Accessibility links

Семейде 150 адам "Нұр Отан" партиясынан шығуға өтініш берді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Семейде бір мезетте 150 адам "Нұр Отан" партиясынан шығуға өтініш берді. Бұл жөнінде хабарлаған облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Айдос Қисаменовтің айтуынша, бұған "басшылыққа сенімнің жоғалуы" түрткі болған. Қисаменов пен Дулат Қажмұханбет 24 қаңтарда дәл сол себеппен партиядан шығатынын мәлімдеген. Екеуі де Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке қарсы шыққан.

"Нұр Отан" партиясының Семей қалалық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары міндетін атқарушы Майра Куржикаева ақпаратты растағанмен оқиғаның елдегі саяси жағдайға қатысы жоғын айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін облыс басшылығына қарсы шыққан депутаттар Рафаиль Хазипов пен Бауыржан Қайрамбаев партиядан шығарылған.

— 150 адам — бұл оларға тиесілі "Семей-Транс", "Гордорстрой", "Тазалық" кәсіпорындарының қызметкерлері. Олар кеше (24 қаңтар) жиналыс өткізіп, сондай шешім қабылдаған. Олар Хазипов пен Қайрамбаевтың партиядан шығарылғанын пайдаланып отыр. Қаңтар оқиғасынан кейін партия мүшелері керісінше бірігіп әрекет етуі тиіс еді. Қисаменов пен Қажмұханбет қолынан іс келмейтінін көрсетті. Бәлкім, олардың басқа мүддесі бар шығар, партия жарғысына сәйкес қарастырамыз, – деді Майра Куржикаева.

Ал Рафаиль Хазипов Азаттыққа партиядан кету туралы шешімді өзімен ақылдаспай қабылдап жібергенін айтты.

— 19 қаңтарда мені және Қайрамбаевты партиядан шығару туралы шешім қабылданды, тек 24-і ғана сол шешімді тапсырды. Мұндай шешімді маған 17:10-да тапсырды, ал әлгі депутаттар күндізгі сағат үште өздерінің жиналысын жасап, өтініш жазған. Мен мұны соңынан білдім, – деді Хазипов.

Оның пікірінше, партиядан шыққан депутаттар бір жыл ішінде мұнда облыс немесе қала әкімімен келіспей, ештеңе жасалмайтынына куә болып, қарапайым "қуыршақ" болып қалғысы келмеген.

Азаттық тілшісі партиядан шыққан өзге адамдармен сөйлесе алмады.

Депутаттар мен кәсіпкерлер мен ШҚО әкімі Даниал Ахметов арасындағы текетірес 2020 жылы басталған.

Кей сарапшылар елде қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев арасында билікке талас өршіді деген болжам айтады. Кейбірі билік қоғамда түбегейлі реформаға бармай, әдеттегідей тек көзбояушылықпен шектелуі мүмкін деп санайды. Қаңтардың басында Қазақстанның басым бөлігін қамтыған бейбіт митингіге шыққан азаматтар халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, қымбатшылық қысқанына наразылық білдірді. Жаппай наразылық акцияларында елде билікті жаңарту, әкімдерді сайлау жүйесін енгізу және әділ сайлау өткізу жайлы талаптар айтылды. Бірнеше қалада белгісіз адамдар әкімшілік және өзге ғимараттарды, автокөліктерді өртеп, қиратқан.

5 қаңтардан президент Тоқаев елге "террористер" шабуыл жасады деп "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берген. Оның бұл бұйрығын халықаралық ұйымдар сынға алған.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Билік қаза тапқандардың бір бөлігі "қарулы бандиттер" мен "террористер" деп мәлімдеді. Қоғам өкілдері бірнеше рет талап еткенімен, үкімет қанша бейбіт адам қаза болғанын айтпай отыр.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

Елде тәртіпсіздіктер мен наразылықтар күшпен басылғаннан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 18 қаңтарда видеомәлімдеме таратып, бар билік Тоқаевтың қолында екенін, ал өзі "2019 жылдан бері зейнеткер" екенін айтты.

"Нұр Отан" партяисының съезі 28 қаңтарда өтеді. Бұл партия Назарбаев президент болып тұрған тұста елдің саяси өмірі мен заң шығару тармағында гегемон болды. 2021 жылғы қараша айында Назарбаев Тоқаевқа "Нұр Отан" төрағалығын тапсыратынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG