішінде Қазақстанның барлық-дерлік өңіріне жайылған. Алматы мен Маңғыстау облысында, Алматы облысында және Нұр-Сұлтанда 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жарияланды. 5 қаңтарда таңертең үкімет отставкаға кетті.
- Бастапқыда газдың бағасын арзандатуды талап еткен наразылар енді саяси талаптар айтып жатыр. Олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен толық кетуін, "саяси тұтқындарды" босату сияқты талаптар бар.
ПІКІРЛЕР