Accessibility links

"Көркемдік шешім" бе, "шындыққа жасалған қиянат" па? Қаңтар қасіреті туралы фильм төңірегіндегі дау


Қаңтар оқиғасына арналған фильмнің таныстырылымы. Астана, 29 қыркүйек 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына арналған фильмнің таныстырылымы. Астана, 29 қыркүйек 2022 жыл.

Астанада Қаңтар қасіреті туралы фильмнің тұсаукесері өтті. Фильм-альманахтың жас авторлары онда полицияны дәріптеп, көтерілісшілерді зорлықшыл етіп көрсетуге тырысқандай. Фильмдегі «қыз зорлау» көрінісі дауға айналды. Оның үстіне 9 ай бұрын ғана болған оқиғаның деректері бұрмаланды дегендер де бар.

ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІН АҚТАУ ЖӘНЕ «ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР»

Жас режиссерлер түсірген фильм-альманах Астанадағы «Арман» кинотеатрында көрсетілді. Небәрі бес минуттық «Байқа» деп аталатын бірінші фильмде полиция қызметкері әділет сүйгіш, адал адам деп дәріптеледі. Онда полицейдің құқық қорғау органдарындағы ашкөздікке ішкі қарсылығы көрсетілген. Тәртіп сақшысы қандай жағдай болса да әділет болғанын қалайды.

Қаңтар оқиғалары кезінде және одан кейін полицияның атына көп сын айтылған. Сол күндері құқық қорғау органдарының елде тәртіп орнатудағы дәрменсіздігі сын болса, кейін Қаңтарға байланысты ұсталғандарды аяусыз азаптау, ауруханада жатқан жаралыларды алып кетіп, ауыр жағдайда абақтыда ұстау фактілері ішкі істер органдарына деген құрмет-ізетті бұрынғыдан да азайтып жіберген.

Кейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызметінен алынған.

Қаңтар оқиғасына арналған фильмнен үзінді. Астана, 29 қыркүйек 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына арналған фильмнен үзінді. Астана, 29 қыркүйек 2022 жыл.

Екінші және үшінші фильмнің ұзақтығы 10 минуттан. «Қара» деп аталатын үшінші бөлімінде полиция қызметкерлері Қаңтар оқиғасы кезінде өлген жас жігіттің денесін қабірінен қазып алуға кіріседі. Алайда қазып жатқанда өлген жігіттің анасы жылап келеді. Өлген жігіт бұйрық беріп тұрған полицейдің бұрынғы әйелінен туған баласы болып шығады. Қатты қиналған полицей оған да қарамастан баласының денесін қазып алып, сараптама жасауға апарады.

Фильм осы арқылы полиция қызметкерін жүктелген міндетті қалай болғанда да орындайтын, кәсібі мен антына адал адам деп дәріптегісі келетіні байқалады.

Қаңтар оқиғасы кезінде өлген көптеген адамның денесін туғын-туыстарының қарсылығына қарамастан құқық қорғау органдары қабірінен қазып алып, неден өлгенін анықтау мақсатында сараптамаға әкеткен. Кей жағдайларда мәйіттегі оқты алып тастап, тәртіп сақшылары я қорғаныс қызметкерлері жасауы мүмкін деген қылмыстың ізін жасыру әрекеті бар ма деген күдік те айтылған.

КУРСАНТТАРДЫ «ҚҰТҚАРҒАН» ДӘНДІҒАРАЕВА

Фильмнің «Сақта» деп аталатын екінші бөлімі Қаңтар оқиғасы кезінде болған нақты оқиғаға арналған. Бас кейіпкер – Алматыдағы орталық музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіғараеваның дүрбелең кезінде музейге келген бір топ «бұзақыдан» музей жәдігерлері мен оның жертөлесінде тығылып жатқан курсанттарды қалай сақтап қалғаны баяндалады.

Фильмнің бұл бөлігі өмірде бар шынайы кейіпкер және ол жасады деген ерлік жайында.

Бибігүл Дәндіғараеваның Қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелеңде музейге қашып келген курсанттарды ашулы топтың қолына бермей, жасырып қалғаны туралы бұған дейін жергілікті баспасөзде көп жазылған.

