Германияда Ресейдің Украинаға басқыншылығының белгісі ретінде Z таңбасын көрсетуге тыйым салады. Бұл жөнінде Германия ішкі істер министрлігіне сүйенген Reuters агенттігі хабарлады.
Ведомство өкілінің түсіндіруінше, Ресей қылмыс жасап отырғандықтан оның әрекетін қолдағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
"Әрине, жалпы алғанда Z әрпіне ешқандай тыйым жоқ, бірақ оның кейбір жекелеген жағдайда пайдаланылуы Ресей басқыншылығын құптауды білдіруі мүмкін" деді агенттіктің дереккөзі.
"Медуза" басылымының хабарлауынша, бұған дейін төменгі Саксония және Бавария өңірі азаматтарына Z таңбасын Ресей басқыншылығын қолдау көрінісі ретінде пайдалануға тыйым салып, қылмысты жауапкершілік жөнінде ескерткен. Швейцарияның Zurich Insurance сақтандыру компаниясы да бұл таңбадан уақытша бас тартты.
Биыл 24 ақпанда Украинаға басып кірген Ресей әскерінің бір бөлігі "Z" таңбасын пайдаланғаны, осыдан кейін Ресейде "Z" таңбасы пропаганда құралы ретінде пайдаланылып жүргені, "Украинаға шабуылды қолдайтын Ресей жүргізушілері көліктеріне "Z" таңбасын жапсыра бастағаны байқалған. Бұған дейін Қазақстанда көлігінде "Z" таңбасы бар кейбір жүргізушілерге айыппұл салынған.
ПІКІРЛЕР