Ресейдің Украинаға басқыншылығы биыл Қазақстан ақпарат кеңістігіндегі негізгі тақырыптың бірі болды. Украинадағы соғыс Қазақстан қоғамы мен билігіне қалай әсер етті? Билік Украинаны қолдайтын митингілерге рұқсат беруді неге доғарды? Қазақстан Ресейдің пропаганда телеарналарын жаба ала ма? Орталық Азия елдері Ресейден іргесін аулақ салып, одақ құруға қауқарлы ма? Азаттық Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университетінің саясаттану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Әсел Тутумлумен осы жайттарды талқылады.
"СОҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ БИЛІК МҮДДЕСІНЕН ТӨМЕН ЕКЕНІН КӨРСЕТТІ"
Азаттық: Ресейдің 24 ақпанда Украинаға басып кіруі Қазақстан қоғамын сескендірді десе болады. Қоғам жыл бойы Украинадағы соғысты қадағалап келеді. Жалпы Украинадағы соғыс Қазақстан қоғамына қалай әсер етті?
Әсел Тутумлу: Меніңше, көзге анық көрінген үлкен әсері – Ресей шабуыл жасауы мүмкін деген ортақ қауіп қоғамды біріктірді. Қазақстан қоғамы Украина біздің және сіздің бостандығымыз үшін күресіп жатқанын жақсы түсінеді. Әрине, Украинадағы соғыс қоғамды екіге жарды да, бірақ көп жағдайда біріктірді. Қоғам билік мемлекеттік мүддені қорғамайтынын, елдің талабын орындамайтынын; биліктің мүддесі мемлекет мүддесінен жоғары тұратынын түсінді. Сондықтан қоғам кейбір мәселелерді өз бетінше шешуге кірісті. Қоғамда "Совет империясы қандай болды?", "Қазақстан тарихы деген не?" деген тақырыпта талқы басталды, адамдар бұл тақырыптарды да оқып, зерттеп, бастысы ашық айта бастады, деколонизация сияқты маңызды терминді де түсіне бастады. Бұған қоса, Ресей кейінгі 15-20 жылда Украина мен Грузияда өзін қалай ұстағанына қарасақ, Қазақстан қоғамындағы "келесі Украина Қазақстан болады" деген қауіпке де негіз бар. Ресей Украина мен Грузиядағы технологиясын Қазақстанға да қолдануы мүмкін. Қазақстан бұл жағынан алғанда әлсіздеу. Себебі Қазақстанның Ресеймен шекарасы өте ұзын.
Азаттық: Ресей Украинаға басып кірген соң әлемнің көп елінде соғысқа қарсы ірі наразылық шаралары өтті. 6 наурызда Алматыда да биліктің рұқсатымен соғысқа қарсы митинг ұйымдастырылды. Мыңдаған адам қатысқан қарсылық шарасы биылғы ең ірі митингілердің бірегейі болды. Бірақ кейін билік соғысқа қарсы митингілерге рұқсат бермей қойды. Дегенмен Украинаға гуманитарлық көмек жөнелтуге кедергі келтірмеді. Осы аптада Қазақстан Украинаға генераторлар жібергені жайлы хабар тарады. Бұл нені білдіреді?
Әсел Тутумлу: Соғысқа қарсы митингілерге рұқсат бермеудің себебін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігін нығайту деп қарастырсақ болады. Ол Қаңтар оқиғасынан кейін конституциялық реформалар жасады, президент сайлауын өткізді. Осылайша ол билік тандемінен шығып, өзіне жайлы жағдай жасап алды. Қазір ол қоғамның пікіріне жалтақтап, елдің ығына жығылудың қажеті жоғын түсінді және оған қазір қоғамның қолдауы қажет болмай тұр. Сондықтан билік қазір наразылық шараларына қатысты осындай саясат ұстанып отырғандай.
Наурызда елде наразылық деңгейі жоғарырақ болды. Украинаны қолдау үшін өтетін митингілер ғана емес кез келген саяси наразылық шараларына шектеу қойылып, белсенділерді қамап жатыр. Меніңше, биліктегі режим қоғамды шулатпай, қайнап жатқан қазанның қақпағын жауып қойғысы келеді. Себебі кез келген наразылық режимге қарсылықты күшейтіп, Ресей президенті Путин мен Тоқаев режиміндегі параллельдерді көрсетуі мүмкін, ал бұл режим үшін қауіпті. Сондықтан режим өзіне жақпайтын осындай қарсылықтан қашу үшін митингілерге рұқсат бермей отыр.
Азаттық: Биыл Қазақстан қоғамында Ресейдің пропаганда телеарналары мен Кремльге жұмыс істейтін сайттарын жабуды талап ету күшейді. Неге билік қоғамның бұл талабын орындамай отыр? Қазақстан билігі Ресей телеарналарын жауып тастаса, Мәскеу не істеуі мүмкін?
Әсел Тутумлу: Бұл жерде де билік пен мемлекеттің мүддесін ажыратып алуымыз керек. Өкінішке қарай, Украинадағы соғыс Қазақстанда саяси режимнің мүддесі мемлекет мүддесінен жоғары тұратынын көрсетті. Сондықтан Тоқаев режимі Путин режимімен қақтығысқа түскісі келмейді, себебі Путин ережемен ойнамайды. Путин түрлі тактикаға, соның ішінде КГБ стиліндегі тактикаларға да жүгінуі мүмкін, ал бұдан Тоқаев режимі зардап шегері анық. Тоқаев мұны өте жақсы түсінеді. Жеке басының қауіпсіздігі тұрғанда Ресейдің телеарналарын кейінге ысырып қойды. Бұған қоса, Ресейдің "Роскомнадзор" органы (Байланыс, ақпараттық технология және бұқаралық коммуникация саласын бақылау қызметі - ред.) қазақстандық басылымдардан соғыс жайлы кейбір материалдарды алып тастауды талап етіп жатыр. Бұл – Ресей өзінің империалистік саясатын жүргізуден қымсынбайды деген сөз. Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин Қазақстанда "русофобия тенденциясы байқалады" деп айтқанда Қазақстан оның сөзіне ресми түрде ешқандай реакция білдірмеді. (28 желтоқсанда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров "Ресей тарапынан айтылған кешірім қабылданды" деп мәлімдеді - ред.)
Тоқаев дипломат ретінде мұны түсінуге тырысып бақты. Бұған қоса, Тоқаев пен Бородавкин бір-бірін жақсы біледі, себебі екеуі БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде бірге жұмыс істеген. Осының бәрін ескерсек, меніңше, қазір мемлекет мүддесі мен билік мүддесі екіге бөлінгендей. Мемлекет мүддесі үшін ресейлік телеарналарды баяғыда жабу керек еді. Бірақ билік режимінің мүддесі үшін Ресей телеарналарын жабу қазірше қолайсыз болып тұр.
"МӘСКЕУДЕГІ ҮЛКЕН ПАТША НЕ АЙТАДЫ ДЕП ЖАЛТАҚТАП ОТЫРАМЫЗ"
Азаттық: Қазақстандағы Demoscope орталығының зерттеуінше, наурызда Қазақстанда сауалнамаға қатысқан адамдардың 39 пайызы соғыста Ресейді қолдаған. Араға 9 ай салып, желтоқсанда бұл көрсеткіш 19 пайызға түскен. Соғысты қолдайтындардың азайғанына қарап, Қазақстанда Ресей пропагандасына төтеп бергендер көбейді деп айтуға бола ма?
Әсел Тутумлу: Соғысты қолдайтындардың азаюының бірнеше себебі бар деп ойлаймын. Біріншіден, Путин режимінің соғыстағы риторикасында бірізділік жоқ. Қазір жұрт Путин Украинаға не үшін басып кірді деп, соғыстың мақсатын түсінбей отыр.
Екіншіден, Ресей әскері соғысқа дайын болмай шықты, қазір де дайын емес екенін көрсетті. Үшіншіден, Ресей ақпараттық соғыста жеңілді, жұрт Ресей жауынгерлерінің Украинаның Буча, Мариуполь қалаларындағы қатігездігін де көрді. Мұндай қатыгездікті жұрт бұрын көрмеген еді.
Төртіншіден, Путин НАТО-мен күресіп жатырмыз дейді, ал халық Ресейден жаппай қашқандарды көрді. Осыдан соң жұрт соғыстың әзіл емес екенін, Ресейден қашқандар соғыста өлуі я біреуді өлтіруі мүмкін екенін түсінді. Осы жайттардың бәрі Қазақстан қоғамын оятып, соғысты түсінуге, таңдау жасауға әсер етті.
Азаттық: Биыл Қазақстан билігі Ресейден алшақтауға тырысты ма? Қазақстанның Ресейге экономикалық тұрғыдан тәуелді екенін ескерсек, алда Қазақстан Ресейден іргесін аулақ сала ала ма?
Әсел Тутумлу: Қазір Қазақстан саясатта екі жіптің басын ұстап отыр. Бірі – халықаралық құқыққа сүйенген позиция. Екіншісі, Қазақстанды әртүрлі ұйымдардың жұмысына араластыру. Ресей ықпалынан құтылып, санкцияға тап болмас үшін бұрын "ұйқыда жатқан" түрлі ұйымдардың қайта дамуға тырысып жатқанын көріп отырмыз. Осылайша олар халықаралық нарыққа шығу үшін тасымалдау жолдарын табуға тырысып жатыр. Себебі Ресей мен Қытайға тәуелді болудың жақсы емесін түсінді. Өз тауарымызды сату үшін, өзгенің тауарын алу үшін басқа жол іздегеніміз жақсы, бірақ билік мықты ұлт қалыптастыру жағынан жеңіліп жатыр. Себебі нарыққа шығатын басқа балама жолдардың қызығын белгілі бір топ қана көріп отыр. Бізде орта таптың үлесі аз екенін ескерсек, бұл олигархтарға, белгілі бір компанияларға ғана пайдалы.
Миллиондарды форумдар мен ұйымдарға емес, екі үлкен мәселені шешуге жұмсаған дұрыс болар еді. Біріншісі – әлеуметтік теңсіздік және әлеуметтік әділетсіздік. Яғни, әлеуметтік әділеттілікке негізделген әлеуметтік мемлекет құру керек. Бұл әлеуметтік мемлекет Тоқаевтың мінберде тұрып оқыған қағазында емес, іс жүзінде болғаны керек.
Ал Қазақстан Ресейге қатысты қазіргі саясатын жалғастыра берсе біз Ресейдің нысанасында қала береміз.
Азаттық: Қазақстан бұған дейін БҰҰ-да Украинаға қатысты мәселе бойынша дауыс беру кезінде көбіне қалыс қалып келген. Ал 17 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында Ресейдің Қырымдағы әрекетін сынайтын қарарға қарсы дауыс берді. Мұның артында не жатыр?
Әсел Тутумлу: Қазір Қазақстанға Путин режимінің ықпалы өте күшті. Қазақстан бұл режимге саяси және экономикалық тұрғыдан тәуелді. Себебі Қазақстан Ресейсіз газды сұйылта да алмайды және табиғи ресурстарды тасымалдау да Ресей арқылы өтеді. Ресейге тәуелділіктен толық құтылмай бізге басқа қадам жасауға мүмкіндік жоқ. Бұған қоса, Мәскеудегі "үлкен патша" не айтады деп жалтақтап отырамыз. Сондықтан Қазақстанның бұлай дауыс беруіне қарап, Астана Мәскеудің қандай да бір қадамынан, бопсасынан қорқады деп топшылауға болады.
Азаттық: Сарапшылар "Ресейдің Украинаға басып кіргені Қазақстан билігінің оң жамбасына келді, халықаралық құқық қорғау ұйымдарының назары соғысқа ауып, Қаңтар оқиғасы шетке ысырылып қалды" деген пікір айтады. Бұл туралы не дейсіз?
Әсел Тутумлу: Қаңтар оқиғасының шетке ығысуына Украинадағы соғыс қана әсер еткен жоқ. Тоқаев халықаралық ұйымдар қалай жұмыс істейтінін өте жақсы біледі. Меніңше, ол Батыстағы ұйымдар режимнің көрсеткенін қабылдау үшін пікірлер, өзінің саяси жарнамасы арқылы қалай манипуляция жасауға болатынын да біледі. Бұған қоса, елде Қаңтар оқиғасын Батысқа көрсетеді-ау деген белсенділер алаңы толық тазартылды. Қазір Қаңтар жайлы айтып жүргендердің көбінде нақты бір институтталған ұйым жоқ, өкінішке қарай, олар қандай да бір үкіметтік емес ұйым болып тіркеле алмады. Ал Қазақстанға Еуропадан қандай да бір шенеунік келсе, олар режим кездестірген адамдармен ғана жолығады.
Азаттық: Украинадағы соғыс Орталық Азия елдерінің өзара бірігіп, одақ құруына жол аша ала ма?
Әсел Тутумлу: Орталық Азия елдері одақ құрар, бірақ оның мақсаты қандай болады? Экономикалық тұрғыдан қарасақ, Орталық Азия елдерінің экономикасы бір-бірін толықтырмайды, бәрінің өндірісі бір, сондықтан бұл саясатты үйлестіру қиын. Орталық Азия елдері Ауғанстан, Иран, Түркияға қатысты аймақтық мәселелерді бірігуге тырысуы мүмкін, бірақ бұл мәселеде де әр елдің өз мүддесі болады.
Аймақ елдері өз мүддесіне келгенде бір-бірін толықтырмайды, керісінше бәсеке жарыстырып кетеді. Әрине, аймақтың халқы мен экономикасы үшін бірігу қажет-ақ.
Қандай да бір ортақ қауіп, агрессия болса Орталық Азия елдері бірігуі мүмкін. Бірақ қазір бәріміз бір нарыққа шығып, бір тауар ұсынғымыз келеді. Қазақстан тегін су алып, энергоресурсты қымбат сатқысы келеді. Қырғызстан мен Тәжікстан суды арзан энергоресурсқа айырбастағысы келеді. Бұған қоса, Қырғызстан мен Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы шекара мәселесі бар. Осы мәселенің бәрі қазір күн тәртібінде алға шығып, Орталық Азия елдерінің бірігуіне кедергі келтіріп тұр.
ПІКІРЛЕР