Фильм сюжетінде бір топ бұзақы музейге кіріп келіп, ойрандай бастайды. Қатты сескенген Бибігүл Дәндіғараева қасындағы жас қызметкер қызбен бірге оларды қалай да тоқтатудың амалын жасайды. Музей ішіндегі «радио» арқылы сөйлеп «бұзақыларды» қазақ халқының аса құнды жәдігерлері сақтаулы екенін, оған тиісуге болмайтынын айтады.

Осы қарбалас кезіндегі эпизодтардың бірінде ғимаратқа ентелеп кірген жастар музейдегі қызметкер қызды баспалдақпен сүйрелеп әкетіп бара жатқаны көрінеді. Өршеленген тобырдың қызды қалай зорлағаны анық көрсетілмегенімен, еденде жатқан қыздың омырау түймесі шешілгені, қиналып жылағаны, артында «бұзақылардың» шалбарын түймелеп тұрғаны көрінген.

Қаңтар оқиғасына арналған қысқаметражды фильмнен үзінді. Астана, 29 қыркүйек 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына арналған қысқаметражды фильмнен үзінді. Астана, 29 қыркүйек 2022 жыл.

Фильм сюжетіне қарағанда, «қыз зорлаған бұзақыларды» музейге қашып кіріп, тығылып жатқан курсанттар өлтірген.

Қысқаметражды фильмде «бұзақылардың» жүрісі музей ішіндегі видеодан көрінеді. Көрерменге фильмде «музей ішіндегі видео» шын мәнінде өмірде болғандай әсер қалдырады.

«ЗОРЛАНҒАН» ҚЫЗ ТУРАЛЫ ДАУ ЖӘНЕ «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН»

Фильм авторларының өздері сахнаға шығып, пікірлескісі келген соң алғашқы болып сөз алып, «музейде қыз зорланғаны рас па?» деген сұрақ қойдық. Авторлар мен олардың ұстаздары мұндай факті болмағанын, бірақ бұл авторлардың «көркемдік шешімі» екенін қайталай берді.

Көрермен арасында отырған қоюшы оператор Талғат Тайшанов «көркемдік шешімге» қарсы шықты.

– Режиссердың көркемдік шешімі десек те, әңгіме Қаңтар оқиғасындағы нақты факт туралы болып отыр. Мына сіздер көрсеткен жайт болмаған. Қиратты дейсіз бе, төбелесті дейсіз бе, қалаған нәрсеңізді көркемдік шешім ретінде қоса беріңіздер, бірақ қыз зорланған деген артық болады. Бұл – ұстараның жүзіндей мәселе. Ертең фильм әлеуметтік желіге шыққанда сіздерге үлкен наразылық тууы, тіпті заңдық тұрғыда талап қойылуы мүмкін. Меніңше, бұл кадрды алып тастаған дұрыс, – деді ол.

Қаңтар оқиғасына арналған фильмнің таныстырылымы. Астана, 29 қыркүйек 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына арналған фильмнің таныстырылымы. Астана, 29 қыркүйек 2022 жыл.

Содан кейін алдыңғы жақта отырған жас көрермен орнынан тұрып, залдың ең соңындағы баспасөзге арналған қатардағы бізге қарата:

– Қызды зорлап үлгерген жоқ, тек зорлауға талпыныс болды. Режиссерлер қызды дер кезінде «құтқарып алған», – дегенде көрермендер қол соқты.

Мұнан кейін режиссер Сламбек Тәуекел сөйлеп, «қыз зорлау» көрінісін «жаңа Қазақстанмен» байланыстырып ақтауға тырысты.

– Көркем дүниеде «осындай да жағдай болуы мүмкін еді» деген жайт меңзеледі. Болған нәрсені ғана айтсақ, алысқа кетпейміз. Жаңа Қазақстанда осындай жанрда, осындай көзқараспен кино жасау қажеттілік екенін дәлелдедіңдер, – деді фильм авторларына қарата.

Мұнан кейін «фильм режиссерлерінің бірінің ұстазымын» деген кинорежиссер Әнуар Райбаев 1986 жылы Совет одағы Компартиясының шешіміне қарсы шыққан Желтоқсан қаһармандарын мақтап, Қаңтар жастарын түйреп өтті.

– Бұл деректі фильм емес, сондықтан картинада кімді кім зорлайтынын өздерің шешесіңдер. 86-жылы жастар алаңда тұрды, әуежайды да, музейді де басып алған жоқ! Қаңтарда неге бұған жол берді? Неге мұндайда үнсіз қаламыз? Жастар (режиссирлер – ред.) байғұс қыздың етегін сәл-пәл көтеріп еді, «бұл – өтірік, мұндай болған жоқ» деп шыға келдік! - деді ашуланып.

«ЖҰМЫСЫМЫЗҒА ЕШКІМ АРАЛАСЫП, ТҮЗЕТКЕН ЖОҚ»

Фильм авторлары – Астанадағы қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері, ал тұсаукесерге келген көрерменнің көбі аталған университеттің студенттері мен оқытушылары.

Тұсаукесер барысында бұл жұмыс мемлекеттік идеологияны дәріптеу үшін арнайы жасалмады ма деген сұрақ туындайды. Фильм режиссері Қазбек Рүстембековтің сөзінше, бірінші бөлім краундфандингтен жиналған қаржыға, екінші және үшінші бөлімі «Еуразия» қорының конкурсынан жеңіп алған грант ақшасына түсірілген. Оған мемлекеттің де, басқалардың да еш қатысы болмаған.

– Жұмысымызға ешкім араласып, түзеткен жоқ. Фильмде өз ойымызды айттық, қалағанымыздай жасадық, – деді ол.

Фильмнің продюсері Дүйсен Қалымжановтың сөзінше, «ұлттық құндылықтарымызға назар аударуға үлкен мүмкіндік беретін бұл фильмнің қоғамға берер ғибраты мен тәрбиесі мол».

– Бұл киноальманахта жадымызда қорқынышты түс секілді сақталып қалған Қаңтар оқиғасы жайлы қоғамға ой тудыруды қаладық, – деді ол.

«ШЫНДЫҚҚА ЖАСАЛҒАН ҚИЯНАТ»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезіндегі мәлімдемесінде Алматыға «20 мың бандит шабуыл жасады» деген. Осыдан кейін іле-шала «жаппай тәртіпсіздік жасаған бұзақылар Алматыда құқық қорғау органы қызметкерінің басын кесіп кеткен, ауруханаға кіріп медбикені зорлаған» деген ақпарат тарады. Бұл ақпараттар дәлелденген жоқ.

Қаңтар оқиғасы кезінде «бұзақылар» Алматыдағы орталық музейге де шабуыл жасағаны баспасөз бетінде жиі айтылған. Бірақ «қыз зорланғаны» туралы сөз болмаған еді. Музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіғараева өзі туралы фильмде «қыз зорлау» эпизоды бар екенін естіп, тіксініп қалды.

– Музейде ешқандай да кісі өлімі болған жоқ. Режиссерлер маған келгенде сондай көрініс қосқысы келетінін айтқан. Мен қарсы болдым. Көркем туынды болса да шындықты дәл солай бұрмалауға болмайды, – деді ол.

Қазақстанда Қаңтар оқиғасына баға беруге жетелейтін фильмдер шығып жатыр. Ол туралы бұған дейін де түрлі фильм түсірілген. «Бала», «Әке», «Ана және отбасы» дейтін үш бөлімнен тұратын, биыл наурызда жарық көрген «Тұманды қаңтар» фильмі дүрбелеңде оққа ұшқан 12 жасар балаға, қаза болған полицейге және Талдықорғанда құқық қорғау органдарының оғынан көз жұмған отбасыға арналған.

Осы фильмнің режиссері Данияр Саламаттан «Тарихи оқиғаға негізделген көркем фильмде тарихи фактіні бұрмалауға бола ма?» деп сұрадық.

- Ойдан шығарылған эпизод ізгілікке шақырса, тарихи шындыққа нұқсан келтірмесе, оны қосуға болады. Бірақ нақты бір оқиғаны сюжет ретінде ала отырып, болмағанды болғандай етіп көрсету – шындыққа жасалған қиянат. Ол өнер емес, – дейді Данияр Саламат.

Қаңтар оқиғасы туралы мемлекеттік БАҚ-тар да бірнеше фильм түсірген. Дүрбелеңнен соң іле-шала «Хабар» арнасы «Трагический январь. Как это было» атты деректі фильм жариялап, «Қаңтар оқиғасы бір орталықтан үйлестірілген террористердің әрекеті» деп сипаттаған. Азаттық Қаңтар оқиғасының барысы, оқиғадан соң қудаланғандар, абақтыдағы азаптау, жақынынан айырылғандардың мұң-зары, соттан әділдік сұрағандардың жанайқайы жайлы жиі жазып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG