Accessibility links

Конституциялық кеңес: Президент мерзімін жеті жылға созу заңға қайшы емес


Конституциялық кеңес президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" заң жобасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініші бойынша шешім қабылдады. Бұл жөнінде Конституциялық кеңес сайты хабарлады.

"Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заң жобасы ҚР Конституциясына, соның ішінде Негізгі заңның 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес деп танылсын. ҚР Конституциялық кеңесінің қорытындысы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды" деп жазылған қорытындыда.

Кеңес қорытындысына берген түсініктемеде заң жобасы Конституцияда президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді және астана атауын өзгертуге байланысты Конституцияның 2-бабына өзгерту енгізуді көздейді деп жазылған.

1 қыркүйектегі жолдауында Тоқаев осы күзге кезектен тыс президент сайлауын тағайындап, президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынған еді. Ол мұны "билікті монополизациялау қаупін төмендету" қадамы деп атаған. Бірақ президент бұл ұсынысты парламентке күздегі сайлаудан кейін білдіретінін айтқан. Келесі күні мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы "құқықтық коллизияның алдын алу үшін" күздегі сайлауда президентті бірден жеті жылға сайлауды ұсынды. Сарапшылар Тоқаев осы арқылы өз билігін күшейтіп алуды көздейді дейді.

Бір күн бұрын Тоқаев депутаттар тобының астананың бұрынғы Астана атауын қайтару туралы ұсынысымен келісті деп те хабарланған. Мәжіліс депутаттары арасында құрылған "Жаңа Қазақстан" тобы 2 қыркүйекте мәлімдеме жасап, президентті жеті жылға сайлау бастамасын қолдап, Нұр-Сұлтан қаласына Астана атауын қайтаруды ұсынған еді. Ізінше Тоқаев конституциялық кеңеске жүгініп, депутаттардың ұсынысына түсініктеме беруді сұраған.

Осылайша Конституция бір жылдың ішінде екінші мәрте өзгерейін деп отыр. Маусымның басында елде конституцияға 33 түзету енгізу жөнінде референдум өткен. Қаңтарда Тоқаев Ата заңды өзгертпейтінін мәлімдеген еді. Сарапшылар Тоқаевтың Нұрсұлтан Назарбаев салып берген жолды таңдағанын айтады. Елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 30 жылға жуық басқарып, 2019 жылғы президенттіктен кеткен. Бірақ биліктегі ықпалын сақтап қалған. Сарапшылардың сөзінше, Тоқаев толық билікке тек Қаңтар оқиғасынан кейін ғана ие болған.

Қазақстан конституциялық кеңесіне экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та мүше. Оның "ғұмыр бойы мүшесі" деген мәртебесі бар. Бірақ ресми хабарламаға сәйкес, Назарбаев мәселені талқылауға қатыспаған. Себебі жазылмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG