Accessibility links

"Ренжімеші, мен сендерді жақсы көремін". 18 жастағы жауынгер неден көз жұмды?


Шекара заставасында өзіне қол жұмсаған жауынгер Бекбол Мираштың әскери киімі мен портрерті үйінің қабырғасында ілулі тұр. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылы. 24 тамыз 2022 жыл.
Шекара заставасында өзіне қол жұмсаған жауынгер Бекбол Мираштың әскери киімі мен портрерті үйінің қабырғасында ілулі тұр. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылы. 24 тамыз 2022 жыл.

Биыл 19 тамызда Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара бекетінде қатардағы жауынгер Бекбол Мираштың асылып тұрған денесі табылды. Қаралы хабарды ата-анасына жеткізген командирлер жігіт "жүретін қызымен ұрысып қалып", өзіне қол жұмсады дегенді айтқан. Биыл көктемде өз қалауымен әскерге аттанған жігіттің туыстары Бекбол әскердегі қысым мен әлімжеттік құрбаны болды деп санайды. Ішкі істер министрлігі жас сарбаздың қазасына байланысты Қылмыстық кодекстің "билік пен қызметтік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша іс қозғалып, күдікті қамалған.

Бекбол Мираш 18-ге толғаннан екі күннен соң Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылынан әскерге аттанған.

Ол әскерге биыл 7 сәуір күні шақырылған. Өзі әскерге барардың алдында екі күн бұрын - 5 сәуірде 18 жасқа толғанын атап өткен. Туыстары Бекболдың әскерге баруға өзі ниет білдіргенін айтады. Ол әскери борышын Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара заставасында өтеп жүрген. Әскерде заставадағы атқорада ат баптаумен айналысқан.

"ҚЫЗБЕН РЕНЖІСКЕН СОҢ АСЫЛЫП ҚАЛҒАНЫН БІРДЕН ҚАЙДАН БІЛДІ?"

Бекболдың өлімі туралы суыт хабарды әскерилер үй ішіне 19 тамыз күні түнгі 23:30 шамасында жеткізген. Марқұмның әкесі Досбол Қожахметовтің ұялы телефонына қоңырау шалған адам өзін Бекболдың әскердегі командирімін деп таныстырып, "Балаңызды асылып тұрған жерден тауып алдық" деп хабарлаған.

Әкесі қандай жағдай болғанын сұрағанда әскерилер сол кезде-ақ бірден "ауылда сөйлесіп жүрген қызы бар екен, сол екеуі ренжісіп қалған" деп жауап береді.

Бекболдың анасы Үміт Хамзина ұлының өлімі туралы хабар берген командирінің бұл ақпаратты тез арада қайдан алғанын түсіне алмай отыр.

Ертесіне Досбол немере ағасы Қанат Қожахметов екеуі Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара заставасына аттанады.

- 20 тамыз күні Миялыдан Атырауға, Атыраудан Ақтау арқылы Шымкентке ұштық. Шымкентке шамамен таңғы сағат 6-да қондық. Сол жерде бізді күтіп алған офицерлер көлікпен Жамбыл облысындағы "Шөлдала" заставасына алып барды. Застава Тараз қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан екен. Онда барғаннан кейін бізге оқиға болған жерді көрсетіп, болған жағдайды айтты. Баламыздың мәйітін Тараздағы мәйітханаға алып кеткен екен. Оны сол жерден алып, Тараз – Атырау әуе рейсімен ауылға алып келдік. Қасымызға Тараздан үш сарбаз бен үш офицер ілесіп келді. Атыраудан тағы алты сарбаз тікұшақпен күтіп алды. Табытты соған салдық. Миялы ауылына барлығы 12 әскеримен бірге жеттік, - дейді Досбол Қожахметов.

"БЕКБОЛҒА АҚША ТАУЫП БЕРЕ АЛМАДЫМ"

5 мың, 10 мың, 28 мың теңге... Азаттық тілшісі Бекболдың Миялыдағы туыстарымен сөйлескенде, жақындары жас жігіттің соңғы күндері осындай түрлі сомада ақша сұрап қоңырау шалып, хабарлама жазғанын айтады. Толық мемлекет қарамағында, әскерде жүрген жігітке ақша неге керек болды? Оны кімге, не үшін жіберді? Туыстары сол жұмбақтың ашылғанын қалайды.

Жауынгер Бекбол Мираштың ағасы Қанат Қожахметов Атыраудан Жамбылға барып, заставаны көріп, әскерилермен сөйлескен. Ол әскерилер көп жайтты жасырып отыр деп санайды.
Жауынгер Бекбол Мираштың ағасы Қанат Қожахметов Атыраудан Жамбылға барып, заставаны көріп, әскерилермен сөйлескен. Ол әскерилер көп жайтты жасырып отыр деп санайды.

Ағасы Қанат Қожахметовтің айтуынша, Бекбол өлерден бір күн бұрын өзінен екі жас үлкен туысқан ағасына, ауылдағы қатарластарына "тезірек ақша тауып берші" деп телефон соққан. "Бізге айтса, бір шарасын жасаймыз ғой. 40-50 мың теңге шамасында ақша таба алмаған. Содан қысым көріп, өзі-өзіне қол жұмсауға барды деп ойлап отырмыз" дейді ағасы.

Ағасының сөзіне қарағанда, Бекбол соңғы рет бір әйел адамға ақша аударған. "Ол старшинаның әйелі ме, басқасы ма, осының бәрін анықтау керек. Не болғанда да бұл – қолдан жасалған өлім. Ал осы іс шешілмейтін болса, онда [басшылық] халықты өзіне қарсы қояды. Кінәлілерді тауып, істі әділ тергеуді талап етеміз. Бекбол осы үйдің бас көтерер азаматы, шаңырағын ұстап қалатын бала еді, одан айрылып қалып отырмыз енді" деді көз жасын сүрткен Қанат Қожахметов.

Бекбол ақша сұраған адамдардың бірі – немере ағасы Яссауи Қожахметов. Ағасының айтуынша, Бекбол 18 тамыз күні таңертең сағат 10.30-да қоңырау шалған.

- "Шұғыл 28 мың теңге керек болып жатыр. Жарты сағаттың ішінде 5 мың теңге

Жауынгер Бекбол Мираш қаза болар алдында немере ағасы Яссауи Қожахметовтен ақша сұраған.
Жауынгер Бекбол Мираш қаза болар алдында немере ағасы Яссауи Қожахметовтен ақша сұраған.

тауып бере аласың ба?" деп сұрады. Өзім сол кезде жұмыстың шаруасымен жүрген едім, соңына дейін сөйлесе алған жоқпын. "Біраздан соң хабарласамын" деп телефонды басып тастап едім. Сол кезде сұраған ақшасын тауып бере алмадым. Содан кейін жағдай осындай болып қалды...– дейді Яссауи.

21 тамызда Бекболдың табытын ауылға жеткізген әскери қызметкерлерді қаумалаған ағайын-туыстары "Бекбол өзіне қол салатындай әскерде не жағдай болды?" деп өлім себебін сұрағанда олар "көңіл қосқан қызымен ренжісіп қалып", өзіне қол салған дегенді айтқан. Содан соң туыстары үйге Бекболдың ауылдағы жақын араласатын дос қызын шақырған. Бұдан кейінгі жағдайдың видеосы әлеуметтік желіде көп тарап кетті.

Видеода қыз Бекболдан келген соңғы SMS-хабарламаларды жылап тұрып дауыстап оқып береді. Онда жігіт "Ауылда қандай Бекбол едім, әскерде бәрінен қорқып жүрмін. Көрінген адамнан қорқып жүрмін. Адамнан қорықпайтын едім, айтатын ешкімім жоқ жалғызбын, сен де жанымда емессің. Менің өмірден жоқ болып кеткім келеді. Әскерде мынандай қорлықпен өткенше өлгенім артық. Мен сені жақсы көремін, бұйыртса кездесерміз" деп жазған. Одан соң қыз әскерилерге қарап, "Менімен ұрсысып қалса, "мен сені жақсы көремін" деп айта ма? ...Соңғы кезде күнде телефон шалып ақша сұрады, 5 мың [теңге] сал, 10 мың [теңге] салып жібер, ағасына телефон шалып, "30 мың теңге салшы" дейді. Неге көп ақша сұрап кетті? Ақшаны әскерде не істейді?" Еңіреген қызды сауалдарына әскерилер жауап қатпайды.

ШАҢЫРАҚҚА ТІРЕК БОЛАР ЖАЛҒЫЗ АСЫРАУШЫ

Бекбол – отбасындағы үш баланың ортаншысы. Әпкесі Ұлмекен Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 3-курсында оқиды. Оқуда жүріп, дүкенде сатушы болып қосымша жұмыс істейді. Ал 9 жасар інісі Исламбек сирек кездесетін генетикалық аурумен туған. Сабақты үйден оқиды. Ол да әулеттің үлкендерімен бірге ағасын күнде жоқтап, сағынып жылайды.

Бекболдың әкесі Досбол Қожахметов 45 жаста. Ол денсаулығына байланысты жұмысқа шыға алмай отыр. Бір бүйрегі дұрыс жұмыс істемейді. Соңғы рет Атырау облысы Жылыой ауданында орналасқан Теңіз кен орнында жұмыс істеген. Бірақ, екі аяғы ісініп, жүруі қиындап кеткен соң, жұмыстан шығуға мәжбүр болған. Қазір үйде.

Үй іші Бекболдың 38 жастағы анасы Үміт Хамзинаның жалғыз табысына күн көріп отыр. Үміт ауылдағы мектепте тазалықшы болып жұмыс істеп, айына 60 мың теңге жалақы алады.

Исламбекке ІІ топ мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақысы өзінің дәрі-дәрмегіне жұмсалады.

Шекара заставасында өзіне қол жұмсаған жауынгер Бекбол Мираштың отбасы қазаға қатысты шындық ашылып, кінәлілер жазалануын талап етеді. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылы. 24 тамыз 2022 жыл.
Шекара заставасында өзіне қол жұмсаған жауынгер Бекбол Мираштың отбасы қазаға қатысты шындық ашылып, кінәлілер жазалануын талап етеді. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылы. 24 тамыз 2022 жыл.

Әке-шешесі шаңыраққа тірек болар жалғыз асыраушы деп марқұм Бекболға көп үміт артқан. Бекболдың өзі де мұны біліп, әке-шешесіне салмақ салмайын деп, жастайынан еңбекке араласып, құрылыста нәпақа тапқан, асау ат үйрететін қабілеті де болған.

Жауынгер Бекбол Мираштың әпкесі Ұлмекен Мираш. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылы. 24 тамыз 2022 жыл.
Жауынгер Бекбол Мираштың әпкесі Ұлмекен Мираш. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылы. 24 тамыз 2022 жыл.

Бекбол әпкесі Ұлмекенге көз жұматын күні сағат 20:48-де "Бапи, ренжімеші, мен сендерді жақсы көремін" деп хабарлама жазған. Ол өзінен екі жас қана үлкен әпкесін "Балапаным", "Бапи" деп еркелететін.

Ұлмекен Бекболдан суыт хабар келетін күні салқын тиіп сырқаттанып, жұмыстан ерте келіп, дәрі ішіп ерте ұйықтап қалған. Хабарламаны кейін көріп, жауап қайтарған кезде Бекболдан жауап болмаған. Бірақ, ол хабарламаның оқылғаны көрініп тұрғанын айтады.

Жауынгер Бекбол Мираш қайтардан аз уақыт бұрын әпкесіне “мен сендерді жақсы көремін” деп хабарлама жазып қалдырған.
Жауынгер Бекбол Мираш қайтардан аз уақыт бұрын әпкесіне “мен сендерді жақсы көремін” деп хабарлама жазып қалдырған.

- Бұл хабарламасына басында қатты мән берген жоқпын. Бауырым болғасын күнде "біз сені сағындық, біз сені жақсы көреміз" деп сөйлейміз. Бұл да күнделікті айтылатын әңгімелердің бірі болар деген оймен "біз де сені жақсы көреміз" деп артынан сол хабарламаға жауап бердім.

Сол күні Ақтөбеде болған Ұлмекенге ата-анасы ауыр хабарды бірден естірте алмаған. Дәті бармаған.

"ӘЛСІЗДІГІН БІЛДІРЕТІН ЖАН ЕМЕС ЕДІ"

Әпкесі Бекбол өзіне қол жұмсайтын адам емес еді дейді.

- Туғанымнан қасымда жүрген Бекболым ондайға баратын жан емес еді. Қайдағы жоқ ақша не дүние үшін, я болмаса біреу мені ұрды-соқты деп өзінің өмірін құрбан ететін жан емес еді. Кез-келген нәрсеге бір сынып, өзінің әлсіздігін білдіретін жан емес еді. ...Әлімжеттік көргеніне сенімдімін. Кінәлілер жазасын алсын. Бекболдың өліміне қатысты әрбір жан жазасын алсын. Бұл біздің, бұл Бекболдың ата-анасының, туыстарының ғана емес, бұл қазақ елінің, халықтың сұрауы, - дейді Ұлмекен.

Бекбол қаза боларының қарсаңында анасына үш күн қатарынан хабарласқан. Туыстарының үйінде жүргенде видеоқоңырау соғып, жақындарының бәрімен емен-жарқын сөйлесіп шыққан.

- 19 тамыз күні кешкі сағат 18:30 шамасында телефон соқты. "Мама, қайдасыз?" деді. Көңіл-күйі жоқ, баламның дауысы сондай күдікті болды. "Үйдемін, балам, жұмыстан келіп жатырмын. Өзің қалайсың, жақсысың ба? Дауысың біртүрлі шығып тұр ғой? Бір жерің ауырып тұрған жоқ па?" деп едім, "Жоқ, мама" деді. Сосын телефонды тастап жіберді. Шыдай алмадым, 1-2 минуттан кейін өзіне қайта соқтым. "Балам, бір жерің ауырып тұрған жоқ па, неге көңіл күйің жоқ?" деп сұрағанымда, "Жоқ, мама, бәрі жақсы менде. Уайымдамаңыз, ұйқыдан тұрып едім" деді. Сосын "видеоқоңырау соғайыншы, балам" деп едім, ол; "Жоқ, мама, кешке нарядқа шықсам, хабарласам, іште тексеріс болып жатыр еді" деді. Сол күні кешке қаралы хабарды естідім... - дейді марқұм жауынгердің анасы Үміт Хамзина.

Бекбол әскерден келген соң үйдің кең ауласына жаңа үй тұрғызып беретінін шешесіне жиі айтатын. Анасы сондай арманы бар баласы өзіне қол салды дегенге сенбейді.

- Наурызда әскерге шақырту қағазы келді. Медициналық тексеруден өтіп жүріп, маған "Мама, әскерге барма деп айтпашы. Отан алдындағы борышымды өтеп келемін" деген соң, "жақсы" деп көндім, баламның меселін қайтарғым келмеді, - дейді анасы.

Анасының айтуынша, Бекбол Мираш Шығыс Қазақстандағы Аягөз қаласына, одан соң Мақаншы ауылына барып, сондағы шекара жасағында екі ай дайындықтан өткен. Бір айдан кейін ант беру рәсімі болғанда, оған анасы қатысқан.

- Өзім соған барып келдім. Көзіммен көріп, қасында болдым, ол кезде көзінде ешқандай мұң да болған жоқ, көңіл күйі, жағдайы бәрі жақсы болды. Баламның жағдайы жақсы деп, ауылдағыларға айттым, ұлымның өзі де сержанттармен жақсы араласып жүргенін көріп, мәз болып келіп едім. Мен кеткеннен кейін маусым айында балаларды Таразға ауыстырды. Шекара заставасынан арасында телефон соғып тұратын. "Мені атбегі қылып тағайындады, қарауымда аттарым бар, мына жерде мынадай су бар, ана жерде аттарым жайылып жатыр" деп, ақжарқын әңгімесін айтып, қай уақыт болса да телефон соғып, айналаны көрсетіп отыратын, - дейді анасы.

Бекболдың анасы Үміт Хамзина қыркүйекте Жамбылға барып, әскердегі баласын көріп қайтуды жоспарлаған.
Бекболдың анасы Үміт Хамзина қыркүйекте Жамбылға барып, әскердегі баласын көріп қайтуды жоспарлаған.

Үміт Хамзинаның айтуынша, ұлы жас болса да, анасының жалғыз жұмыс істеп, қиналып жүргенін ойлап, уайымдайтын, тез ер жетіп, көмектесуді ойлайтын.

ӘСКЕРИЛЕР НЕГЕ КЕЛДІ, НЕГЕ КЕТТІ?

Марқұмның туыстары 21 тамызда табытты бірге алып келген әскерилер Бекболдың жаназасына қатысып, намазға тұрғанмен, бейіт басына топырақ салуға бармай, шешесінен кешірім сұрамай, ұшаққа мініп, кетіп қалғанын айтып күйінеді.

- Күйеуім мен қайынағаммен бірге ілесіп келген 12 әскеридің қайсысы офицер, қайсысы сарбаз екенін айыра алмадым. Олардың неге келгенін білмеймін. Баламның ең болмаса табытын көтеріп, үйге де кіргізген жоқ. Ішке кіргенде ешқандай сұраққа дұрыс жауап берген жоқ. Ұлымның сүйегін бауырлары көтеріп, екі иығы селкілдеп еңіреп жылап жүрген видеоны көрдім, - дейді Үміт Хамзина.

Сөзге Бекболдың жеңгесі Айнұр Тасжанова араласты.

- Бейіт басына барып, топырақ салып, туыстарына басу айтып, аспанға үш рет мылтық ататын көрінеді. Бірақ, мұның ешқайсысы болмады. [Табытқа жабатын] туды әкелгенін білмейміз, оны Үміт 24 тамыз күні кішкене есін жиып, үйді жинап жүріп тауып алды, – дейді жеңгесі.

Үміт Хамзина кіші ұлын емдетуге. Сарыағаш шипажайына жолдама алған, содан әрі қарай пойызбен үлкен ұлына барып келсем деген жоспары болған. Қыркүйектің 12-сі күні жолға шығуға дайындалып жүрген. Сол үшін үйдегі жалғыз биесін сатып, ақша да жинап қойған. Оған үлгермеді, үйге баланың денесі келді.

Сарбаз Бекбол Мираштың тұрған үйі. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылы. 24 тамыз 2022 жыл.
Сарбаз Бекбол Мираштың тұрған үйі. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылы. 24 тамыз 2022 жыл.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің Жамбыл аудандық шекара басқармасының бөлім бастығы Ерхат Рафиковтың Азаттыққа айтуынша, марқұм сарбаздың табытын ауылға жеткізген әскерилер Атырау облысы Қызылқоға аудандық әкімдігі "Қайта беріңіздер" деп өтініш жасаған соң бейіт басына топырақ салуға бармай кетіп қалған.

- Аудан әкімдігі "топырақтан кейін ерлер ашынып, төбелес басталып, аяқ жағын бақылай алмай қаламыз" деп, сол жақтың әкімдігінің өтініші бойынша жаназасынан кейін қайтты, - дейді Жамбыл облысындағы шекара басқармасының бөлім бастығы.

Ал Атырау облысы Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Марат Әбуовтың айтуынша, сүйекті алып барған әскери қызметкерлердің жылдам кетуіне "тікұшақтың шектеулі уақытқа берілгені" себеп болған.

- Аудан әкімінің орынбасары ретінде сүйек келгеннен жаназасы шығарылғанға дейін [Бекбол Мираштың үйінде] бастан-аяқ болдым. Командирлер "Біз таңертеңгі сағат 10:00-де кері ұшып кетуіміз керек, тікұшақтың уақыты шектеулі." деді. Жаназа біткенше сағат 10:00 болады, уақыт тығыз болғандықтан, олар кері ұшып кетті, - дейді ол.

Рафиковтың айтуынша, табытқа ту жауып, аспанға оқ ату шарасы өзі-өзіне қол салған әскери қызметшіге жасалмайды, оған заң талаптары рұқсат бермейді. "Жауынгерлік қызметт атқару барысында қаза болса, оркестр апаратын едік, ту жабатын едік" деді ол.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Бекбол Мираштың өлімі бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Қазір бұл іс бойынша мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметші күдікті ретінде ұсталып, қамауға алынғаны белгілі. Бұл туралы Бекболдың әкесіне Ерхат Рафиков марқұмның үш күндік қадесінен кейін хабарлаған.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Азаттық тілшісінің сауалына тек мынадай қасаң мәтін жіберумен шектелді:

азақстан Республикасы ішкі істер министрлігі Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Тараздағы бөлімі әскери қызметшінің "Шөлдала" шекара бөлімшесінде қайтыс болу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 451-бабының 2-бөлігі (Билік пен қызметтік өкілетті асыра пайдалану ауыр зардаптарға әкеп соққан) бойынша қылмыстық іс тіркеп, тергеп жатыр.

Күдікті Қазақстан Республикасы қылмыстық-процессуалдық кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тараз қаласының мамандандырылған тергеу соты оған қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдады.

Қазақстан Республикасы қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол берілмейді, сондықтан тергеу барысы және қылмыстық істің мән-жайы туралы толық ақпарат берілмейді".

Жамбыл аудандық шекара басқармасының бөлім бастығы Ерхат Рафиковтың Азаттыққа айтуынша, қазір ұсталып, қамауда отырған күдікті – 39 жастағы келісімшарт бойынша әскери қызметші, "Шөлдала" заставасындағы бөлім командирі, мобильдік топ бастығы, сержант Айбек Нұртаев.

Ол қамауға алынбай тұрып, басшы офицерлер одан Бекболдан ақша сұратқан-сұратпағаны жайлы сұрағанда, Нұртаев "ешкімнен ешқандай ақша сұрамадым, ақшаға қатысым жоқ" деп жауап берген. Бекболдың қасындағы сарбаздар да марқұм ақшаны туыстарынан, достарынан не үшін сұратқанын білмейтінін айтқан.

"Суыт хабарды естірткенде Бекболдың қыз үшін өзіне қол салғанын алдын ала қайдан білдіңіздер?" деген сауалға Рафиков жауынгер асылып тұрған жерде қызымен бірге түскен фотосуреті болғанын айтады. Ол мұны сарбаздардың бірі "қызбен түскен суретін көрдік, қолында болды" деп, енді біреуі "денесінің қасында болды" деп айтқанын жеткізді. Кейін марқұм Бекболдың әкесі заставаға келгенде жігіттің көңіл қосқан қызы мен құрбысының әңгімесі жазылды деген аудиожазбаны тыңдатқанын айтты. Екеуара әңгімеде қыз құрбысына Бекболмен аздап ренжісіп қалғанын айтады. Бірақ қыздың өзі де, марқұмның туыстары да Бекбол болмашы араздасу үшін өмірін қимас еді деп санайды.

Дегенмен Рафиковтың айтуынша, бөлім командирі әскери бөлімде қызметті асыра пайдалану фактілері болғанын мойындайды.

"[Сарбаздарға] қол көтерген деген әңгімелер бар. Күн тәртібіне сәй емес физикалық жаттығу жасатқаны бар. [Командирдің] "тәртіп бұздыңдар" деп ұрысқан сөзі де бар. Оның бәрін мойындаймыз" деді Рафиков Азаттыққа телефонмен.

Ал Бекболдың әлдебір әйелге неге ақша аударғанын олар өздері анықтап көрген.

- Бұл Айдана деген әйелді біз барып көрдік. Ол кісі күйеуі екеуі Таразда ескі ұялы телефондар сатады екен. Бекбол Мираш әскери борышын өтеп жүрген Абай деген сарбазға сол әйелден Samsung G5 маркалы ұялы телефонын 15 мың теңгеге сатып алып берген екен. Сол Абай деген сарбаз анасынан "мен телефон сатып алайын деп едім" деп ақша сұрап, 18 мың теңге аудартады. Анасы ақшаны тағы бір Абдрахимов деген сарбаздың карточкасына аударған. Бекбол сол кезде осы сарбаздың банк карточкасын қолданады. Ақша түскен соң Бекбол Айдана деген кісімен телефонмен сөйлеседі. Оған ақшаның 15 мың теңгесін аударып, Айдана ұялы телефонды әскери бөлімге салып жібереді. Сөйтіп, Бекбол Абай деген сарбазға ұялы телефон сатып алып береді, - деді Рафиков.

Оның айтуынша, сот-медицина сараптамасы денедегі қылқыну ізінен басқа көгерген ештеңе жоқ деп көрсетіп, марқұмның "механикалық асфикциядан" көз жұмғанын айтқан.

Күдіктіге "өзін-өзі өлтіруге мәжбүрлеу" бабы бойынша да айып тағыла ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG