Сенбі күні Нұр-Сұлтанда әлеуметтік желілерді "реттеуге бағытталған" заң жобасына қарсы рұқсат етілген митинг өтті. Оған шамамен жүз шақты адам жиналды. Жиналғандардың қолында "Әлеуметтік желіні пайдаланғым келеді және пайдаланамын" (Хочу и буду сидеть в соцсетях), "Еркіндік құқығы", "Әлеуметтік желіні бұғаттауға қарсымыз" деген жазуы бар плакаттар болды. Азаттық тілшісі оқиғадан тікелей эфирде хабар таратты.
Наурыздың басында мәжіліс құқық қорғаушылар мен медиа қауымдастықтың алаңдаушылығын туғызған аталған заң жобасын (ресми атауы – "Бала құқықтарын қорғау, білім, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы") мақұлдап, сенатқа жіберген еді. Жоба авторлары "құжат балаларды кибербуллингтен қорғайды" деп мәлімдеген.
2 сәуірде митингіде сөйлегендер заң жобасы билікке әлеуметтік желілерді бұғаттауға мүмкіндік беріп, олардың қызметін шектеуге жағдай жасайды деп мәлімдеді. Митинг модераторы Әсем Есқабыл "Facebook, Instagram және өзге де әлеуметтік желілердің кибербуллингпен тиімді күресетін тетіктері бар, бізге мұндай заң жобасының қажеті жоқ" деді.
Цифрлық құқық жөніндегі маман Арсен Әубәкіров жиналғандарды жобаны қабылдамауға үндейтін мәлімдемеге қол қоюға шақырып, мәтінін оқып берді. Хат авторлары жобаны "Конституцияға қайшы, адам құқығы мен мүддесіне қарсы құжат" деп атады. Белсенді митинг кезінде елдегі кейбір әлеуметтік желі өкілдерінің де құжатқа алаңдаушылық білдіріп отырғанын жеткізді.
Белсенді Нәсима Құрманбекова "Google'дың соңғы деректеріне сәйкес, Қазақстан билігінің контентті жою өтініштерінің 40 пайызы – билік өкілдерін сынау және тағы 40 пайызы – ұлттық қауіпсіздік және 4 пайызы ғана дискриминацияға қатысты" деді. Бұл билік аталған құжатты цензура мақсатында қолдануы мүмкін деген қауіпті зорайтады деді.
Митингіде қаңтар оқиғасын әділ және жылдам зерттеу және партия тіркеуді жеңілдету жайлы талаптар да айтылды. 5 қаңтардан бері туған бауырының түрмеде отырғанын айтып, көз жасына ерік берген талдықорғандық Орынбасар Калиеваның сөзінен кейін жиналғандар “Бостандық!” деп айқайлады. Тіркелмеген “Ел тірегі” партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаев “Украина даңқы арта берсін!”, “Украина жасасын!” деп ұран тастағаннан соң Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі өкілдері митингіні ұйымдастырушыларға ескерту жасады.
Митинг өтіп жатқан аумақ қоршалды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері де жүрді.
Былтырдан бері қоғамда дау туғызып келе жатқан заң жобасына сәйкес, шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенжерлер Қазақстан аумағында жұмыс істеуі үшін заңды тұлға ретінде тіркеліп, өкілдігін ашуы тиіс. Бұл ережені орындамаса, құжат күшіне енгеннен кейін желілер бұғаттала бастайды. Бұған қоса, құжат тіркелген өкілдіктерді Қазақстанның өкілетті органдары тыйым салған немесе шектеу қойған ақпараттарға тосқауыл қоюға міндеттейді.
Жоба сыншылары заңға енетін түзетулер цензураны күшейтіп, ақпарат алу еркіндігін шектейді деп санайды. Facebook, Instagram, Telegram, Whatsapp және өзге де танымал әлеуметтік желілердің еркін пайдаланылуына бөгет жасайды дейді.
Ал заң жобасы авторлары мұндай уәждермен келіспейді. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым 14 наурызда Tengrinews агенттігіне берген сұхбатында "мұндай норма бары оны міндетті түрде қолданады дегенді білдірмейді, мәселе кибербуллингке төтеп беретін тиімді механизмді қалыптастыру туралы болып отыр" деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР